ШҚО тұрғынынан заңсыз ауланған 2 млн теңгенің балығы тәркіленді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері заңсыз ауланған 2 млн теңгенің балығын тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, наурыз айының басында патрульдік полиция қызметкерлері Зайсан ауданындағы «Омбы-Майқапшағай» тасжолының Сартерек ауылына қарай бұрылар тұсында «LADA» автокөлігін тоқтатқан. Көлік тізгінінде Өскемен қаласының 24 жастағы тұрғыны болды. Тексеру барысында жүргізушінің тиісті құжаттарсыз жалпы салмағы 350 келіге жуық шортан балығын тасымалдағаны анықталған.

«Мемлекетке келтірілген залал мөлшері 1 900 000 теңгеден асады. Ер адам балықты Күршім ауданынан Тарбағатай ауданына алып бара жатқан», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігінің 1-тармағына (балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.