Шоқан Уәлихановтың арманы

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 сәуірде Көшен-Тоған мекенінде қазіргі фантастикалық жетістіктерге жету заманында да ғұлама істері мен әрекеттері ұмытылмаған қазақ халқының ғұлама ұлы Шоқан Шыңғысханұлы Уәлихановтың дүниеден өткеніне 150 жыл толды, деп еске алады Мемлекеттік басқару академиясы дипломатия институтының директоры Ілияс Қозыбаев «Айқын» газетінде.

«Шоқанның тұлғалық болмысы, «аққан жұлдыздың» (образды түрде Шоқанды осылай шығыстанушы Николай Иванович Веселовский мен жазушы Сәбит Мұқанов атаған) рухани ізі өзінен кейінгі ұрпақтарға қызмет етіп келе жатқан қазақтың «сегіз қырлы» метафорасына сай келеді.

Қазір де «Уәлихановтың қай дарыны ерекше?» деген пікірталастар толастар емес: әлде ол гуманитарлық ілімнің энциклопедиялық танымы мол ірі ғалым ба, әлде зерек тыңшы ма, шебер дипломат пен саясатшы ма, қайталанбас қоғам қайраткері, ағартушы, әлде сөз шебері ме? Белгілісі - ол өз уақытынан ерте туған, мүмкіндігі мол болса да, соның шағын бөлігін ғана жүзеге асырған.

Ғұламалар да адамдар, оларды да қайғы, қасірет айналып өтпейді, ойлағандарын іске асыруға үлгермейді. Осылай Омбы кадет корпусының жас түлегі санқилы қызықты саяхаттарды аңсап, Азияда ашылмаған жерлерді ашуға ұмтылды. Арманын орындау тағдырына жазылыпты. Ол бірнеше саяхат жасады, солардың ішінде Қашғарға жасаған саяхаты да бар.

Алайда науқасының өршуіне байланысты Уәлиханов ызғары сүйектен өтетін Санкт-Петербургтен туған еліне көшуге мәжбүр болды. 1862 жылы 14 қаңтарда өзінің рухани жақын досы - орыстың ұлы жазушысы Федор Михайлович Достоевскийге жазған хатында ой бөлісіп, ауа райы жайлы Қашғардан маңызды консулдың орнын алғысы келетінін, болмаған жағдайда саясатпен айналысатынын айтты. Соңғы айтқаны - Атбасар округінің аға сұлтаны лауазымының сайлауына қатысып, «өз жерлестеріне білімді сұлтан-билеушінің оларға не үшін қажет екенінің үлгісі» болғысы келді. Шоқанның дип­ломатиялық өнермен айналысуға ұмтылысы оқырманды таңғалдыруы мүмкін, дегенмен, ол мақсатты түрде осы қызмет саласына өзін дайындады. Бекітілген дәстүр бойынша, сұлтанның ұлы ретінде жеті халықтың тілін білді. Оқыған жылдары үлкен шығыстану әдебиеттері қорын игерді, елімізге жақын аймақтарды терең оқыды. 1856 жылы генерал-губернатордың адъютанты болған кезінде, сыртқы істер ми­нистрлігінің тапсырмасымен Құлжа өңіріне дипломатиялық сапарын іске асырды, нәтижесінде Қытаймен сауда қатынасы қалыпқа келтірілді. Екі жыл өтісімен тағы да Ресейдің сыртқы саяси ведомствосы мен министрі А.Горчаков әзірлеген сондай жоспар бойынша Қашғарға барады. Сапардың қоры­тындысында сыртқы істер министрі патшаның алдында Уәлихановты өз ведомоствосына жіберуін өтінеді. 1860 жылы мамыр айында келісім беріліп, іс жүзінде Шоқан өмірінің соңына дейін СІМ Азия департаментінде, заманауи тілмен айтсақ, аймақ бойынша жетекші сарап­тамашы міндетін атқарды.

Біз білетіндей, енді Ш.Уәлиханов Қашғарына дипломатиялық қызметкер ретінде өзінің ізденістерін жалғастыру үшін бара алмайтын болды. Алайда, оның көп­жылдық арманының біразын өзінің Кадет корпусында бірге оқыған жақын досы Шахмардан Ибрагимовқа (1840 - 1891) жүзеге асыруға көмектесті. Шахмардан Ибрагимов Шоқанның әкесінің хатшысы, Омбы мектебінің мұғалімі, Ташкенттегі генерал-губернатордың жанындағы дип­ломатиялық тапсырмалар бойынша аудармашы және аға шенеунігі, «Түркістан уәлаяты газетінің» редакторы қызметін атқарды. 1890 жылы Жиддадағы Ресей консулы болып тағайындалды. Оның Ресей сыртқы саясат мұрағатындағы жеке ісінде, Ибрагимов мінсіз қызметі үшін сегіз ресейлік және шетел ордендерімен марапатталып, жоғары азаматтық шен алғаны жазылған.

Қырық жыл өткесін осы эстафетаны Саудтағы Кеңес Одағының төтенше өкілі Нәзір Төреқұлов қолына алды. Бүгінгі күндері Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері бес құрлықтағы 64 елде жемісті қызмет етіп, Шоқан Уәлихановтың сыртқы әлеммен келісімде өмір сүру керек деген өсиетін мүлтіксіз орындауда», - деп жазады басылым.