Алкоголь сатуға қандай шектеулер қойылған
Қазақстанда 21 жасқа толмаған адамдарға алкоголь сатуға тыйым салынған. Дүкендерде ішімдік сататын уақыт та заңмен шектелген.
Прокурордың айтуынша, алкоголь өнімдерін сағат 23:00–ден келесі күнгі 08:00–ге дейін сатуға болмайды. Ал құрамындағы этил спиртінің үлесі 30 пайыздан асатын ішімдіктерді сатуға кешкі сағат 21:00–ден келесі күнгі 12:00–ге дейін тыйым салынған.
— Сатушы сатып алушының жеке басын куәландыратын құжатты талап етуге міндетті. Құжат ұсынылмаса, алкоголь өнімін сатудан бас тартуы керек, — деді Шерхан Шорабек.
Заң бұзғандарға қанша айыппұл салынады
Алкогольді 21 жасқа толмаған адамдарға немесе тыйым салынған уақытта сатқан тұлғалар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 200-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.
Прокуратура мәліметінше, мұндай жағдайда жеке тұлғаларға 10 АЕК, кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері тиісінше 20 және 180 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
Ал алкогольді лицензиясыз сатқаны үшін жеке тұлғаларға 15 АЕК, кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері тиісінше 30 және 500 АЕК-ке дейін жетеді. Заңда көзделген жағдайларда алкоголь өнімдері тәркіленуі мүмкін.
Кәсіпкер қандай жағдайда лицензиясынан айырылады
Алкоголь сату талаптарын бұзған кәсіпкерлерге айыппұл салумен қатар, лицензияның қолданысы уақытша тоқтатылады.
— Лицензияның қолданысы үш айға дейін тоқтатылады. Егер кәсіпкер бір жыл ішінде осындай құқық бұзушылыққа қайта жол берсе, лицензиясынан айырылады, — деді Шерхан Шорабек.
Оның айтуынша, кәсіпкер лицензиясы уақытша тоқтатылғанына қарамастан алкоголь сатуды жалғастырса, лицензиясынан біржола айырылады.
Заңсыз саудаға куә болған тұрғындар қайда хабарласа алады
Шерхан Шорабек алкоголь сату талаптарының бұзылғанын байқаған тұрғындарға қайда жүгіну керектігін айтты.
— Үйіңіздің маңындағы немесе өзіңіз білетін дүкенде алкоголь өнімдері тыйым салынған уақытта не 21 жасқа толмаған адамдарға сатылса, 102 нөміріне қоңырау шалуға немесе учаскелік полиция инспекторына арыздануға болады, — деді прокурор.
Ал алкоголь өнімдерін лицензиясыз сату немесе сақтау деректері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына шағымдануға болады.
Прокурордың айтуынша, алкогольді шамадан тыс тұтыну отбасылық жанжалға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, қоғамдық тәртіптің бұзылуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан алкоголь саудасын бақылаудағы басты мақсат — айыппұл санын көбейту емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау.
Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру және сақтау үшін пайдаланылған төрт қойма анықталғанын хабарлаған едік.