Шөлге шыдамаған жылан адамдардың қолынан су ішті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанның оңтүстігіндегі Кайга ауылының тұрғындары аптап ыстықтан қатты шөлдеген корольдік әбжыланға пластик бөтелкемен су берді.

Бұл туралы Lenta.ru Daily Mail газетіне сілтеме жасап хабарлады.

Биыл өңірді қуаңшылық жайлаған және 3,5 метрлік алып жылан елді мекенге су іздеп келген. Улы жыланнан қауіптенген тұрғындар оның құйрығынан ұстап тұрды және жылан ұстайтын құралдарды әзірлеп қойды. Бірақ, бауырмен жорғалаушы ешкімге шабуыл жасаған жоқ және адамдарға жақындап, пластик бөтелкеден су ішті. Кейінірек оны жергілікті жабайы аңдарды қорғау орталығына табыстады.

Корольдік әбжылан немесе гамадриад - Үндістан, Пәкістан, Индонезия мен Филиппиннің тропикалық ормандарын мекендейтін ең алып улы жыландардың бірі. Отыз жылға жуық өмір сүретін әбжыландар өмірінің соңына дейін өсе береді. Негізгі қорегі - өзге жыландар мен кеміргіштер. Үндістанда жыл сайын жылан шаққан 50 мыңға жуық адам мерт болады.