ШОЛУ: Елбасы Жолдауы - ел өміріне тың серпіліс әкелетін құжат
Бұл құжатта, бұдан бұрынғы қол жеткізілген нәтижелер сараланып, енді осыдан соң тың міндеттерге бағыт беріліп, соны жүзеге асыруға бар күш-жігер жұмылдырылмақ. Ұлттық қордан 2015, 2016, 2017 жылдарға, әр жыл сайын үш миллиард доллардан қаржы құйылуы соның берік кепілдігі іспеттес. Сондықтан да бұл жолдау қазіргі кезеңнің өзінде де өзектілігін жоймаған, маңызы айырықша, ел өміріне тың серпіліс әкеледі деп сенім артқан бірегей жоба.
Бұл жолдауында түрлі маңызды мәселелер жан-жақты көрініс тапқан. Ұлт көшбасшысы халыққа арнаған Жолдауында 7 бағытқа айрықша назар аударған.
Бірінші. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту.
Екінші. Индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту.
Үшінші. Энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту.
Төртінші. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су- және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту.
Бесінші. Тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту.
Алтыншы. Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту.
Жетінші. Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру.
Сонымен бірге Елбасы Жолдауда денсаулық, білім мәселесінің де күн тәртібінен түспейтінін айтты.
«Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болуы үшін сіздерді алдағы уақытта Жолдаудан туындайтын міндеттерді орындау жолында бірлікпен, абыроймен қызмет атқаруға шақырамын», - деген болатын Елбасы.
Ел экономикасына үлкен серпіліс беретін «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» Жолдауында айтылған басты бағыттарды жүзеге асыру барысындағы атқарылған жұмыстар «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігінің назарынан тыс қалған емес. Біз бүгін Елбасы Жолдауы жөнінде қаңтар айындағы материалдарға шолу таспасын ұсынамыз.
***
ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ ЭКОНОМИКАНЫ ЖАНДАНДЫРДЫ
Табалдырықтан жаңа аттаған Мешін жылы қазақ үшін қай жағынан алғанда да ерекше болғалы тұр. Ең алдымен елдің экономикалық даму тұрғысынан келсек, бұл жылы Қазақстан ДСҰ секілді әлемдік алпауыт ұйымның жаңа мүшесі ретінде жаңа құқықтық-саудалық режимге көшеді. Бұл еліміз үшін тосын түйткілдерге толы үлкен тәжірибе. Оның үстіне әлемдік дағдарыс дауылы, сыртқы экономикалық факторлар еліміздің дамуына өз өрнегін салатыны да белгілі. Сондықтан да, жаһандық дағдарыстың жаңа жағдайларында экономикалық өсімді құлдыратпау үшін атқарушы биліктен бұрынғыдан да белсенділік талап етілетіні де анық.
Ендеше жаңа кірген Мешін жылы еліміздің дамуы үшін қай жағынан алғанда да аса маңызды жыл болатыны сөзсіз. Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаһандық дағдарыстың жаңа жағдайларында Қазақстан дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап берген болатын. Елдің дамуына кедергілерді жойып, жаңа мүмкіндіктерді іздестіру жөнінде де нақты міндеттер қойылды. Соның аясында Қазақстан 2016 жылдан бастап нақты іске асатын реформалардың заңдық негізін қалады. Яғни, биылдан бастап ұзақ мерзімді, орта мерзімді және таяу перспективаға арналған іс-қимыл жоспарының өзегі ретінде «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспары нақты көрініс ала бастайды.
Ал кеше ғана есігін жапқан Қой жылының аяқталар тұсында Үкімет пен Ұлттық банк 2016-2018 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын бекіткен болатын. Президент құптаған Дағдарысқа қарсы басты бағдарлама маңызды үш бағыттан тұрады, олар: Біріншіден - экономикалық өсім. Екіншіден - экономиканың, қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін реформалар. Үшіншіден - қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғырту жолымен дамыту. Тұтастай алғанда ел экономикасын одан әрі дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруда Үкімет пен Ұлттық Банктің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша 2016-2018 жылдарға арналған Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары маңызды және шешуші қадам болып табылады. Дағдарысқа қарсы жоспар қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру, жекешелендіру және экономикалық бәсекені ынталандыру, инвестициялық және әлеуметтік саясат жөніндегі шараларды, сондай-ақ, 100 нақты қадам - Ұлт жоспары шеңберінде реформаларды тереңдету жөніндегі шараларды қамтып отыр. Осыған байланысты Елбасы тапсырмаларына сәйкес жаңа құрылымдық экономиканы қалыптастыру үшін Үкіметтің ағымдағы жылы атқаратын шараларына тоқталуды жөн санадық.
Бірінші - қаржы секторын тұрақтандыру
Бұл ретте Ұлттық Банк пен Үкіметтің орта мерзімді перспективадағы негізгі мақсаты инфляцияны 2016-2017 жылдары 6-8 пайызға дейін, 2018 жылы 5-7 пайызға дейін, 2019 жылы 4-6 пайызға дейін және 2020 жылы 3-4 пайызға дейін төмендету болып табылады. Осыған орай, 2016 жылғы сәуірде базалық пайыздық мөлшерлемені икемді өзгерту тетігі енгізілетін болады. Бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге және инфляция деңгейін төмендетуге бағытталады. «Мұндай қадам ақша-кредит саясаты операцияларының тиімділігін арттыруға және оның ақша нарығының мөлшерлемелеріне ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Үкімет жұмыс істемейтін кредиттер тұрғысынан банк секторының барлық субъектілеріне жүргізілген күйзеліс-тестілеудің нәтижелері бойынша қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 2016 жылғы қыркүйекке дейін оларды мойындау және есептен шығару жөніндегі шаралар қабылданатын болады. Бұдан бөлек, зейнетақы жинақтарының кірістілігін арттыру мақсатында 2016 жылғы наурызға дейін зейнеткерлік активтерді инвестициялау тәсілдері қайта қаралатын болады және 2016 жылғы шілдеге дейін зейнетақы қорларының активтерін қазақстандық немесе шетелдік жекеменшік компаниялардың басқаруына беру тетіктері әзірленетін болады. «2016 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Проблемалы кредиттер қоры және басқа да қаржы институттары Ұлттық Банктің бақылауынан шығарылады», - деп түсіндіреді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, экономиканы долларсыздандыру мақсатында Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп экономиканы долларсыздандыру және корпоративтік құнды қағаздар нарығын дамытуды және биржалық сауданы теңгелей қаржы құралдарымен ынталандыруды, ел аумағында сатылатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағаларын және олардың жарнамасындағы бағаларды ұлттық валютамен ғана белгілеуді және көрсетуді қоса алғанда, теңге құралдарының тартымдылығын арттыру жөніндегі шаралар кешенін қабылдайды.
Екінші - бюджет саясатын оңтайландыру
Бұл ретте мемлекеттік шығыстарды қатаң үнемдеу, олардың тиімділігін арттыру және Ұлттық қордың қаражатын ұтымды пайдалану бюджет саясатының негізгі мақсаттарына айналады. Осыған байланысты, 2016 жылғы сәуірге дейін Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасының және Бюджет кодексінің жобалары жаңа редакцияда әзірленетін болады. Сонымен қатар, 2016 жылғы наурызға дейін Бюджет кодексіне қолма-қол ақша тапшылығын жабу үшін жергілікті атқарушы органдардың үш жылға дейінгі мерзімге Үкіметтен қарыз алуын көздейтін толықтырулар енгізілетін болады. Бұдан бөлек, 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында 2016 жылғы сәуір-тамызда тиімсіз шығыстарды және жеке сектор қаржыландыруы мүмкін шығыстарды алып тастау арқылы бюджет шығыстарын оңтайландыра отырып, республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламаларға толық ревизия жүргізіледі.
Сондай-ақ, Үкімет бюджеттен күрделі шығындарды қаржыландырудың сервистік моделін қолдану мүмкіндігі үшін 2016 жылғы наурызға дейін үлгілік сервистік келісімшартты әзірлеуді қамтиды. Ал салық жүйесін түбегейлі реформалау мақсатында қосылған құн салығының орнына сатудан түсетін салықты енгізуді, салық режимдерін үш деңгейге дейін оңтайландыруды, тиімсіз салықтық жеңілдіктерді жоюды, сондай-ақ салық саласының ашықтығы мен салықтық әкімшілендіру тиімділігін арттыруды көздейтін біріктірілген Салық және Кеден кодексінің жобасы 2016 жылғы 1 қыркүйекке дейін Парламентке енгізіледі.
Үшінші бағыт - жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру
Айта кетерлігі, Үкімет 2015 жылы 22 желтоқсанда Yellow Pages Rules қағидаттарына сәйкес акцияларының елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар жүзеге асыра алатын қызмет түрлерінің тізбесін бекіткен болатын. «Бәсекелестік пен жеке капиталды дамытуды ынталандыру үшін 2016 жылғы ақпанға дейін монополияға қарсы ведомствоның мәртебесі мен оның жұмыс тәртібін айқын регламенттей отырып, монополияға қарсы заңнаманы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарына сәйкестендіруді көздейтін заң жобасы әзірленетін болады. Ал 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап үстем немесе монополиялық жағдайға ие Нарық субъектілерінің мемлекеттік тізілімі жойылатын болады. Сонымен бірге, 2016-2017 жылдары табиғи монополиялардың базалық субъектілері шекті (ұзақ мерзімді) тарифтер бойынша жұмысқа көшіріледі», - дейді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, экономикадағы мемлекеттің рөлін төмендету жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілетін болады. Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор объектілерін мемлекет иелігінен алуды және жекешелендіруді жандандыруға бағытталған Заңға 4 желтоқсанда қол қойған болатын. Соған сәйкес, жекешелендіруге, активтерді әділ нарықтық құнымен сатуға, шектеулер алып тасталды, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік инвесторлардың жекешелендіруге барынша көп қатысуы үшін жағдайлар жасалып отыр. Сонымен қатар, 2015 жылғы 25 желтоқсанда Үкімет жаңа Жекешелендірудің 2016 - 2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдап, соның шеңберінде тізбелер бекітілген еді.
Жекешелендіру саясаты аясында 2016 жылғы 1-ші тоқсанда иеліктен шығаруға жатпайтын нысандардың тізбесі қысқартылады және барлық акционерлердің квазимемлекеттік сектордың иеліктен шығарылған активтерді сатып алуға басым құқықтарын алып тастауды көздейтін Заң жобасы әзірленеді. Бұдан бөлек, 2016 жылғы қаңтарда жекешелендіру процесін қолдау және мониторінгілеу үшін халықаралық консультанттарды тарта отырып, Үкімет жанынан арнайы Жобалық офис (Delivery unit) құрылатын болады. Сондай-ақ Бірыңғай ақпараттық саясат шеңберінде әрбір нақты кәсіпорынның мақсатын жіті сипаттай отырып, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры», «ҚазАгро» және «Бәйтерек» акционерлік қоғам объектілерін қоса алғанда жекешелендіру бойынша кең ауқымды PR-кампания жоспары әзірленетін болады.
«2016-2018 жылдары ішінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамын өзгерту жалғасады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2016 жылғы желтоқсанға дейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы активтері бәсекелі ортаға көшкеннен кейін, оларды шағын холдингтер етіп қайта құру бойынша ұсыныстар дайындалатын болады. 2016 жылғы мамыр айына дейін талдаулар жүргізіліп, оның нәтижелері, қажет болған жағдайда бойынша заңдастыру шарттары және оның қатысушыларына кепілдіктерді күшейту бойынша ұсыныстар енгізілетін болады. Оңалту және банкроттықтың, сондай-ақ төлем қабілетсіздігін реттеудің жаңа тетіктерін іске асыру мақсатында 2016 жылғы қаңтарда тиісті Іс-қимыл жоспары қабылданатын болады және наурызға дейін жеке тұлғалар банкроттығы институтын енгізу бойынша заң жобасының тұжырымдамасы әзірленбек»,- дейді министр Ерболат Досаев.
Түйіндей айтқанда, Үкімет Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары аясында алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін нақты тетіктерге кіріспек. Үкімет бекіткен жоспармен қоса «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасы, «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру ең алдымен жаһандық дағдарыс жағдайындағы сын-қатерлерді еңсеріп, экономиканы одан әрі дамытуға және халқымызды әлеуметтік жағынан қолдауды сақтап қалуға бағытталып отыр. Осы тұста экономиканың сыртқы дағдарыстық құбылыстар әсеріне қарамастан, Елбасының тапсырмасы бойынша 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақыға индекстеу жүргізіліп, жәрдемақылар мен стипендиялар, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау саласындағы жұмыскерлердің жалақысы көбейтіліп отырғанын да атап өтуге болады.
Сондай-ақ Үкімет өзінің Қой жылындағы жұмысын қорытындылау кезінде алдағы уақыттағы негізгі қызметінде дағдарысқа қарсы шараларды тиянақты жүргізе отырып, ел экономикасын бүгінгі әлемдік экономикада орын алып отырған теріс сын-қатерлердің дауылына ұрындырмай өсім көрсетуі үшін қолданылатын қажетті тетіктері тағы бір пысықталды. Шараларды пысықтау процесі Мәжілістегі Үкімет сағатында мәжілісмендердің алдында өтіп, бұл жайында еліміздің сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев негізгі баяндама жасаған болатын.
Министр өз сөзінде Үкімет пен Ұлттық банктің 2016-2018 жылдарға арналған Дағдарысқа қарсы жоспары мақұлдағанын, оның екі бөлімнен тұратындығын атап өтті. Аталған жоспардың біріншісі - Елбасының қараша айындағы Жолдауы бойынша бес негізгі бағыт аясында жаңа құрылымдық экономиканы қалыптастыру. Екіншісі - экономика өсімін және оған кредит беруді ынталандыру бойынша шаралар. Елбасы міне осы бөлімге егжей-тегжейлі тоқталып қана қоймай, Үкімет тарапынан 2016 жылдың сәуіріне қарай базалық пайыздық мөлшерлемені икемді өзгерту тетігі енгізілетіндігін, наурыз айына дейін зейнетақы активтерін инвестициялау тетігі қайта қаралатындығын, осы айда жекешелендіру процесін көтермелеу және мониторингілеу үшін халықаралық консультанттарды тарта отырып, Үкімет жанынан Жобалық кеңсе құрылатындығын, қыркүйекке дейін банк секторынан жұмыс істемейтін кредиттерді есептен шығарылатындығын мәлім етті.
Енді Үкіметтің алдағы уақытта қолға алатын осы және өзге де нақты шараларына тоқталсақ. Бірден айта кетерлігі, Ұлттық банк пен Үкіметтің орта мерзімді перспективадағы негізгі мақсаты 2016-2017 жылдары инфляцияны 6-8 пайыз дәлізінде, 2018 жылы 5-7 пайыз, 2019 жылы 4-6 пайыз, ал 2020 жылға қарай 3-4 пайызға дейін төмендету болып отыр. Бұл ретте 2016 жылдың сәуірінде базалық пайыздық мөлшерлемені икемді өзгерту тетігі енгізілетін болады. Бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге және инфляция деңгейін төмендетуге бағытталады. Ақша-кредит саясаты операциялардың тиімділігін арттыруға, оның ақша нарығының мөлшерлемелеріне ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді. «Ағымдағы жылдың қарашасында валюта нарығындағы төрелік және алыпсатарлық мәмілелерді азайту үшін Ұлттық банк белгілеген диапазонда пайыздық мөлшермелер дәлізін қолдау жөніндегі бұрын мәлімдеген міндеттемелерінен бас тартқан болатын. Жұмыс істемейтін кредиттер тұрғысынан банк секторының барлық субъектілеріне жүргізілген күйзелістік тестілеудің нәтижелері бойынша 2016 жылдың қыркүйек айына дейін оларды мойындау және есептен шығару жөніндегі шаралар қамтылатын болады. Бұл қаржы секторын тұрақтандыру шарасы болып табылады», - деді Е. Досаев.
Оның сөзіне қарағанда, Үкімет жаңа 2016-2020 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді шаралар жоспарын мақұлдап, оның аясында тізбелерді бекіткен. 2016 жылдың бірінші тоқсанында иеліктен шығаруға жатпайтын нысандардың тізбесі қысқартылып, барлық акционерлердің квазимемлекеттік сектордың иеліктен шығарылған активтерін сатып алуға басым құқықтарын алып тастауды көздейтін заң жобасы әзірленеді. «Сонымен қатар, келесі 2016 жылдың 1 қаңтарынан жекешелендіру процесін көтермелеу және мониторингілеу үшін халықаралық консультанттарды тарта отырып, Үкімет жанынан Жобалық кеңсе (Delivery unit) құрылады. Сонымен қатар, Бірыңғай ақпараттық саясат шеңберінде әрбір нақты кәсіпорынның мақсатын жіті сипаттай отырып, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл ауқат қоры», «ҚазАгро» және «Бәйтерек» холдингтерін қоса алғанда жекешелендіру бойынша кең ауқымды PR-компания жоспары әзірленетін болады», - деді министр.
Е.Досаевтың айтуынша, зейнетақы жинақтарының кірістілігін арттыру мақсатында келер жылдың наурыз айына дейін зейнеткерлік активтерін инвестициялау тетігі қайта қаралатын болады. Ал 2016 жылдың шілдесіне дейін зейнетақы қорларының активтерін қазақстандық немесе шетелдік жекеменшік компаниялардың басқаруына беру тетіктері әзірленеді. Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Проблемалы кредиттер қоры және басқа да қаржы институттары Ұлттық банктің бақылауынан шығарылады.
Ұлттық экономика министрі депутаттарға дағдарысқа қарсы жедел шаралардың негізгі бағыттары туралы да айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, өндірістің және отандық кәсіпорындар өнімі экспортының төмендеуіне жол бермеу мақсатында МТЖ қызметері мен электр энергиясы тарифтеріне 2016 жылға уақытша төмендету коэффициенттерi берілетін болады. Отандық тауар өндірушілердің өнімін өткізуді қамтамасыз ету үшін жүйе құраушы және ірі кәсіпорындармен және ұлттық компаниялармен ұзақ мерзімді келісімшарттар мен меморандумдар (3 жылдан астам) жасалады, сондай-ақ «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы және ИИДМБ инфрақұрылым құрылысында отандық материалдарды пайдалану ынталандырылады. Екіншіден, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылатын инфрақұрылымдық жобалар құрылыс индустриясын дамытуға және тұтастай алғанда экономикадағы іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды қолдауға айтарлықтай мультипликативтік әсер етеді. Түйінді инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуын жеделдету үшін «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде қосымша қаражат тарту көзделеді. «Астана-Теміртау» және «Астана-Павлодар» автожолдарында жұмыстарды уақтылы аяқтау үшін (автожолдың бір бағытында екі жолақ бойынша қозғалыстың ашылуы және 2018 жылы «Астана-Павлодар-Семей» жобасының толық аяқталуы) 2016 жылы 75 млрд. теңге және 2017-2018 жылдары 225,1 млрд. теңге сомасына мемлекет кепілдігімен қарыз қосымша тартылатын болады. Бұдан басқа, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ автожол жобаларын іске асыруға Қытай Халық Республикасының Эксимбанкінен 2,6 млрд. АҚШ доллары сомасына қарыз тартылады. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көзделген Ұлттық қор қаражатын, Халықаралық қаржы ұйымдары, Қытай Эксимбанкі қарыздарын ескере отырып, қосымша қаражат тарту 2020 жылға дейін «Нұрлы Жол Оңтүстік», «Нұрлы Жол Шығыс», «Нұрлы Жол Батыс» түйінді бағыттары және республикалық маңызы бар автожолдар бойынша 8 мың км автожолды пайдалануға беруге мүмкіндік береді.
«Үшіншіден, ағымдағы жылғы желтоқсанда «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында айналым қаражатын толықтыру үшін кредит бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға өңірлерге 7,2 млрд. теңге сомасына, 2016 жылы инвестициялық кредиттерді субсидиялауға және кепілдендіруге 7 млрд. теңге қосымша қаражат бөлінетін болады. Бұл экономикаға 202 млрд. теңге сомасына кредиттерді тартуға, өнім өндіруді 418 млрд. теңгеден астам сомаға ұлғайтуға, кемінде 15 177 жұмыс орнын сақтауға және құруға, 50 млрд. теңге сомасында бюджетке салық түсімдерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді ол.
Төртіншіден, халықтың тұрғын үйге қолжетімділік деңгейін арттыру үшін 2016-2018 жылдары жалға берілетін алаңы 817 мың шаршы метр немесе шамамен 13 600 пәтер тұрғын үй салу және оны сатып алу қамтамасыз етіледі. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ клиенттерінің барлық салымдарына өтемақы беру үшін Үкімет резервінен 2016 жылы 20,9 млрд. теңге және 2017 жылы 16 млрд. теңге бөлінетін болады.
Тұрғын-үй құрылысындағы үлескерлік салымдарды кепілдендіру қорын құру мақсатында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ жарғылық капиталын 10 млрд. теңгеге ұлғайту көзделіп отыр.
Бесіншіден, агроөнеркәсіп кешені жобаларын іске асыру жеделдетіледі. Бұл ретте суландыру және гидромелиорация арқылы суармалы жерлерді қалпына келтіру жобаларын іске асыру үшін 2016-2018 жылдары 153 млрд. теңге сомасына ХҚҰ қарыздары мемлекеттік кепілдіктермен тартылады. «ҚазАгро» ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен, ет пен сүт өндіру және өндеу жөніндегі басым инвестициялық жобаларын іске асыру мақсатында 2016-2018 жылдары 300,7 млрд. теңге сомасына мемлекеттік кепілдіктер беру көзделеді.
«Алтыншыдан, 2016 жылғы наурызда 10 млрд. теңге сомасында мемлекеттік кепілдікпен берілетін қарыздарды тарту есебінен «Шүлбі ГЭС-і Ақтоғай Талдықорған Алматы Жоғары кернеулі желі» 500 кВ электр тарату желісі құрылысының жобаларын іске асыру жалғасады. Сондай-ақ 2016-2018 жылдары «Интеграцияланған газ-химия кешені, 1-фазасы» жобасын іске асыру үшін 556,7 млрд. теңге сомасында мемлекеттік кепілдікпен берілетін қарыздар тартылады. 2017 жылы Жамбыл облысында «ЕвроХим-Удобрения» ЖШС-нің минералды тыңайтқыштар өндіру зауыты үшін инфрақұрылым салынатын болады, ол үшін республикалық бюджеттен 11,1 млрд. теңге бөлінеді. Сондай-ақ республикалық бюджеттің 1,5 млрд. теңге қаражаты есебінен ғарыш аппараттарының жинау-сынақ кешенінің құрылысы аяқталады», - деді Е.Досаев.
Ал соңғы 7-ші бағытта жұмыспен қамтуды қолдау мақсатында 2016 жылы өңірлік Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарларын іске асыру жалғастырылады және кадрларға қажеттілікті айқындау арқылы жұмыскерлердің босатылуы мен жаңадан құрылатын жұмыс орындарының жиынтық картасы өзектендіріледі.
Биылдан бастап күшіне енген ДСҰ мүшелігінің артықшылықтары қандай?
Өткен 2015 жылдың Қазақстан үшін басты жаңалықтарының бірі - Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке қабылдануы болды. Яғни, жаңа кірген 2016 жылдан бастап Қазақстан жаңа құқықтық-сауда режиміне көшеді. 19 жылға жалғасқан келіссөзден соң Қазақстан әлемдік сауданың көрігін қыздыратын алпауыт ұйымның толыққанды 162-ші мүшесі ретінде былтырғы желтоқсан айында ресми қабылданды.
1996 жылы айқындалған сыртқы саясаттағы басымдыққа 20 жылдан соң, яғни 2016 жылдың 1 қаңтарынан қол жеткізіп отырмыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздердің сәтті аяқталғанын тарихи маңызды оқиға ретінде бағалап: «Еліміз аса маңызды тағы бір тарихи оқиға қарсаңында тұр. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді табысты аяқтадық. ДСҰ-ға мүше болу - күллі Қазақстанның жемісі. Бұл - еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы» деген болатын.
Жалпы халықаралық сауда-саттық мәселесіне келетін болсақ, тәуелсіз Қазақстан өзінің өткен тарихында ашық экономикалық саясат ұстанып, соның нәтижесінде бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Экономикамыздың құрылымы да айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Қазақстанның жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнімі де Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің деңгейімен теңесті. Сыртқы сауда көлемі 120 миллиард доллардан асса, Қазақстан әлемнің 185 мемлекетімен сауда-саттықты жолға қойған. Соның ішінде сыртқы сауда айналымының 90 пайыздан астамы да өзіміз жаңа мүше болып отырған ДСҰ елдеріне тиесілі екен. Бұдан бөлек, Қазақстан бизнесті өркендету ісіне де белсене ден қойды. Мәселен, былтырғы жылы Қазақстан әлемдегі 189 ел экономикасы ішінде 41-ші позицияға орнықты. «Doing Business» рейтингінде еліміз бизнестегі реформаны мейлінше көбірек жүзеге асырған мемлекет ретінде аталды. Дүниежүзілік банк Қазақстанда жүргізіліп отырған реформалардың бизнесті жақсартқанын атап өтеді. Осындай ауқымды жұмыстар нәтижесінде Қазақстан инвестициялар үшін ең қолайлы елдердің бірі ретінде мойындалды.
Осындай жағдайда ДСҰ мүшелігіне қабылданып, халықаралық ережелерге сай сауда жасау елімізге не береді деген мәселеге тоқталсақ. Жалпы ДСҰ-ның басты ерекшелігі - мүше мемлекеттер өздері жауапкершілікке алған ортақ қағидатты ұстанып, сауда-саттықта біркелкі тәртіптер бәрі үшін бірдей қолданады. Бұның мемлекеттер, алпауыт трансұлттық компаниялардан бастап қарапайым халық үшін де маңызы зор. Өйткені, Ұйым аясында сауда тетігі ажыратылып, тауарлар белгіленген тәртіп шеңберінде еркін айналады, соның нәтижесінде бәсекелестік күшейіп, баға мен сапада озғандар дүниенің сапырылысқан саудасында «кірпіш болып» қалана алады.
Сосын ДСҰ - елдер арасындағы еркін сауда мен ашықтық қағидаттарын басшылыққа алатын, мүше мемлекеттері арқылы халықаралық сауда ережелерін ендіруге арналған халықаралық ұйым. Негізгі мақсаты бірыңғай сауда жүйесін құру болып табылатын Ұйым көпжақты келіссөздер бойынша қатысушы-мемлекеттермен өзара келісілген қағидаттарды басшылыққа алып, мемлекеттердің бір-бірімен әділетті және еркін бәсекелестік шартында сауда жасасуын қолдайды һәм соған жағдай жасайды. Ұйым шеңберінде ашықтық қағидаты да қатаң қаралады. Айта кетерлігі, ДСҰ ережелері саясаттан тыс, тек қана сауда-экономикалық мүдделер мен мәселелерді реттейді. Оның басты мақсаты қандай да бір болсын нәтижелерге қол жеткізу емес, тек қана халықаралық сауданың жалпыға ортақ қағидаттарын белгілеу болып табылады. Декларацияға сәйкес ДСҰ жұмысы негізінен бірқатар қағидаттарға арқа сүйейді. Атап айтқанда, олар, бірінші - жалпыға ортақ тең құқылық. Бұл ретте ДСҰ-ның барлық мүшелері бір-біріне саудада неғұрлым қолайлы жағдайды ұсынуы тиіс. Мұның өзі ДСҰ-ның бір мүшесіне берілген преференциялар қалған барлық мүшелеріне де ортақ екендігін білдіреді. Яғни, сауда-саттықта «үлкен кіші мемлекет» деген болмайды, елдердің бәрі тең қағидатқа мойынсұнады. Екінші - өзара әрекеттестік. Осы бойынша екіжақты саудадағы шектеуді азайту жөніндегі барлық әрекет екінші тараптан да қолдау тауып, өзара әрекеттестікке айналуы тиіс. Үшіншіден, ашықтық немесе мөлдірлік. Бұған сәйкес, ДСҰ мүшелері өзінің сауда ережелерін толықтай жариялауы және оның ДСҰ-ның басқа мүшелеріне берілген ақпараттар үшін жауап беретін органдары болуы тиіс. Төртінші - қолданыстағы міндеттемелерді құру. Бұл ретте мүше елдердің сауда тарифтері жөніндегі міндеттемелерін елдердің бір-бірімен өзара қарым-қатынасы емес, негізінен алғанда, ДСҰ-ның басты органдары реттейді. Ал қандай да бір елдің нақты секторында сауда жағдайды нашарлатылатын болса, осыдан зардап шеккен жақ басқа секторлардан өзіне өтемақы талап ете алады. Бесіншіден - қорғаныс «қақпақшалары». Бұған сәйкес, кейбір жағдайларда үкімет сауда шектеулерін енгізе алады. ДСҰ келісімі оның мүшелеріне тек қоршаған ортаны қорғауда ғана емес, сонымен қатар, адамдар денсаулығын сақтауда, жануарлар мен өсімдіктерді қорғауда да шараларды қолдануға мүмкіндіктер береді.
Тоқ етері ДСҰ арқылы мүше мемлекеттерде өндірілген сапалы әрі бағасы бәсекелесе алатын тауар өз иесін табады. Сондықтан да, жаһандық ұйымның қатарына қосылған Қазақстан үшін бұл жол дамудың даңғылы ғана емес, үлкен сынақтар алаңы екені белгілі. Сондай-ақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына ұмтылатын әрі әлемнің озық отыз мемлекетінің қатарына енуді стратегия ретінде айқындаған Қазақстан үшін ДСҰ аясында даму аса маңызды. Өйткені, ортақ сауда жүйесіндегі мүмкіндіктер мемлекеттердің белсенділігіне ғана емес, отандық бизнестің, қазақстандық өндірістің бәсекелестігіне көбірек байланысты, ендеше бәсекеде бекем болуы үшін ең алдымен сапа мен баға көңілден шығуы шарт.
Ал ДСҰ-ның Қазақстан үшін артықшылықтары деген мәселеге келсек, сарапшылар оның бірқатар басымдықтарын алға тартады. Мәселен, Ұйымға қосылу арқылы Қазақстан сапырылысқан сауданың нарығына енеді. Яғни, еліміздегі шағын және орта бизнес өз өнімдерін әлемдік рынокқа ешбір кедергісіз шығаруға мүмкіндік алады. Әрине, баға мен сапа жағынан бәсекеде озық болатын тауарларға еш кедергі болмайды. Осылайша, қазақстандық кәсіпкерлер жаһандық сауда нарығына өтеді. Бұл үшін Ұйымның басқа мүшелері өз елдерінде қазақстандық тауарларға да бірдей кепілдіктер береді.
Екінші маңызды мәселе - Ұйымға мүше болған Қазақстан үшін экономикаға шетелдік инвестицияны көптеп тарту мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Айта кетерлігі, соңғы он жылда Қазақстан 208 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартқан. Тек 2014 жылдың өзінде ғана еліміздің экономикасына келген тікелей шетел инвестициясы 23,9 миллиард теңгені құрап отыр. Яғни, тұтастай алғанда елімізде соңғы жылдары инвестициялардың тұрақты өсімі тіркеліп келеді. Ал ДСҰ-ға мүшелік еліміз үшін инвесторлар тартымдылығы тұрғысынан қосымша күш болмақ. Шетелдік сыртқы капиталдың көптеп келуінен болатын еліміз үшін артықшылықтар айтпаса да түсінікті. Бұл ғана емес, Қазақстанның инвесторлары да ДСҰ мүше мемлекеттеріне емін-еркін кіре алады. Сонымен қатар, әлемдік сауда режиміндегі алыс-беріс пен сапырылыс барысында туындайтын дау-дамайлар да халықаралық мойындалған сапада шешімін табады. Яғни, Қазақстан сауда саласында дауларды шешудің әлемдік тәжірибесіне қадам жасайды деген сөз. Елімізде алдағы уақытта «Астана Халықаралық қаржы орталығы» құрылатынын, өңірдегі исламдық қаржыландырудың хабына айналу мүддесін ескерсек, ондай тәжірибенің қазірден болуы аса маңызды.
Осының бәрі тұтастай мемлекет үшін маңызды. Ал қарапайым халыққа келсек, ел арзан әрі сапалы тауарлармен тұтынуға қол жеткізеді. Соның ішінде елдегі ұялы байланыс операторларына қатысты мәселе бірінші кезекте өзгеріске ұшырайтыны айтылады. Яғни, ұялы байланыс пен интернет біршама арзандайтыны, қолжетімді бола түсетіні көзделеді. Осыған байланысты телекоммуникация қызметтері секторы ырықтандырылады. Айта кетерлігі, бүгінгі күні қалааралық және халықаралық байланыс қызметтерін жеткізуші компанияларға шетелдік капиталдың қатысуына шектеулер бар, яғни қатыстырылатын шетелдік капиталдың мөлшері 49 пайыздан аспауы шарт. Алайда, бұндай шектеулер Қазақстан ДСҰ-ға өткеннен кейінгі алдағы 2,5 жылда жойылады. Тек ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан «Қазақтелеком» АҚ-қа ғана бұндай шара қарастырылмайды. Сосын шетелдік банктер енді бес жылдан кейін өздерінің филиалдарын Қазақстанда ашуға мүмкіндік алатын болады. Тұтастай алғанда бұл халық үшін жағымды құбылыс болмақ. Өйткені, шетелдік қызмет көрсетуші компаниялардың нарыққа енуі бәсекелестікті арттырады, сәйкесінше баға да арзандап, сапа жақсармақ. Кедендік алымсыз елге енетін тауарларға, бәсекелестік арқасында сапалы өнімдерге сұраныс арта түседі. Бұл ретте ДСҰ Бас директоры Роберто Азеведоның: «Ұйымға кірудің артықшылықтары - жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру, тұрмыс деңгейін жақсарту. Бұл - сіздердің соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктеріңіз бен жұмсаған күш-жігерлеріңіздің мойындалуы. Бұл - реформалардың кешенді бағдарламасының қисынды нәтижесі, Қазақстанның бизнес үшін ашық екені туралы бүкіл әлемге жолдауы» дегені де еске түседі. Шындығында, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі биылғы жылдың ғана емес тұтастай ел тарихындағы аса маңызды оқиғалардың, елеулі өткелдердің бірі болмақ. Өйткені, ДСҰ арқылы Қазақстан әлемдік сауданың элитасына енеді деген сөз.
Кезектен тыс съезд ашу туралы қаулыны партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сайлау белгіленгеннен соң көп күттірмей-ақ жария еткен. Сондықтан, алқалы жиынға әзірлік те алысқа ұзамады. Алдымен өңірлерде партия филиалдарының басқосуы өтіп, делегаттар сайланып, сосын сайлауалды бағдарлама жобасы партияның Саяси Кеңесінде талқыланды. Осылайша, 970 мың мүшесі бар еліміздегі ең үлкен саяси күш алдағы додаға бірінші боп қамданды. Жиын барысында партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев негізгі баяндаманы жасады. «Біз үшін бұл өте бір тарихи әрі жауапты сәт. Біз Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысуға қажетті шешімдерді бүгін қабылдауымыз қажет. «Нұр Отан» партиясының 17 жылдан бері қарай көшбасшы болып келе жатқандығы біздің экономикамыздың, мемлекет пен қоғамның нақты жетістіктеріне айналғанына куәміз», - деді Н. Назарбаев.
Шындығында, осы уақыт ішінде еліміз гүлденді, өркениетті елдермен теңесті. Озық дамыған отыз елдің қатарына ұмтылатын дәрежеге жетті. Мәліметтерге сүйенсек, осы жылдары ұлттық экономиканың жалпы ауқымы 23 есе ұлғайған. Соңғы алты жылда Қазақстан экономикасының 28 жаңа саласы пайда болып, 890 өндіріс іске қосылыпты. Бұрын ешқашан өндірілмеген 400 жаңа өнім түрлері өндіріле бастады. Тұтастай алғанда, 17 жылда жан басына шаққанда ЖІӨ Қазақстанда 20 есе өскен. Партияның алдыңғы сайлаудағы тұғырнамасын жүзеге асыру барысында қыруар жұмыс атқарылып, халық алдында алынған міндеттемелер мен көздеген мақсаттар мерзімінен бұрын орындалды. Ендігі міндет, ел алдында тұрған сын сағатта халықтың сенімін тағы арқалап, жаңа жағдайда жұмыс істеуге жұмылу. Ал бұл жұмылу ісінде «Нұр Отан» саяси партиясы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын нысанаға алып, бес институттық реформаны халық игілігіне айналдыруды қарастырады. «Мен жақында өзімнің мақаламда Ұлт жоспарын жүзеге асыруды жан-жақты айтып өткен болатынмын. Бүгін де қайталаған артықтық етпейді. Ең бастысы барлық мемлекеттік қызметкер осыған жұмылуы керек. Сондықтан да, мен біздің атқарып жатқандарымыздың маңыздылығын халыққа барлық деңгейде түсіндіру керек деп санаймын. Барлығы халық игілігі үшін атқарылуда. Бұл атқарылып жатқанның барлығы Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына енуі үшін маңызды», - деді Н. Назарбаев. Елбасының айтуынша, әлемнің оза дамыған 30 елі дегеннің өзі осы Ұйыммен байланысты. «Бұл біздің басты міндетіміз. Біз аса күрделі экономикалық даму кезеңінде реформаларды қолға алып отырмыз. Бұл солай болуы да керек. Дағдарыстың өзі жаңа деңгейге көтерілуге септігін тигізеді. Сондықтан да, «Нұр Отан» партиясының, оның әрбір мүшесінің міндеті - осы. Ұлт жоспары - біздің алдағы бес жылдығымызды қамтитын сайлауалды бағдарламамыздың өзегі», - деді Елбасы.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына кеңірек тоқталды. Атап айтқанда, Елбасы дағдарысқа қарсы тұрақтандыру мәселесіне ерекше назар бөлді. Биылғы жылға дәл осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 225 млрд теңге резерв қарастырылған екен. Сол төңірегіндегі атқарылатын шараларға тоқтала келе президент ең басты мәселе жұмыссыздықпен күрес екенін ескертті. «Нұрлы жол» жобаларын жүзеге асыру барысында жақын аралықтағы жылдар ішінде 400 мың жұмыс орны қамтамасыз етіледі. Қазақстанда жұмыссыздық деген болмауы керек. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар. Жалпы жұмыссыздық тақырыбы - әр ел үшін маңызды мәселе. Тек ағымдағы 2016 жылы республикалық бюджеттен осы мақсаттарға 225 млрд. теңге сомасында арнайы резерв қарастырылған», - деп тоқталды Мемлекет басшысы. Осы орайда Президент елімізде тиісті бағдарламалар мен қаржылық қолдау тетіктері қамтылғанын, сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасын» өзектендіру арқылы еңбек адамдарына қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы әлемде 250 миллион адам жұмыссыздық шырмауында екенін, 1 млрд. 700 миллион адам еңбекке қабілетті екенін айта келе, тек 1,2 млрд. адам барша әлемде тұрақты жұмыспен қамтылғанын атап өтті. Қысқасы дағдарыс жылдарында халық арасында жұмыссыздықты ауыздықтаған Үкімет ұтады дегенге келтірді Елбасы.
Бұдан бөлек, Президент жаһандық нақты сын-қатерлер мен жаңа нақты ахуал жайын да қозғады. Экономиканың қайта өзгеру бағыттарына да көз жүгіртті. Әлем күрделі экономикалық, қарама-қайшылық даму кезеңін бастан кешіріп жатқанына да назар аудара сөйледі.
«Жаһандық экономиканың құрылымдық өзгерісі жүріп жатыр. Осының өзі әлемдік өндіріске өз әсерін тигізіп, еңбек бөлінісінің жаңа сұлбасын қалыптастырып отыр. Сонымен қатар, геоэкономикалық супер циклдың аяқталуы байқалады. Тарихқа көз жүгіртейікші. Оңтүстік Шығыс Азия дағдарысы 1997 жылы басталды. Ал 1998 жылы әлем азиялық дағдарыстың салдарын бастан кешті. Есте болса, мұнай бағасы сол тұста барреліне 8,5 доллар болды. Сосын онжылдықтар бойы мұнай бағасы өсіп, 130 долларға дейін жетті. Сосын қайтадан онжылдықтар бойы құлдырау басталды. Бұл құлдырау күні бүгінге дейін жалғасып, ендігі күні шегіне жететін тәрізді. Сонымен қатар, біз мұнай баррелінің бағасы 30 доллар болған кезеңде жарты жыл бойы өмір сүріп келеміз. Ештеңе де болған жоқ қой. Біз бұл дағдарысты да еңсереміз, ол ұзақ болуы да мүмкін, алайда оның жақсы жақтары да жоқ емес. Біз индустриялық саясатты жасадық, «Нұрлы жол» бағдарламасы бар, қолжетімді тұрғын үй, арендалық баспана бағдарламасын қабылдадық. Осының бәрі дағдарысқа қарсы күрес. Ең бастысы халыққа жұмыс беру, мұның бәрі жолға қойылды. Біз барлық жерде бағаның құлдырауын бақылап отырмыз», - деді Елбасы. «Біз шынайылықта өмір сүруге тиіспіз. Тәуекелдерді еңсеріп, даму үшін мүмкіндікті таба білу маңызды. Кейбіреулер мұнай бағасы қайта көтеріледі деп ойлауы мүмкін, олай болмайды. Бұл ұзақ үдеріс, осыған бейімделуге тиіспіз. Бізде дағдарысты еңсеруге бағытталған ресурстар жеткілікті», - деді партия Төрағасы.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Қазақстан экономикасының өсімі 2015 жылы 1,2 пайызды құраған.
«Жақындап келе жатқан дағдарыс құбылыстарына қарсы шара ретінде Елбасы 2014 жылдың өзінде-ақ инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жария етті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет экономика өсімін қамтамасыз ету жөніндегі жедел шаралар жоспарын және ерекше кезең жоспарын қабылдады. Осы шаралардың арқасында, алдын ала деректерге сәйкес, Қазақстан экономикасының өсімі 2015 жылы 1,2 пайызды құрады», - деді ол.
Б.Сағынтаевтың атап өтуінше, негізгі капиталға инвестициялар бірінші кезекте «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен 3,7 пайызға өскен.
«Сыртқы сын-қатерлерге қарамастан әлеуметтік саладағы ахуал тұрақты болып қалуда. Өткен жылы жұмыссыздық бес пайыз деңгейінде болды», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Дағдарыс индустриялық-инновациялық дамудың игілікті бастама екенін көрсетіп отыр
Әлемді кернеген дағдарыс биылғы жылдың басынан бері даму болжамдарын бұлдыр етті. Беделді сарапшылар, алпауыт қаржы ұйымдарының болжаушылары алдағы күнге арнап жоспар жасаудан қалды. Күн сайын құбылатын болжамдар алдағы бір жылды емес, бір айдың есебін жаңылдырта бастады.
Сонымен қатар, әлем экономистері күні бүгінге дейін қарқынды даму жолымен жүріп келе жатқан Қытай экономикасының күрт шабандап қалуынан алаңдайды. Еуропа мен АҚШ-тың экономикасы да тұрақтылық сынағынан сыр бере бастады. Бір жағынан «жаһандық ойыншылардың» геосаяси жағдайды ушықтырып, қарама-қайшы санкцияларды тереңдетуі де келешекке қатысты көңілді күпті етеді.
Бұндай жағдай Қазақстанның ұлттық экономикасына да өз әсерін беріп отыр. Мұнай бағасының құлдырап, жағдайды ушықтырғанынан бөлек, бір жағымызда әлем экономикасының белсенді бөлігіне айналған Қытай да тығырықта, екінші жағымызда алып көрші Ресей экономикасындағы жағдай да мәз емес. Өткен жылы теріскейдегі көршіге сырттан келетін инвестициялар көлемі едәуір азайып кеткен. Оның себебі айтпаса да түсінікті.
Тұтастай алғанда, құлдыраған мұнай бағасы жағдайды одан әрі ушықтыра түсуде. Дегенмен, дағдарыс мәңгілік емес. Өтеді, кетеді. Бір құлдырап барып, қайта шарықтайтын кез де алдыда. Ең бастысы дағдарыстың салқынына қатты ұрынбайтын оңтайлы жолды тауып, экономикалық күйзеліске қарсы күресті сауатты жүргізу керек. Яғни, әлемді шарпыған жаһандық қатерден қай елдің үкіметі сауатты қимыл жасап, экономикасын сауықтырып алып шықса, сол елдің келешегі де кемел деген сөз.
Қазақстан Үкіметі де жаһандық дағдарысқа соңғы жылдары белсенді түрде жоспарлар құра бастады. Былтырғы жылдың соңына таман 2016-2018 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы жоспарын да бекіткен болатын. Бұл күрестің қандай нәтиже беретінін бағалау алдағы күннің еншісінде. Әйтсе де, бұған дейінгі қалыптасқан тәжірибеге көз жүгірткендер елдегі қиындықтардың уақытша құбылыс екенін алға тартады. Алайда ол «уақытшаның» қанша уақытқа жалғасатыны да әзірше белгісіз. Дегенмен, әлемдік күрделі экономикалық ахуалға қатысты ел Үкіметінің ұстанып отырған негізгі басымдықтары бар, соған да тоқталып өтсек.
Айта кетерлігі, Қазақстан бұған дейін де түрлі дағдарысты бастан кешті, нәтижелі еңсерді. Соның соңғысы 2008-2009 жылдары орын алып, ел Үкіметі шатқалақтаған экономиканы тұрақтандыруға біраз күш жұмсаған болатын. Сарапшылар 2008-2009 жылдары болған қаржы дағдарысының өзіндік нюансы болғанын алға тартады. Яғни, ол дағдарыс негізінен ипотекалық қаржылық шайқалудан бастау алып, біраз елге банктік-қаржылық жүйені мығым ету қажеттігін туындатты. Бұл мақсаттар үшін Қазақстан да Ұлттық қордан біраз қаражат сарп етті. Осылайша, 2008-2009 жылдардағы дағдарыс негізінен Қор қаражатының арқасында ауыздықталды, ел экономикасы да, қарапайым халық та одан көп әсер көріп, соншалықты жапа шеккен жоқ.
Ал содан кейінгі кезеңдерде біртіндеп толқындап келе жатқан дағдарыс қайта дүрлігіп, оның аяғы шикізаттық секторды қоса шайқап отыр. Сонымен қоса, мұнай қаражатынан қалыптасып отырған Ұлттық қордан ендігіде қолдау күтудің қажеті де қалмай барады. Сондықтан да, Үкіметтің осы жолғы дағдарысқа қарсы шаралары ауқымды әсер ету есебінен тұтастай экономика секторларын сауықтыруға бағытталмақ. Шындығында, қазір қалыптасқан әлемдік нарықтағы жағдай Қазақстанға бұрыннан таныс. Мәселен, Елбасы соңғы біраз жылдары бойы шикізатқа тәуелді емес бюджетті қалыптастыру туралы проблеманы алға қойып келеді. Яғни, «мұнай долларынсыз» экономиканың өзектілігі бұған дейін де көтерілген. Бұған дәлел - Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы. Осылайша, 2010 жылдан бері экономиканы қайта бағдарлауға бетбұрыс жүзеге асып келеді. Бағдарламаның бірінші бесжылдығында бүгінгі күні әлемдік құлдырауды бастан кешіп отырған энергетика мен мұнайгаз саласында құрылымдық өзгерістер жасау көзделген болатын. Мұнай және газ, мұнайхимия өндірістерін кеңейтіп, шикізат өндіріп, сатудан гөрі ішкі және сыртқы нарықта сұраныс тудыратын дайын өнімдер шығару өзектілігі алға қойылды. Бұл бесжылдықтың ауқымынан асып кететін, ұзармерзімді жоспар болатын. Соның салдарынан бұл бағыттағы жұмыстар толығымен жүзеге аспай қалды деуге келеді.
Оның орнына қазіргі уақытта елдің ішкі нарығында қолға алынып жатқан жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина құрылысы секілді өндіріс салалары ел экономикасының дамуына дәтке қуат беретіні күтіледі. Тұтастай алғанда, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы басқа әріптестеріне қарағанда экономикалық саясаттағы құрылымдық өзгерістерді ертерек бастап, индустрияландыру ісіне де ертерек кірісті. Соның ішінде индустрияландырудың өткен бесжылдығында тәжірибе жинақталып, заңдар қабылданды. Индустрияландыру өзіндік қалыптасқан даңғылына түсті. Сондықтан да, индустриялық-инновациялық бағдарлама Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары аясында 2016 жылы да жалғасын табатыны анық. Биылғы жылға республикалық бюджеттен 40,7 миллиард теңге бөлінетіні де бекітілген болатын. Соның ішінде индустрияландырудың ауыл шаруашылығы секторын қолдауға басымдық берілетіні айқындалды. Айта кетерлігі, ендігіде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы тек мемлекет тарапынан ғана қаржыландырылмайды. Бұған жеке сектордың да, шетелдік инвесторлардың да қаражаты тартылады. Елдегі жекеменшік секторды көтермелеп, жария ету науқанын кешенді жүзеге асыру арқасында индустрияландыру ісіне инвесторлар келетіні де күтіледі. Екінші жағынан былтырғы жылы Елбасының сапары аясында Қытаймен, Ұлыбританиямен, Франциямен, Кувейтпен және басқа да бірқатар еуропалық елдермен жасалынған меморандумдар мен келісімдер индустрияландыру ісіне де жаңа қарқын береді деп күтілуде.
Бұдан бөлек, Үкімет еліміздің инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту мақсатында бірқатар тың шараларды жүзеге асыра бастағаны белгілі. Мәселен, елімізге келетін инвесторлардың жұмысын жеңілдету мақсатында «бір терезе» қағидаты үстіміздегі жылдан бастап толық жұмыс істей бастады. Осы мақсатта инвесторларға қолдау көрсетудің автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша жұмыстар атқарылды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жанындағы Инвесторларға қызмет көрсету бөлімдерінде инвестициялық жобаны жүзеге асыруға барлық қажетті мемлекеттік қызметті «бір терезе» қағидаты арқылы алуға болады. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне қарағанда, қазіргі таңда Қазақстанда инвесторларға қызмет көрсететін 19 бөлім жұмыс істейді, яғни Астанада - 2, Алматыда - 3, ал әр облыс орталығында бір қызмет көрсету секторы болады. Бұл бөлімшелер инвесторларға бюрократиялық және әкімшілік салмақты айтарлықтай төмендетеді деп күтілуде. «Тез өзгеріске ұшырап отырған сыртқы жағдайларда инвесторлар мен шағын бизнес үшін бюрократиялық кедергілерді жоюға қатысты реформаларды жылдам жасау керек. Біз барлық меморгандармен нормативтік-заңнамалық базаны қарастырдық. Енді биылдан бастап кез келген инвесторлар үшін кеңес беру мен барлық рұқсатнамалық құжаттарды ұсыну қамтылып отыр. Яғни, әрбір инвестор меморгандарға жүгінбестен, ХҚКО-ға келіп, бір жерден 350 мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндік жасалып отыр», - дейді Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев. Оның айтуынша, әлемдегі дағдарыс салдарынан 2014 жылы инвестицияның төмендеуін байқалған. Талдау деректеріне қарағанда, инвестициялар мұнай-газ және тау-кен секторларына төмендепті. Алайда, өңдеуші саладағы инвестиция көлемі өзінің деңгейін сақтап қалған. Осылайша, инвесторларға жасалынатын қолайлы жағдайлар елімізге шетелдік тікелей инвестициялардың ағылуына жаңа мүмкіндіктер тудырады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның халықаралық имиджінің артуына жәрдем болмақ.
Түйіндей айтқанда, әлемдік нарықтағы шикізат бағаларының құлдырауы белгілі бір аралықты қамтып, сұраныстың қайта артатын кез де алыс емес. Дегенмен, мұнай бағасының баррелі 10 долларға сатылған кезеңдер де бастан өткен еді. Алайда, ондай кезеңде дағдарыс құбылыстары туралы әңгіме бүгінгіше деңгейде өрбіген емес еді, экономика да лайықты өсімді көрсеткен болатын. Олай болса ендігі міндет «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту жобалары, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында экономиканың өңдеуші секторын дамыту арқылы дағдарысқа қарсы күресті күшейткен ләзім.
Ал Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2015 жылғы бюджеттің кіріс бөлігі артығымен орындалғанын, оған теңге бағамын еркіндікке жіберу сеп болғанын айтты. Сонымен қатар бүгінгі күнгі мұнай бағасының құбылмалы болуына байланысты үшжылдық бюджетті қайта қарау мүмкіншіліктерінің бар екендігін де ескертіп өтті. «Бізде үшжылдық бюджетті Парламентте жедел түрде қарау мүмкіндігі бар. Өткен жылы күзде 2015-2017 жылғы республикалық бюджетті енгізу кезінде мұнай бағасының құлдырауынан, біз Парламентте белсенді түрде қайта қарап шыққан болатынбыз. Ақпан айында да бюджетті түзеттік. Бюджетті қабылдау барысында біз Brent маркалы мұнай бағасын барреліне 40 доллар, теңгенің долларға шаққандағы бағамын 300 теңге деп болжаған болатынбыз. Қазіргі уақытта мұнай бағасы біз болжаған көрсеткіштен де төмен түсіп жатқандығын көріп отырмыз», - деді министр.
Дегенмен, оның сөзіне қарағанда, еліміздің Министрлер кабинеті әлемдік экономикадағы теріс ықпалдың барлығынан да шығудың жолдары мен сценарийлерін әзірлеген. Яғни, мұнай бағасы 20 долларға, 30 долларға да түскен жағдайда қолға алынатын нақты шаралар бар. Айта кетерлігі, әлемдік экономикада қандай жағдай орын алса да Үкімет халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындайтын болады.
ҚР Қаржы министрі 2015 жылдың 3 желтоқсан айынан бері Қазақстанда «көлеңкедегі» 3,5 млрд. теңгеге тарта қаражат заңдастырылған да жария етті. Оның пайымынша, бұл айта қоярлықтай зор серпілі емес. Дегенмен, сең қозғалды. Шетелдегі шоттарда жатқан қаржы елге қайта бастады. Бірақ, бұл науқан жайында адамдар әлі құлақтанбаған, сондықтан, Үкімет заңдастыру туралы ақпараттарды кеңінен таратуды қолға алмақ. «Қазіргі уақытта бізге тек дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Осы үдеріске адамдардың сенімін арттыру керек. Біз оған кешенді кірісетін боламыз. Жергілікті атқарушы органдармен, Ұлттық банктермен бірлесіп қолға аламыз. Түсіндіру жұмыстарына белсенді араластыру үшін, екінші деңгейлі банктермен де сөйлесіп жатырмыз. Ең басты мақсат - дұрыс әрі белсенді түсіндіру жүргізу», - деді Б.Сұлтанов.
Қанша дағдарыс дегенімізбен, өткен Қазақстан экономикасында елеулі жетістіктермен есте қалды. Былтыр еліміздің Индустрияландыру картасы, «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында 800 миллиард теңгенің 120 жобасы іске қосылды. 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Қазақстан тұңғыш рет әлемнің жетекші 50 экспорттаушыларының қатарына қосылып, 43-ші орынға табан тіреді. Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. Шетелден келетін инвестициялар көлемі көбеймесе, азайған жоқ. Бұл еліміздің даму артықшылығын һәм биылғы жылы да дағдарысқа қарсы басымдықтарымыздың болатынын аңғартады.
ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ: ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ
Елбасының Жолдауында басты назар еліміздің инфрақұрылымын дамыту мәселесіне бағытталды. Президенттің Жолдауында еліміздің инфрақұрылымының әртүрлі салалары толығымен қамтылған. Яғни, бұл тек қана транспорт-логистикалық инфрақұрылым ғана емес, сонымен қатар, индустриалды-энергетикалық, тұрғын үй және т.б. инфрақұрылымдар жүйелері болып отыр. Еліміздің дамуы үшін аса маңызды мәселе, Қазақстанның Еуропа мен Азияны жалғайтын жерүсті халықаралық дәліздеріне белсенді қатысуы болып табылады. Бұл тек қана, өнімдерімізді халықаралық нарықтарға тиімді жеткізу емес, сонымен қатар транзиттік тасымалдаудан түсетін төлемдердің ел пайдасына түсетіндігінде. Ендеше, ел инфрақұрылымын дамытуда жасалып жатқан жұмыстармен таныса кетейік.
2015 жылы Батыс Қазақстан облысының жолдарын қайта құру, күрделі және орта жөндеуге 5,6 млрд. теңге бөлініп, осы қаржыға 116 км жол жөнделді.
Сол кездегі облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, жаңа технологияларды қолданудың арқасында осындай көлемдегі қаржыға ауқымды жұмыс көлемін атқаруға қол жеткізілді. Яғни бұрынғы асфальт жабындары жаңа жол салған кезде қайтадан пайдаға асырылып, шығынды едәуір азайтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес соңғы үш жылда өңірде жол құрылысы біршама алға басты. Егер бұрын 12 ауданның алтауына дейін қатқыл табанды жол қатынасы болса, осы жылдары тағы үш аудан орталығына осындай жол жеткізілді. Күні бүгін өңірдің оңтүстіктегі үш ауданы - Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы ғана қатқыл табанды жолсыз қалып отыр. Республикалық маңызы бар бұл жолдарға қатқыл табан төсеу Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың ерекше бақылауында.
Айта кетейік, өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес Ұлттық қор қаржысына халықаралық маңызы бар Орал-Тасқала-РФ шекарасы бағытындағы жолды қайта құру (үш жылға есептелген құрылыстың жалпы құны - 23 млрд. теңге) жұмыстары басталды. Бұл жолдың облыс үшін маңызы ерекше. Өйткені тақтайдай тегіс жол салынған кезде жергілікті кәсіпкерлерге Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бөрлі ауданында биыл жаңадан әлеуметтік сала нысандарын салып, бірқатарын күрделі жөндеу көзделуде.
Аудан әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, атап айтқанда, Аралтал ауылында 300 орындық мектеп бой көтеретін болса, Ақсай қаласында №3 орта мектеп ғимараты күрделі жөнделмек. Бөрлі ауылында маусым айында 140 орындық балабақша пайдалануға берілетін болса, Ақсайдың солтүстік бөлігінде 240 орындық, 10-шағынауданында 320 орындық және Кеңтүбек елді мекенінде 50 орындық балабақша бой көтермекші.
Аудандық ішкі істер бөлімі үшін жедел басқару орталығы салынатын болса, Ақсайда жасанды жабыны, 1500 орындық көрермен отыратын мінбесі бар стадион қайта құрылады. «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес Бестау су қоймасы реттеліп, Ақбұлақ су қоймасында сорғы стансасы салынады, сондай-ақ Ақсайда «Сарыарқа» спорт клубының ғимараты мен бірнеше көше күрделі жөнделеді, екі көшеге жаңадан жол төселеді. Оған қоса Приурал ауылында қонақүй үлгісіндегі жатақхана (2 бөлмесі отбасылы және екеуі бойдақ адамдар үшін) салып көру көзделуде. Егер бұл пилоттық жоба өзін-өзі ақтаса, басқа да елді мекендерде жүзеге асырылады.
Болашақта Қанай, Тихонов, Жарсуат, Ақсу, Пугачев ауылдары мен Ақсайдағы №3 және №5 мектеп аулаларында спорт алаңдарын, ал Бөрліде дене шынықтыру-спорт кешенін, Ақсайда күрес, бокс, гимнастика және спорттың басқа түрлерімен айналысатын залдары, 1200 орындық стадионы бар жаңа кешен салу жоспарлануда. Басқа да құрылыстар қоса жүргізілетін болады.
Өткен, 2015 жылы БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бойынша жоспарланған жұмыстар толығымен атқарылды. Бұл туралы басқарма басшысы Бауыржан Талдықбаев мәлім еткен болатын.
Оның айтуынша, өткен жылы ауыз сумен қамтудың баламасыз көздері болып табылатын ерекше маңызды топтық және оқшау су жүйелерінен ауыз су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялауға барлығы 411,406 млн. теңге бөлінсе, соның 212,521 млн. теңгесі республикалық, 198,885 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылды. Сонымен қатар оқшау су құбырларын субсидиялауға республикалық бюджеттен қосымша 76,532 млн. теңге, топтық су құбырларын субсидиялауға ҚР Үкіметі резервінен 99 304,56 мың теңге және республикалық бюджеттен 61,666 млн. теңге берілді.
Аталған қаражаттар есебінен өңірде 78 елді мекенде 127310 тұрғынды қамтитын 1985,51 мың текше метр көлемде ауыз су беру жөніндегі қызметтер құны субсидияланды. Қаржы толықтай игерілді.
Облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 12 маусымдағы №25-4 шешімімен бекітілген «Батыс Қазақстан облысының 2015-2020 жылдарға арналған энергияны үнемдеудің кешенді жоспарына» сәйкес 14 кәсіпорынға энергия аудиті жүргізілсе, тағы екеуінде жалғасуда.
Соңғы кезде облыста сұйытылған газ тапшылығы байқалып отырғаны белгілі. Бұрын өңірге 800-1000 тонна сұйытылған газ бөлініп келсе, енді биылғы қаңтар айынан 2 мың тоннаға жеткізілмек. Бұған газ жабдығымен жұмыс жасауға ауыстырылған автокөліктер санының көбеюі мен АИ-92 бензині бағасының өсуі әсер етуде. Оған қоса Батыс Қазақстан Ресейдің бес, Қазақстанның екі облысымен шектесетіндіктен, автокөліктердің транзиттік ағыны ұлғайды. Қазіргі уақытта өңірде аккредиттелген куәлігі бар «Алау» ЖШС, «Тәуекел» ЖШС және «BKKSLPG» ЖШС сынды ұйымдар барлығы 27 автогаз құю стансаларында (мұның 15-і Оралда, қалғаны аудандарда) сұйытылған газды таратумен айналысуда.
Өткен жылғы он бір айда «Жайықмұнай» ЖШС-нан 10237,4 тонна сұйытылған газ жеткізілді. 10319,4 тонна газ ішкі нарыққа өткізілді.
Бұған қоса Орал қаласы мен облыс аудандарындағы автомай құятын 107 стансадағы мұнай өнімдерінің бөлшек саудасына мониторинг жүргізіліп отырылады.
Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Орал қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен мердігер мекеме «Марасант» ЖШС шаһардағы 5-7-шағынаудандар аралығындағы жаңа алаң құрылысын жүргізуде. Нысанның жалпы құны 1589987 мың теңге болса, 2015 жылы 347060 мың теңге бөлініп, түгелдей игерілді. Жұмыстың 90 пайыздан астамы атқарылды. Сондай-ақ бағдарламадан тыс тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен 5-шағынауданды жылумен қамтамасыз ету бағытында арнайы жоба жасалып, «Бірлік» ЖШС облыстық бюджеттен бөлінген 403,116 млн. теңгенің жұмысын атқарып, нысан іске қосылды.
«2015 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес өңірдегі жылумен және сумен қамту нысандарын қайта құрылымдауға Ұлттық қордан 2 619,9 млн. теңге қарастырылған еді. Келісімшартқа сәйкес соның 2500,8 млн. теңгесі немесе 95,4 пайызы игеріліп, мемлекеттік сатып алу қорытындысына сәйкес 119,1 млн. теңге үнемделді. Жаңа жылға дейін үнемделген қаражат республикалық бюджеттік комиссияның қорытындысына сәйкес республикалық бюджетке толығымен қайтарылды», - дейді «ҚазАқпарат» тілшісіне Бауыржан Жанпейісұлы «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында қанша қаржы қаралды, ол қайда жұмсалды?» деген сұраққа жауап бере отырып.
Оның айтуынша, Ұлттық қор қаржысы жеті жобаны жүзеге асыруға жұмсалды. Атап айтқанда, 596,8 млн. теңге жылу желілерін қайта құрылымдау бойынша төрт, 1 841,3 млн. теңге кәріздік коллекторлар бойынша екі және 181,8 млн. теңге қазандықты реттеу бойынша бір жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде 11 шақырым сумен қамту, 3,4 шақырым жылу желілері жаңартылды. Бұл жұмыстар да толығымен мәреге жетті.
«Жаңа жылға ерекше маңызды топтық және оқшау су жүйелерінен ауыз су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялауға 445,548 млн. теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен 246,663 млн. теңге, жергілікті қазынадан 198,885 млн. теңге қаралып отыр.
Ең бастысы, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жылумен және сумен қамту желілерін қайта құрылымдауға 11 жобаға Ұлттық қор есебінен 2 629,3 млн. теңге бөлу жоспарлануда. Осы қаражат есебінен 15,5 шақырым сумен қамтамасыз ету және су бұру желілерін, 1,2 шақырым жылу құбырын қайта реттеу көзделуде. Сондай-ақ Бөрлі ауданында Ақбұлақ-Ақсай су құбырында сорғы стансасы салынбақшы», - деп 2016 жылдың жоспарымен де бөлісе кетті.
Тағы бір айта кетерлік жаңалық, Павлодар тұсындағы ұзындығы 12,5 шақырымды құрайтын көпір биыл пайдалануға беріледі. Бұ туралы «Қазақатожолқұрылыс» ЖШС Солтүстік-Шығыс филиалының шебері Дмитрий Цурский «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII Съезінде айтқан еді.
«Ең алдымен «Нұрлы жол» бағдарламасын енгізгеніңіз үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Біздер, жол саласының жұмысшылары үшін еңбек етуге барлық жағдай жасалған. Жалақымыз да лайықты, болашағымыз да зор. Қазіргі уақытта мен барлық нұрлыжолдықтар атынан Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы, Павлодар тұсындағы Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің таяу уақытта пайдалануға берілетіндігін баяндамақпын. Дәл осы көпірмен алғашқы машиналар осы жылдың ішінде өтетін болады», - деді ол.
Оның атап өтуінше, аталған көпір Орталық Азиядағы ең ұзын нысан болмақ. Оның ұзындығы 12,5 шақырымды құрайды.
«Біз әріптестерімізбен есептеп көрсек, «Нұрлы жол» аясында салынып жатқан жолдар мен көпірлердің жалпы ұзындығын қоссақ, Астанадан Лондонға дейін қиналмай жетуге болады екен»,- деді Д.Цурский.
Ал «Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізі» Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк ағынын 2030 жылы 50 млн. тоннаға дейін ұлғайтады. Бұл туралы «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеген болатын.
«Көлік тасымалдары жүйесі мен транзитті дамыту мақсатында, «Нұрлы жол» Мемлекеттік бағдарламасында қаралғандай, республикалық маңыздағы 7 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары қайта жаңғыртылатын болады. Оларда ақы алу жүйесін енгізу жоспарланған. 2022 жылға қарай жол жүруден түскен алымдар шамамен 41 млрд. теңгені құрайтын болады, ал ол республикалық маңыздағы автожолдардың бүкіл жүйесін ұстауға жағдай жасайды», - деп нақтылады Елбасы.
«Қазақстанды халықаралық көліктік-коммуникациялық ағындарға интеграциялау мақсатында мультимодальды «Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізін» құру бойынша жоба басталды. Ол жүктердің Азиядан Еуропаға кедергісіз транзитін қамтамасыз етеді, жүк жеткізу құнын 2 еседен астамға төмендетеді. Қазақстандық маршруттарға қосымша жүк ағындарын тарту көліктің барлық түрлерімен транзиттік тасымалды 2020 жылы қазіргі 18 млн. тоннадан 33 млн.тоннаға дейін және 2030 жылы 50 млн. тоннаға дейін ұлғайтады», - деп жазады Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының сөзі бойынша, контейнерлік тасымалдарды мемлекеттік реттеуден босату таяудағы 5 жылда олардың көлемін 500 мың тоннадан астамға ұлғайтуға жағдай жасайды.
«Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты ірі трансеуразиялық жоба бірқатар елдер үшін, соның ішінде, Қазақстан үшін де дамудың кешенді жоспары бола алады, дейді ҚР Президенті Кеңсесі жетекшісінің орынбасары Бақытжан Темірболат. Бұл туралы Астанада ҚР Президенті Əкімшілігінің қолдауымен Тұңғыш Президент Кітарханасының Сараптамалық орталығы ҚХР-дың Елшілігімен бірлесе отырып, «Бір белдеу - бір жол» атты халықаралық конференция барысында мәлім болды.
«Жібек жолының экономикалық белдеу» атты Қытай тарапының бастамасы Орталық Азия елдері үшін тек көлік-транзиттік жоба деп бағалауға болмайды. Бұл дегеніміз, Қазақстанды қоса алғанда, бірқатар елдер үшін дамудың кешенді жоспары бола алатын жоба. Жоба аясына инфрақұрылым, өнеркəсіп, сауда-саттық пен қызмет көрсету салаларындағы көптеген бағдарламалардыі басы біріктіріліп отыр», - дейді Б.Темірболат.
Бұл ретте Б.Темірболат ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы туралы айта келе: «қазір «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында біраз инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылу сатысында», - деп атап өтті.
ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ: ЖАҢА ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ
Жаңа индустрияландыру - экономиканы жаңғыртудың басты бағдары. Елбасы өз Жолдауында осы бағытқа басым көңіл бөлген.
Жолдауда Инновациялық-индустриялық дамуды күшейте түсу, қамтымды экономика құру, көлік-логистика, шағын және орта бизнесті қолдау, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында тың мүмкіндіктер аз еместігі атап көрсетіліп, оны тиімді қолдануға талап барынша күшейтілетіндігі айтылған. Осыған байланысты облыстарда Жаңа индустрияландыру бағдарламасына қаражат бөлініп, түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында биыл Индустрияландыру картасы аясында 47,4 млрд. теңгеге төрт жобаны жүзеге асыру көзделуде.
БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасынан түске мәліметке қарағанда, соның нәтижесінде 204 жұмыс орны ашылмақшы. Атап айтқанда, 2016 жылы бөтелкедегі ауыз су өндірісі кешені («Родник» фирмасы» ЖШС), құрғақ салмағы 600 тоннаға дейінгі жаңа тұрпаттағы кеме шығару ісін дамыту («Орал «Зенит» зауыты» АҚ), «Еуро-5» экологиялық сыныптағы бензин өндіру («Конденсат» АҚ), ұсақ бетон бұйымдары зауыты құрылысы («СпецСтройСервис» ЖШС) жолға қойылмақ.
Айта кетейік, Индустрияландыру картасы аясында өңірде 327,2 млрд. теңгеге (2264 жұмыс орны) 40 жоба жүзеге асырылуда. Бірінші бесжылдықта соның 32 жобасы (257,9 млрд. теңге, 1890 жұмыс орны) іске қосылды. Қазіргі кезде 22 жоба өзінің қуатының 70 пайыздан астамына, 5 жоба 50 пайыздан астамына шықса, қалғандары да кезең-кезеңмен алға басуда. Екінші бесжылдықта 69,3 млрд. теңгеге 8 жоба (374 жұмыс орны) жүзеге асырылмақ.
2015 жылы 21,5 млрд. теңгеге 3 жоба (115 жұмыс орны) қолға алынды. Нақтырақ айтқанда, Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылында «Жұмағұлова Б.М.» жеке кәсіпкерлігі сүт өнімдерін өндіретін цехты салса, Оралда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті базасында «Аквамәдени тәжірибе-өнеркәсіптік өндірісі оқу-ғылыми кешені» ЖШС қара уылдырық пен тауарлы бекіре етін өндіретін аквамәдени кешенін, Зеленов ауданы Белес ауылында «Батыс Пауэр» ЖШС газтурбиналы электр стансасының бірінші кезегін (100 МВт) іске қосты.
Ал Жаңа индустрияландыру бағдарламасын дамытуға өзіндік үлес қосып жүрген «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және «Қазақмыс» корпорациясының дамуы бағыты Елбасы қойған мақсатпен тікелей байланысты.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ және «Қазақмыс» корпорациясы трансұлттық компаниялар болып табылады. Олар әлемдік нарықта елеулі орын алады, сондай-ақ бірінші кезекте олардың даму жоспары Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асырумен және Елбасы алға қойған мақсаттарды орындаумен тікелей байланысты», - дейді Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Н. Әбдібековтің сөзіне қарағанда, биыл «АрселорМиттал Теміртау» АҚ құрыш шығару көлемін 4 млн. тоннаға дейін, нақтырақ айтқанда 3 млн. 995 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.
«Бұл оңай шаруа емес, яғни осы тұрғыда ауқымды жұмыстар тұр. Компания өткен жылдарда өндірістік қорды жаңарту бойынша елеулі шаралар атқарды. Былтыр №3 домна пешін қайта құру тұрғысында үлкен жұмыстар аяқталып, өнімділік 20 пайызға көтерілді. Қазіргі кезде комбинатта №4 домна пеші күрделі жөндеуден өткізу үшін тоқтатылды. Жылына 6 млн. тонна өнім шығару стратегиялық мақсаты тұр. Бұл инвестициялық жоспарды жүзеге асырудың тікелей мақсат-міндеттері болып табылады», - деді облыс басшысы.
Бұдан бөлек Н. Әбдібеков «Қазақмыс» корпорациясы бойынша өндірілген өнімнің өзіндік құнын едәуір төмендетуге, мыс бағасының төмен болған жағдайының өзінде бәсекеге қабілеттілікті арттыруға ықпал ететіндей соңғы буынды технологияларды енгізу мақсаты белгіленгенін жеткізді.
«Осы тұрғыда ауқымды инвестициялар қамтылмақ», - деп атап өтті өңір әкімі.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты жақында жарияланған мақаласында Ұлт жоспарының экономикалық блогына кіретін шаралар біздің экономикамыздың өңдеуші секторына кем дегенде 10 трансұлттық корпорацияны тартуды қарастыратыны атап өтілген. «Зәкірлі инвесторлармен» бірлескен кәсіпорындар құру жөніндегі жұмыстармен өңдеуші өнеркәсіптің, инфрақұрылымдардың, энергетиканың және басқа отандық компаниялардың 3 тобы қамтылатын болады.
Бірінші топ - қайта инвестициялау арқылы терең жаңғыртуға жататын кәсіпорындар.
Екінші топ - трансұлттық корпорациялардың әлеуеті пайдаланылатын кәсіпорындар.
Үшінші топ - «зәкірлі инвесторлар» үшін жоғары нарықтық бәсекелі кәсіпорын мен экспорттық брендтердің пайда болуы.
***
Жолдауда айтылған мәселелердің барлығы да дамудың нұрлы жолы секілді. Тек іске кірісу қажет. Яғни, «Нұрлы Жол» береке мен бірлікті ту, Мәңгілік Ел ұлттық идеясын мұрат еткен елдің ертеңіне зор сенім ұялатады.
Елбасы белгілеп берген «Нұрлы жол» жаңа саяси стратегиялық даму бағыты - қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін және ортақ мақсатқа топтастыратын тарихи құжат болып табылады. Енді экономикамыз жаңа принциптермен дамитын болады.