«Шоқанның тікелей ұрпағымын» — Ғалымдар Сырымбет тұрғынының дәйектерімен келіспеді
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда Сырымбет ауылынан келген Дулат Мәліков өзін Шоқанның тікелей ұрпағы ретінде таныстырды. Бірақ шоқантанушы ғалымдар бұл пікірмен еш келіспеді.
Тарихқа сүйенсек, Шоқан Уәлиханов 1864 жылы М. Черняев басқарған әскери экспедицияға қатысады. Черняев Әулиеатаны қантөгіспен басып алған соң, келіспеушілік туып, Шоқан Верный қаласына аттанып кетеді. Әрі Алтынемелге барып, Тезек төренің қызы Айсарыға үйленеді. Шоқан өмірінің соңғы айларын Айсарымен бірге өткізеді.
− Мен Шоқанның тікелей ұрпағымын. Шоқан Уәлиханов 1865 жылы 10 сәуірде қайтыс болды. Өмірден озар алдында үйіне хат жазып, Айсарыны қалдырмай, Сырымбетке алып кетіңдер дейді. Қазақта әмеңгерлік салты болған, оның бір себебі мүліктің басқа руға ауып кетпеуі болса, екінші себебі — баланың жетім қалмауы еді. Шоқанның мүлік жинайтын уақыты болған жоқ, демек Айсарының аяғы ауыр болғандықтан Шоқанның інісі Жақып Айсарыны Сырымбетке алып кетеді. Сырымбетте Айсары ұл табады, ұлдың атын Мәлік деп атайды. Ол Шоқаннан туған - ұл. Біз Мәліктен тараймыз, − деді Дулат Мәліков.
Оның айтуынша, Айсарының аяғы ауыр болмаса, Оңтүстік-шығыстағы Алтынемелден сонау солтүстіктегі Сырымбетке келмейтін еді, оны аға сұлтан туыстары да жібермеуші еді.
Сырымбетке келген соң, Айсары Мәлік, Рабиға және Мариям атты үш бала тапқан.
− Мәліктен менің атам Қабдош және 6 қыз туады. Сол қыздардан туған жиендер әлі бар. Хан тұқымы екенін айтуға қорқатын заман болды, тіпті фамилиясын ауыстыруға мәжбүр болды. Олардың Уәлиханов екенін естісе репрессияға кетуі мүмкін еді. Мәлік 1933 жылы қайтыс болады, атам Қабдош Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапты. Ол кезде әкем 6 айлық сәби болған, әжем жазу-сызу білмеген. Шоқанның ұрпағы екенімізді дәлелдейтін ешкім болмады. Осылайша, Шоқанның ұрпағы жоқ деген қате пікір қалыптасты. Кейін Рабиғаның ұлы Нұрмұхамед әжеме әмеңгерлікпен үйленді, бізге шежіремізді сол кісі жаттатты. Рабиға біздің қолымызда тұрды, ал Мәриям Екібастұз жаққа тұрмысқа шығып, аштық жылдары хабарсыз кетті, − деді Дулат Мәліков.
Өз кезегінде шоқантанушы ғалым Жарылқап Бейсенбайұлы Шоқандай тұлға әлемдік ғылымда өте сирек екенін, Шоқан туралы қауесет те көп екенін айтты.
− Шоқанның тұқымы бар деген қауесет ғылыми деректерге сай келмейді. 1865 жылы 10 сәуірде Шоқан өлген соң, сол жылы 1 қарашада Шоқанның жесірі Айсарыға көңіл айту үшін Қазақстан мен Түркістан өңірінің басқару жүйелерін реттеу үшін жүрген Гейнс пен Гудковский бастаған Дала комиссиясының мүшелері келеді. Олар Айсарының реңі өте қайырымды екен деп атап өтеді. Осы жерде Шоқанның Колпаковскийге жазған ең соңғы хатын дәлелге келтіруге болады. 1865 жылдың 19 ақпанында Шоқан «Менің ауыруым асқынып, өкпем тыныс ала алмай, қиналып жатып қалдым. Тәңірі жарылқасын, маған дәрі беріңізші» деп хат жазады. Бұл анық туберкулездің нышаны. 19 ақпаннан 1 қарашаға дейін 8 жарым айдай уақыт бар. Гейнс пен Гудковский Айсарының аяғы ауыр екенін, Шоқаннан ұрпақ қалғанын еш жерде айтпаған, әйтпесе 8 жарым айда айы-күні білініп отырар еді, − дейді Жарылқап Бейсенбайұлы.
Оған қоса, 1895 жылы Шоқанның жақын досы Григорий Потанин Шыңғыстың ауылына келеді. Екеуі бір-бірімен жыламсырап көріседі. Бұл кездесу туралы «Шоқаннан қалған ұрпақ жоқ, Шәукібай-Рабиғаны ғана көрдім, шәй құйып отырды» деп жазған.
Ал 1920 жылдары Сәбит Мұқанов Сырымбетті аралайды, оның «Шоқан Уәлиханов» деген монографиясы бар. Сәбит Мұқанов та Шоқаннан тұқым қалды деп жазбаған.
− Шыңғыс Айсарыны Шоқаннан қалған көзім деп қадірлейді, құрметтейді, бірақ Шоқаннан қалған тұқым деп айтпайды. Этнограф Александр Гейнстің жазуынша, 1865 жылы Шоқанның інісі Жақып әмеңгерлік салтымен жеңгесіне үйленуге келіп, науқастанып, біраз күн жатқан екен. Бұл қараша болса, желтоқсанның басында Жетісудан солтүстікке қарай шығады. 1958 жылы Сырымбетке Әлкей Марғұлан барып, Шоқан туралы естелік жинайды. Бұл мақала 2010 жылы шыққан Әлкей Марғұланның 14 томдық шығармалар жинағының 10-томында кеңейтілген түрде берілген. Сонда Жетісуға Жақыппен бірге Сәтбайдың Имантайы, Сәдуақас және Жолдыбайдың Мұқаны барды деп жазған. Имантай — Қаныш Сәтпаевтың әкесі, Сәдуақас — шамасы Мұса Шормановтың баласы болуы керек. Имантай 20 жаста, Мұқан 28 жаста, Сәдуақас 16 жаста. Бұл естелікті Жақыптың тұңғышы Құлыш айтқан. Қыс түскен соң, олар Жетісудан Баянауылға келіп, қыстайды. Жаз шыға Сырымбетке жетеді. Шоқанның ұрпағымын деп жүрген адамдардың айтуынша, Айсары Сырымбетке жүкті болып келді дейді. Демек 1866 жылдың жазында жеткен Айсарының әмеңгер Жақыптан жүкті болуы әбден мүмкін. Бұл ғылыми дәйек, Марғұланға сенбесеңіздер, өздеріңіз біліңіздер, − деп түсіндірді шоқантанушы ғалым.
Жарылқап Бейсенбайұлы өзінің де 1975 жылы Сырымбетке барғанын, Құлыштың ұлы Қайролла ақсақалмен сөйлескенін айтты.
− Ол кісіден Шоқанның тұқымы туралы сұрағанымда, тұқым қалған жоқ деп жауап берді. Сондықтан бұл қауесетті әрі өршіте бермей, тоқтату керек. Шоқанның есімін таза ұстайық, бүкіл әлемге көрсететін төлқұжатымыз таза болуы керек. Журналистер Шоқанды атып кеткені, улап кеткені рас па деп сұрап жүр. Шоқан өкпе туберкулезінен қайтыс болған. Ол туралы деректерді Потанин Шоқанның кадетте оқып жүргенде өкпе туберкулезінің белгілері болғанын, жазда еліне барып, қымыз ішіп, оңалып келгенімен қыста қайта ауыра бастайтынын жазған.
«Шоқан ханның баласы, ол таршылық көрген жоқ, ішкені алдында, ішпегені артында болды» дейді. Ол ханның баласы болып өмір сүрген жоқ, 12 жасынан бастап Омбының суық казармасында 6 жыл оқыды. Одан кейінгі бар өмірі саяхатпен өтті. Қашқардан қайтып келе жатқанда суыққа ұрынып, әлсіз денсаулығын одан әрі әлсіретіп алды. Мұның бәрі ғылыми фактілер, Шоқанның бестомдығын оқыған адам біледі. Петербургке жетіп, өзі аңсаған қызметіне кірісіп кеткенімен дәрігерлер оны тезірек еліңе қайтып, қымыз ішпесең өлесің деп қайтарып жібереді. Еліне келіп, аға сұлтан болғысы келді. Бірақ сәті түспейді. 1863 жылы Николай Ядринцев Шоқанның таза туберкулез екені көрініп тұратынын, бірақ сонда да Петербургке барғысы келіп жүргенін жазады. Ақыры Петербурге кете алмаған соң, Черняевпен экспедицияға қосылып, Әулиеатаға келеді. Әрі қарайғы тағдыры аян, − деп түйіндеді Жарылқап Бейсенбайұлы.
Айта кетейік, Ұлттық академиялық кітапханасында Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы аясында «Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы: тарих пен саясат сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Академиялық кітапхана Шоқан туралы сирек кітаптар мен құжаттарды ұсынды.