Шоқан Уәлиханов яхтасы өзінің сапарын қайта жалғастыруға дайын- Дмитрий Петрухин

АЛМАТЫ. 18 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Шоқан Уәлиханов яхтасы тамыз айында теңіздегі саяхатын қайта жалғастырады. Бұл кеше Балқаш көлінің жағасында өткен байкерлердің 5-ші фестивалі кезінде айтылды.

"Шоқан Уәлиханов яхтасын жөндеу жұмыстарын қаржыландыру жүзеге асты. Қазір ол Эквадорда теңіздегі саяхатын жалғастыру үшін жүзу сапарына дайын тұр", - дейді жоба жетекшісі Дмитрий Петрухин. Оның айтуынша, бұған дейін Шоқан Уәлиханов яхтасының әлемдік саяхатына қаржыландыру мәселесі тұсау болып тұрған. Енді қаржыландыру мәселесі шешілгенімен, яхта өзінің сапарын тәуелсіздіктің 20 жылдығына дейін аяқтай алмайтыны мәлім болып отыр. Тамыз айында ол Панама арнасы арқылы Эквадорға жеткізілмек. Қазір ол Антигуа аралында тұр.

Жалпы Орталық Азия елдерінде тұңғыш рет жер шарын айналып шығатын "Terra Vіta" деп аталатын бұл теңіз экспедициясын Орталық Азия географиялық қоғамы дайындаған болатын. "Біз әлемді ашамыз - Әлем бізге ашылады" деген ұранды ұстанған бұл саяхаттың басты мақсаты - Қазақстанды дүние жүзіне таныстырып, туризмді насихаттау болатын. Ол теңіздегі өз сапарын 2007 жылы Ақтау теңіз айлағынан бастады. Бастапқыда яхта Волга-Дон бассейні және Қара теңіз бен Жерорта теңізі арқылы Атлантикаға шығып 1 жылда дүние жүзін айналып шығады деп жоспарланған болатын. Қаржы тапшылығына байланысты алайда ол өз сапарын 2 жылға тоқтатуға мәжбүр болды.