ШҚО: Зырянда су біртіндеп қайтып келе жатыр

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Бесқарағай ауданының Бірлік ауылынан 70 адам көрші ауылға көшірілді. Оның ішінде 10 бала бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір аталмыш аудандағы жағдай тұрақталған. Мұз жару жұмыстарының арқасында Ертістің тасуы тоқтады. Ал Зырян ауданында құтқарушылардың дамыл табатын түрі жоқ.

«Көп мөлшерде кірген су біртіндеп қайтып жатыр. Істейтін жұмыс әлі жетерлік», - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Анастасия Скляр.

Үйі судан арылған тұрғындардың алды баспаналарына оралып жатыр. Өрт сөндіру қызметі мен аэроұтқыр апаттық құтқару жасағының мамандары күн-түн демей су сору жұмыстарын жүргізуде.  Олар 1 үйді судан арылту үшін шамамен 1 сағат жұмсауда. Құтқарушылар үйлерді су мен лайдан тазартып қана қоймай, тұрғындарға ауласы мен қоражайын жинастыруға да көмектесіп жүр.

Ал Малеев ауылына жіберілген құтқарушылар тұрғындарға әкелінген гуманитарлық көмекті үй-үйге таратып берген. Зырян қаласының су сорғыш станса аймағында жағдай әлі күрделі. Мұнда жұмыс істеп жатқан 20-дан астам моторлы сорғының гүрілі түнде де тынышталар емес. 3 тәулікте су деңгейі 30 сантиметрге ғана түскен. Кейбір үйлерде судың деңгейі 1,5 метрден асып отыр.

«Құтқарушылардың тағы бір тобы Зубов кенті мен Снегирев, Малеев ауылдарында жүр. Соңғы күндері аудан бойынша 500-ден астам тұрғын үйлеріне қайтты. Эвакуация орталықтарында 24 адам қалған. Тағы 330-дей тұрғын туыстарын паналауда», - делінген департаменттің ресми мәліметінде.

Ал Семейде Ұлттық ұлан сарбаздары халыққа көмір таратты. Бесқарағай ауданының  Бірлік ауылында тұратын 70 адам Глуховка ауылының мектебіне көшірілген болатын. Дегенмен үйлерге тасқыннан келетін қауіптің беті тойтарылды.