Шөген спортынан республикалық турнир өтті
Қазақстан шөген федерациясының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, турнирге «Әулиеата», Astana Polo Club, Almaty Polo Club, Almaty Horse & Polo Club және Tu'lpar Polo Club командалары жүлделі орындар үшін сайысқа түсті.
Әр команда айналмалы жүйе бойынша бір-бірімен 3 чакерден ойнап шықты.
17 желтоқсанда алғашқы ойында Almaty Polo Club командасы Tulpar Polo Club 6:2 есебімен жеңді. Astana Polo Club тартысты кездесуде Almaty Horse & Polo Club командасынан 3:1 нәтижесімен басым түсті. Almaty Polo Club пен «Әулиеата» шөген клубы арасында әсерлі ойын өтті. Almaty Polo Club 3:2 есебімен «Әулиеата» шөген клубын басып озды. Ал, соңғы матчта Астаналық Astana Polo Club Tulpar Polo Club құрамасын 2:0 есебімен жеңді.
18 желтоқсанда іріктеу ойындарының екінші күні додаға бірінші болып Almaty Horse & Polo Club пен Almaty Polo Club құрамалары тартысқа түсті. Есеп 0:5 нәтижесімен аяқталып, Almaty Polo Club жеңіске жетті. Astana Polo Club пен Әулиеата шөген клубы екінші ойында кездесіп, ойын 3: 2 есебімен Astana Polo Club пайдасына шешілді. Tulpar Polo Club пен Almaty Horse & Polo Club құрамалар арасындағы тартыс 2:1 есеппен аяқталды.
19 желтоқсанда өткен ақтық ойында «Әулиеата» шөген клубы Almaty horse & Polo Club командасымен кездесті. «Әулиеата» клубының ойыншысы Нұрдаулет Момынов дүбірлі додада 3 гол салып шебер ойынына тәнті етті. Қызықты ойынға «Әулиеата» шөген клубының ойыншылары мен қатар поло-пони де өз үлесін қосып, қарсылас командаға «пони-гол» салды. Жалпы есеппен 6:1 «Әулиеата» шөген клубы жеңді.
Қызу тартыста Almaty Polo Club қарсыласы Astana Polo Club -ты 3:2 есебімен басып озды. Есеп 3 чаккерге дейін 2:2 ұпайымен теңесіп тұрды. Төреші қосымша тағы бір чаккер қосты. Ойынның соңғы минуттарында Кемел Мамедов қарсылас шөгеншілер қақпасына шешуші гол соқты.
«Әулиеата» шөген клубы үшінші ойынында Tulpar Polo Club-пен кездесіп, 6:1 есебімен өз қарсыласынан басым түсті.
Осылайша, командалар келесі орындарға ие болды: 1 орын - Almaty Polo Club; 2 орын - Astana Polo Club; 3 орын - «Әулиеата» шөген клубы.
Фото kazpolo.kz