- Шілде айында Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа температурасы норма шегінде болады деп болжанып отыр. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында және Ақтөбе өңірінің басым бөлігінде температура 1-2 градусқа артуы мүмкін. Шығыс өңірлерде жауын-шашын нормадан көп, ал солтүстік және орталық өңірлерде негізінен норма шамасында. Бұл ретте елдің батысында болжам бойынша жауын-шашын нормадан аз болады, - деді Е.Нысанбаев.
Оның сөзіне қарағанда, жалпы вегетациялық маусымның басталуы егін егу жұмыстарын жүргізуге және өнім қалыптастыруға қолайлы деп бағаланды.
- Сонымен бірге, жаз айларына арналған болжам алдын ала екенін ескерген жөн. Бұл ретте, Министрлікке қарасты «Қазгидромет» қызметі осы жылдан бастап жасанды интеллект элементтері бар цифрлық құралдарды қолданатынын атап өткен маңызды. Бұл - ВРФ цифрлық моделі (WRF – Weather Research and Forecasting – ауа райын сандық болжау моделі). Ол 2 және 6 километрлік кеңістіктерде 48 сағат және 10 тәулікке дейінгі кезеңге болжам жасауға мүмкіндік береді. Аталған технологияларды пайдалану болжамдардың, оның ішінде агрометеорологиялық және гидрологиялық, сондай-ақ дауылды ескертулердің нақтылығын арттыруды қамтамасыз етеді, - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл елдегі жалпы егіс алаңы 23,8 млн гектар болды.