Үржардан барған кәсіпкерлердің ауылшаруашылық өнімдер жәрмеңкесі облыс орталығының «Fresh market» гастрономының алдын қызу базарға айналдырды.
Ауданның ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Тәуіржан Шомановтың айтуынша, жәрмеңкеде өнімдер қала базарының нарығындағы 10-15 пайызға төмен бағада сатылған.
Онда 6 тонна ет әкеліп, сиыр еті - 1 300-1 500 теңге, қой еті - 1 200, жылқы еті - 1 300-1 600 теңгеден саудаланды. Сары майдың келісі - 2 мың теңге, қымыздың литрі - 500 теңге, балдың келісі 1 мың теңгеден бағаланды. Сонымен қатар жәрмеңкеде көкөніс, орамжапырақ, картоп, пияз сөреге қойылды. Кілегей, ірімшік, құрт, айран сияқты сүт тағамдарын «Арыстанбек-Үржар» ЖШС молынан апарып, қолжетімді бағамен қала тұрғындарына ұсынды.
Жәрмеңкені өткізуге ауданның 17 ауылдық округінен 20-дан аса шаруа қожалығы мен кәсіпкерлер белсене қатысты.
Айта кетейік, жәрмеңке барысында үржарлық көркемөнерпаздар өскемендіктерді ән-жырға бөледі.