Шолпан Атада қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтті (ФОТО)

ШОЛПАН АТА. ҚазАқпарат - Шолпан Атадағы Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарының аясында «Рух Ордада» қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтті.

Қырғызстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өткен шараға жергілікті ұлттық диаспора өкілдері қатысып, халық қолөнерінің этномәдени сан алуандығын паш етті.

Украиналық «Берегиня» қоғамының жетекшісі Владимир Нарозя «Барвинок» халықтық фольклорлық ансамбілінің вокалдық-би бағдарламасын көпшілік назарына ұсынды. Айта кетейік, Қырғызстандағы украиндық диаспора саны шамамен 12 мың адамды құрайды, олардың басым бөлігі Бішкек пен Ыстықкөл аймағында тұрады. Жетекшісі Тілеухар Бошумова болып табылатын «Қырғызстан қазақтарының қауымдастығы» павильонында жұртшылық назарын домбырамен орындалған қазақтың әйгілі «Дударай» әні өзіне аударды. Қырғыз еліндегі кәрістер мен дұңғандардың қоғамдық бірлестіктері өз экспозицияларында ұлттық киімдегі қуыршақтарын, түрлі-түсті желпеуіштері мен картиналарын паш етті. Ал «Иттипак» ұйғырлар қоғамының өкілі Акбар Каримов мұнда өз отбасымен келіп, сәндік өнер бұйымдарының жеке жиынтығын ұсынды. Олардың ішінде тіпті 17-18 ғасырлардан жеткен жәдігерлер де бар көрінеді. Шетелдік қонақтар әсіресе, ерлерге арналған қырғыздың ұлттық бас киімдеріне аса қызығушылық танытты. Сондай-ақ тәжік, өзбек, кавказ ұлтының орындаушылардың мың бұрала билеген әсем билері көпшілікті тамсандырды. Шараның соңы қырғыз халқының салт-дәстүрлері мен жөн-жоралғыларынан хабардар ететін театрландырылған көріністермен тәмамдалды.