ШҚО тұрғынынан 25 келі марихуана тәркіленді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері Күршім ауданының тұрғынынан 25 келі марихуана тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Күршім ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінің аумағынан өткір иісі бар өсімдік тектес зат салынған үш қапты тапты.

«Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде бұл есірткіні былтыр жаз кезінде қожалықта жұмыс істейтін 28 жастағы ер адамның дайындағаны анықталды. Сараптаманың қорытындысы бойынша тәркіленген заттың марихуана екендігі белгілі болды. Оның жалпы салмағы – 24 866 грамм», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары ҚР Қылмыстық Кодексінің 296-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізуде.