ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының 62 жастағы тұрғыны ХІХ ғасырдың қаруын полицияға тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сот-баллистикалық сараптама нәтижелері бойынша аталған қару Тула қару-жарақ зауытында шығарылған. 1889 жылы жасалған аңшылық мылтық қос ұңғылы, атуға жарамды.
Өткізген ер адамның айтуынша, ол сирек кездесетін қаруды марқұм анасының қоймасынан ескі заттарды реттеп жүрген кезде тауып алған. Криминалистер бірнеше ғасыр өткеніне қарамастан, мылтықтың дизайні өзгеріссіз қалғанын жеткізді.
«Халықтан заңсыз сақталған атыс қаруы мен оқ-дәрілерді сатып алу жөніндегі комиссия құрамы қала тұрғынына қару үшін 60 000 теңге төлейді. Айта кетейік, тіркелмеген қару және оқ-дәрілерді ерікті түрде тапсыру акциясының екі күнінде облыс бойынша халықтан 5 млн теңгеден астам сомаға 79 қару қабылданды», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында акция санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес өтуде.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.