ШҚО: Үржарлық оқушылар полиэтиленді пакеттерді экосөмкелерге алмастырып жатыр

ҮРЖАР. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы орталығындағы І.Жансүгіров атындағы орта мектеп оқушылары аудан халқын полиэтиленді пакеттен бас тартуға шақырды. Осы мақсатта олар «Бала қолымен» атты экологиялық науқанын ұйымдастырып, тұрғындарды өз қолдарымен матадан тіккен экосөмкелерді ұстауға үндеуде. Бұл туралы осы акцияның модераторы, І.Жансүгіров атындағы орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Гүлсім Тұмабаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі күні І.Жансүгіров атындағы орта мектептің 10 «а» сынып оқушылары Әсем Сандыбаева, Кәмшат Құсманова, Милана Құсайынова, Дина Нұролла «Ақ ниет» тобын құрып, технология пәнінің мұғалімі Вера Берковамен матадан тігілген бірнеше экосөмкелерді тігіп, дайындап қойған.

«Полиэтилен пакеттің бәйгесі әрі кетсе - жарты сағат, тез жыртылып қалады, бірақ қоқыс күйінде тез шіріп кетпей, ондаған жыл жата береді. Яғни ыдырау уақыты 100 жылдан 500 жылға дейін мерзімді қамтиды. Қазіргі күні, 40-қа жуық шетелдерде (Еуропалық одақ елдері, Австралия, Сингапур, Бангладеш және басқа да) полиэтиленді пакеттердің айналымын төмендетіп немесе қолдануға тыйым салған. Бүгінгі күні оқушыларымыз жиырмаға жуық экосөмкелерді тігіп қойды. Сөмкелерді әдемі өрнектермен әшекейлеп, «Анашыма», «Әжемдікі» деген жазулар жазып, «Бақыт ағашы» суреттерін салған. Біз аудандағы барлық мектептерге жұмыстарымызды көрсетіп, үлкен кездесу ұйымдастырмақшымыз»,-дейді акцияның модераторы Гүлсім Тұмабаева.

Айта кетейік, қазіргі кезде аудан орталығындағы барлық білім ордаларының мектеп оқушылары осы кездесуге экосөмкелерді тігу үстінде.