Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевский ескерткіші
ҚазАқпарат «Тарихи фото» айдарын ұсынады. Бүгін редакция Семейдегі әйгілі екі ескерткіштің авторы, мәскеулік мүсінші Дмитрий Эльбакидзе (1923-1979) туралы әңгімелейді.
Д. Эльбакидзе – Абай Құнанбаев ескерткішінің авторы. Ескерткіш 1972 жылдың күзінде Семейде ашылды. Жеті метрлік ескерткіш граниттен жасалған.
Осыдан кейін мүсіншіге 1854-1859 жылдар аралығында Семейде өмір сүрген Федор Михайлович Достоевскийге ескерткіш жасау ұсынылды. Ескерткіш ескі фотосурет негізінде жасалды. Онда екі дос – Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің кездесуі бейнеленген.
Ескерткіш Семей қаласындағы Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалдық мұражайы алдына орнатылды. Оның салтанатты ашылу рәсімі 1977 жылы болды. Ұсынылған фотосуретте Ф. Достоевский мен Ш. Уәлиханов ескерткішінің жанында Дмитрий Эльбакидзенің өзі тұр.