«Шоқан Уәлихановтың керуен жолымен» атты кітап таныстырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде И.Иманов пен О.Мазбаевтың «По караванному пути великого Чокана» кітабының таныстырылымы өтеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық музейінің ақпараттық-имидждік қызметінен хабарлады.

Кітап Қазақ ұлттық географиялық қоғамының 2014 жылғы 24 шілде және 5 тамыз аралығында ҚХР және Қырғызстан территориялары арқылы өткен «Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен» атты алғашқы халықаралық экспедициясына арналған. Аталған экспедиция соңғы сегіз жыл ішінде жүзеге асырылған «Шоқан жолдарымен» атты экспедициялар сериясының соңғы сапары болып саналады. Экспедицияға қатысушылар Шоқан Уәлиханов жүріп өткен жерлерге (Қырғызстан, Жетісу, Құлжа) саяхат жасады.
Кітап қазақтың ұлы ғалымы және ағартушысы - Ш.Уәлихановтың 180 жылдық мерейтойына орайластырылып шығарылды. Экспедиция мүшелерінің жеке және тікелей саяхат барысында алған әсерлері негізінде жазылған еңбек жалпы көпшілік оқырманға арналған.