Шолпан Атадағы Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарында қазақстандық палуан алтын иеленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында алғаш рет ұйымдастырылған Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарында қазақстандық палуан Амангелді Сатыбалдинов қырғыз күресінен алтын жүлдені қанжығасына байланды.

60 келі салмақ дәрежесі белдескен Амангелді Сатыбалдинов ақтық сында кілем қожайыны Бектурсун Толошуулуынан басым түсіп, жеңімпаз атанды.

Амангелдімен қатар финалға өткен тағы бір отандасымыз Алмат Тойбағаров 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша белдесуде Дуулат Момбековке жол беріп қойып, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Қазақстан құрамасы қырғыз күресімен қатар, аударыспақ және тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайысқа қатысуда.

Ыстықкөл жағасында өтіп жатқан дүбірлі додаға Түркия, Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Ресей, Қытай Халық Республикасы, Түркіменстан елдерінен келген спортшылар қатысып жатыр. Олар кок бору, тогуз коргоол, қыргыз курошу, алыш, эр эниш, кунан чабыш, жорго салыш, кунан чабыш, ордо, аламан бәйге, қазақ күресі секілді спорт түрлері бойынша жарысқа түсуде.

Көшпенділер ойындары 14 қыркүйекке дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығынан.