ШҚО тұрғынының атынан 2,8 млн теңге несие алған әйел ұсталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы тұрғынының атынан 2,8 млн теңге несие алған әйел ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Шемонаиха аудандық полиция бөліміне 43 жастағы азамат жүгінген. Өз сөзінде ол белгісіз біреудің атына 2 800 000 теңгеден астам сомаға несие рәсімдегенін жеткізді.

«Жедел-іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары күдіктіні ұстады. Ол жәбірленушімен бірге тұратын әйел адам болып шықты. Тергеу барысында күдікті өз кінәсін мойындады. Әйел ер адамның телефонынан мобильді банктік қосымша арқылы несие рәсімдеген», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.