Аудандағы барлық мемлекеттік мекемелердің, бөлімдердің қызметкерлері, мектеп мұғалімдері, оқушылары түрлі ұлт өкілдерінің киімдерін киіп, «Батырлар аллеясынан» бастап орталық стадионға дейін сән-салтанатпен шерумен жүріп өтті.
Мәслихат хатшысы Қаленбек Қарашев аудан әкімі атынан тұрғындарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
«Бүгінгі татулық пен ынтымақтың төл мерекесі Қазақстан халқының бірлігі күні елімізге тыныштық пен ауызбіршіліктен артық тілеріміз жоқ. Асқақ елдік мұраттарыңыз орындалып, өрелі істеріңіз жалғасын тапсын. Бір шаңырақ астындағы халқымыздың ынтымақтастығы мен өзара ауызбірлігіміз нығая түсіп, республикамыздағы ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, достық, бірлік мәңгі жасай берсін!» - деді мәслихат хатшысы.
Мерекеде түрлі этностардың ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес би билеп, әндер шырқалды. Бірлік пен ынтымақты, келісім мен тұрақтылықты насихаттаған осындай іс-шаралар ауданның барлық жерлерінде өткізілді.
Айта кетерлігі, бүгінгі күні Үржар ауданында 40 түрлі этнос мекендейді. Олар түрлі салада еңбек етіп, аудан экономикасының өркендеуіне қомақты үлес қосып жүр.