ШОЛУ: Қазақстандағы қайырымдылық

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қайырымдылық ісіңнен көрінеді, дейді қазақ. Қайырымдылық - асыл қасиет. Соңғы жылдары елімізде түрлі жобалар мен акцияларды қолдап, қайырымдылықты өмірлік мақсат еткен жомарт жандар саны артып келеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», демекші, оларға ақпараттық қолдау білдіріп, демеп отырудың маңызы зор. Себебі, халқымыз көмекке мұқтаж адамға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасауды, кіріптарға қайыр беріп, қарттарды аялауды, мүгедектерді қолдап-қорғауды әрбір қайырымды адамның адамгершілік борышы деп есептейді. Сондықтан да қазіргі таңда мемлекет тарапынан да қайырымдылықты қолдауға көп көңіл бөлініп отыр.

«ҚазАқпарат» халықаралық агентігі Қазақстандағы қайырымдылық туралы жарияланған қызықты материалдарға шолуды ұсынады.    

Қайырымдылықты қолдау

 

Қайырымдылық саласына Елбасымыз жіті көңіл бөліп келеді. Соның бір дәлелі ретінде, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасында Алғыс айту күніне арналған іс-шара барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының қайырымдылық қорын құрған жөн, деді. Мемлекет басшысы өз сөзінде бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық тәжірибесі негізінде болашағы біртұтас ұлт қалыптасатындығын атап өте келе, Алғыс айту күні 1 наурызға белгіленуі әділетті шешім болғанын баса айтты. Өйткені, дәл осы күні Қазақстан халқы Ассамблеясы  құрылғанын еске салды. «Бұл күнді қайырымдылықтың айрықша шаралармен және мұқтаж жандар мен жақындарға қолдау көрсетумен атап өткен маңызды. Осыған байланысты  Ассамблеяның  арнайы қорын құру жақсы болар еді. Сол арқылы олар қолдау көрсете алады. Әрбір ауылдағы,  қала мен аудандағы әлеуметтік маңызы бар мәселерді шешу акцияларының айрықша құндылығы бар», - деді Мемлекет басшысы.     

Осы тұрғыда мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан шаралар жеткілікті. Соның бірі ретінде ұлтаралық келісім мен бейбітшілік нышаны - Қазақстан халқы Ассамблеясында өткен шараны атап өтуге болады. Атап айтқанда, 10 жамбылдық «ҚХА жылының үздік қайырымды жандары» деп танылды.Жамбыл облысында «ҚХА - 20 ізгі іс» республикалық эстафетасы барысында рекордтық сомаға қайырымдылық көмегі көрсетілді, деп атап өтті ҚХА Жамбыл облыстық хатшылығының меңгерушісі Лариса Лысова, «Үлкен ел - үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру қорытындылары туралы айта келіп. «Үлкен ел - үлкен отбасы» жобасы ҚХА қызметін қайырымдылық орталығы, барлық қайырымдылық акцияларының үйлестірушісі ретінде жаңартуды да көздейді, - деп түсіндірді Л.Лысова. - Ассамблеядағы бұл жұмыс 2015 жылы басталды. «ҚХА-20 ізгі іс» эстафетасы барысында біздің облысымыздың өзінде 2 859 адамға 1,34 млрд. теңгеге тарта сомаға қайырымдылық көмек көрсетілді. Бұл республикадағы үздік көрсеткіштердің бірі». Қайырымды жандардың І съезінде Жамбыл облысында 10 қайырымды адам лайықты марапаттарға ие болды. Жамбыл өңірінде олар «ҚХА жылының үздік қайырымды жандары» болып танылды.  «Бүгінде қайырымдылық қызметі «Мейірімділік керуені» және мұқтаж адамдарға қаржы жинау жөніндегі «Қоржын» акциясы ауқымында жалғасуда, - деп әңгімесін сабақтады Л.Лысова. - Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан жүрек әмірімен біздің акцияларымызға үн қосқандардың барлығына алғыс айтқым келеді және біреулер біздің көмегімізге мұқтаж екенін ұмытпауға шақырамын. «Үлкен ел - үлкен отбасы» жобасын жүзеге асыру бойынша барлық жұмыстар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналады».

 

Мұндай игі істердің жалғасы ретінде Ұлттық комиссия «25 игі іс» аясында 400-ден астам қайырымдылық шарасын ұйымдастырады. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия «25 игі іс» атты акцияның басталғанын мәлімдеді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған акция аясында 400-ден астам қайырымдылық шарасы қамтылмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева мәлім етті.«ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «25 игі іс» акциясының басталғанын жариялайды. Айтулы акция азаматтық секторды немесе мемлекеттік құрылымдарды ғана қамтып қоймай, ауқымын кеңейту үшін біз бұған барша жұртшылықты тартатын боламыз. «25 игі іс» еліміздің барлық өңірлерін қамтып, оның аясында 400-ден астам қайырымдық шарасы өтеді. Әрине, басым бөлігі әйелдердің күшімен өтпек», - деді Р.Сәрсембаева. Оның айтуынша, акцияның негізгі өзегі қайырымдылық шараларына негізделеді. Мәселен, республикалық деңгейде өтетін акцияның бірі аз қамтылған отбасылардағы классикалық ота жасауды қажет ететін балаларға көмектесу. «Екіншіден, біз әке институтын көтеруге назар аударамыз. Бұл да ұлттық комиссияның отбасы-демографиялық саясатының бір бағыты. Осыған орай, отбасы тәрбиесіндегі әкелердің рөлін көтеру үшін әкелердің республикалық слетын өткізу жоспарланады», - деді ол.      
Қайырымдылықтың көп болғаны, әрі қайырымдылықта шекараның болмағаны ғанибет. Бұл тұрғыда мемлекеттердің өзара ықпалдасуы  аса маңызды. Осыны ескерген Қазақстан Тәжікстан мен Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсетеді. Бұл туралы Үкімет үйінде ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев өткізген Халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері бойынша комиссияның бірінші отырысында айтылды. Сел мен су тасқындарынан зардап шеккен Тәжікстанда қалыптасқан жағдайды есепке ала отырып, комиссия Қазақстан Үкіметіне бұл елге ресми гуманитарлық көмек көрсетуге кеңес берді. Тәжікстанның зардап шеккен аудандарына ет және сүт консервілері, өсімдік майы және сары май, ұн, макарон өнімдері жеткізіледі. Бұдан басқа, комиссия 2015 жылдың қарашасында қатты жер сілкінісінен зардап шеккен Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсетуге кеңес берді. Бұл елге жатын төсек-орындар, ыдыс-аяқтар, пештер, қысқы шатырларды жеткізу жоспарланып отыр.

Мұқтаж жандарға көмек

 
Халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған санаттарына аса көңіл бөліп, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, қайырымдылық білдіруге жаны құштар жандар аз емес арамызда. Оның ішінде билік орындары тарапынан да көрсетіліп жатқан көмектер бар. Соның ішінде елордада 2015 жылдың қорытындысы бойынша 100 000 астам адам әлеуметтік қолдаумен қамтылды, атап айтқанда, 67 900 зейнеткер (оның ішінде 176 ҰОС ардагері), 19 500 мүмкіндігі шектеулі жан, көп балалы отбасылар - 6969, көп балалы аналар - 4008, тұрмысы төмен азаматтар (3 мыңнан астам) және т.б. Сондай-ақ тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілді: 239 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек ұсынылды; 1200 астам отбасыға 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы төленді; 1662 отбасыға тұрғын үй көмегі көрсетілді, деп хабарлады  astana.gov.kz «Өрлеу» ілкі  жобасы аясында шартты ақшалай көмек ұсыну бойынша жұмыстар жалғасуда. «Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек» бағдарламасы бойынша тегін қызметтер ұсыну және ақшалай төлемдер түрінде 2 536 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді, оның ішінде 1 235 700 теңге қалалық бағыттағы жолаушылар көлігінде (таксиден басқа) жол жүруге бөлінді. Мүмкіндігі шектеулі жандар оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес кресло-арбалармен, протездік-ортопедиялық бұйымдармен, тифлотехникалық және сурдотехникалық құралдармен, міндетті гигиеналық құралдармен, шипажайлық-курорттық емделумен, жеке көмекшінің қызметтерімен, ым тілі маманымен қаматамасыз етіледі. Жыл сайын Мүгедектер күніне орай материалдық көмек көрсетіліп отырады. Есептік кезең ішінде 9 200 мүмкіндігі шектеулі жанға әлеуметтік көмек көрсетілді. 2015 жылдың сәуір айынан бастап Астана қаласы әкімдігінің «Қарттарға, мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы» ШЖҚ МКК қызметі жүзеге асырылады. 2015 жылы оңалту орталығында шипажайлық-курорттық емделу қызметтерімен 1638 мүмкіндігі шектеулі жан қамтылды.    Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында елордада жүріп-тұруында қиындығы бар мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін «Инватакси» қызметі ұйымдастырылған. Онда 17 «Инватакси» автокөлігі жұмыс істейді. 2015 жылы 1484 жуық адам аталған қызметті пайдаланған. Арнаулы әлеуметтік қызметтермен 3457 адам қамтылды, ол 97,6% құрайды, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар 283 адамға (көмекке мұқтаж адамдардың жалпы санының 8,2%) қол ұшын созды.     

Ал Алматыда бастау алған «1000 игілікті іс» акциясы аясында 100 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер мен қарт адамдарға азық-түлік пакеттері табыс етілді. Онда күріш, кеспе, шұжық, консервіленген ет, өсімдік майы, халуа, қарақұмық, зефир секілді қажетті азық-түліктер бар.  Бұл акцияны G38 жастар ұйымы бизнес-қауымдастық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырып жатыр.  Өз сөзінде G38 ұйымының мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жастар ұйымдары комитетінің төрайымы Айсұлу Ерниязова азық-түлік пакеттерін тарату - акция аясындағы алғашқы қадам екендігін айтты. Яғни, алдағы уақытта 1000-нан астам игілікті істер жүзеге асырылмақ. «Егер біздің бастаманы көп адам қолдайтын болса, онда біз, әрине, мыңнан да көп игілікті істер жасаймыз. Құдай қаласа, көктем шыққан соң көшеттер отырғызып, аулаларды тазартуға кірісеміз. Жалпы, бұл акция 2016 жылдың соңына дейін жалғасады», - деді А.Ерниязова. Алматы қаласының тұрғыны, Дамир Тайыров ақсақал азық-түлік пакетін алғашқылардың бірі болып алды.  «Қазіргі қиын жағдайда, әлеуметтік көмек алу, әрине, көңіліңе қуаныш сыйлайды. Бірақ, бұл жерде игілікті істерді жастардың істеп жатқаны мені қатты қуантты. Мен оларға ризамын, рахмет», - деді ол. Одан басқа, белсенділер жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру, «Кеңес» орталығы арқылы оларға заңдық ақыл-кеңестер беру, сондай-ақ, аталған оқу орындарында дайындық курстарын ұйымдастыру жұмыстарын да қолға алады.   Алдағы уақытта, жұмыс жоспары келіп түскен ұсыныстар мен пікірлер негізінде әзірленетін болады.  

Ақсақалдар демекші, кейінгі ұрпақтың бейбіт аспан астында еркіндікте өмір сүруі үшін сұрапыл майданда қан кешкен ардагерлеріміз қай кезде де қадір тұтуға тұрарлық. Ерен ерліктері үшін алғыс ретінде оларға үнемі қолдау көрсетіп отыру барлығымыз үшін, оның ішінде жас ұрпақ үшін де үлкен міндет. Осыны айқын түйсінген астаналық студенттер қыста ардагерлерге көмек көрсетті. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Тәуелсіздіктің 25 ізгі ісі» акциясы аясында аудан әкімдіктерінің өкілдері студенттермен және жас белсенділермен бірге ардагерлер мен зейнеткерлерге ауладағы қары тазалауға көмектесті, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.«Алматы» ауданының әкімдігі тиісті акцияны Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан құрылған «Қолғанат» қайырымдылық қорының студенттерімен бірлесіп ұйымдастырды. Жастар тыл еңбеккерлері мен жалғызбасты зейнеткерлердің үйлерінің жанындағы қарды тазалады. Қолына күрек ұстаған студенттер топтарға бөлініп, барлық шаруаны бірнеше сағаттың ішінде бітірді. Аула мен төбеден жиналған қар тиегіш көліктің көмегімен шығарылды. Акцияға «Сарыарқа» ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен «Жас Отан» өкілдері де қатысты. Аудан әкімдігі Өндіріс, Көктал тұрғын алаптарында тұратын 15 жалғызбасты зейнеткерге көмектеседі. Жастарға қажетті мүлік беріледі, ал қарды шығару үшін арнайы техника тартылады. Тиісті жұмыстар «Есіл» ауданында да қолға алынды. Аудан әкімдігінің абаттандыру бөлімінің басшысы Жарқын Айтжановтың айтуынша, 1 ақпаннан бастап мердігерлік ұйымдар көмекке мұқтаж қарт адамдарға жәрдемдесуде.«Біз 14 зейнеткерге көмектесеміз. Ауланы тазалап, қар шығарамыз. Тиісті жұмыстарды мүмкіндігінше жиі жүргізуге тырысамыз. Қариялар көмектесіп, қамқорлық көрсеткеніміз үшін алғыстарын білдіріп жатады», - деді Ж. Айтжанов. 

 

Мұндай игі істен көкшетаулық жасотандықтар да қалыспады.  Көкшетауда «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында «Жас Отан» ЖҚ Ақмола облыстық филиалының белсенділері тұрақты негізде ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне, мүмкіндігі шектеулі адамдарға тұрмыстық және атаулы көмек ұйымдастыруда. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметінен хабарлады. Жастар Ұлы Отан соғысының ардагері Леонид Дмитриевич Синельниковтің үйіне барды. Өз кезегінде ақсақал Кеңес Одағының халқы Жеңіске жету үшін қандай батырлық пен ерліктің үлгілерін көрсеткенін айтты. Сонымен қатар қария жастардың қойған сұрақтарына, яғни өз жауынгерлік ерліктері туралы айтып берді. Майданға қалай аттанғанын, тұтқынға түскен сәтін еске алды. Леонид Дмитриевич 1921 жылдың 21 сәуірінде Көкшетау қаласында туған. Жақында 95 жас мерейтойын атап өтпек. Ұлы Отан соғысының басталғанға дейін мұғалім болып жұмыс істеді. Кейін кеңес әскері қатарына шақырылып, борышын Белоруссияда өтеді, бұл жерден майданға аттанды. Соғыста жаралы болып, үш рет тұтқынға түсті, бірақ та концлагерьден қашып кетуге тырысты. Көптен күткен Жеңіс күнін Леонид Дмитриевич Минскіде қарсы алды. Бұдан кейін ол Қиыр Шығысқа әскери қызмет етуге жіберілді. Туған жері Көкшетауға тек 1948 жылы ғана оралды. Өмір бойы жүргізуші ретінде жұмыс істеп, тың жерлерді игеруге қатысып, Қазақстанның үздік жүргізушісі болып танылған, бірнеше рет еңбекшілер депутаттар қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланды. Леонид Дмитриевич көптеген медальдармен марапатталған. Ол үш баланы тәрбиелеп өсіріп, одан жеті немере  мен тоғыз шөбере сүйіп отыр. Сол күнде азаматтық қорғаныс көпсалалы колледжінің «Жас Отан» ЖҚ белсенділері тыл еңбеккері, бірінші топтағы мүгедек Рудоба Джусупбаеваның отбасына көмек көрсетті. Рудоба апа Көкшетауда 1925 жылы көпбалалы отбасында дүниеге келген. Кезінде татар мектебін бітірген. Соғыс жылдарында сол кездегі 16-жасар қыз әскери зауытта қиын да ауыр жұмыс атқарды. 1948 жылы Махмұд Джусупбаевпен отбасын құрып, Зубайра мен Сагида есімді қыздарын дүниеге әкелді. Жастар айтқандай, бұндай жылы кездесулерді мен сұхбаттарды ұмытуға болмайды - ол дегеніміз бейбітшілікті сақтаудың маңыздылығы ретінде өскелең ұрпаққа ғибрат пен естелік. Айта кететін жайт, «Жас Отан» ЖҚ Ақмола облыстық филиалының маңызды бағыты аға буын ұрпақ өкілдеріне көмек көрсету болып табылады: бүгінде аймақта тұратын барлық Ұлы Отан соғысының ардагерлері қамқорлыққа алынды. Белсенділер тұрғын үй мәселелері, бос уақыт өткізу, сапалы медициналық қамтамасыз ету, тұрмыстағы күнделікті жәрдем көрсету сияқты көптеген маңызды сұрақтарды көтерді. Әрбір сұрақтың шешілуі жүйелі партиялық бақылауда тұруда. 

 

Қарттарға көмек көрсету мақсатындағы ізгілікті шара БҚО-да да қолға алынды. Батыс Қазақстан облысында «Жақсылық жаса» шарасы аясында жақынға, сондай-ақ қарттар мен жалғыз басты адамдарға көмек көрсетуге бағытталған бірқатар іс-шаралар жүргізілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі БҚО филиалында өткізілген баспасөз мәслихатында «Қамқор» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Берікқалиев мәлім етті. Оның айтуынша, соның ішінде жас ұрпаққа егде жастағы адамдарды қадірлеу, айналасындағы жандарға мейіріммен қарауға үндейтін «Орын бер, сыпайы бол», жалғызілікті қарияларға тұрмыста көмек көрсетуге орайластырылған «Ардагерлерді ардақтайық!», еріктілердің балалар мен қарттар үйіне барып, қайырымдылық көрсетуіне, мәдени кештерді ұйымдастыруға бағытталған  шаралар өріс алды.

 

Әлеуметтік аз қамтылған топқа жататын балалардың мұң-мұқтажын ескеріп, оларға жәрдемдесіп отыруды, олардың әл-ауқатын жақсартуды бүгінгі қоғам өз алдына міндет етіп қойып отыр. Осыған орай, Павлодар облысында 10237 оқушыға 32684,8 мың теңгеге материалдық көмек көрсетілді. Нақты айтқанда,Павлодар облысында республикалық «Қамқорлық» акциясы аясында 10237 оқушыға жалпы сомасы 32684,8 мың теңгеге материалдық көмек көрсетілді. Оның ішінде 4635 оқушыға демеушілер 13717,3 мың теңге бөлген. Облыстық білім беру басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, шараға өңірдегі ірі кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары, білім беру орындары және басқа да мекеме-ұйымдар белсенді атсалысқан. - Мектеп жасындағы қараусыз және қадағалаусыз қалған, біліммен қамтылмаған оқушылардың мектепке келмеу себебін анықтау және есепке алу мақсатында 6220 рейд ұйымдастырылып, 1000-ға жуық отбасы тексерілді. Ауыр сырқатқа шалдыққан жеткіншек Әсем Ахметжановаға қайырымдылық концерттен түскен 500 мың теңге табысталды, - дейді басқарманың маманы Балжан Әділханова. Еске сала кетейік, 2016 жылы 10 қаңтар -10 ақпан аралығында ұйымдастырылған республикалық акция аясында 10 мыңға жуық балаға 27 млн теңгеге көмек көрсету жоспарланған болатын, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Сондай-ақ осы өңірдегі Екібастұз қаласындағы «Үміт» балалар үйінде 7-ден 18 жасқа дейінгі 65 тәрбиеленуші мемлекеттік білім жинақтау салымдарының иегерлері атанды. Бастапқы салымдарға ақша «Бөбек» қайырымдылық қорының акциялары арқасында жиналды.Балалар үйінің әр тәрбиеленушісіне жарна жасына қарай 500 мыңнан 1,8 млн. теңгеге дейін қаржыны құрады, деп хабарлады білім басқармасының маманы Балжан Әділжанова. Жинақтау салымының арқасында «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі Неля Кадык Семейдегі медициналық колледжге түсті. Неля колледжде құштарлықпен оқып жүр, ол алғашқы семестрде бір ғана төрттік баға алды. Балалар үйінде Неля қазақ тілін толық меңгеріп алды, қазақ тілінен қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларда жеңімпаз болды. Каникул кезінде балалар үйінің тәрбиеленушілермен кездесуде Неля: «Мен мемлекетімізге, Президент Назарбаевқа, қамқорлығы мен жетім балаларға жасап жатқан ізгілікті істері үшін алғыс айтамын, менің сүйікті мамандық жөніндегі арманым орындалды. Маған өмірге жолдама берген адамдардың сенімін ақтауға тырысамын», - деп атап өтті. «Қазақстандағы мемлекеттік білім жинақтау жүйесі (МБЖЖ) екі жылдан астам уақыт бойы ойдағыдай жүзеге асырылуда, бұл кез келген қазақстандықтың өз атына немесе баланың атына білімге жинақтау салымын ашуға мүмкіндік береді, болашақта оны кәсіби-техникалық немесе жоғары білімге төлеуге пайдалануға болады. МБЖЖ біздің балалар үшін - мамандық алудың, яғни жақсы жұмысқа орналасуының мүмкіндігі», - деді балалар үйінің директоры Нағима Әбдірахманова.

Алмағайып тіршілікте түрлі жағдайлар орын алып жатады. Сондайда қайғыға ұшырап, қазадан қабырғасы қайысып отырған жандарға да демеу көрсете білу - қайырымдылық қана емес, үлкен адамгершілік. Осындай қасиетті қарағандылық кеншілер паш етті. Олар  «Северная» шахтасында қаза тапқандардың жанұяларына 1 млн теңге жинап берді. Қарағандыдан Воркутаға «Северная» шахтасында қаза тапқандардың жанұяларына 1 млн теңге көлемінде материалдық көмек жіберілді. Бұл туралы «Қорғау» көміршілер кәсіби одағынан хабарлады.«Көңіл айтып, қайғыға ортақтасамыз. Қаза тапқандардың мәйіттері шахтада қалды. Осындай қайғыны біз де бастан кешірдік. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаменті шахталарының және өзге де кәсіпорын қызметкерлерінің кәсіби одаққа жасаған төлемдерінен 1 млн. теңге көлемінде  материалдық көмек жібереміз», - деді «Қорғау» көміршілер кәсіби одағының төрағасы Марат Миргаязов. Еске сала кетейік, Воркутада 25 және 28 ақпанда жер астындағы жарылыстар болған «Северная» шахтасындағы апат 36 адамның өмірін қиды. 31 кенші мен 5 кеншілерді құтқарушы қаза тапты. 26 адамның мәйіті жер астында қалды. Ресейтехбақылаудың ақпаратынша, бұл табихи апат. Өрт жойылмағандықтан, апаттық шахтаға су толтыру шешімі қабылданды.   ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Северная» шахтасындағы қайғылы оқиғаға байланысты Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айту хатын жолдады. Елбасы Қазақстан халқының  және өз атынан  мерт болғандардың жанұялары мен жақындарына көңіл айтып, қолдау білдірді.       

Алматыда да жақындары қазаға ұшыраған отбасыларға қолдау білдірілді. Алғыс айту күні Алматыда полиция қызметкерлері қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан әріптестерінің отбасыларын аралап, сый-құрмет көрсетті. Бұл туралы Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады. Алматы қаласының ІІД қызметкерлерінен құралған 10 топ қаза тапқан 21 полиция қызметкерінің отбасы мен қызметтік борышын өтеу барысында ауыр дене жарақатын алып, жарымжан болып қалған әріптестеріне барды.  «Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдары қылмыскерлікпен ымырасыз күрес жүргізу барысында 21 полиция қызметкері қаза тапты. Олар бейбіт өмірде халқы, отаны үшін өз өмірлерін қиды. Олар үшін борыш, әділдік және батылдық - бос сөз емес еді. Ал біз - бүгінгі  полиция қызметкерлері, сондай-ақ, жас тәртіп сақшылары сол  батырларымыздың ерліктеріне бас иіп, құрмет тұтамыз. Олардың есімдерін ешқашанда ұмытпаймыз», - деді өз сөзінде Алматы қаласы ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаев. Полиция қызметкерлері қаза тапқан әріптестерінің жесірлеріне, ата-аналарына құрмет көрсетіп, оларға алғыс хат, Алматы полициясының тарихына арналған мерейтойлық кітап, гүл және сыйлықтар табыс етті. Бұл кітапта қаза тапқан тәртіп сақшыларының ерліктері көрініс тапқан. Ал балаларға кәдесыйлар мен ойыншықтар берілді.    Бұл шара Алматы қаласында жүргізілген «1000 ізгілікті іс» науқаны аясында жүзеге асырылды. 

  

Қайырымдылық мақсатындағы шаралар

  

Қайырымдылық көмек көрсету адам жанын ізгілікке жетелеп, тіршілікті нұрландырады. Қайырымдылық - көмекті қажет ететін жандарға білдірілетін сүйіспеншілік белгісі мен нақты көмек десек, ол Көкшетауда «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы барысында 3 айлық науқас сәбиге қаржылай көмек көрсетілгенде дәлелденді.Көкшетауда ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы шеңберінде республикалық «Қайырымдылық керуені» аясында  «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Облыс әкімінің қолдауымен Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы Аналар Кеңесінің ұйымдастыруымен Достық үйінде өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, облыстық департаменттер, басқармалар және жергілікті кәсіпорындардың басшылары мен кәсіпкерлер және өзге де қайырымды азаматтардан құралған барлығы 300-ге жуық адам қатысты. Шара барысында «Әулет» мектептен тыс жұмыс орталығы және облыстық оқу-әдістемелік орталығындағы балалардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықованың айтуынша, одан түскен қаржы асқазан ішек жолдары дамуының туа біткен кемістігі бар 3 айлық сәби Үміт Азаматқызына ота жасату үшін ата-анасына тапсырылмақ.

 

Дәл осы  қалада өткен қайырымдылық акциясы барысында 3 миллионнан астам қаржы жиналды.Көкшетаудағы «Қоғамдық келісім» мекемесінде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен жалпыұлттық «Қайырымдылық керуені» акциясы шеңберінде қайырымдылық аукционы өтті. Акция ауыр дертке шалдыққан қос бүлдіршіннің емделуі үшін қаржылай көмектесу мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлады «Ақмола Медиа Орталығы». Шараның негізгі ұйымдастырушысы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Киікова  бұл игілікті іс шаралардың жыл бойы мұқтаж жандарға көмектесу үшін жалғаса беретіндігін  атап өтті. Қайырымдылық аукционынан жиналған қаражат Айдарбек Қапарбеков пен Мансұр Құсайыновтың емделуіне жұмсалатын болады. Кішкентай Айдарбек небәрі бір жарым жаста  диагнозы- лейкоз. Ол бүгінгі таңда Мәскеу қаласында онкология орталығында ем қабылдауда. Ал Мансұрдың жасы сегізде, диагнозы - целебралды сал ауруы. Ол ата-анасымен бірге Қытай елінде емделуде. Жиналғандарға көрсетілген қос бүлдіршін туралы видеороликтен кейін қайырымдылық аукционына келген азаматтар қаржылай көмектерін жәшікке салып, өз қамқорлықтарын аямады. Қайырымдылық аукционына қатысқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов: «Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы, Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің тапсырмасына сәйкес біз бүгін ауыр дертке шалдыққан қос бүлдіршіннің емделуіне қаражат жинау мақсатында осы қайырымдылық аукционын ұйымдастырып отырмыз. Мұқтаж жандарға мемлекет тарапынан беріліп отырған көмек те аз емес. Алайда жастарға үлгі көрсету мақсатында, қоғамда қайырымды азаматтар тәрбиелеу мақсатында осындай іс шараларды ұйымдастырып тұрғанды дұрыс деп есептейміз. Бұл бүлдіршіндер күнделікті емді қажет етеді, қымбат препараттарды қабылдайды. Оларды бірнеше операция, реабилитация курстары күтіп тұр. Біздің көмегіміз, олардың ертеңгі жарқын болашағы деп сенемін. Сондықтан барлығымыз бір кісідей жұмыла көмек қолын созайық. Сіздерге  іс шараға бей-жай қарамай ат салысқандарыңыз үшін зор алғысымызды білдіреміз», деді ол. Акция барысында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қолданбалы өнер шеберлері қауымдастығы, Көкшетау қалалық  «Әулет» мектептен тыс балалармен жұмыс орталығы және дарынды балалармен жұмыс істеу орталығының тәрбиеленушілері өз жұмыстарын аукционға қойып, сатылымнан түскен қаражат науқас баланың ата-анасына табысталды. Қолөнер бұйымдарын облыстың түкпір- түкпірінен жиналған орта және шағын бизнес өкілдері, еңбек ұжымдары, мемлекеттік қызметшілер сатып алды. Үш миллионға жуық қаражат жиналды. Осылайша ақмолалықтар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, біреудің қайғысына бей-жай қарамайтындықтарын тағы бір дәлелдеді.      

 

Ел ордасы - Астанада да көктемгі мереке күндері қайырымдылық шаралары өткен. Мереке күндері елордалықтар қайырымдылық шараларына қатысып, мұқтаж жандарға қол ұшын созды, деп хабарлады Астананың ресми сайты. 6-8 наурызда Astana Mall сауда, ойын-сауық орталығында «Әйелдерге гүлдер, балаларға балмұздақ» көрме-жәрмеңкесі өтті. Шара күн сайын сағат 10:00-да басталып, 21:00-ге дейін жалғасты. Жәрмеңкеде жиналған қаржы сал ауруымен ауыратын және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға қайырымдылық көмекке жұмсалады. Қала тұрғындары отбасыларымен демалып, қиыр және таяу шетелден келген сарапшылардың шеберлік дәрістеріне қатысады, қызықты тауарлар мен бүкіл отбасыға арналған киімдер сатып ала алады, сондай-ақ, балаларға арналған интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылады. Көрме-жәрмеңкеде 67 компания тоғыз сала бойынша өз өнімін ұсынады. Сонымен қатар, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында 5-8 наурыз аралығында «Балалрдың өмірін гүлдей жайнат!» қайырымдылық шарасы өтті. Күн сайын сағат 09.00-18.00 аралығында «Сарыарқа» сауда, ойын-сауық орталығының алдындағы тұрақта еріктілер қала тұрғындарына қызғалдақтар ұсынды. Гүл шоқтары нарықтық бағамен сатылды, бірақ түскен қаржы ауыратын балалар үшін оңалту қондырғысын сатып алуға жұмсалады. 5 наурызда, сағат 10:30 «Керуен» СОО мүмкіндіге шектеулі жандар қолдан жасаған бұйымдардың көрме-сатылымы өтті. Онда қалалық мүгедектер қоғамдық бірлестіктері өз өнімдерін ұсынды. Елордалықтар саздан, ағаштан, теріден жасалған бұйымдар мен ұлттық нақыштағы кәдесыйлар мен моншақтан жасалған әшекейлер сатып ала алды. Ал 6 наурызда қала тұрғындары сағат 12.00-17.00 дейін «Бочонок» мейрамханасында (Республика даңғылы, 33А) күні жетпей туылған балаларға киім тоқу үшін жиналды. Дайындалған бұйымдар еліміздегі неонатология бөлімдеріне таратылады. Осы күні «Рахмет» сауда орталығында үшінші қабатта сағат 14.00-20.00 дейін мерекелік қайырымдылық жәрмеңке өтті. Елордалықтар қолдан жасалған бұйымдарды, кәдесыйлар, кітаптар, ойыншықтар сатып ала алды. Сонымен қатар, балалар үшін қызықты шеберлік дәрістері өткізілді. Жиналған қаржы Астана қаласы балалар үйлерінің тәрбиеленушілерге беріледі.

«Алғыс айту күнінде ерекше қайырымдылық акциялары мен көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсету арқылы атап өткен маңызды», деген еді Елбасы. Сондай бір шара ретінде  Ақмола облысында Алғыс күні бүлдіршіндерге қайырымдылық көмек көрсетілді. «Риксос Бурабай» қонақ үй кешені мен Болат Өтемұратовтың «Асыл мирас» жекеменшік қайырымдылық қоры бірлесіп,  Көкшетаудағы мүгедек балаларға арналған мектеп интернаты және Щучьедегі «сәбилер үйіне» қайырымдылық көмек аясында автобус, ойын алаңын және оңалту жабдықтарын тарту етті. Көкшетаудағы мүгедек балаларға арналған мектеп интернатында өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов,  «Асыл мирас» жекеменшік қайырымдылық қорының директоры Марат Айтмағамбетов қатысып,  Алғыс күні осындай қайырымдылық игі істерді жасаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Қайырымдылық шараны ұйымдастырушылар Щучьедегі «сәбилер үйіне» барлығы 33,7 миллион теңгені құрайтын «Хюндай н-1» автобусы, ойын алаңы, балалардың қозғалып тұруына қажетті құрал-жабдықтарды сыйлады. Сондай-ақ, олар аталған ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге де көмектескен. Көкшетау қаласындағы мүгедек балаларға арналған мектеп интернатына да барлығы 32,07 миллион теңгеге дәл осындай көмек көрсетілді. «Біздің мамандар арнайы жабдықтың арқасында сауықтыру бағдарламаларының түрлерін кеңейте алды. Балаларымыздың дені сау әрі белсенді болып өсуіне мүмкіндік алып отырғаны қуантады», дейді Көкшетау қаласындағы мүгедек балаларға арналған мектеп интернатының директоры Алтын Мұстафина.  

 

Бүкілхалықтық мерекеге айналған дәл осы айтулы күн - Алғыс айту күні қарсаңында Мемлекеттік тілді дамыту қоры Астана қаласының №48 мектеп-лицейінде акция өткізіп, мектеп кітапханасына 300-ге жуық қазақ тіліндегі әдеби шығармалар мен сөздіктерді тарту етті. Қор баспасөзінің хабарлауынша, шараның мақсаты - өскелең ұрпақтың мемлекеттік тілді үйренуге, тарих пен мәдениетті білуге деген қызығушылығын арттыру, оларды қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу, қазақ әдеби тілін үйренуге баулу және балалардың шығармашылық қабілетін арттыру. Сондай-ақ, мектеп оқушылары қордың қызметі және жобаларымен танысты. Олар: қазақ тілін онлайн режимінде үйрететін Soyle.kz порталы, оның Soyle мобильдік қосымшасы, балаларға арналған Bala.soyle.kz  сайты, Abaialemi.kz онлайн-энциклопедиясы, Tattialma.kz атты қазақ тіліндегі балалар әдебиеті сайты, «Менің Қазақстаным» мобильді қосымшасы, ҰБТ-ға дайындалуға болатын қазақ және орыс тілдеріндегі «Кім білгіш» мобильді ойыны.   


Алғыс айту күніне орай оңтүстік өңірде де бірқатар шаралар ұйымдастырылды.Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданының 1 мамыр елді мекенінде орналасқан №2 балалар үйінде 1 наурыз - Алғыс айту күніне орай Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен бірқатар облыстық этномәдени бірлестіктері «Мың алғыс!» қайырымдылық акциясын өткізді, деп абарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.  Азаматтық татулықтың, қоғамдық келісімнің, қазақстандық бірегейлік пен бірліктің нығаюының, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы құндылықтарының және халықтың жалпыұлттық игілігі ретінде жаңақазақстандық патриотизмнің принциптерін бекіту мақсатында ұйымдастырылған шара барысында балалар үйіне теледидар мен 81 тәрбиеленушіге спорттық киімдер тапсырылды. «Республикамыз тәуелсіздігінің 25 жылдығында тұңғыш аталып өтетін қайырымдылықты, ынтымақтастықты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні мерекесі қарсаңында қайырымдылық жасап, осында тәрбиеленуші балаларға мейірімділік пен шаттық сыйлауды жөн көрдік», - деді облыстық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Л.Асанов. Қайырымдылық іс-шарасы концерттік бағдарламаға ұласып, соңынан дастархан жайылып, ас берілді.

Сонымен қатар, аталмыш аймақта қайырымдылық акциясы барысында психоневрологиялық интернаттың демалыс бөлмелері жаңадан жабдықталды.Оңтүстік Қазақстанда ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 пайдалы іс» республикалық акциясы өтті. ОҚО әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері облыстық психоневрологиялық интернатына барып, балаларға арналған демалыс бөлмелерін жабдықтауға атсалысып, балаларға базарлық жасады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі. Атап айтқанда, акцияға қатысушылар ондағы екі демалыс бөлмесіне жиһаз жасатып, толықтай жабдықтауға 450 мың теңгенің сертификатын табыстаса, балаларға ойыншықтар мен киімдер, кілем, жөргек заттары мен кітаптар таратып, барлығы 1 млн-ға жуық теңгенің көмегі көрсетілді. Комиссия мүшелері, мұнан бөлек, интернаттың жазғы уақыттағы абаттандыру жұмыстарына да қол ұшын созбақ. Ал мекемеде емделетін балалардың облыстың көрікті жерлерін аралауы үшін облыстық жас туристер стансасының ұжымы көмек көрсететін болды.  Айта кетейік, іргетасы 1967 жылы қаланған облыстық психоневрологиялық интернатта 1,5 - 18 жас аралығындағы психоневрологиялық аурулары бар мүмкіндігі шектеулі балалар емделеді. Онда науқастарға арнаулы қызметтердің 8 түрі көрсетіледі.   Жалпы, «25 пайдалы іс» қайырымдылық акциясы бастауын алғалы облыстың барлық аудан, қалаларында аталған шара жалғасын тауып, оған 3,5 мың адам қатысты. Жыл соңына дейін мұндай қайырымдылық акциялары жалғасын тауып, ұйымдастырылады деп күтілуде.       

Ал ауыр сырқатқа шалдыққан балалар тәрізді нақты көмекті қажетсінетін жандарға қолұшын созу мақсатында өткізілген шаралардың бірі - 24 сәуір күні өткен V Алматы марафоны болды. Ұйымдастыру комитетінің хабарлауынша, қайырымдылық жарнасы  4 000 теңге болады. «Марафонның қайырымдылық мақсаты -  «АРДИ» (Мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығы) орталығына тірек-қимыл жүйесін қалпына келтіруге арналған жабдықтарды сатып алу», - деді осыған орай ұйымдастыру комитетінің директоры Салтанат Қазыбаева. Естеріңізге сала кетейік, биыл тіркелу айы бойынша градация енгізілді. Сәуірде жарна сомасы 4 000 теңге болды. Бастапқы пакеттер 22-23 сәуірде өтетін Спорт жәрмеңкесі барысында берілді. Биыл бұл шара барысында тұңғыш рет 10 шақырым қашықтықта «Скандинавия жүрісі» жарысы болды. Соның арқасында әуесқойлар Алматы Марафонын жүгіріп те, жылдам қадаммен жүріп те өте алды. 

Науқас балаларға көмек көрсету ізгі ісі Павлодарда да жалғас тапты. Мұнда өткен аралас жекпе-жек жарысынан түскен қаржы сырқат балаларды емдеуге жұмсалды.Павлодарда ММА аралас жекпе-жек бойынша өткен «Қаһарлы күрес-17» халықаралық турниріне Бразилия, Литва, Украина, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан елдерінен 24 спортшы қатысты. Он екі жекпе-жектен тұратын жарыс бес сағатқа созылды. Кештің басты жекпе-жегі павлодарлық Фаниль Рафиков пен бразилиялық Жозе Маркус Сантиагоның арасында болды. Әділ қазылар алқасының шешімімен Фаниль Рафиков жеңіске жетті. Павлодарлық батырды қала әкімі Болат Бақауов марапаттады. Павлодардағы «Ахмат» кәсіпқой спорт клубының президенті Сұлтан Ичиевтың айтуынша, билеттен 800 мың теңге жиналған. «Билеттен түскен қаржыға 200 мың теңгені өз атымыздан қосып, жалпы сомасы бір миллион теңгені екі баланың емделуіне бөліп бердік. Олар сал ауруына шалдыққан 2002 жылы туған Даниил Шефнер мен 2006 жылы туған Әлішер Аманолла. Даниилге дәрігерлер лейкодистрофия диагнозын қойған, ал Әлішерде орта деңгейлі спастикалық диплегия. Бұл біздің клубтың халықаралық турнирден жасаған алғашқы қайырымдылық шарасы», - деді С. Ичиев. Сондай-ақ Сұлтан Ичиевтың атап өткендей, шет елден келген спортшылар Павлодарда Наурыз мерекесін тойлаған.  «Ұлыс күні қонақтарымызға қатты ұнады. Бразилиялықтар қазақша еттен ауыз тиді, олар бұдан керемет асты жеп көрмегендерін айтты», дейді бапкер. «Batyr mall» орталығында өткен ММА аралас жекпе-жек бойынша «Қаһарлы күрес-17» халықаралық турнирін 1000-ға жуық адам тамашалады. Аталмыш турнир «Боец» телеарнасынан көрсетілді. 

Қызылордада да мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық акциясы өткен. Атап айтқанда, көктемгі «Наурыз» мерекесі қарсаңында Қызылордада «Даму» қорының Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалы «Даму-Көмек» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Бұл туралы осы филиалдың баспасөз қызметі хабарлады. «Қанат» спорттық-сауықтыру орталығында өткен іс-шараның мерекелік бағдарламасы  мүгедек балаларға арнап жасалынды. Сал ауруына шалдыққан  бүлдіршіндерді қабылдайтын бірегей орталықта бүкіл Қазақстан аумағынан келген науқастар ем қабылдауда. Қайырымдылық акциясының  ұйымдастырылуына   ат салысқан жеке кәсіпкер, «Робинзон» балалар ойын-сауық орталығының директоры Виктория Югай іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне өз үлесін қосты. «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірегей бағдарламасы аясында қолдау алған жеке кәсіпкер бүгінгі таңда өзі демеуші ретінде мүгедек жандарға қол ұшын созып отыр.  Робинзон  орталығы аниматорларының арнайы мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап әзірлеген бағдарламасын тамашалаған бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Наурыз мерекесіне арналған бағдарламаны Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің музыканттары өздерінің керемет концерттік нөмірлерімен жандандырып,  балаларға шаттық пен керемет көңіл күй сыйлады. «Даму-Көмек» бағдарламасы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуге бағытталған арнайы жоба. Бағдарлама шеңберінде мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсетіліп, түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Бүгінгі қайырымдылық акциясының мақсаты - балаларға бақыт пеншаттық сыйлап, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін жоғары деңгейде атап өтуге ықпал жасау болып отыр. Акция шеңберінде «Даму» қоры демеушілігімен орталық емделушілеріне мерекелік дастархан жайылып, басты ас Наурыз көже таратылды.  Сонымен қатар, Қор тарапынан балаларға сыйлықтар табысталды. Науқас балалардың ата-аналары «Даму» қорына ұйымдастырылған қайырымдылық акциясына шексіз алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Оңалту орталығының директоры Сәкен Темірқұлов та көрсетілген қолдауға өз ризашылығын білдіріп, Қор өкілдеріне алғыс хат табыстады.          

Көктемде өткен тағы бір қайырымдылық шарасы - аутизмге шалдыққан балалардың балы болды. Алматыда «Мейірімділік» ерікті қоғамы» (ҮЙ) қоғамдық Қоры аутист-балалардың көктемгі балын өткізді. Оған 2015 жылғы Қазақстан аруы Әлия Мергенбаева қатысты. Шара аясында аутизм дерті бойынша арнайы бейімдеу курсынан өтіп жатқан балалар тұңғыш рет көпшілік алдында театрландырылған қойылым көрсетіп, вальс биін биледі.  Бал «Аутизмді жеңеміз» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба қолға алынғалы бері қордың мамандары аутист балалары бар екі мыңнан астам отбасына консультациялық қызмет көрсеткен. «Жобаға ата-аналар тікелей қатысады. Ол сонысымен де ерекшеленеді. Әрине, көп адам барлық мәселені шешуге көмектесетін бір ғажайып дәрі ойлап табылса екен деп армандайды. Бірақ, аутизмнен зардап шегетін балалардың қоғамға етене жақын болуы үшін, оларға бірінші кезекте ең жақын туыстарының қолдауы керек», - деді Қор директоры Аружан Саин. Ол сонымен қатар, кез келген адам Қордың Қызылорда, Қарағанды және Алматы қалаларында ашылған орталықтарына келіп, ақыл-кеңес ала алатындығын жеткізді. Оның үстіне мұнда балалар үшін дәрістер тегін жүргізіледі. Бүгінгі таңда орталықтарда 200-дей бала дәріс алады. Олардың кейбірі басқа қалалардан келген. «Биыл біздің 9 баламыз мектепке барды. 17 баладан аутизм диагнозы алынып тасталды. Біздің орталықтарымыз - балаларды күнұзаққа тастап кететін жер емес. Ата-аналар мұндай балалармен қалай тілдесу керектігін білулері тиіс. Бұл үлкен еңбекті талап етеді. Егер олар бұған дайын болса, онда аутизмді жеңуге болады. Балаларды мұндай күйден ата-аналардан басқа ешкім алып шыға алмайды», - деді А.Саин.   Өз кезегінде 2015 жылғы Қазақстан аруы Әлия Мергенбаева өзінің осындай шараға қатысуы арқылы балалары аутизм дертіне шалдыққан ата-аналардың назарын осындай орталықтарға аудырғысы келетіндігін жеткізді.   «Мұндай акциялар кәсіпкерлерді белсенді түрде әлеуметтік саясат жүргізуге итермелейді», - деді ол. 

Айта кетейік, 2015 жылы жобаны «Қазақстан аруы» конкурсының ұйымдастыру комитеті қолдап, байқаудан түскен 2,5 млн теңгені науқас балаларды қолдау қорына аударды.

 

Сондай-ақ тағы бір науқас бүлдіршінге көмек беру мақсатында Геннадий Головкиннің қолтаңбасы салынған қолғап Инстаграм желісінде пайдаланушы @gulmira001-дің өткізген қайырымдылық бәссаудасында 1100 АҚШ долларына сатылған.  «Жаңа ғана таныстыруды қажет етпейтін адамның қолтаңбасы бар жеке қолғабын тапсырдық. Мен оны   @amina_help_astana есімді кішкентай қыз бала үшін сұрадым. Бұл қолғаптың жаңа иесіне денсаулық, балаларының батыр және чемпион болуын тілеймін. Бұл дерттің тұмау сияқты тез емделуін тілейікші. Балалар өмір сүріп, өсуі керек. Бәссауда бүгін сағат 22:00-де аяқталады. Бағаны өздеріңіз тағайындайсыз, ақшаны да өздеріңіз жібересіз, чектің орнына лот аласыздар. Барлығымызға сәттілік!» - делінген пайдаланушының парақшасындағы мәтінде. Бәссаудадан түскен ақша дәрігерлер «Өткір лимфобласталық лейкоз» диагнозын қойған жеті жасар Әмина Гильфанованы емдеуге жіберілді. Қолғапты сатып алушының есімі - Антон Рубин. 

 

Ал қайырымдылық балындағы бәссаудада Винокуров пен Жақияновтың заттары сатылды.Петропавлда өтетін бірінші қайырымдылық балында танымал спортшылар Винокуров пен Жақияновтың жеке заттары сатылымға шығарылды. Оны ұйымдастырушылар ауыр дертке шалдыққан балаларды емдеу үшін 2 млн. теңге жинауды көздеген. Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері мен шенеуніктерінің қатысуымен өткен қайырымдылық бал ақпан айының соңында өткізілді. Ол туралы орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен брифингте «Қоғамдық келісім» КМБ-ның басшысы Әсемгүл Есқожа айтып берді. «Бізде көмек бергіміз келіп отырған үш бала бар. Олардың барлығына шетелде емделу кеңес етілді. Шараға бизнес құрылымдарының басшылары, облыс жетекшілері қатысты. Сондай-ақ бәссауда өткізілді. Одан көп ақша жинауымыз үшін, спортшылар Винокуров пен Жақиянов өз заттарын берді», - деді Ә.Есқожа.

Қайырымдылық шараларын өткізу тек тәні ғаріп жандарға ғана емес, көңілі жарым жандарға да дем беруді көздейді. Мәселен, көктемде Астанадағы Қарттар үйінде «Анаң - сенің жұмағың» атты қайырымдылық шарасы өтті.«Әзірет Сұлтан» мешіті 5 наурыз күні Астана қаласындағы Қарттар үйінде «Анаң сенің-жұмағың» атты қайырымдылық шарасын өткізді.Бұл шара аясында Қарттар үйіндегі 310 жанға арнайы сыйлықтар үлестірілді. Сондай-ақ, қамкөңіл қарттарымызға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында арнайы концерттік бағдарлама өткізілді. Оған елімізге белгілі Қарақат пен Қыдырәлі, Ибрагим Ескендір, Досымжан Таңатаров, Ерлан Көкеев сынды әншілер қатысты. Сондай-ақ, «Тағылым тамшылары» балалар театры сахналық қойылымдар көрсетті.

 

Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қайырымдылық көрсетуді өмірінің мәні еткен жандардың бірі - қоғам қайраткері,  қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин. Мұндай жандардың еңбегі халықтың көз алдында болғандықтан, халық та оны бағалайды. Оның дәлелі - аруымыздың  «Халық сүйіктісі» атануы. Геннадий Головкин мен Димаш Құдайберген де бұл атақтан құр қалмаған. Бұл туралы Астанада «Халық сүйіктісі» жүлдесінің  иелерінің марапатталуы кезінде белгілі болды. Айта кетейік, 2015 жылдың  25 қарашасы мен 15 желтоқсаны аралығында «lubimec.kz» сайтында халық əр салада өз  «сүйіктісіне» дауыс берген болатын. Сонымен, бүкіл халықтық дауыс берудің нəтижесінде «Жылдың қоғам қайраткері» номинациясында Аружан Саин, «Жыл спортшысы» номинациясында Геннадий Головкин,  «Жыл дəрігері» номинациясында Серік Ақшолақов, «Эстрада əртісі» номинациясында Димаш Құдайберген, «Жылдың тележурналисі» номинациясында «Қазақстан ұлттық телеарнасының» жүргізушісі Мейіржан Əлібек, «Кино беделі»  номинациясында Нұртас Адамбай, «Жыл публицисі»  номинациясында Жарқын Түсіпбекұлы «Халық сүйіктісі» атанды. Ал, «Жылдың үздік интернет басылымы» номинациясында KerekInfo.kz  сайты, «Жылдың үздік жобасы»  номинациясында Қазақ география қоғамдастығы, «Жылдың үздік радиосы» номинациясында  «Жұлдыз FM» радиостанциясы үздік деп танылды.

 

 

Халықтың әлжуаз топтарын қолдау

  

Елімізде халықтың әлжуаз тобына қолдау көрсетуге бағытталған шаралар да жиі қолға алынып жүр. Ол жергілікті органдардан жеткілікті қаражат бөлінуімен қатар, қайырымдылық акциялары арқылы да жүзеге асырылуда. Сондай шара Алматыда қолға алынды. Мұнда 20 зейнеткерге шипажайға баруға жолдама берілген. «Алматының 1000 жылдығына - 1000 ізгілікті іс» жақсылық пен мейірімділік акциясы аясында G38 жастар ұйымы кезекті қайырымдылық шарасын өткізді. Бұл жолы 20 зейнеткер (олардың ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері де бар) «Қазақстан» шипажайына жолдама алды. Олар енді шипажайда дәрігерлердің ақыл-кеңестерін алып, емдік массаж, емдік ванна, Шарко душын қабылдайды, минералды сулары бар бассейнге түседі және басқа да сауықтыру шараларына қатысады.   G38 жастар ұйымының мүшесі Борис Кулов бұл акцияның «Қазақстан» шипажайы басшылығымен бірлесіп жүзеге асырылғандығын айтты. «Шипажай 20 тегін жолдама берді. Негізі 10 күндік бір жолдама бұл шипажайда 110 мың теңге тұрады. Бұл акция бұдан кейін де жалғасын табады. Студенттер осылайша бүкіл қала тұрғындарына үлгі болып жатыр», - деді Б. Кулов. Таяуда белсенді жастар Instagram әлеуметтік желісінде өздерінің парағын жасаған болатын. Қазір онда қайырымдылық шаралары туралы ақпараттар тұрақты түрде беріліп жатыр. Бұл парақшаға қазіргі таңда 900 интернет пайдаланушы тіркелген. Олардың ішінде эстрада әншілері де бар.    

 

Аталмыш жастар ұйымы Алматыда тағы бір қайырымдылық шарасын жүзеге асырды. «Алматының 1000 жылдығына - 1000 ізгілікті іс» акциясы аясында G38 жастар ұйымы аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері кезекті қайырымдылық шарасын жүзеге асырды. Бұл жолы көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған 10 отбасына қажетті дәрі-дәрмектер сатып алу үшін сертификаттар табыс етілді. Аталмыш жоғары оқу орнының студенттері акция басталғалы бері қайырымдылық шараларына белсенді түрде атсалысып жүр.   Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жастар ұйымдары комитетінің төрайымы Айсұлу Ерниязованың айтуынша, мұндай акциялар жастарға ғана емес барлық қала тұрғындарына үлгі болады. «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері қала жастарымен бірлесе отырып, биылғы жылдың соңына дейін осы акцияға қатысады. «1000 ізгілікті іс» акциясының мақсаты - көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына, жалғыз басты қарттарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға, мүгедек және жетім балалаларға көмек көрсету», - деді А. Ерниязова. Бұдан басқа, университеттің белсенді жастары жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру, «Кеңес» орталығы арқылы оларға заңдық ақыл-кеңестер беру, сондай-ақ, аталған оқу орындарында дайындық курстарын ұйымдастыру жұмыстарын да қолға алды.   Алдағы уақытта, жұмыс жоспары келіп түскен ұсыныстар мен пікірлер негізінде әзірленетін болады.


Ал Павлодар облысында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, тұрмысы төмен  және көп балалы отбасылардан шыққан балалар бір қуанып қалды. Шарбақты ауданының әкімі Балғабай Ыбыраев жаңа жылдық шыршаға қатысқан 100 балаға ұялы телефон мен тәттілер сыйға тартты. Облыстық білім беру басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйсенсек, мерекелік кешке ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, тұрмысы төмен  және көп балалы отбасылардан шыққан балалар қатысқан. «Концерттік бағдарламаның алғашқы бөлімінде 300 баланың қатысуымен «Жаңа жылдық вояж немесе күтпеген саяхат» тақырыбында театрлық қойылым өткізілді. Бұдан кейін Шарбақты ауданының әкімі Балғабай Ыбыраев балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жолдады», - деп жазылған хабарламада. Сондай-ақ, дәстүр бойынша Шарбақты ауданы әкімінің атынан Ресей Федерациясының Алтай өлкесінде қазақ тілінде білім алатын Керей және Байғамыт мектептерінің оқушыларына 60 сыйлық жіберілді.   

 

БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай нақты көмек көрсету арқылы жастарды әлеуметтендіру мақсатында «100 нақты көмек» жобасын қолға алды. Жоба жетекшісі Динара Жароеваның мәлім еткеніндей, мұндағы мақсат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылғы 30 қарашадағы Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 84-қадамы бойынша нақты жұмыстану, облыста мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыру. Жоба негізінен NEET жастарын, яғни еш жерде жұмыс жасамайтын немесе оқымайтын, жеке өзіне байланысты себептермен оқшау жүргендерді қоғамдық өмірге тартуды көздейді. Олар облыс жастарының 3 пайызын құрайды. Бұл халықаралық терминде NEET көрсеткіші деп аталады. Айта кететін жәйт, 3 пайыз - республика бойынша ең төменгі көрсеткіш. Дегенмен, мемлекеттік органдар алдында тұрған міндет - осы топты да назардан тыс қалдырмай, ортаға тарту керек. Одан кейін маргиналды жастар, мүмкіндігі шектеулі және әртүрлі әлеуметтік қолдауға мұқтаж жастар нақты көмектермен қамтылатын болады. Жоба жыл бойы жүргізіліп, 2016 жылдың 10 желтоқсанына таман қорытындыланатын болады. Сондай-ақ баспасөз мәслихатына қатысқан облыстық балалар үйінің директоры Раиса Наурызованың баян еткеніндей, аталмыш  мекемеге ата-аналық құқығынан айырылғандардың балалары көптеп түседі. Соңғы уақытта облыстық балалар үйіне жеткілікті деңгйде қаржы бөлініп, Үкімет барлық балаларды толығымен өз қамқорлығына алып отыр. «Негізінен Үкіметтің, біздің ұжымның мақсаты - балаларды үйге жіберу. Балалар жүрек жылулығын сезініп, үй тәрбиесін көріп өссе дейміз. 2015 жылы патронаттық тәрбиеге 38 бала жіберілді. Биыл аздау, әзірге төрт баланы патронаттық тәрбиеге әзірлеп жатырмыз. Жалпы 17-18 жастағы балаларды патронаттық тәрбиеге беру қиындау. Өсіп кеткен балаларды ешкім алғысы келмейді. Балалар үйіндегілердің жасы - 3-тен 18-ге дейінгілер. Олардың көбін өзіміз өсіріп, мектебін бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсуіне барынша жағдай жасаймыз», деді Р.Наурызова.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек

 

Біздің қоғамда ерекше көңіл бөлуді қажет ететін жандар бар, олар - мүмкіндігі шектеулі жандар. Мұндай жандарға көрсетілетін қолдау мен көмектің олар үшін қашан да елеулі болары хақ. Сондықтан, оларға көмек көрсетуден тысқары қалмауды көздегендер де бар.     Мәселен, Алматы полициясы 15 жастағы мүгедек баланы өз қамқорлығына алды.Алматы полициясы 15 жастағы мүгедек баланы өз қамқорлығына алды. 15 жастағы Азамат Сәтпаев сүйегі сынғыш ауруының салдарынан сол аяғынан айырылған. Қазір ол мүгедектер арбасымен қозғалады.Баланың отбасы шағын семьяларға арналған жатақханада тұрады. Науқасқа қарайтын бір адам керек болған соң үйде тек отағасы жұмыс істейді. Қазір жеткіншек №40 мектептің 10-сыныбында оқиды. Қазір үйден білім алып жатса да, мектеп бағдарламасынан еш қалған емес. «Өте талантты бала. Өзі өлең жазады. Шағын скетчке сценарий жазады. Бостандық аудандық ІІБ бөлімшесінің қызметкерлері баланың отбасына қажетті азық-түлік пен киім-кешек әкеп берді. Азаматтың қоғамға бейімделуі үшін барлық құзырлы органдарды іске тарттық. Енді демеушілер оған жаңа арба сыйлап, оның спорт секциясына жазылуына көмегін тигізіп жатыр», - деді жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімшесінің басшысы Лейла Әліпбаева.           

Ғаріп жандардың мұң-мұқтажын ескеріп, оларға қолұшын созудағы тағы бір шара - Талдықорғанда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған фитнес-залдың ашылуы болды. Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев бүкіл Қазақстаннан мүмкіндігі шектеулі адамдардың оңалту курстары өтетін «Асар» фитнес-залының келушілерін құттықтады. Қала әкімі алдында өткен кездесу барысында мұнда өзі келіп, жаңа жылмен құттықтауға уәде бергенін еске салды. «Біз үшін мерекеден тыс қалмай, оны сезінетіндей көңіл күйде болғанымыз маңызды. Біз әкімнің келуін күтпеген едік, қуанышымыз еселене түсті», - деп атап өтті фитнес-залдың басшысы Елдос Баялышбаев. Кездесу барысында қала әкімі сондай-ақ бұған дейінгі келісушіліктердің іске асырылу барысы, мүгедек арбасы үшін арнайы көтергішті орнату және бұдан әрі дамудың басқа да мәселелері туралы баяндады. Еске сала кетейік, таяуда қала әкімі кәсіпкерлердің қолдауымен аталған залда курстардан өтіп жатқан балалардан құралған КТК (көңілді тапқырлар командасы) үшін демеушілік көмекті ұсынды.

 

Ал Ақмола облысыАршалы ауданының әкімі мүмкіндігі шектеулі балаға мүгедек арбасын сыйлады. Сарыоба ауылының тұрғыны Қайрат Елеусізов бала кезінен мүгедек. Арнайы мүгедек арбасының жоқтығынан жасөсіпірімге үй ішінде қозғалып, далаға серуендеп шығу қиынға соқты. Дегенмен, Қайраттың жағдайын естіген аудан әкімі Жомарт Нұркенов көп ойланбастан оған мүгедек арбасын сыйлады. «Біздің қуанышымызда шек жоқ. Біздің қиналғанымызды мүмкіндігі шектеулі балаға қарап отырған ата-ана ғана түсініп, сезіне алады. Баламыздың тағдырына бейжай қарамай, қол ұшын созған аудан әкіміне алғысымыз шексіз. Енді баламыз далаға шығып қана қоймай, өз құрбыларымен ойнай алады», дейді  баланың  әкесі Саршал Елеусіз.

 

Мүгедек жандардың өзінің қоғам үшін пайдасын сезініп,түрлі кәсіппен айналысуына жол ашу да қажет-ақ. Бұл бағытта мемлекет тарапынан түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Соның бір айғағы ретінде айтсақ, Алматы облысында 150-ге тарта мүгедек жандар «Даму» бағдарламасымен өз ісін ашуға қол жеткізді. Талдықорғандағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «Даму-Көмек» бағдарламасы ауқымында кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлер Асхат Әмірбаев пен Серік Найманқұловқа демеушілік көмек көрсетілді.Асхат Әмірбаев үшінші топтағы мүгедек, көп балалы әке, үйде отырып, аяқ киім тігумен айналысады. «Даму-Көмек» бағдарламасы туралы Асхат өзінің таныстарынан естіп-білді, қордың арқасында ол кәсіпкерлерден демеушілік көмек алды. «Даму» қорына ол аяқ киім тігетін тігін машинасын алуға көмек көрсетуді сұраған болатын. -Мен - бес баланың әкесімін, бала күнімнен мүгедекпін, үйде отырып аяқ киім тігемін. «Даму-Көмек»  бағдарламасы туралы естігеннен кейін жаңа тігін машинкасын алуға жақсы мүмкіндік екен деп есептедім, - дейді А.Әмірбаев. - «Даму» қорының аймақтық филиалы қызметкерлері мен жеке кәсіпкер, демеушім Айсұлтанға көрсеткен көмегі үшін алғыс айтамын. Серік Найманқұлов бала шағынан үшінші топтағы мүгедек, ол да үйден аяқ киім тігумен айналысады. Мүгедектерді қолдау бағдарламасы - біз үшін өте жақсы көмек. Біздің демекушілерімізге, қор тарапынан көрсетілген қолдауға рахмет, бұл бізді еңбекке жігерлендіре түседі. Енді менде өздігімнен нәпақа табуға жақсы мүмкіндік туды», - дейді С.Найманқұлов. Алматы облысында «Даму-Көмек» бағдарламасы бойынша барлығы 147 мүгедек-кәсіпкерге демеушілк қолдау көрсетілді.         

Еңбегі ерен мұнайшылар қауымы да мұндай жандарды қолдауда белсенділік танытты. Нақты айтқанда, қызылордалық мұнайшылар мүмкіндігі шектеулі балаларды қуантты. Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Роза Бағланова атындағы мәдениет үйінде «Шапағат» мүгедек балаларды оңалту орталығының тәрбиеленушілеріне арнап жаңажылдық ертеңгілік ұйымдастырылды. Мерекені  атап өткен  «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ.  «Шапағаттың» медициналық-психологиялық және педагогикалық көмегін 40-тан астам мүмкіндігі шектеулі бала көріп келеді.  Олардың барлығы да осынау мейрам күні кейбіреуі өз бетінше, кейбіреуі ата-анасының көмегімен ғажайыптар әлеміне еніп, жаңажылдық ертегілер  еліне сапар шекті.  Оларды қарсы алған ертегілер кейіпкерлері - қу түлкі, аппақ қар, ковбойлар,  сүйкімді ханшайымдар және бала біткен асыға күтетін Аяз Ата мен Ақшақар балаларды шат-шадыман қуанышқа кенелті.  Олармен қол ұстаса шыршаны айнала асыр салып, түрлі ойын ойнаған, конкурстарға қатысып, мерекенің маңызын арттыратын тәтті сыйлықтарға кенелген балалар мәз-мейрам болды. Бұл күні «ПетрҚазақстанның» жаңажылдық сыйлығын - көзтартымды қуыршақтар, машиналар, жұмсақ ойыншықтар және тамсандырар тәттілерді «Шапағаттық» балалар жүздері бал-бұл жанып, қуана алды. Бүлдіршіндер, ата-аналар және тәрбиешілер науқас балалардың жанын түсініп, қайырымдылық жасаудан танбайтын өздерінің демеушілеріне шексіз ризашылықтарын жетізді.

 

Мүмкіндігі шектеулі балалардың ішінен  нағыз таланттарды танып, олардың өнер әлемімен сусындауына ықпал ете білу де маңызды. Сонда ғана балғын ұрпақтың бойында өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінетін тұлғалық қасиет қалыптасады. Осы мақсаттаҚазақстанда 5 сәуірде «BI Жұлдызай 2016» балалар шығармашылығы фестивалінің бірінші іріктеу туры өткен.  Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында «BI Жұлдызай» корпоративтік қоры директорының орынбасары Алтынай Тәңірбергенова мәлім етті.  «Биыл фестиваль дәстүрлі алты аталым бойынша 11-ші рет ұйымдастырылмақ. Қазіргі кезде осы фестивальға қатысуға 8 мыңға жуық өтінім келіп түсті. Атап айтқанда, біз еліміздің барлық өңірлерін аралап шығамыз. Бұл ретте фестиваль аясында жаңа таланттарды анықтаймыз деген үміттеміз», - деді А.Тәңірбергенова. «BI Жұлдызай» балалар шығармашылығының республикалық фестивалі жыл сайын Қазақстанның барлық өңірлерінің балаларын біріктіреді. Фестивальдің негізгі мақсаты - мүмкіндігі шектеулі балаларды шығармашылық әлеуметтендіру. Осы уақытқа дейін фестивальге 36 583 бала қатысты.Фестиваль түлектері Bala Tukvisyon байқауының, Белая Трость фестивалінің, 2015 жылғы МУЗ-ТВ сыйлығының қатысушылары және Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің студенттерінің қатарында. Әділқазы алқасы құрамындағы Қор жетекшілері мен қазақстандық эстрада жұлдыздары  Алматы, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Қарағанды және Астана қалаларын аралап шығады. Әділқазы алқасы қатысушылардың өнерін: «хореография», «вокалдық орындау», «аспаптық орындау», «әнді ишаралық орындау», «сәндік-қолданбалы шығармашылық», «бейнелеу өнері» аталымдары бойынша бағалайды.  Екінші іріктеу турына өткен қатысушыларды еліміздің басты сахнасында өнер көрсету, шеберлік сыныптары, экскурсиялар, көрмелер, танымал отандық жұлдыздармен, жаңа достармен кездесу және тамаша мерекелік қызық мазмұнды бағдарлама күтіп тұр.  Балалар шығармашылығының республикалық фестивалі дәстүр бойынша Балаларды қорғау күні - 1 маусымда «Қазақстан» Орталық концерт залында тәмамдалады. Фестиваль жыл сайын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, сондай-ақ облыстық және қалалық Білім басқармаларының қолдауымен өткізіліп келеді.

Кәсіпкерлердің қайырымдылығы

         
Әлеуметтік қолдау білдіруді қолға алып, жан-жағындағы мұқтаж жандарды шапағатына бөлеп жүретін кәсіпкерлеріміз де бар екені қуантады.  Мәселен, атыраулық кәсіпкер әріптестерін мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге шақырған.Атырауда қала маңындағы Геолог кентінің кәсіпкері Мұрат Салманов әлемдік экономикалық дағдарыспен бірігіп күресуге шақырды. «Ұзақ уақыт бойы көптеген елдерде, соның ішінде ең ірі экономикалық елдерде адамдар кезекті экономикалық дағдарыстың зардаптарын сезінуде. Бірінші кезекте бұл Қазақстан экспорттаушы болып табылатын мұнай бағаларының төмендеуімен байланысты. Барлығымыз бұған дайын болуымыз тиіс. Соның ішінде кәсіпкерлер де. Ірі кәсіпкерлер де, мен сияқты шағын дүкені бар кәсіпкерлер де. Мен осы қиын уақытта біздің көмегімізге мұқтаж адамдарға барынша пайдалы болу - парызымыз деп ойлаймын. Мен осындай көмекті екі аз қамтылған көпбалалы отбасыға қамқорлық жасаудан бастаймын, жыл бойы оларды барлық қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етемін. Бұл идеяны кәсіпкер әріптестерім де қолдайды деп ойлаймын», - деп мәлімдеді Мұрат Салменов Геолог кенті әкімшілігінің жыл қорытындылары бойынша өткен есептік жиналысында. 

 

Халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобын қолдау ретінде Таразда «Тегін нан» акциясы өтті.Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Ерекше мұқтаж жандар үшін тегін нан» акциясы қайырымдылық есебінен ұйымдастырылған. Қала кәсіпкерлері тұрғындардың осал топтарын осылайша қолдауды шешіті. Ниет білдірген кез келген адам, егер шынымен мұқтаж болса, бөлке нанды тегін ала алады. Дүкендерде нан сенім принципімен таратылуда», - деп түсіндірді баспасөз қызметінен. Шара бес жекеменшік және он әлеуметтік азық-түлік дүкенінде басталған. Әрбір дүкенге бүгін 100 бөлке нан әкелінді. Бұл акция өткізіліп отырған адамдардың арасында зейнеткерлер, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар бар. Ұйымдастырушылар әлеуметтік акцияны Жамбыл облысындағы басқа аудандардың кәсіпкерлері қолдайтынын күтіп отыр. 

 

Сонымен қатарШымкентте де тағы бір дүкен «Тегін нан» акциясына қосылды. 11-шағынауданындағы «Мадина» дүкенінде мұқтаж жандарға тегін нан беріледі.Тегін нанды кез келген адам ала алады. Сатушылардың айтуынша, ол үшін ешқандай құжат көрсетудің қажеті жоқ. Дүкен иелері адамдар бұл акцияға түсіністікпен қарап, тегін нанды тек аса мұқтаждар ғана алып жатыр дейді. Еске салайық, қаңтар айында қаладағы дүкендердің бірі тегін нан таратуды қолға алған болатын. Сайрам және Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы дүкен иелері әр жұма күні нанды тегін таратуда.

 

Қарағанды өңірінде де «тегін нан» шарасы ұйымдастырды. Балқаш қаласында жергілікті наубайшылар «Игі істер» акциясына қосылып, мұқтаж адамдарды тегін нанмен қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.«Балқаш-нан» нан зауыты зейнеткерлер мен тұрғындардың әлеуметтік қорғалмаған топтарын қолдауға бағытталған «Игі істер» акциясын өткізіп жатыр. Фирмалық дүкендерде: «Егер мұқтаж болсаңыз, нанды тегін алуыңызға болады» деп жазылған арнайы сөрелер орнатылған. Осылайша, нан комбинатының басшылығы тұрғындардың қорғалмаған топтарын басты өнім - нанмен қамтамасыз етуге көмектеседі», - делінген хабарламада. «Балқаш-нан» өз ассортиментін үнемі көбейтіп отырады. Кәсіпорын қазіргі кезде өнімнің 90-ға жуық түрін шығарып отыр. 

 

Ал семейліктер алғыс айтып, дүкеннен тегін тауар алуда.Семей қаласында «Барлығы да рақмет үшін!» деп аталатын екі бірдей әлеуметтік дүкен ашылды, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.Бұл дүкендерден мұқтаж жандар өздеріне қажетті киім-кешек, балаларға арналған ойыншықтар мен күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды тегін ала алады. Тек сатып алушылар міндетті түрде «Алғыс» айтуы тиіс. Әлеуметтік жоба аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы жанұяларға арналып отыр. Дүкен иелері сөреге шығарылған заттардың су жаңа немесе сыры да, сыны да кетпеген сапалы бұйымдар екенін айтады. Қайырымдылық көмек көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген әлеуметтік жоба «Халықтың сүйіктісі» атты республикалық байқаудың Ұлттық жүлдесін жеңіп алған болатын. Болашақта мұндай дүкендер желісін еліміздің өзге өңірлерінде ашу да жоспарда бар. «Бұл бастамасы ғана, біз бұл жоба ауқымын ары қарай ұлғайта түсеміз. Әлі қоймаларда жиналып тұрған көптеген затымыз бар. Баласын мектепке дайындауға шамасы келмей жатқан отбасыларға да көп көмек болады. Мұқтаж жандардың барлығы жылдың төрт маусымына арналған киім-кешек, өзге де заттарды тегін алып тұрса, біздің мақсатымыздың орындалғаны деп есептейміз», дейді әлеуметтік жоба авторы Людмила Михайлова.  

 

Осындай игі іске Қызылорда облысы да үн қосты. Қазалы ауданында «Мейірімді жүрекпен» акциясы аясында «Рахмет айт та, бәрін ал!» дүкені ашылды.Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аудан басшысы Нажмадин Шамұратов тұрғындарды Алғыс күнімен құттықтап, оларды акцияға белсене қатысып, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге шақырды. Акция аясында мекеме басшылары мен кәсіпкерлерден киім-кешек жиналып, таратылды. Адамдар бұйымдарды тек рахмет айтып, тегін алып жатты. Осы акция аясында жыл бойында тағы да басқа шаралар ұйымдастырылмақ.     

            
Ал еліміздегі кәсіпкер әйелдер болса,тегін тауарлар дүкендерін барша Қазақстан бойынша ашуды жоспарлауда. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесі «Барлығы раxмет үшін» тегін тауарлар дүкендерін барша Қазақстан бойынша ашуды жоспарлауда. Бұл туралы бүгін Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің басшысы Ләззат Рамазанова мәлім етті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің жұмысы биыл нақты істермен басталғандығын қалаймыз. Сондықтан біз үш жобаны қолға алуды жоспарлаудамыз. Ол тек Астанада ғана емес, барлық өңірлерде дамытылады, - деді ол. - Ең бірінші жоба - инновациялық жоба. Әйелдер бастамасымен мобильді қосымша жасалып, ол арқылы денсаулыққа пайдалы тағамға тапсырыс беруге болады. Екінші жоба - жеңіл өнеркәсіп саласында болмақ. Қазақстанда жасалған тауарларды сататын «Универмаг КЗ» атты сауда үйін Астанада және Қарағандыда ғана емес, өңірлік ауқымға көшсе дейміз. Селекторлық жиында палатаның өңірлік өкілдіктері осы жоба жайында ақпараттандырылды. Біз енді осы жобаны өңірлерде ашу үшін жергілікті атқарушы органдармен жұмыс істеп қана қоймаймыз, осы іске жергілікті кәсіпкерлер де белсене араласады деп санаймыз. «Универмаг КЗ» жергілікті тауарлардың Қазақстан бойынша ғана емес, барлық Еуразиялық экономикалық одақ елдері ішінде де еркін таралуына жағдай жасайтын қазіргі заманғы «Жібек жолы» іспетті». Келесі жоба, оның сөзіне қарағанда, «Барлығы раxмет үшін» тегін тауарлар дүкендерін ел бойынша таратуды көздейді.  «Үшінші жоба - әлеуметтік. Біз Семей кәсіпкерлерінің «Раxмет үшін» атты дүкеннің өңірлік желі ретінде дамуын қолдаймыз. Қазақта ертеден бері «жылу тарту», «жылу беру» деген салт болды. Біздің басқа өңірдегі кәсіпкерлік палаталары бұл бастамаға қолдау білдіруге дайын. Жылу тарту дүкендері Қазақстан бойынша кең таралады деп санаймын. Осы үш жобаны біз бүгіннен бастайтын боламыз. Нәтижелер жарты жылдан кейін жарияланады», - дейді Л.Рамазанова. Айта кетейік, алғашқы «Барлығы рахмет үшін» атты дүкен Семейде пайда болды. Сауда орнында тұтынушылардан ақша төлеуді талап етпейді.  Семей тұрғындары өздері қалаған тауарын тек «Рахмет» деген сөзді айтып, ала береді. Бірақ тегін заттар барлығына емес, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және жетім балаларға ғана беріледі. 

 

 

Осындай қолдауға ие болған ізгі шара- Ақмола облысы іскер әйелдер қауымдастығы да қолдап әкеткен «Барыңмен бөліс!» акциясы болды. Алғашқы шара Ерейментау қаласындағы балалар шығармашылық үйінде өтті.  Онда ассоциация шақыруына үн қосқан әйелдер жиналды. Ал акцияның басты мақсаты әлеуметтік жағынан аз қорғалған және көп балалы отбасыларын назарға алып, оларға қолдан келгенінше көмек көрсетуге арналды. Шараның тағы бір мүддесі Ерейментау ауданындағы әр қилы жастардағы, алуан түрлі бастама мен белсенділіктерге ие іскер әйелдердің басын біріктіру болды, деп хабарлайды  egemen.kz қауымдастықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жиында осы жөнінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Кәмила Ахмедиярова айтып берді. Ол өз сөзінде облыстық іскер әйелдер қауымдастығының бұл шараны Ерейментау ауданынан бастап отырғанында мән бар екеніне де тоқталды. Ал қала ардагерлер кеңесінің төрайымы Галина Артамонова қайырымдылық акциясын қолдап, оның ізгі қадамдарына табыс тіледі. Шараға қатысушы Хава Сигаури ауданда талантты жастар мен ересектердің көп екенін, өзінің солардың бақтары жанып кетулеріне көмектесетінін тілге тиек етті. Зейнеткер Валентина Трапезникова қайырымдылық қадамдарының қайта оралып жатқанына қуаныш білдірді. Өз кезегінде аудандық іскер әйелдер қауымдастығыныңң төрайымы Раушан Нұрғазинова мұқтаж отбасыларына көмек қолдарын созғалы отырған барша жерлестеріне алғыс сезімін жеткізді.  

 

Өкінішке орай, өткізіліп жүрген қайырымдылық шараларынан пайда көруді көздейтін қаскөйлер де ұшырасып жатады. Мысалы, Теміртау дүкеніндегі тұрмысы төмендерге берілетін тегін нанды жағдайы тәуірлер алып кете берген. Қаладағы «Шик» сауда орталығындағы сату нүктелерінің бірінің иесі әлеуметтік себет жасады. Онда «тегін» деген жазу ілініп ішіне 20 бөлке нан салынды, деп жазады жергілікті басылым.«Зеркало» газетінің жазуына қарағанда, себетке кейінірек басқа да азық-түліктер қосылған. Дүкенге келушілер де қайырымдылық шарасына атсалысып, нанды өз ақшаларына сатып алып оны себетке салып кетуіне рұқсат етілген. «Мұқтаж жандарға арналған бастама еді. Алайда оны алатындарды күзетіп отыруға тура келді. Өйткені бір жолы шағын дүкеннің иесі себеттегіден алған. Оған «Нан сатып алатын мүмкіндігіңіз жоқ па?» десек, «мен мұны тұрмысы төмен адамдарға таратамын» деп соқты», деді сатушылар. Бір қызығы нанды киімі тәуір адамдар алып кететін болған. Бір жолы бес бөлкені бірақ құшақтап шыққандар да табылды. Кейін келгендерге жетпей қалып айғай-шу шыққан. «Қайырымдылық шарасы аяқсыз қалды. Кәсіпкердің жақсы ниетіне тәрбиесіздік, арсыздық  тұсау болды» делінген мақалада.

Ал алматылық кәсіпкер жомарттық танытып, баспанаға мұқтаж Елеуовтер жанұясына 4 бөлмелі пәтер алып берген.Бұл отбасындағы бес баланың үшеуі церебральді салдану дертімен зардап шегеді. Бірінші наурызда жанұя қоныс тойын тойлады, деп хабарлады otyrar.kz порталынан.   Екі жыл бұрын Елеуовтер жанұясы Қазығұрт ауданынан  Шымкентке көшкен. Қалада сапалы медициналық көмек алатынына үміттенген.  Алайда олар үшін қалада өмір сүру қиын болды. Ақшаның көп бөлігі азық-түлік пен жалдамалы пәтер төлеміне кетіп отырды. Отағасы Әлихан Елеуов өздігінше жүре алмайтын науқас балаларын тәрбиелеуді қолға алды. Сондықтан ол жұмыстан шығуға мәжбүр болды. Жанұяның бастан-кешкені жазылған, оларға көмек көрсетуге үндеген материал жарияланған соң қазақстандықтар қарап қалмады. Біреулер ақша берсе, енді біреулері азық-түлік беріп жәрдемдесті. Ал алматылық кәсіпкер жанұяға пәтер сатып әперуді ұсынды.      

Қызылордалық кәсіпкерлер де қайырымдылық шараларынан тыс қалмақ емес. Олар онкологиялық дертпен ауыратындарға көмек көрсететін хоспистің барлық жабдықтарын сатып әперді.Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Дархан Мырзалиев облыстық кәсіпкерлер палатасының бастауымен аймақ кәсіпкерлері тарапынан осы онкоорталығына 3 млн теңгеге жуық көмек берілгендігін, алдағы уақытта да мұндай көмектер өз жалғасын табатындығын жеткізді.   Меценаттар жаңа бөлімге жұмсақ, корпусты, медициналық жиһаздар, тұрмыстық техникалар, мүгедек арбасын және өзге де науқастардың қажеттілігіне арналған заттарды алып берген. Олардың басым бөлігі мұнай-сервистік компаниялар, сондай-ақ  «Frac Jet», «НефтьТехСервис», «ПиЭм Лукас Қазақстан», «Дос Инжиниринг», «Сыр Маржаны», «Kyzylorda Wildlife Foundation» ЖШС-тері мен Жандос Қарабала, Қадырберген Бедер, Мақсат Мүбарак, Анвар Якуповтар. Кәсіпкерлер көмектерін «емделушілерге моральдық көмек көрсетіп, қолдау білдіргіміз келді. Бұл бастамамыз өзге азаматтар да жалғап алып кетеді деген сенімдеміз», дейді. «Облыс әкімінің қолдауымен жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға облыста онкологиялық дертпен ауыратын науқастарға паллиативтік көмек көрсетуге арналған 15 орындық хоспис ашылған болатын. Аталмыш ауруға шалдыққан, жағдайы өте төмен азаматтарға арналған мұндай орталықты ашу бұрыннан жоспарымызда бар болатын. Бірақ сәті енді түсті. Көңілге қуаныш ұялатыны, кәсіпкерлердің бірден көмек қолын созып, орталыққа қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткендігі», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова. Айта кету керек, паллиативтік көмек беру бөлімшесінің емделушілеріне Палата жанындағы облыстық Іскер әйелдер кеңесі де көмек көрсетуде. Кеңес мүшесі Айжан Шегенова бастаған нәзік жандылар орталықты бөлме гүлдерімен безендіріп, қабырға суреттерін табыс етті. Сондай-ақ Халықаралық әйелдер күні қарсаңында сұлулық салоны қызметкерлерімен орталықта жатқан қыз-келіншектерге қызмет көрсететіндіктерін жеткізді.

Түйін

  

Қым-қуыт тіршілікте қиналған сәтте адамдардың бір біріне демеу болып, мейірім шуағын шашып, көмек қолын созуы мына жарық дүниені нұрға бөлейді. Сондықтан да болар, қазір мемлекет тарапынан да, түрлі ұйымдар, кәсіпкерлер мен жекелеген адамдар тарапынан да қайырымдылық жасау тұрақты ұйымдастырылатын игі шаралар легіне айналды.

«ҚазАқпарат» ХАА сайтының бетінде жарық көрген материалдарға жасаған шолуымыз көрсеткендей, елімізде қолға алынып жатқан барлық қайырымдылық шаралары оған мұқтаж жандардың қажеттілігіне бағытталуда. Бұл тұрғыда, жекелеген жандарды, оның ішінде кәсіпкерлерді бұл іске ынталандырып, белсендіріп отыру керек-ақ. «Қолы ашықтың - жолы ашық» демекші, мұндай қайырымды жандарды көтермелеу шараларын өткізіп отырудың да өз артықшылықтары бар. Сондықтан мұндай адамгершіліктің биік шыңын паш ететін игі істерді БАҚ беттерінде жарыққа шығарып, халық арасында кеңінен насихаттап отыру - бүгінгі күннің басты талабына айналған.