ШОЛУ: Қазақстанның сыртқы саясаты. V бөлім
***
Елбасы және Қазақстанның сыртқы саясаты
1991 жылдан бастап сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар саласында көптеген шаралар іске асырылды. Қазақстан өзінің барлық көршілерімен, негізгі әріптес мемлекеттерімен байыпты және болжауға болатындай байсалды қарым-қатынастар орнатты. Сыртқы саясаттың негізгі діңгегі - көпвекторлық жол, яғни көп бағыттылық. Ол - еліміздің геосаяси жағынан орналасуына байланысты өмірдің өзі талап етіп отырған қалыпты жағдай. Өткен уақыт ішінде Қазақстан Республикасын дүние жүзінің 180-нен астам мемлекеті таныды. Қазақстан 120-дан астам елмен дипломатиялық қатынастар орнатты. Шет елдерде 40-тан астам дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашылды. Ал Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлтаралық ұйымдардың ондаған өкілдігі жұмыс істейді.
Бұл тұрғыда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Елбасымыздың көреген, сарабдал саясатын төрткүл дүние мойындап отыр. Соның бір мысалы, Сенат Маршалының айтуынша, Польша Н.Назарбаевтың тамыз айына елімізге жоспарлаған сапарына үлкен маңыз береді. Бұл туралы Польша Республикасы Сенатының Маршалы Станислав Карчевский ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінен соң мәлім етті.
«Біз Қазақстанды осы өңірдегі экономикалық және саяси ынтымақтастық мәселелері және сауда мен инвестициялар үшін маңызды стратегиялық әріптес мемлекет ретінде санаймыз. Мен осы сапарымыздың екі елдің арасындағы ынтымақтастық пен өзара байланыстарға оң әсер ететініне сенімдімін. Сонымен қатар, біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылдың тамыз айына жоспарланған елімізге сапарына үлкен маңыз береміз. Бұл Польша Президенті Анджей Дуда мырза мен барша поляктар күтіп отырған аса маңызды сапар болады деген сенімдеміз», - деді С.Карчевский.
Сонымен қатар, мейман Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевпен кездесу барысында халықаралық қатынастар аясындағы Қазақстан-Польша ынтымақтастығына байланысты мәселелер қозғалғанын атап өтті. Айта кетерлігі, бұл сапар ҚР Парламенті Сенатының Төрағасының шақыруына орайластырылып отыр.
Елбасының айтуынша, 25 жыл ішінде Қазақстанға 255 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Астана экономикалық форумының жалпы отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің 25 жылдағы жетістіктерін қорытындылады. «Біз ірі трансұлттық компаниялармен тиімді ынтымақтастық орната білдік. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 255 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Сондықтан, Қазақстанға сенген барлық компаняларға алғыс айтқым келеді», - деді Мемлекет басшысы. Бұл ретте, Елбасы шетелдік инвестиция - Қазақстан мен Қазақстандағы реформаларға деген үлкен сенімнің дәлелі екенін атап өтті.
Осы форумға қатысу барысында ҚР Президенті «Жасыл» экономиканы дамыту мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың жол картасын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлады ақорданың баспасөз қызметі. Жалпы отырыс барысында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Жаңа экономикалық жағдай: әртараптандыру, инновация және білім экономикасы» тақырыбымен өткен биылғы форумының қорытындысы шығарылды.
Отырысқа сарапшылық қоғамдастықтың танымал өкілдері, саясаткерлер, бизнесмендер, ірі қаржы құрылымдарының басшылары қатысып, сөз сөйледі. Олардың қатарында Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Р.Азеведо, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті С.Чакрабарти, интернет коммерциясы саласындағы AliBaba Group қытай компаниясының негізін қалаушы Д.Ма, Колумбия университеті Жер институтының директоры және британдық The Economist журналының тұжырымы бойынша ең ықпалды әлемдік үш экономистің бірі Д.Сакс, Массачусетс технология институтының экономика профессоры, Джон Бейтс Кларк медалінің 2005 жылғы иегері Д.Аджемоглу бар. Отырыс барысында сондай-ақ Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры К.Лагардтың арнаулы бейне-үндеуі көрсетілді. Қазақстан Президенті отырыста сөйлеген сөзінде «инклюзивті жаһандану» жолын таңдау қажеттігіне, онда экономикалық өсім әрбір елдің дамуы мен халқының әл-ауқатын арттыруға тиімді трансформацияланатынына назар аударды.
- Әлемдік экономиканың осындай өсімі ғана орнықты болады, біз соған ұмтылуға тиіспіз. Бұл жаһандық деңгейде бірлескен күш-жігер жұмылдыруды және ұлттық экономика деңгейіндегі іс-қимылдарды үйлестіруді қажет ететін ұзақ, күрделі әрі ауыр трансформация жолы, - деді Мемлекет басшысы. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар жаһандық бастамалар көтерді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы дамушы және кедей елдердегі адами капиталды дамытудың маңыздылығын атап өтті.
- Сауатты, білімді, денсаулығы мықты және іскер адамдарсыз ешбір мемлекет дами алмайды. Біз білім беру мен денсаулық сақтаудың тиімді жүйесін құру қаншалықты қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Бұл төзімді, білім мен мол инвестицияны қажет етеді. Қазақстан бұл бағытта жақсы ілгеріледі деп есептеймін. Алайда, бұған қол жеткізе алмаған көптеген елдер бар. Осы мәселені шешу үшін БҰҰ аясында Адами капиталды дамыту қорын құруды ұсынамын. Оның басты міндеті кедей елдердегі білім беру мен денсаулық сақтау сапасын жақсарту болуы тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті экономикалық өсімді қайта жандандыру үшін барлық қажетті жағдайды жасау керектігін, ол үшін кірісті алыпсатарлық сипаттағы қаржы салаларына аудармай, білім беруге, денсаулық сақтауға және инфрақұрылымдарға қайта инвестициялауды білдіретінін айтты.
- Бүгінде сарапшылардың бағалауы бойынша оффшорлық есепшоттарда 30-дан 40 триллион долларға дейін сақтаулы жатыр. Осы активтерге тіпті бір пайыздық жаһандық салық енгізу дамушы елдердегі білім беру мен денсаулық сақтау саласын жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік берер еді. Осы салықтан түсетін қаражатты жоғарыда аталған Адами капиталды дамыту қорына бағыттауға болады. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк жаһандық экономиканы оффшорсыздандыру жөнінде тиімді шаралар ұсынуға тиіс деп есептеймін, - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі кезде экономикалық пайда табу үшін жанталасу барысында қоршаған ортаның кешенді мәселелері назардан тыс қалып жатқанын атап өтті.
- Климат өзгерістерінің алдын алу жөніндегі жаһандық бастама өте маңызды, бірақ өзге проблемаларды да ұмытпау керек. Париж келісімі негізінде «Жасыл» экономиканы дамыту мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың жол картасын әзірлеуді ұсынамын. Ол тек зиянды қалдықтарды ауаға таратуды азайтуды ғана емес, жерді, тұщы суды, биоортаны сақтау шараларын да қамтуға тиіс. Бұл ретте жауапкершілікті тек елдер ғана емес, жаһандық корпорациялар да өз мойнына алуы қажет, - деді Қазақстан Президенті. Соңында Мемлекет басшысы әлемде қазір халықаралық диалогтың сан алуан форматы бар екеніне, жаһандық және өңірлік экономикалық форумдар өткізіліп жүргеніне назар аударды.
- Әзірленіп жатқан шешімдерді нақты енгізу ісінің келісілуі мен үйлестірілуін қамтамасыз ету маңызды. Бұл ретте барлық елдің пікірін ескеру керек. БҰҰ құрылымы аясында немесе оның қолдауымен сондай үйлестіру ісін қамтамасыз ететін арнаулы комитет құру қажеттігі пісіп-жетілді. Қазақстанда қолданылып отырған, 140 елдегі 30 мыңнан астам сарапшының басын қосатын «G-global» виртуальды интерактивті алаңын белсенді түрде пайдалануды ұсынамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
"ҚазАқпарат" Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ІХ Астана экономикалық Форумында сөйлеген сөзінің толық мәтінін таратты.
«Бүгінгі форумға қатысу үшін баршаларыңыздың уақыт бөліп, біздің елді құрметтеп, қонақжай қазақ жеріне келгендеріңіз үшін шын жүрегімнен ризашылығымды білдіремін! Астана экономикалық форумы сан түрлі мәселелерді талқылап, нақты шешімдерді қарастыратын маңызды шараға айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы, Дүниежүзілік Сауда Ұйымы сияқты жаһандық халықаралық ұйымдар мен Дүниежүзілік Банк, Еуропаның Қайта құру және Даму Банкі, Азия Даму Банкі сияқты халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері - форумның тұрақты қонақтары. Биыл қатысушылар қатарын Халықаралық Валюта Қоры, Боао экономикалық форумы сияқты беделді ұйымдар толықтырды. Сондай-ақ The Economist, Financial Times сияқты әлемге әйгілі экономикалық басылымдар өкілдері де келіп отыр. Дүние жүзіне танымал ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары, әлемдік инвесторлар, Американың, Еуропа мен Азияның ірі корпорациялары қызметкерлері де форумға қатысуда. Қазақстан экономикалық және әлеуметтік даму туралы, өңірдің және тұтас әлемнің әл-ауқаты мен өркендеуін қамтамасыз ету жөніндегі сындарлы идеялар мен көзқарастарды талқылауға әрдайым әзір. Биыл біз іргелі тақырып - жаңа экономикалық нақты ахуалды қарастырамыз. Жаңа нақты ахуалдың қандай болатыны біздің таңдауымыз бен әрекетімізге тікелей байланысты. Бұл күндері мен осы форумның аясында дүние жүзінің көп ғалымдарымен, саясаткерлер және экономистермен кездестім. Қазақстандағы жағдайды, біздің ұстанымды шараларымызды қалай бағалайтыны, қандай кеңес беретіндері туралы пікір алмастық. Бұл біз үшін өте пайдалы және маңызды мәселелер еді. Дағдарысқа қарсы біз жүргізіп жатқан жұмыстардың барлығына дұрыс баға беріп, қолдағандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін», - деді Мемлекет басшысы.
Елбасының айтуынша, біздің бәрімізді жаһандық экономикада не болып жатқаны қызықтырады. «Сіздердің көпшілігіңіз әлем жаңа экономикалық циклға еніп келе жатыр деген тұжырыммен келісетін шығарсыздар деп ойлаймын. Біз даму үшін жаһандық экономикаға тұрақты да берік негіз табудың сәті келмей отырғанын көріп отырмыз. Өсу қарқыны бірнеше жылдан бері баяулау үстінде. 2015 жылы әлемдік ІЖӨ небәрі 3,5%-ға ғана ұлғайды - бұл дағдарыстан кейінгі ең нашар көрсеткіш. Шикізат ресурстарының бағасының құлдырауы экспорттаушы елдердің табысын азайтты және сонымен бір мезгілде импорттаушы елдерге дефляциялық қысымды күшейтті. Нәтижесінде бәрі де ұтылды. 2015 жылы дамушы рыноктардан капиталдың кері қайтуы 750 миллиард доллардан асты. Нәтижесінде бұл елдердегі өсім айтарлықтай баяулады. Сонымен бірге дамыған елдерге капиталдың келуі қосымша өсімді қамтамасыз еткен жоқ. Бұл капиталдың елеулі бөлігі жаңа өнімді инвестициялауға емес, бір-біріне қосылу мен бір-бірін жұтып қою мәмілелеріне бағытталды. Бұл дисбаланстың кенеттен пайда болмағанын, ұзақ жылдар бойы қордаланып келгенін түсінудің маңызы зор. 2008 жылы жаһандық «қаржы көбігі» жарылғаннан кейін олар киіп-жарып сыртқа шықты», - деген Қазақстан Президенті проблеманың мәніне назар аударуды ұсынды.
«Соңғы 30 жыл бойына біз бұрын-соңды болмаған жаңғырулардың куәгері болдық. Әлемдік экономика жедел қарқынмен өсті және жаһанданудың арқасында ол өсім іс жүзінде бүкіл әлемге тарады. Тарихта алғаш рет дамушы рыноктар бірінші орынға шықты. Тек соңғы 15 жылда ғана дамушы елдердің жиынтық ішкі жалпы өнімі 4 еседен астамға артты, олардың жаһандық экономикадағы үлесі екі еселенді және 2015 жылы шамамен 40%-ды құрады. Жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіші бойынша дамыған және дамушы мемлекеттер арасындағы айырмашылық 20-дан 9 есеге дейін қысқарды. Осы елдерде 6 миллиардтан астам адам өмір сүретінін ескергенде, бұл - өте маңызды жетістік. Дегенмен, әлемдік экономиканың ырғақты өсімі толыққанды дамуға трансформацияланған жоқ. Экономикалық тиімділіктер тепе-тең тараған жоқ. Қаржының үлкен көлемі дамушы елдерден шығарылды да, олар қайта инвестицияланбады. Табыстарды бөлудегі теңсіздік орасан зор қарқынмен өсті. Неғұрлым ауқатты азаматтар өз дәулеттерін еселеп ұлғайтып жатқанда, орта таптың тұрмыс деңгейі іс жүзінде өзгеріссіз қалды. Кедей елдердегі адам капиталының дамуы жаңа экономика талаптарынан едәуір артта қалып қойды. Мәселен, бұл өңірлерде бүкіл әлем балаларының 45%-ы өмір сүретініне қарамастан Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африканың дамушы елдеріне әлемдік білім беру шығындарының тек 3,5%-ы ғана тиесілі. Бұл мемлекеттерде 50 миллиондай бала мүлде мектептерге бармайды, 250 миллион оқушы қарапайым сауаттылықтан ада.
Тиімді нарық институттарын құруға бағытталған құрылымдық реформалар мейлінше баяу жүргізілді. Бүгінде әлемді, сарапшылардың пайымдауынша, төртінші өнеркәсіптік революцияға бастайтын терең технологиялық жаңғырулар қамтып отыр. Экономикалық дамудың негізінің өзі түбірлі түрде өзгеруде. Біз «ресурстар экономикасынан» «білімдер мен инновациялар экономикасына» түпкілікті көшудеміз. Сонымен бірге, көптеген дамушы елдерде өсім үшін ішкі әлеует қалыптасқан жоқ. Бұл, менің пайымдауымша, жаһандық экономиканың ұзақмерзімді тұрақтылығына нұқсан келтіретін іргелі проблема», - деді Н. Назарбаев.
Елбасының айтуынша, бүгінде әлем елдебір жолайрықта тұр, және одан арғы жаһандық дамудың қандай жолмен жүзеге асатындығы көбіне-көп бүкіл әлем қоғамдастығының үйлесімді іс-қимылына байланысты болмақ. Оқиғалардың әрі қарай дамуы ықтимал сценарийлердің бірі - әлемдік экономиканы фрагменттеу. Қазіргі уақытта үкіметтер мен орталық банктерде экономикалық белсенділікті жандандыру үшін мүмкіндіктер барған сайын азая түсуде. Мұндай жағдайда протекционизмге салынып, сыртқы әлемнен бой тасалауға қарай елігушілік өте зор.
«Біз қазірдің өзінде мұндай саясаттың көптеген жекелеген мысалдарын көріп отырмыз. Ол жеке сауда блоктарын құруға, капиталдың қозғалуына шектеулер енгізуге, өзара санкцияларға, сауда үшін кедергілерді ұлғайтуға қатысты. Менің пайымдауымша, бұл - ұзақ мерзім бойы бүкіл елдерге нұқсан келтіретін, ал өзінің радикалдық фазасында бүкіл әлемдегі текетірестердің ұлғаюына соқтыратын тұйық жол. Барлығы әскери, экономикалық және саяси блоктарға бөлінген «қырғи-қабақ соғыс» кезеңі күні бүгінге дейін менің есімде. Онда дұрыс бәсекелестік идеологиясы, яғни «өзің үшін жақсы жасау» идеясы «көршіңе жамандық жасау» текетіресімен алмастырылды. Тек «темір перде» ысырылғаннан кейін ғана әлем еркін тыныс алып, халықаралық экономика өсе түсті. Кейін шегінуге және осы жетістіктерді жоғалтуға жол беруге болмайды.
Жаһандану табиғи және бұлжымас үдеріске айналды. Қазіргі заманғы әлемде сенің төңірегінде тұрақсыздық, соғыстар мен күйзелістер болған жағдайда елдердің әл-ауқатын қамтамасыз етуге болмайтынын Еуропалық одақтағы босқындарға қатысты дағдарыс іс жүзінде көрсетіп берді. Мен бізге басқа жолды - экономикалық өсім әр елдің дамуына және тұрғындарының әл-ауқатының артуына тиімді трансформацияланатын «инклюзивті жаһандану» жолын таңдау қажет деп есептеймін. Әлемдік экономиканың осындай өсімі ғана тұрақты бола алады және біз соған ұмтылуға тиіспіз. Бұл - жаһандық деңгейде бірлескен күш-жігерді және ұлттық экономикалар деңгейінде іс-қимылдарды үйлестіруді талап ететін трансформацияланудың ұзақ, күрделі және ауыр жолы. Мен өсім әлеуетін қалыптастыруы мүмкін бірқатар жаһандық бастамаларды көріп тұрмын.
Біріншіден, біз дамушы және ең кедей елдердегі адами капиталдың дамуына басты назар аударуымыз керек. Ешқандай мемлекет сауатты, білімді, дені сау және іскер адамдарсыз дами алмайды. Біз білім беру мен денсаулық сақтаудың тиімді жүйесін құрудың қаншалықты қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз - бұл шыдамдылықты, білімді және үлкен инвестицияларды қажет етеді. Мен Қазақстан бұл салаларда жақсы алға басты деп есептеймін. Дегенмен, бұл істің сәті түспеген көптеген елдер де бар. Осы проблеманы шешу үшін БҰҰ қолдауымен Адами капиталды дамыту қорын құруды ұсынамын. Ең кедей елдердегі білім беру мен денсаулық сақтау сапасын жақсарту оның басты міндеті болуы тиіс. ЮНЕСКО-ның мәліметтері бойынша, кедей елдердегі жалпыға бірдей базалық білім беруді қамтамасыз ету үшін жылына шамамен 50 млрд доллар қажет. Бұл проблеманы тек халықаралық қоғамдастықтың бірлескен күш-жігерлері арқылы ғана шешуге болады.
Екіншіден, экономикалық өсім қайта қордаланып отыруы үшін, яғни алыпсатар қаржы салаларына аударылып кетпей немесе оффшорлық аймақтарда қалып қоймай, кірістер жаңа өндірістерге, білім беруді, денсаулық сақтау мен инфрақұрылымды дамытуға қайта инвестициялануы үшін барлық жағдайды жасау керек. Бүгінде, сарапшылардың бағалауынша, оффшорлық есепшоттарда 30-дан 40 триллион долларға дейін сақталуда. Осы активтерге жаһандық салықтың бір пайызын ғана енгізудің өзі дамушы елдердегі білім беру мен денсаулық сақтауды жаңа сапалы деңгейге көтеруге жағдай жасар еді. Ол салықтан түсетін қаржыны жоғарыда аталған Адами капиталды дамыту қорына бағыттауға болады. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк жаһандық экономиканы оффшорсыздандыру бойынша пәрменді шаралар ұсынуы керек.
Үшіншіден, бүгінде экономикалық пайда табу үшін жанталасу кезінде қоршаған ортаның кешенді мәселелері назардан тыс қалуда. Климаттық өзгерістерге қарсы іс-қимыл жөніндегі жаһандық бастаманың маңызы да өте зор, бірақ, басқа да проблемаларды ұмытуға болмайды. Париж келісімінің базасында «жасыл» экономиканы дамытудың жол картасы мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөніндегі келісімшарт жасауды ұсынамын. Ол ауаға зиянды қалдықтарды шығаруды азайтып қана қоймай, жерді, тұщы суды, биоортаны сақтау жөніндегі шараларды қарастыруы қажет. Оның үстіне жауапкершілікті тек елдер ғана емес, сондай-ақ, жаһандық корпорациялар да мойындарына алулары тиіс. Өткен жылы оның орнына келген Киото хаттамасы мен Париж келісімі елдерге СО2 шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелер қалыптастырады. Сонымен бір мезгілде, су ресурстары, биоортаны сақтау, жердің тозуына жол бермеу, табиғатты тиімді пайдалану мәселелері тек ұлттық және өңірлік деңгейлерде шешілуде. Осы мәселелер бойынша жаһандық диалог жоқ. Бұдан бөлек, қолданыстағы барлық пішімдер елдердің қатысуын қарастырғанымен, ТҰК те ірі табиғат пайдаланушы болып табылады.
Төртіншіден, әр елдің ұлттық деңгейде ауқымды құрылымдық реформалар жүргізгені маңызды», - деді Н. Назарбаев.
«Қазақстан - жас мемлекет, үстіміздегі жылы біз тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтеміз. Ширек ғасыр бедерінде біз картада жоқ мемлекеттен табысы орташа деңгейлі, әлемдегі бәсекеге аса қабілетті 50 елдің құрамына енген мемлекеттің жолын жүріп өттік. Осы кезеңде біз әкімшіл-әміршіл басқарудағы мешеу қалған экономикадан ашық нарықтық экономикаға өтуге толық қол жеткізе алдық. Қайта жаңғыртулар өте қиын жүрді және жанға бататындай болды, әлі көп нәрсе істеу керек. Алайда, жүргізілген реформалардың басты нәтижесі азаматтарымыздың әл-ауқатын түбегейлі жақсарту болды.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның ішкі жалпы өнімі доллармен есептегенде 20 есе, орташа еңбекақы 17 есе өсті. Шамамен 2 миллион жұмыс орны ашылды. Серпінді экономикалық өсім жағдайында біз табыстарда соншалықты бір айырмашылықтарға жол бермедік. Кедейшілік айтарлықтай азайды. Егер 90-шы жылдардың басында әрбір үшінші адам Қазақстанда кедейшілік шегінің арғы жағында өмір сүрсе, бүгінде кедейшілік деңгейі 3%-дан да төмен.
Экономикалық өсім өрлеп тұрған кездің өзінде де біз жалпыға бірдей тұтыну үрдісіне жол бермедік. Біз үшін адами капиталға инвестициялар салу, инфрақұрылымдарды дамыту, индустрияландыру және қазақстандықтардың болашақ ұрпағы үшін қор жасау басты басымдықтар болды және болып қалып отыр. Тәуелсіздік жылдарында шамамен 1400 мектеп пен 1300 денсаулық сақтау нысандары салынды. Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік сала шығындары ІЖӨ-нің 6%-ынан 10%-ынан астамға дейін өсті. Қазақстандықтардың орташа өмір жасы 72-ге ұлғайды. 100 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, халықтың баспанамен қамтамасыз етілуі бір жарым есеге ұлғайды. Республикалық маңызы бар 10,5 мың шақырым автомобиль жолы салынды және жөнделді. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 6 жылда 3,8 триллион теңгеге 900 жоба қолданысқа енгізіліп, 85 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Елдің халықаралық резервінің көлемі, Ұлттық қор қаржыларын қоса алғанда, 95 миллиард долларды құрап, ІЖӨ-нің 50%-ына дейін артты.
Біз жетекші трансұлттық корпорациялармен тиімді ынтымақтастықты жолға қоя білдік. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 255 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл - елімізге және жүргізіліп жатқан реформаларға деген сенімнің көрсеткіші.
Қазақстан қашанда интеграция мен өзара іс-қимылдың жақтаушысы болып келді, Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын қолдады. Бүгінде ЕАЭО ақиқатқа айналды және 180 миллионнан астам халқы бар 5 елдің басын біріктіріп отыр. 2015 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына толыққанды мүше болды», - деді Елбасы.
Н. Назарбаевтың айтуынша, өткен жылы біз аса маңызды бес институттық реформаны жүзеге асыруға кірістік. Бұл жаңғыртулар заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат құруға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, индустрияландыру мен экономикалық өсімге, қазақстандықтарды болашақтың біртұтас ұлтына топтастыру мен мемлекеттің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. «100 нақты қадам» ұлт жоспары қабылданып, оны жүзеге асыру үшін заңнамаға өзгеріс енгізіліп үлгерілді. Бұл - әлемде болып жатқан түрлі теріс үрдістерге (трендтерге) басты жауап.
«Қазақстан басты мақсаты әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына қосылу болып табылатын 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын жүзеге асыруда. Алдағы онжылдықтың шешуші міндеті - елді дамытудың мүлде жаңа моделін қалыптастыру. Қазақстан экономикалық өсімді жандандырып, бәсекеге қабілеттілікті нығайтатын орасан зор әлеуетке ие. Біз өзіміздің ұзақ мерзімді өсіп-өркендеуіміз бен орнықтылығымызды тек қана еліміздің аса бай табиғи ресурстарға тәуелділігіне байлап қоймаймыз. Осыған орай негізгі міндет -экономикалық өсімнің жаңа қозғаушы күштерін (драйверлерін) қалыптастыру, индустрияландыруды жалғастыру, халықтың жоғары табысы мен сапалы адами капиталы бар жеке секторға басымдық берілетін заманауи экономика орнықтыру.
Экономикалық өсім көбінесе еңбек өнімділігінің, жекеменшік инвестициялардың және бәсекелестіктің өсімімен қамтамасыз етілетін болады. Дамудың жаңа экономикалық моделін қалыптастыру барлық саладағы құрылымдық өзгерістерге негіз қалайды. Біз күш-жігерімізді мемлекеттік секторда жүргізіліп келе жатқан саясаттың тиімділігін арттыруға және мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша ІЖӨ-нің 15%-ына дейін төмендетуге жұмсайтын боламыз. Біздің экономиканың нақты секторындағы негізгі міндетіміз - нарықтық институттарды нығайту, еркін бәсекелестікті дамыту мен жеке іскерлік бастаманы ынталандыру. Біз әлеуметтік-қоғамдық салада адами капиталды дамытуға инвестиция салуды белсенді түрде жалғастырамыз, бірақ мемлекеттің, бизнес пен азаматтың жауапкершілігін нақты бөліп көрсететін боламыз», - деді Н. Назарбаев.
«Қазақстан өзінің салыстырмалы түрде қысқа ғана тарихында көптеген экономикалық сілкіністерді - 90-шы жылдардағы ауқымды экономикалық коллапстан бастап, 2000-шы жылдардағы естен тандырарлықтай жан-жақты сыртқы сілкіністерге дейін еңсере алды. Біздің басты қағидаттарымыз - экономикалық прагматизм, реформаларды жүзеге асырудағы дәйектілік пен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға күш салу - бізге барлық қиындықтардан өтуге мүмкіндік беріп, біздерді күштірек ете түсті.
Бүгінде барлық елдер қиындықтарды бастарынан өткеру және ұлттық эгоизмге ерік бермей, әлем алдында тұрған сын-қатерлерді еңсеру ісінде бірлесіп жол таба білу маңызды. Халықаралық диалогтың түрлі пішімдері бар: G-7, G-20. Жаһандық және өңірлік экономикалық форумдар, мәселен, Давостағы, Боаодағы, біздің Астанадағы секілді кездесулер өткізіліп келеді. Әзірленген шешімдерді нақты іс жүзінде пайдалану барысында келісушілік пен үйлесімділікті қамтамасыз ету маңызды. Бұл жерде барлық елдердің пікірі ескерілуге тиіс. БҰҰ құрылымында немесе оның жанынан осындай үйлестіру ісін қамтамасыз ететін арнаулы комитет құратын уақыт жетті. Қазақстанда қолданылып келе жатқан, 140 елден 30 мыңнан астам сарапшының басын біріктіретін «G-global» виртуалды интерактивті алаңын белсенді түрде пайдалануды ұсынамын.Сөзімді аяқтай келе, форумның барлық қатысушыларына жемісті жұмыстары үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Оның қорытындылары жаһандық дамудың ортақ қазынасына қосылатыны анық. Форумның барлық қатысушылары мен қонақтарына зор денсаулық пен табыс тілеймін!», - деді Мемлекет басшысы.
Елбасы бастамасымен құрылған ЕАЭО мақсаты - мүше елдер арасында бірыңғай нарық қалыптастыру ғана емес, халықтардың келісімде өмір сүруіне жағдай жасау. Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысы өтті. «Бүгін мен сіздерді біздің Еуразиялық экономикалық одағымызды одан әрі дамытудың маңызды мәселелерін талқылау үшін Астанада көргеніме қуаныштымын. Ең алдымен, барлықтарыңызды осыдан екі жыл бұрын, 29 мамырда Астанада Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуының екінші жылдығы сынды маңызды датамен құттықтағым келеді. Ресей Федерациясы, Қазақстан және Беларусь бастап беріп, құрамы Армения және Қырғызстанмен толықты және ЕАЭО қызметі қарқын алып келе жатыр. Бүгін біз экономикалық бірлестік қызметінің өзекті, маңызды мәселелерін талқылап, шешім қабылдау үшін жиналып отырмыз. Күн тәртібінде 14 мәселе бар», - деді отырысты ашқан ҚР Президенті.
Айта кетейік, кеңес жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Армения Президенті Серж Саргсян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қатысты. ЕАЭО елдерінің көшбасшылары газ, мұнай және мұнай өнімдері орталық нарығын қалыптастыруды қоса алғанда, ықпалдастықты тереңдетудің перспективаларын талқылайды, шет елдермен және өңірлік ықпалдастық бірлестіктерімен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге қатысты пікір алмасуда. Келіссөздер қорытындысында ЕАЭО қызмет етуінің практикалық мәселелері бойынша бірқатар құжаттар қабылданды.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Ақордада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Қазақстан ЕАЭО одан әрі қарқынды дамуы үшін барлық күш-жігерін жұмсайды, деді. Жиынға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.
Іс-шара барасында Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары қарастырылды. Қазақстан Президенті қатысушылардың барлығын ЕАЭО туралы келісімнің жасалғанына екі жыл толуымен құттықтады.
«Бұл құжатқа 2014 жылғы 29 мамырда Ресей, Қазақстан және Беларусь елдері осында, Астанада қол қойды. Қысқа уақыт ішінде біздің қатарымыз Армения және Қырғызстанмен толықты. құрылғанына аз ғана мерзім өткенімен және бастапқыдағы экономикалық қиындықтарға қарамастан, бүгінде ЕАЭО толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Экономикаларымызды жақындастыру ісі енді ЕАЭО туралы келісімде белгілеген жоспарлар мен мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылуда. Үкіметтер және бизнес қауымы бір-бірімен ынтымақтасудың қажетті тәжірибесін жинақтап жатыр. Өзара іс-қимылдың ішкі мәселелері негізінен регламенттелді. Қойылған міндеттер мен одақ қызметі қағидаттарының жүзеге асырылуы мемлекеттеріміздің экономикасына қуатты серпін беретініне сенімдімін», - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлем бойынша экономикалық бірлестікке мүдделілік артып, ЕАЭО-ның халықаралық байланыстарын барған сайын қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Осы орайда, ұйымның төрағасы ретіндегі менің ұсынысыммен, 2016 жыл «Үшінші елдермен және негізгі интеграциялық бірлестіктермен ЕАЭО-ның экономикалық қарым-қатынастарын тереңдету жылы» болып жарияланды. Өз үндеуімде ЕАЭО-ны біз әлемдік экономикалық жүйеге үйлесімді түрде кіріккен, Еуропа мен Азия арасындағы дәнекер қызметін атқаратын ашық қоғамдастық ретінде көретінімізді атап өткен едім. Былтыр Вьетнаммен арада еркін сауда аймағын құру туралы ЕАЭО-ның алғашқы келісімшартына қол қойылды. Бүгінде ҚХР, Үндістан, Израиль, Мысыр, Иран, Камбоджа және өзге де көптеген елдермен ынтымақтасу мәселелері жөнінде жұмыс жүргізілуде. ЕАЭО-ның ЕО, ШЫҰ, АСЕАН және өзге интеграциялық бірлестіктермен де сауда-экономикалық байланыстарын жолға қою мүмкіндіктері бөлек қарастырылуда», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ЕАЭО-ның бірлескен нарығы Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы байланыстырушы буын болуға тиіс екендігін айтты.
«Одақ аясында тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысы қытай басшылығы ұсынған «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасына сәйкес келеді. Бұл жоба ынтымақтастықтың біздің елдеріміз үшін экономикалық пайда және өзара мүдделілік тудыратын салаларын қамтиды деп жоспарланып отыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті біздің елде жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы мен оларды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Олар - трансқұрлықтық «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомобиль дәлізінің қазақстандық бөлігі, «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржолы, Ляньюньган қытай портындағы логистикалық терминал сияқты жобалар. Каспий жағасында Құрық паром кешенінің құрылысы жүруде. Осылайша, Қазақстан ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыра отырып, осы көлік жолдары арқылы өңіраралық өзара іс-қимыл үшін сенімді платформа қалыптастыруда», - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономикада болып жатқан ұнамсыз жайттардың барлығы үшін сынақ екеніне, ЕАЭО аясында мейлінше жүйелі жұмыс жүргізуді талап ететініне назар аударды.
«Өзара сауданың күрт төмендеуін сезініп отырған қазіргі кезде бізге осы қиын жағдайда өзара іс-қимылдың өзге жолдарын табу мүмкіндігін іздестірген жөн. Бірлестік аясында ынтымақтасу бізге ресурстарды шоғырландырып, экономикалық тұрғыдан бірлесе даму үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бүгінгі жиынның күн тәртібіндегі мәселелердің көптігін айтты. «Онда ЕАЭО-ның ішкі өзара іс-қимылының да, халықаралық ынтымақтастығының да аспектілері де қамтылған. Осы ретте біз шағын құрамда өткен кездесу барысында талқылаған мына мәселелердің маңыздылығын атап өтейін: ЕАЭО мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою, ҚХР-мен келіссөз үдерісін бастау. Жалпы, бүгін қабылданған шешімдер ЕАЭО жұмысына және оған мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарға қосымша қарқын үстеуге тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті биыл ЕАЭО-ға біздің елдің төрағалық ететінін ескере келіп, интеграциялық бірлестіктің одан әрі табысты әрі қарқынды дамуы үшін барлық күш-жігердің жұмсалатынына сендірді.
Армения Президенті С.Саргсян экономикалық интеграция макроэкономикалық деңгейдегі қадамдарды үйлестірудің деңгейін арттыруды талап ететінін атап өтті. «Осы ретте, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 2016-2017 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарларын жүйелі іске асыруға және экономикалық әлеуетімізді арттыру жөніндегі бұдан арғы пәрменді тетіктерді әзірлеуге зор мән береміз. Бұл біздің елдеріміздің экономикасының орнықтылығын арттыруға және қалыптасып отырған жағымсыз экономикалық ахуал салдарларын еңсеруге септігін тигізеді. Біз жалпы әлемдік саясат пен экономикағы өңірлік құрылымдардың үлесін арттыру үдерісі жағдайында интеграциямыздың экономикалық серіктестіктің барлық мүдделі тараптармен кең ауқымдағы ынтымақтастықтың ашық, тартымды үлгісіне айналуы жолында барлығын жасауға тиіспіз», - деді С.Саргсян.
Беларусь Президенті А.Лукашенко ЕАЭО-ны дамыту мақсатымен алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру барысындағы қиындықтарға тоқталды. Атап айтқанда, өзара саудадағы ішкі алымдар мен шектеулерден құтылу, мүше елдің бірінің үшінші елдерден нарықты қорғауда біржақты шаралар қолдануы жағдайында ЕАЭО-ның жұмыс жүргізу тетігін әзірлеу жөніндегі бастаманың орындалуы қажеттігі туралы айтылды. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік ынтымақтастық, энергетика саласындағы, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардың ортақ нарығын қалыптастыру ісіндегі міндеттерді жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді.
Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаев ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларын интеграциялық үдерістің негізгі мақсаттары мен міндеттерінің орындалуына қол жеткізу жолындағы кедергілерді жоюға барлық күш-жігерді жұмсауға шақырды.
«ЕАЭО-ны құру туралы келісімге 2014 жылғы 29 мамырда қол қойылды. Шындығында одақ одан да аз мерзімде жұмыс істеп келеді. Соған қарамастан, оның әлеуеті орасан екені көрініп тұр. Әрине, қазірдің өзінде белгілі бір нәтижелер мен табыстар бар. Қателіктер мен қолдан жасалған проблемалар да жоқ емес. Біздің халықтарымыз үшін бұдан басқа баламаның жоқ екенін де өзіміз айқын сезінуге тиіспіз. Біз Еуразиялық экономикалық одақтың болашағы үшін, елдеріміздің болашағы үшін жауаптымыз. Еңбек пен төзім, халықтарымыз бен мемлекеттердің, сондай-ақ барлық министрліктер мен ведомстволардың басшыларының парасаттылығы және ынтымақтастығы керек. Мен ЕАЭО-ның болашағына сенемін», - деді А.Атамбаев.
Ресей Президенті В.Путин интеграциялық бірлестіктің тиімді жұмыс істеуі үшін сыртқы серіктестермен жүйелі қарым-қатынас қалыптастыру қажеттігін айтты.
«Біз одақтың өзге елдермен және интеграциялық бірлестіктермен экономикалық байланыстарын одан әрі тереңдетуге күш-жігер жұмылдыру жөнінде Қазақстанның төрағалық ету барысында айтқан ұсынысын қолдаймыз. Ең алдымен, бұл Шанхай ынтымақтастық ұйымы және АСЕАН мемлекеттерімен байланысқа қатысты мәселе. Бұл бағытта қазірдің өзінде жасалған жұмыс аз емес. Вьетнаммен арада еркін сауда аймағы құрылды, ЕАЭО-ны қытайдың «Жібек жолы» бастамасымен ұштастыру идеясын дамыту үшін нақты жобалар тізбесі әзірленуде. Сондай-ақ қазақстандық серіктестердің Еуразиялық одақ пен ЕО арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою мәселелеріне арналған халықаралық конференция өткізу жөніндегі бастамасын да мақұлдаймыз», - деді В.Путин.
Мемлекет басшысының айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасты. Бұл туралы Ақордада өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті. ҚР Президенті өз сөзінде құрылғанына аз ғана уақыт болған Еуразиялық экономикалық одақ бастапқы сәттен-ақ жолында кездескен қиындықтарды еңсеріп, бүгінде толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасып үлгергенін баса айтты.
«Ендігі уақытта біздің экономикаларымыздың жақындасуы біздің ЕАЭО туралы шартта белгілеген жоспарлар мен мерзімдерге сәйкес жүргізілу үстінде. Үкімет пен бизнес бір-бірімен ынтымақтастықтан қажетті тәжірибені алу үстінде», - деді Елбасы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ қызметіндегі алға қойылған міндеттер мен ұстанымдарды жүзеге асыру жалпы экономикаға қуатты серпін берерін атап өтті. ЕАЭО елдерінің көшбасшылары газ, мұнай және мұнай өнімдері орталық нарығын қалыптастыруды қоса алғанда, ықпалдастықты тереңдетудің перспективаларын талқылайды, шет елдермен және өңірлік ықпалдастық бірлестіктерімен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге қатысты пікір алмасуда. Келіссөздер қорытындысында ЕАЭО қызмет етуінің практикалық мәселелері бойынша бірқатар құжаттар қабылданбақ.
Сонымен қатар ЕАЭО елдерінің басшылары ЕО, ШЫҰ, АСЕАН-мен байланыстарды жолға қою мәселелерін талқылады. Еуразиялық экономикалық одақ Еуропа мен Азия арасындағы сенімді көпірге айналуы тиіс, деді Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
«Бүкіл әлемде біздің экономикалық бірлестігімізге қызығушылық артып, одақ халықаралық байланыстарды барынша қарқынды дамыту үстінде екендігін білеміз. Осыған орай, биыл ұйымның төрағасы ретінде менің ұсынысыммен бұл жыл ЕАЭО-ның үшінші елдермен және басты интергациялық бірлестіктермен экономикалық қарым-қатынасты тереңдету жылы деп жарияланды», - деді Мемлекет басшысы. Елбасы ЕАЭО әлемдік экономикалық жүйеге толыққанды интеграцияланған ашық қоғамдастық ретінде құрылып, болашақта Еуропа мен Азия арасындағы сенімді көпірге айналуы тиістігін баса айтты.
«Өткен жылы Вьетнаммен еркін сауда аймағын құру туралы бірінші шартқа қол қойылды. Бүгін біз шағын құрамда ҚХР, Үндістан, Израиль, Мысыр, Иран, Камбоджа және көптеген басқа да елдермен ынтымақтастық мәселесін талқыладық. ЕАЭО-ның ЕО, ШЫҰ, АСЕАН және басқа интеграциялық бірлестіктермен сауда-экономикалық байланыстарын жолға қою мүмкіншілігін жеке қарастырдық»,- деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті қабылданған шешімдер ЕАЭО қызметіне қосымша серпін беруі тиіс деп мәлім етті. «Әлемдік экономикада орын алып жатқан келеңсіз жайттар біздің барлығымыз үшін де сынақ және ЕАЭО алаңында барынша тәртіппен жұмыс істеуді талап етеді. Біздің комиссия және барлығымыз, Үкіметтер өзара сауданың күрт құлдырауына сезініп отырған осынау қиын жағдайдан қалай шығу, біздің ынтымақтастықтың басқа жолдарын табу мүмкіншіліктерін іздеу қажет»,- деді Н.Назарбаев.
Осы ретте ҚР Президенті бірлестік аясындағы ынтымақтастық одақ елдеріне ресурстарды шоғырландыруға, біріккен экономикалық даму үшін жайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті. «Бүгінгі отырыстың күн тәртібі толымды. Ол ішкі өзара іс-қимылмен қатар халықаралық ынтымақтастықты да қамтиды. Бұл тұрғыда біздің шағын құрамда талқылған мәселелердің маңыздылығын атап өткім келеді. Біріншіден, ЕАЭО мен ЕО арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою, ҚХР-мен келіссөздер процессі басталды. Толықтай алғанда, бүгінгі қабылданған шешімдер ЕАЭО қызметіне қосымша серпін беруі, сонымен қатар мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуы тиіс», - деді Н.Назарбаев.
Аталған кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында РФ Президенті Владимир Путин Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы желтоқсан айында Мәскеуде өтетінін айтты.
«Еуразиялық комиссия Моңғолия, Перу, Чилидің Үкіметтерімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Жоспарда Сербиямен сауда уағдаластығын әзірлеу бар. Оңтүстік Кореямен, Эквадормен және МЕРКОСУР-мен ынтымақтастық туралы келісім дайындалуда. Одақпен тығыз байланыс орнатуға Иран, Үндістан, Мысыр, Израиль қызығушылық танытуда», - деді ол. Сонымен қатар РФ Президенті Еуразиялық одақ пен ЕО арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою бойынша халықаралық конференция өткізу туралы Қазақстан бастамасына қолдау білдіретіндігін атап өтті. Халықаралық жиынды өткізуге Еуразиялық экономикалық комиссия белсенді араласуы тиістігін баса айтты. «Сөзімді қорыта келе, осы мүмкіндікті пайдаланып, шағын құрамда уағдаласқанымыздай, Мәскеуде желтоқсанда өтетін келесі кездесуге барлықтарыңызды шақырамын», - деді В.Путин.
Аталған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында төмендегідей шешімдер мен өкімдер қабылданды:
1. Еуразиялық экономикалық одақ сотының судьяларын лауазымға Қырғыз Республикасынан тағайындау туралы;
2. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 10 қазандағы №79 шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
3. Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер арасында бір тараптан, Вьетнам Социалистік Республикасымен арада екінші тараптан 2015 жылғы 29 мамырда қол қойылған Еркін сауда келісімінің күшіне енуі туралы;
4. Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмыс регламентіне өзгерістер енгізу туралы;
5. Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер арасында бір тараптан, Вьетнам Социалистік Республикасымен арада екінші тараптан 2015 жылғы 29 мамырда қол қойылған Еркін сауда келісімінің күшіне енуімен байланысты мәселелер туралы;
6. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 2016-2017 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарлары туралы;
7. Сербия Республикасымен сауда режімін унификациялау туралы Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттердің Сербия Республикасымен келіссөздерін бастау туралы;
8. Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы туралы;
9. Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ мұнай және мұнай өнімдері нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы туралы;
10. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер халқының санитарлық-эпидемиологиялық саулығы саласындағы өкілетті органдар басшыларының кеңесі туралы.
11. Табиғи монополия субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай ережелері мен қағидаттары туралы 20-хаттаманың 5-тармағының тармақшасына сәйкес ақпарат беру туралы (Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы келісімге № 20 қосымша);
12. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысының өтетін уақыты мен орны туралы.
Мемлекет басшысы шетелдік инвесторларды Қазақстанға тарту мәселесін де назарынан тыс қалдырмайды. Н.Назарбаев шетелдік инвесторларды «Астана» қаржы орталығын насихаттауға шақырды. ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеңес мүшелерін «Астана» халықаралық қаржы орталығын шетелде насихаттауға шақырды.
«Сіздерді, Шетел инвесторлары кеңесі мүшелерін, АХҚО жұмысын құруға және оны шетелде ілгерілетуге, шетелдік қаржы институттарымен өзара тиімді қарым-қатынасты жолға қоюға белсенді қатысуға шақырамын. Сіздер Қазақстанның досы - әлемдік ірі компаниялардың басшысы ретінде біздің еліміз жайында, еуразиялық құрлық территориясындағы осынау жаңа бастаманың мүмкіншілігі жайында айта аласыздар», - деп атап өтті Елбасы. Мемлекет басшысы АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңеске әлемдегі ірі компаниялар мен қаржы ұйымдарының ықпалды басшыларын шақырғанын атап өтті. «Қазақстан АХҚО тұғырнамасындағы серіктестік жайындағы сіздердің барлық ұсыныстарыңызды қарап, қолдау көрсетуге дайын. Біздің серіктестігіміз Қазақстанның және бүкіл біздің өңірдің тұрақты, әлеуметтік-экономикалық даму үшін жайлы жағдай жасайтындығына сенімдімін», - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шетел инвесторлары кеңесі отырысы аясында «Ройял Датч Шелл плс» концернінің бас атқарушы директоры Бен ван Берденмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Кездесу барысында қазіргі өзара іс-қимылдың бірқатар мәселелері, сондай-ақ концерн қызметінің мейлінше перспективалы салаларындағы ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылды. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев компанияның Қашаған кен орнын игеру жобасындағы маңызды ролін атап көрсетіп, Б.Берденді «Би Джи Групп» компаниясымен қосылу үдерісінің табысты аяқталуымен құттықтады. Қазақстан Президенті қазіргі кезеңде «Ройял Датч Шелл плс» біздің еліміздің мұнай-газ саласындағы аса ірі инвесторлардың бірі болып отырғанына назар аударды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бұл саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігіне тоқталды. Б.Берден өзара іс-қимылдың және инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асырудың деңгейі жоғары екенін атап өтіп, таяудағы кезеңде жалғастыратын жұмыстарына қатысты жоспарлары жөнінде айтты.
ТМД елдерімен қарым-қатынасты нығайтуды көздейтін Елбасы Беларусь елі Қазақстанның жетекші экономикалық серіктесінің бірі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесуінде осылай деп айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады. Кездесу барысында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Мемлекеттер басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар жөнінде де пікір алмасты. Қазақстан Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынас одақтастық сипатымен ерекшеленетінін атап өтті. «Біздің республика - Беларусьтің жетекші экономикалық серіктесінің бірі. Жұмсалған күш-жігер арқасында соңғы жылдарда көптеген бірлескен кәсіпорындар құрылды. Өзара тауар айналымының деңгейі қазіргі ахуалға байланысты аздап төмендеді, бірақ оның нақты жалпы көлемі сол қалпында қалды. Елдеріміздің интеграция мәселелеріне қатысты көзқарасы ортақ, халықаралық саясатта да ұстанымдары ұқсас. Біз Сізбен тұрақты түрде кездесіп отырамыз, қазіргі кезде стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жұмысын жүргізудеміз. Көптеген мәселелер бойынша, соның ішінде Евразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара іс-қимыл, өңірдегі және тұтас әлемдегі ахуал жөнінде пікір алмасу үшін біздің кездесуіміздің маңызы зор», - деді Мемлекет басшысы. А.Лукашенко қазіргідей күрделі жағдайда сенімге негізделген мұндай келіссөздердің әрдайым пайдалы екенін атап өтті. «Былтыр біздің арамыздағы тауар айналымының деңгейі төмендеді. Бұл үдерісті кері бағытқа түсіру қажет. Біз - бір экономикалық одақта жұмыс жүргізіп отырған жақын мемлекеттерміз. Бізге қарым-қатынасымыздың іргетасын - сауда мен экономиканы нығайтқан жөн, оның үстіне біз қай жолмен ілгері басуымыз керектігін айқындап та алдық. Бұл бағытта жасалған нәрсе аз емес, бірақ бізге осы жағдайдан тезірек шығу үшін қарым-қатынасымызға тың серпін беру керек. Халықаралық аренада біз сіздің елге БҰҰ аясында да, сондай-ақ жаһандық құжат - «Әлем. XXI ғасыр» манифесіне қатысты да қолдау білдіреміз. Біз көптеген бағыттар бойынша Қазақстан тарапымен бірлесе жұмыс жүргізуге әзірміз», - деді Беларусь Президенті.
Елбасының 2020 жылға қарай Қазақстанды ТМД мен Орталық Азияның исламдық банкинг хабына айналдыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында АХҚО биржасы мемлекеттік исламдық құнды қағаздарды орналастыру алаңына айналдыру үшін жұмыстар жүргізілуде. «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасы 2017 жылы мемлекеттік исламдық құнды қағаздарды орналастыру алаңына айналуы тиіс, деп мәлім етті ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы отырысында аталған орталықтың басқарушысы Қайрат Келімбетов. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің 2020 жылға қарай Қазақстанды ТМД мен Орталық Азияның исламдық банкинг хабына айналдыру туралы тапсырмаңызды қаперге ала отырып, исламдық қаржыландыруды дамыту аясында біз исламдық қаржылық институттар үшін жайлы құқықтық және реттеуші орта қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізудеміз. АХҚО биржасы 2017 жылы Лондон, Люксембург, Гонконг және Дубай қор биржаларындағыдай мемлекеттік исламдық құнды қағаздарды орналастыру алаңына айналуы тиіс»,- деді орталық басқарушысы. Оның айтуынша, исламдық қаржыландыру құралдары мемлекеттік жеке-серіктестіктің инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларында табысты қолданылуы мүмкін. Қ.Келімбетовтің хабарлауынша, қаржы орталығы Қазақстан мен ТМД елдеріндегі исламдық қаржы қызметтері индустриясын кеңейту үшін Исламдық даму банкі тобымен меморандумға қол қойды. Сонымен қатар АХҚО-да исламдық қаржыландыруды дамытудың жол картасын әзірлеу де қолға алынуда.
Н.Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық көпжақты сипатта, оған негіз қалаушы құжат ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт болып саналады. Бұл туралы ол В. Матвиенкоға «Достық» орденін тапсыру кезінде айтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесті. Кездесу барысында екі елдің өзара ықпалдастығын, соның ішінде парламентаралық саладағы іс-қимылын нығайту мәселелері талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық көпжақты сипатта екенін, оған негіз қалаушы құжат ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт болып саналатынын және ол Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шешім қабылдауға ықпал еткенін атап өтті. Бұл орайда Қазақстан Президенті осы интеграциялық бірлестіктің дамуына назар аударды, сондай-ақ Еуропалық комиссия төрағасы Ж.-К.Юнкермен күзде Еуразиялық экономикалық одақ - Еуропалық одақ бірлескен форумын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты.
Ресей Федералдық Жиналысының Федерация Кеңесінің төрайымы қабылдау үшін алғыс айтып, екі елдің арасындағы стратегиялық және достық қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға бар күш-жігерін жұмсауға әзір екенін білдірді. Кездесу барысында Мемлекет басшысы сондай-ақ В.Матвиенкоға Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденін тапсырды.
Елбасы ДСҰ-ның бас директорын ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберто Азеведоны қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Кездесуде тараптар Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелігі аясында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың бұдан арғы перспективаларын талқылады. Мемлекет басшысы біздің елдің ұйымға қосылу жолындағы ұмтылысы жөніндегі келіссөздер үдерісі кезінде көрсеткен қолдауы үшін Р.Азеведоға алғыс айтып, бірлесе жұмыс жүргізген жылдарда қол жеткізілген өзара іс-қимылдың деңгейі жоғары болғанын атап өтті.Р.Азеведо қабылдау үшін ризашылық білдіріп, біздің елмен ынтымақтастықтың тиімділігі зор екенін айтты. Қазақстан Президенті кездесу барысында Р.Азеведоны достықты нығайтуға және ынтымақтастықты жолға қоюға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Р.Азеведо Нұрсұлтан Назарбаевқа естелік кәдесый ретінде Қазақстанның ДСҰ-ға енуі жөніндегі хаттамаға қол қоюға қолданылған қаламсапты тарту етті.
Ал Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры Роберто Азеведомен кездесіп, ҚР Президентінің әлемдік қоғамдастыққа ұсынған жаңа бастамалары туралы пікір алмасты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Төраға ДСҰ басшысын ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталуымен құттықтады, Қ.Тоқаевтың пікірінше, бұл Қазақстан мен ДСҰ арасындағы ынтымақтастықты нығайту ісіндегі Р.Азеведоның елеулі еңбегінің мойындалуы болып табылады. Сенат басшысы Н.Назарбаевтың «100 қадам» Ұлт жоспарының елеулі бөлігі еліміздің әлемдік экономикаға тығыз ықпалдасуы жағдайында индустрияландыру мен экономикалық өркендеуді қамтамасыз етуге арналғанын атап өтті. Осыған байланысты, Парламент пен Үкіметтің бірлескен іс-қимылы ұлттық заңнаманы жетілдіруде кешенді жұмыстарды жүзеге асырады. Төраға Сенатта ДСҰ мен ЕАЭО-ға мүшелікті есепке ала отырып, отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігі мәселелері бойынша сәуірде парламенттік тыңдау өткенін айтты. Кездесу барысында жүздесушілер Қазақстан Президентінің Астана экономикалық форумы барысында адам капиталын дамыту, офшорсыздандыру мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы әлемдік қоғамдастыққа ұсынған жаңа бастамалары туралы пікір алмасты.
Сондай-ақ Қазақстан Африка елдерімен қарым-қатынасын нығайтуда. Бұл тұрғыда, Н.Назарбаев Сенегалмен барлық бағытта ынтымақтастыққа әзір екенін атап өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Сенегал Республикасының Президенті Маки Саллмен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады. Мемлекеттер басшылары кездесу барысында саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, сондай-ақ өзара мүдделілік туғызып отырған халықаралық және өңірлік сипаттағы жайттарды талқылады. Қазақстан Президенті Африка құрлығының батыс аймағынан келген көшбасшының елімізге алғашқы сапары үшін ризашылық білдірді.
«Мемлекеттеріміз арасында өзара толық түсіністік бар. Қазақстан мұсылман үмбетінің бір бөлшегі болып саналатындықтан, қазіргідей күрделі уақытта талқылап, пікір алмасатын мәселелер жоқ емес. Жалпы, біздің ел Сенегалмен барлық бағытта - саясатта да, экономикада да ынтымақтастыққа әзір. Сіздің республикаңыз Африкадағы маңызды мемлекет және онымен ынтымақтасу біз үшін зор мәртебе», - деді Мемлекет басшысы.
М.Салл Қазақстанға келуге шақырғаны үшін алғыс айтып, бұл сапар екі елдің арасындағы байланыстарды жолға қоюға мүмкіндік береді деп үміттенетінін жеткізді.
«Сіздің Орталық Азиядағы және одан сыртқы әлемдегі көшбасшылығыңызға тәнтімін. Сіздің дипломатиялық, саяси және экономикалық қызметіңіз осы өңірден тысқары жерлерді де қамтып отыр. Астана Сіздің бүкіл әлемде құрметке ие болған асқан жасампаздық қасиеттеріңіздің көрінісі болып саналады. Мен өз атымнан бүкіл Африканың Қазақстанмен ынтымақтастықты қалайтынын айтқым келеді. Қазір біздің құрлыққа бүкіл әлем қызығушылық танытуда. Біз сіздерге серіктес ретінде ынтымақтастықты жолға қою үшін келдік», - деді Сенегал Президенті.
Сондай-ақ осының аясында, яғни Ақордада Сенегал Президенті Маки Саллмен кездесуінен кейін бірлескен мәлімдеме жасаған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Сенегал ұстанымдарының жақындығы көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастыққа мүмкіндік береді айтты.
«Бұл - Сенегал Президентінің біздің елімізге тұңғыш сапары. Сондықтан кездесуіміз болашақ қарым-қатынасымыздың басы болып саналады. Африка құрлығымен жақындастыра түсетін бұл сапардың біздің елге ғана емес бүкіл өңір үшін мән-мағынасы бар. Қазақстан мен Сенегал кең ауқымды мәселелер бойынша өзара тиімді іс-қимыл жасай алады деп сенемін», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Сенегал Президентімен кездесу барысында белсенді сұхбат жүргізілгенін, барлық саяси және экономикалық салалар жөнінде пікір алмасылғанын баса айтты. «Ұстанымымыздың жақындығы бізге көп жақты құрылымдар аясында ынтымақтасуға мүмкіндік береді. Биылғы қыркүйекте біз, Президент Саллмен бірге Қытайда өтетін үлкен жиырмалықтың кезекті саммитіне қатысатын боламыз. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын бұл ел жақтап отыр. Ол үшін біз ризашылығымызды білдіреміз»,- деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар ҚР Президенті екі ел арасында ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, спорт салаларына қатысты келісімдерге қол қойылғанын атап өтті.
Ақордада Сенегал Президенті Маки Саллмен кездесуден кейін бірлескен мәлімдеме жасаған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сенегал Қазақстанның Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымын құру бастамасын қолдайтынын жеткізді. «Біздің БҰҰ қамқорлығымен халықаралық лаңкестікке қарсы іс-қимыл бірыңғай жаһандық желісін құру бастамамызды Сенегал Президенті қолдайды. Мұсылман қоғамдастығының болашақ мүшесі ретінде біз Ислам ынтымақтастық ұйымы аясында өзара іс-қимыл жасасуға уағдаластық. Оның ішінде Астанада Исламдық инфрақұрылымдық интеграция жобасы, 2017 жылы ғылым мен технология бойынша ИЫҰ саммитін өткізу жөніндегі қазақстандық бастама да бар. Сенегал тарабы біздің штаб-пәтері Астанада орналасатын Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымын құру бастамамызды қолдайды», - деді Елбасы.
Қазақстан Президентінің Польшаға сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін бермек. Бұл туралы Астанада ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Польша Республикасының даму вице-министрі Радослав уДомогальски-Лабендзкимен кездесуінде айтылды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі. Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективалары талқыланды. Ал бүгінде поляк тарапының ірі инвесторы болып саналатын «Polpharma» компаниясымен ойдағыдай ынтымақтастық бөлек аталып өтілді. Тараптар Қазақстан Президентінің 2016 жылғы тамыз айына жоспарланып отырған Польшаға сапары ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беретініне сенімдерін білдірді. Қазақстан экономикалық өсімді жандандырып, бәсекеге қабілеттілікті нығайтатын орасан зор әлеуетке ие.
Сонымен қатар, алдағы жылы Қазақстан мен Канада басшылығының жоғары деңгейдегі кездесуі жоспарланып отыр. Бұл туралы Астанадағы баспасөз мәслихатында Қазақстанның Канада мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Константин Жигалов мәлім етті. Елшінің сөзіне қарағанда, Канаданың жаңа үкіметі жасақталғаннан кейін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Канада Премьер-Министрі Джастин Трюдоның телефон арқылы байланысы ұйымдастырылды. Сонымен қатар үкімет басшылары Париждегі климаттық саммиттің алаңында кездесті. «Өткен жылдың желтоқсанында Белградта ЕҚЫҰ саммиті алаңында екі ел сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті. Осы ретте аталған мәселе үнемі көтеріліп келді. Яғни, біз қазіргі кезде жоғары деңгейдегі сапар бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бұндай сапар алдағы жылы ұйымдастырылады деген үміттеміз»,-деді К. Жигалов. Канадада атқарушы билікті үкімет атқарады және оны 2015 жылдың 19 қазан айынан Джастин Трюдо басқарып келеді. Қазақстан мен Канада арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың 10 сәуірінен бекітілді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемде бейбітшілікті жақтауды қолдайтын ұстанымдары көптеген елдерде мойындалды, мойындалып та жатыр. Мәселен, ҚР Президентінің бітімгерлік бастамалары Нью-Йорктегі БҰҰ-ның тақырыптық пікірталастарында талқыланды. ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов 2016 жылғы 10 мамырда Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапарының аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы (БҰҰ БА) Төрағасының қолдауымен жыл сайын ұйымдастырылатын жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталастарға қатысты. Биылғы талқылаудың тақырыбы «Тәуекелдер әлемінде: бейбітшілік үшін жаңа міндеттемелер» болды. Планетадағы ахуалдың дамуына жалпы шолу жасаумен бірге пікірталастарға қатысушылар, бітімгершілік, бейбітшілікті нығайту, қарулы қақтығыстардағы және бейбіт жағдайлардағы гендерлік мәселелер, сондай-ақ қауіпсіздіктің тұрақты даму және қоршаған ортаны қорғаумен өзара байланыстары секілді бейбітшілік пен қауіпсіздіктің тақырыптық мәселелерін талқылады.
Пікірталастардың жоғары деңгейдегі сессиясында БҰҰ БА Төрағасы Могенс Люккетофт, БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Ян Элиассон, Индонезияның бұрынғы президенті Сусило Бамбанг Юдойоно, Либерияның белгілі қоғам қайраткері және 2011 жылғы Нобель атындағы бейбітшілік сыйлығының лауреаты Лейме Гбови, Араб мемлекеттері лигасының VI Бас хатшысы Әмір Мұса және 25 БҰҰ мүше -мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері қатысты.
Өз сөзінде Е. Ыдырысов, мәртебелі халықаралық аудиторияны талқыға салынған тақырыптық мәселелерге қатысты Қазақстанның ұстанымдарымен таныстырды. Сыртқы саясат ведомствосының басшысы пікірталасқа қатысушылардың назарын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің негізгі қағидаларына, сондай-ақ, өзге де соғысқа, ядролық қаруға және терроризмге қарсы күресу жөніндегі бастамаларына аудартты. Бұл бастамалар, еліміздің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі күш-жігерінің түйіні болып табылады және оның халықаралық қоғамдастықтың сенімді әріптесі ретіндегі беделін қуаттайды.
"Ядролық қарудан азат әлем бағытында алға басу халықаралық қауымдастыққа жай қару-жарақтарды қысқарту бойынша жұмыс үшін қажетті тиімді тетіктер береді. Осындай қадамдар әскери шығындарды әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешу үшін жұмсауға жол ашады", - деп атап өтті осы орайда Е. Ыдырысов.
Пікірталасқа қатысу аясында қазақстандық делегация сондай-ақ, террорлық ұйымдардың бірыңғай тізімін және халықаралық терроризмге қарсы күресу мәселелері жөніндегі келісілген терминологияны бекіту сияқты Елбасының антитеррорлық бастамаларының топтамасын іс жүзіне асыру міндеттерін шешумен де шұғылданған болатын. Бұл саладағы БҰҰ-ның әмбебап құжатын қабылдауға шығуы және ұйым аясында Терроризмге қарсы жаһандық коалиция мен желінің құрылуы - бұл жұмыстың нақты мақсаттары болып табылады, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.
"Біз барлық БҰҰ мүше-мемлекеттерін Терроризмге қарсы жаһандық коалиция (желі) және тиісті қылмыстарды жасауға жауапты адамдарды жауапкершілікке тартудың баршаға ортақ механизмдерін қалыптастыру туралы қазақстандық ұсыныстарға қолдау көрсетуге шақырамыз", - деп атап өтті министр.
Осыған қатысты мәселелерді Е. Ыдырысов БҰҰ Терроризмге қарсы комитетінің атқарушы директоры Жан-Поль Лабордпен және БҰҰ Терроризмге қарсы іс-шараларын іске асыру жөніндегі мақсатты топтың басшысы Джахангир Ханмен болған кездесулерде талқылады.
Е. Ыдырысов, сондай-ақ, БҰҰ-ның мәртебелі қонақтары үшін БҰҰ БА Төрағасы M. Люккетофт «Келесі Бас хатшысы тәуекелдер әлемінде: болжалдар мен ақиқат» тақырыбы бойынша министрлер деңгейінде ұйымдастырған іс-шараға қатысты. Осы іс-шараның барысында отандық сыртқы саясат ведомствосының басшысы бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген көкейкесті сындарды талқылау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі болып сайланды. Қазақстан тарапының үйлестіруімен істеген топқа қатысушылар БҰҰ-ның қажетті және сенімді құрылым болып қалуы үшін ұжымдық қауіпсіздіктің жаһандық архитектурасын бүгінгі сындар мен қауіп-қатерлерге бейімдету жолдары бойынша пікір алмасып, келесі Бас хатшының осы үдерістегі рөлін талқылады. Жұмыс тобы оның осы мақсатта БҰҰ Жарғысының 99-шы бабын белсендірек іске қосу қажеттілігіне назар аударды. Бұл бап, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге Бас хатшының пікірінше қауіп төндіретін кез-келген мәселелерді Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізу құқығын ескереді.
ҚР СІМ басшысының Нью-Йоркке жұмыс сапарының басты міндеттері қатарында сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-18 жылдарға тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын ілгерілету және халықаралық қауымдастықты мемлекетеміздің осы беделді орган аясында жұмысқа қатысты басымдықтарымен таныстыру болды. Осыған байланысты Е. Ыдырысов, тақырыптық пікірталастардың аясында әлемнің түкпір-түкпірінен келген әріптестерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Ал Амман мэрі А.Белтаджидің пікірінше, Н.Назарбаев Қазақстанды әлемнің ең қауіпсіз елдерінің қатарына шығарды. ҚР Президенті Н.Назарбаев Қазақстанды әлемнің ең қауіпсіз елдерінің қатарына шығарды және Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік бойынша саммитте жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі әлем болашағына көз жібереді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-нің тілшісіне берген сұхбатында Амман қаласының мэрі Акел Белтаджи айтты. Иордан Хашимит Корольдігі астанасы мэрінің айтуынша, ҚР Президенті Н.Назарбаев ядросыз әлем идеяларын ұсынғаны үшін барлық мемлекеттердің құрметіне бөленді.
«ҚР Президентінің Вашингтонда ядролық қауіпсіздік бойынша саммиттегі Жолдауы бізге және бүкіл халықаралық қоғамдастыққа үлкен әсер қалдырды. Ол барлық мемлекет көшбасшыларын 21-ші ғасырдың бейбіт, соғыссыз болуына, қуатты державалар бұл үндеуді қолдап, ядролық қарудан бас тартуға шақырды. Президент Н.Назарбаев барлығына саяси өміріндегі тәжірибесі мен Қазақстанда ядролық зертханаларды жабу туралы тағдыршешті шешімі туралы баяндады. Сондықтан «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі - бұл жоғары адамгершілік және гуманистік позицияларды ұстанған ірі саясаткердің жолдауы және ол әлем болашағын көз жібереді», - деді А.Белтаджи.
Амман мэрінің бағалауынша, өлімге әкеп соғатын ядролық қарудың, оны қолданудан бас тартпайтын лаңкестердің қолына түсуінің үлкен қаупі бар.
«Президент Н.Назарбаев бізді, бүкіл әлемді қазіргі кезде соғыстардың мағынасыз екенін, жалпыға бірдей қабылданған құндылықтарға, адамгершілікке қайшы екенін ескертіп отыр. Сондықтан мемлекет көшбасшылары уақыт өте келе мұндай шешімге келіп, БҰҰ-ның ресми құжатына айналған Манифестегі ұсыныстарды іске асыра бастайды», - деп атап өтті А.Белтаджи. Оның пікірінше, Манифест тармақтарын іске асыру Қазақстанның өз мысалында әбден жүзеге асырылуы мүмкін.
«Біздің елімізде әр кезде бұрынғы КСРО-да білім алған орыстілді иордандықтар бар. Олардың арқасында біз ТМД елдері туралы жаңалықтарды білу мүмкіндігіміз бар. Қазақстан көшбасшысы өз елінің дамуына үлкен үлес қосты. 25 жылдың ішінде ол Қазақстанды әлемдегі ең қауіпсіз, қоғамы төзімді, өнеркәсібі дамыған мемлекеттердің қатарына шығарды. Әлемнің көптеген мемлекеттерімен салыстырғанда, қазақстандықтар қауіпсіздік пен адам құқықтарын құрметтеу ахуалында тұрып жатыр. Біздің байқағанымыз, билік пен қоғамның арасында диалог бар екенін және Н.Назарбаев өркениетті демократиялық мемлекет құруды жалғастырып отырғанын көрсетіп отыр. Мен қазақстандықтардың елдегі жағдайды Таяу Шығыс елдерімен және әлемнің басқа көптеген елдеріндегі жағдаймен салыстыра отырып, оны тиісінше бағалайтынына сенімдімін», - деп мәлімдеді А.Белтаджи. Бұдан бөлек, Амман қаласының мэрі А.Белтаджидің Астана экономикалық форумына қатысу үшін алдағы уақытта елордаға келуі күтіліп отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Саммит аясында Вашингтонға сапары барысында жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі аясында бүкіл әлемдегі елдер жаһандық қауіптерді бірлесе еңсеруі тиіс. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Анар Жайылғанова «Парламенттегі әйелдер» Жаһандық форумы саммитінде сөйлеген сөзінде оның қатысушыларын «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесінде баяндалған бастамаларды қолдауға шақырды.
А.Жайылғанова өзінің сөйлеген сөзінде Қазақстанның елдегі гендерлік саясатты жүзеге асырудағы табыстарын айта келіп, делегаттардың назарын «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесіндегі негізгі идеяларға аударды.
«Біз гендерлік саясаттағы табыстарымызды мақтан етеміз, оған біздің елдің күш-*жігерімен ғана емес, ең алдымен, халықаралық қоғамдастықтың қолдауы арқасында қол жеткізілді. Алайда уақыт біздің алдымызға жаңа қатерлер мен тәуекелдерді ұсынуда, сондықтан да біз оны бірге еңсеруге тиіспіз. Бұл әсіресе қауіпсіздікке қатысты, ол бір ғана елдің қауіпсіздігі емес - жаһандық қауіпсіздік. Сондықтан да ағымдағы жылдың наурызында Қазақстан Презденті Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Саммит аясында Вашингтонға сапары барысында «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесін жариялады. Манифест БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болды. Манифестің басты шақыруы - ешқандай жеңімпаздар болмайтын өлімге соқтыратын соғыстар қаупіне қарсы күш-жігерді біріктіру», - деп мәлімдеді А.Жайылғанова.
Сонымен бірге А.Жайылғанова форум қатысушыларына Қазақстанда қалыптасқан гендерлік саясаттың өз моделі туралы айтып берді, онда ұлттық ерекшеліктер мен халықаралық тәжірибе ескерілген. Бүгінде мемлекеттік органдарда 54 пайыз әйелдер қамтылған. Ағымдағы жылғы наурызда өткен соңғы сайлаудың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Мәжілісінде әйелдердің қамтылуы 27,1%-ға (107 адамның 29-ы) жетті, бұл Еуропа мен Азияның бірқатар елдеріндегі орташа көрсеткіштен жоғары. Өңірлік мәслихаттарда әйел-депутаттар 22,2% (3335 адамның 739-ы) құрайды. Қазақстан Республикаксының Президенті жанында 1998 жылдан бері Әйелдер істері және отбасылық-демографияық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейді, ол билік, азаматтық қоғам және халықаралық ұйымдар арасындағы диалог үшін жақсы тұғырнама болды. 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік саясатты дамыту стратегиясы ойдағыдай жүзеге асырылуда, тиісті заңдар қабылданған. Әйелдер азаматтық қоғамды дамытуға белсене қатысуда. Бүгінде Қазақстанда 300-ге тарта ҮЕҰ әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерімен айналысуда. Әйелдер көшбасшылығы мектептерінің республикалық желісі жұмыс жасауда, оған 70-ке жуық ҮЕҰ кірді.
Ел экономикасында әйелдер кәсіпкерлігінің серпінді секторы қалыптасты. Шағын және орта бизнес субъектілерінің 42%-дан астамын әйелдер басқарады. Біздің еліміз әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөнінде арнайы бөлімшелер жұмыс жасайтын бұрынғы кеңестік кеңістіктегі бірден-бір мемлекет болып отыр. Зомбылыққа ұшарағандарға көмек көрсететін 28 дағдарыстық орталықтар жұмыс жасайды. Швейцария астанасы Цюрих қаласында орналасқан «Парламенттегі әйелдер» жаһандық форумы гендерлік теңдікке және әйелдердің шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын кеңейтуге қатысты мәселелерді талқылау үшін әртүрлі елдердің парламентшілері арасында байланыс жасау арналарын құруы тиіс. Жаһандық форумның кезекті саммиті Иордания астанасы - Амман қаласында 89 елден 260 парламентшілердің қатысуымен өтті, онда парламентте әйелдер қатысуы коэффициентін арттыру тетіктері талқыланды.
Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі
Қазақстан халықаралық деңгейде, біріншіден, басқа елдермен, оның ішінде бұрынғы Одаққа кірген республикалармен, Азия, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы, Еуропа елдері және АҚШ-пен халықаралық байланысты өркендету, шет елдермен тек дипломатиялық байланыс қана орнатып қоймай, сонымен қатар, олармен мәдени-экономикалық байланысты күшейтуді, сол арқылы алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылу қолдайды. Екінші бағыт - Қазақстанның қауіпсіздігін сақтау, дүниежүзілік соғысты, ядролық қаруды қолдануды болдырмау. Бұл
Халықаралық ұйымдардың ішінен атап айтқанда, БҰҰ-мен Қазақстанның тығыз ынтымақтастығы еліміздің әлемдік аренадағы абырой-беделін асқақтап келеді. 2050 жылға қарай Қазақстан жартылай «жасыл экономикаға» өтуге ниетті, деп мәлімдеді БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеген елдің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов. «Бұл ретте, біздің еліміз дәстүрлі энергетикалық ресурстардың мол қорымен жақсы танымал, біз «жасыл экономиканы» жетілдіруге ұмтылып отырмыз. 2050 жылға қарай біз отынның қазып алынбайтын түрлерінен электр энергияның 50 пайызын өндіру жөніндегі өршіл мақсатын ұстанып отырмыз», - деп мәлімдеді Қазақстан СІМ басшысы жоғары деңгейдегі пікірталас кезінде. Осыған байланысты ҚР СІМ басшысы елдің Париждің климат бойынша келісімін ағымдағы жылдың соңына дейін бекітетініне сендірді. Ол сондай-ақ 2017 жылы Астанада болашақ энергиясы тақырыбымен EXPO-2017 халықаралық көрмесі өтетінін еске салды. Ыдырысовтың айтуынша, бұл форум - «Тарихи Париждік келісімнен (қол қою - ред.) кейін өтетін ірі шара». Желтоқсан айының ортасында БҰҰ-ның климаттың өзгеруі туралы рамалық конвенциясының 196 тарапы (195 ел мен Еуроодақ) Парижде климат жөніндегі бірінші жалпыға ортақ келісім орнатты. Бұл құжат 2020 жылдан кейін парниктік газдардың шығарылу көлемі мен климаттық өзгерістерді болдырмау шараларын анықтайды.
Сонымен қатар, Қазақстанның сан қырлы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі БҰҰ Бас Ассамблеясы жоғарғы деңгейдегі Комитет отырысында атап өтілді. Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб қызметіне БҰҰ Бас Ассамблеясының Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығы бойынша жоғарғы деңгейдегі Комитеттің он тоғызыншы сессиясында ынтымақтастықтың халықаралық тиімді тұғырнамасы ретінде жоғары баға берілді. Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қатысушылар алдында БҰҰ Бас хатшысының Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығы бойынша Арнайы уәкілі Хорхе Чедиек құттықтау сөз сөйледі. Сессия жұмысына БҰҰ мүше-мемлекеттері, бақылаушы елдері тұрақты өкілдері, БҰҰ мекемелері, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйым жетекшілері қатысты. Мемлекеттік басқару саласындағы Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығының үлесі туралы талқылау тақырыбы ретінде Астана Өңірлік хабының тәжірибесі назарға алынды. Астанадағы Өңірлік хабтың басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов мемлекеттік қызметті жетілдіруде Қазақстанның халықаралық әріптестікке қосқан үлесі, оның ішінде, тұрақты даму мақсаттарын ілгерілету бойынша Хаб қызметі жөнінде баяндады.
Астанадағы Өңірлік хаб жоғары деңгейдегі Комитет отырысына басқа аймақтарда қолдануға болатын тиімді ынтымақтастық моделін қалыптастырған ұйым ретінде шақырылған. Хаб қызметі Қазақстан Президентінің тұрақты даму мақсатындағы аймақтық және аймақаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы саралы саясатының бір көрінісі ретінде қарастырылады. Бұған дейін БҰҰ арқылы Астанада Хабтың құрылуы және оның табысы Қазақстанның реформалар жасау, оның ішінде мемлекеттік қызметте меритократияны нығайту бойынша оң тәжірибесімен бөлісуге даярлығының нәтижесінде мүмкін болғандығы атап өтілген. 2014 жылы Хаб Оңтүстік-Оңтүстік форматындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін БҰҰ-ның арнайы сыйлығымен марапатталған.
Хаб Қазақстан бастамасымен БҰҰ Даму Бағдарламасымен бірлесе отырып, 25 мүше ел және 5 халықаралық ұйым арқылы құрылды. Қазіргі таңда Хаб 34 мүше елден тұрады, ұйым географиясының Солтүстік Америка мен Еуропа, ТМД елдері, Кавказ бен Орталық Азия мемлекеттерінен ASEAN елдеріне дейін кеңеюі мемлекеттік қызметті жетілдірудегі әріптестік әмбебап қажеттілік екенін көрсетеді.
Қазақстан БҰҰ-ның халықаралық қауіпсіздіктің өткір қауіп-қатерлерін және дамыту саласындағы мәселелерді шешудегі жетекші рөлін мойындайды. Астанада АЭФ-2016 қатысушыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізген Б.Сағынтаев осылай деді. ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Астана экономикалық форумы жұмысының екінші күні аясында оның қатысушыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары мен БҰҰ Өңірлік орталығының Орталық Азия үшін алдын алу дипломатиясы (UNRCCA) жөніндегі басшысы Петко Драганов Орталық Азия елдері арасында халықаралық құқық қағидалары негізінде диалогты қолдауға БҰҰ және оның құрылымдарының қатысуының маңыздылығын айтып өтті.
Кездесу барысында Бақытжан Сағынтаев Қазақстан БҰҰ-ның, оның дала миссияларының, қорларының және бағдарламаларының халықаралық қауіпсіздіктің өткір қауіп-қатерлерін және дамыту саласындағы мәселелерді шешудегі жетекші рөлін мойындайтынын айтып өтті. Экономист Иван Миклош пен Бақытжан Сағынтаев Қазақстандағы салықтық әкімшілік ету, сондай-ақ жекешелендіру үдерісі мәселелерін талқылады. Polpharma S.A. Қадағалаушы Кеңесінің президенті Ежи Старакпен кездесу барысында Қазақстанның фармацевтикалық өнеркәсібін дамыту перспективалары қаралды.
Қазіргі таңда Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) бет бұрып отыр. Жарқын болашаққа ұмтылған ел ғана осылай барар жерін айқындап алатынын ескерсек, бұл оң қадам.
2017 жылы Қазақстан ЭЫДҰ инвестициялар жөніндегі комитетіне кіруді жоспарлауда, деп мәлімдеді елдің индустриялық-инновациялық саясаты мәселелеріне арналған брифинг барысында ҚР ИДМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Хаиров.
«Біз 2017 жылы ЭЫДҰ Инвестициялар жөніндегі комитетке енуді жоспарлап отырмыз. Бұл біздің инвестициялық климаттың ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес келетінінің белгісі және дәлелі болмақ», - деді Е.Хаиров. Оның айтуынша, 2016 жылдың басынан бастап ИДМ-ге 300 мемлекеттік қызмет көрсетуге 400-ден астам өтініш келіп түсті. Комитет басшысы баса айтып өткендей, министрлікте шетел инвесторларын тартудың үш деңгейлі жүйесі қалыптасқан.
«Бірінші кезекте, Президент елден тыс деңгейде сыртқы саяси ведомстволардың қызметін экономикаландыруды тапсырды. Басым елдерге қосымша елшіліктердің арнайы 10 кеңесшісі жіберілді. Олардың жұмысының басым бағыты инвестиция тарту, келісімдерді жүзеге асыру және қазақстандық экспортты жылжыту болып табылады. Сондай-ақ, «Kaznex Invest» 5 өңірлік фронт-кеңсесі ашылуда, олардың негізі әлемнің іскерлік орталықтарында қаланады және оның негізгі міндеті инвесторларға арналған «бір терезе» аясында жұмыс жасау», - деді ол.
Сонымен қатар, оның айтуынша, инвестициялар тарту бойынша үкіметтік кеңес құрылды, ол трансұлттық компаниялардың қатысуымен стратегиялық инвесторлар бойынша жұмыстарды үйлестіріп, қарайды.
Ал Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының жаһандық байланыстар хатшылығының делегациясымен кездесті.
Кездесуде мемлекеттік қызмет саласындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мәселелері талқыланды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының жаһандық байланыстар хатшылығының басшысы Вильям Томпсон халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы Хабтың жетістіктерін атай келе, Хабтың және өзге де халықаралық ұйымдардың қатысуымен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бастамаларын жүзеге асыру үшін жаңа платформа құруды ұсынды.
Әлихан Байменов Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің маңыздылығы мен тәжірибесін атай келе, ұйымның Хабқа мүше елдердегі мемлекеттік қызметті жетілдіруге қосқан үлесін атап өтті. Соның ішінде бірлесіп өткізген семинарлар, тренингтер, дөңгелек үстелдер бар.
Хабты Қазақстан бастамасымен БҰҰ Даму Бағдарламасымен бірлесе отырып, 25 мүше ел және 5 халықаралық ұйым құрды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Хабты құрушылардың бірі. Қазіргі таңда Хабқа34 ел мүше, ұйым географиясының Солтүстік Америка мен Еуропа, ТМД елдері, Кавказ бен Орталық Азия мемлекеттерінен ASEAN елдеріне дейін кеңеюі мемлекеттік қызметті жетілдірудегі әріптестік әмбебап қажеттілік екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің өкілдері 2017 жылдан бастап «Астана» халықаралық қаржы орталығына визасыз келе алады. Бұл туралы Астана экономикалық форумы аясындағы Инвестициялық саммитте ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
«2018 жылдан бастап «Астана» халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын бастайды. Мен іс жүргізуде, сот ісін жүргізуде ағылшын тілін қолдау арқылы ағылшын құқығы ұстанымдары мен нормаларымен жетекші әлемдік қаржы орталықтарының негізінде реттелетін орталық болатындығын айтқым келеді», - деді ол.
Осы орайда министр инвесторлар үшін жайлы ахуал жасау үшін Қазақстанның бір тараптан 19 басымдықты ел үшін визасыз режім енгізгендігін еске салып өтті. Олардың қатарында Австралия, Венгрия, Италия, Монако, Бельгия, Норвегия, Швеция, Малайзия, БАӘ, Сингапур, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Финляндия, Франция, Швейцария және Жапония елдері бар.
«Біз ЭЫДҰ-ның Инвестициялар жөніндегі комитетінің мүшесі болу үшін бұл ұйым командасымен жұмыс жүргізудеміз. 2017 жылдан бастап Астанадағы қаржы орталығына келу ЭЫДҰ-ның барлық елдері үшін визасыз режім негізінде болады. 2012 жылы ЭЫДҰ Қазақстандағы инвестициялық ахуалды қалай жақсартуға болатындығы жайында ұсыныстар берген болатын. Біз осал тұстың бар екендігін және оны қалай жою керектігін нақты білеміз. Қазақстан қазірдің өзінде мемлекеттік жеке-серіктестік, лицензиялар мен рұқсаттар, шетелдік жұмыс күшін тарту, зияткерлік меншік құқығын қорғау, жекешелендіру және басқа да салалардағы заңнамаларды жақсарту үшін шаралар қабылдады», - деді Ә.Исекешев.
Қазақстан мен ЭЫДҰ елдері арасында білім беру деңгейіндегі айырмашылық қысқарады. Бұл туралы Назарбаев Университетінде Қазақстан мен ЭЫДҰ ынтымақтастығы бойынша Елдік бағдарлама жобасы нәтижелерін таныстыру кезінде ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Марат Құсайынов мәлім етті.
«Елдің бәсекелік артықшылықтарын кеңейту үшін адами каптиталды құру бойынша жұмысты жалғастырамыз. Осыған байланысты бізде біртіндеп мектепте 12 жылдық білім беру жүйесі енгізілуде. Осы ретте қабылданып жатқан шаралар Қазақстан мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері арасында мектеп оқушыларына білім беру деңгейіндегі айырмашылықты 2021 жылға қарай екі есеге қысқартуға мүмкіндік береді деп болжап отырмыз. Яғни бұл жұмыстар білім беру жетістіктерін бағалау бойынша халықаралық бағдарламалар (PISA) талаптарына сәйкес атқарылады»,-деді М. Құсайынов.
Бұдан бөлек, ол мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында қызметтің аудиті мен оны бағалаудың үздік тәжірибесі енгізілетінін атап өтті.
«Бұл реформалар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жүргізген Функционалдық шолуда айтарлықтай дәрежеде негізделген»,-деді бірінші вице-министр.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанның әлем елдері алдында өзіндің даму жолы айқындалған, біртұтастық пен бейбітшілікті мақсат ететін ел екенін дәлелдеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. Осы тұрғыда, К.Мәсімов ЕАЭО мен Еуроодақ арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту қажеттігін ерекше атап өтті. Ереванда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қазақстандық тараптың төрағалығымен өткен Еуразиялық Үкіметаралық кеңес отырысына қатысты. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің сайты хабарлады. Үкімет басшылары Еуразиялық экономикалық одақты (ЕАЭО) дамытудың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылады. ЕАЭО елдерінің сауда-экономикалық байланыстарын кеңейту туралы мәселелерді талқылауға ерекше көңіл бөлінді. Кеңейтілген құрамдағы отырыста сөз сөйлеген Кәрім Мәсімов Қазақстан өз төрағалығының басымдықтары ретінде 2016 жылды «Одақтың үшінші елдермен және басты интеграциялық бірлестіктермен экономикалық қатынастарын тереңдету жылы» етіп жариялауды ұсынғанын еске салды.
«Қазақстан әрдайым еуразиялық интеграция «орбитасына» жаңа қатысушыларды тартуды жақтап келеді. Біздің одақ ашық экономикалық қоғамдастық ретінде қалыптасты. Оған қоса, біз технологиялық тұрғыда дамыған және инвестициялық тартымды елдермен және одақтармен ынтымақтастыққа баса көңіл бөлуіміз қажет», - деді К.Мәсімов.
Оның пікірінше, ЕАЭО пен Еуропалық одақ арасында өзара іс-қимыл орнату жалпы континенттің экономикалық дамуының маңызды факторына айналуы мүмкін. «ЕАЭО пен ЕО арасында өзара іс-қимылдың ұзақ мерзімді мақсаты Атлантикадан Тынық мұхитына дейін бірыңғай экономикалық кеңістік құру болуы тиіс. Ол жайында біздің Президент Н.Ә.Назарбаев пен Ресей Президенті В.В,Путин бірнеше мәрте айтқан болатын», - деп баса айтты ол.
«Осылайша, қазақстандық тарап интеграциялық үдерістерді біздің елдердің Шығыс пен Батыс арасындағы «байланыстырушы буын», әлем экономикасының бәсекеге қабілетті жасаушысы болуға мүмкіндік ретінде қарастырады», - деп түйіндеді Кәрім Мәсімов.
ЕЭК Алқасының төрағасының пікірінше, ЕАЭО іскерлік кеңесі заңнамалық бастамаларды қабылдаған кезде бизнес мүдделерін қорғай алады. Ортақ ұйымға бағына отырып ЕАЭО бизнес саласы одақ аясындағы мүдделерін қорғай алады. Мұндай пікірді ЕЭК Алқасының төрағасы Тигран Саркисян айтты, деп хабарлады комиссияның баспасөз қызметінен. 2016 жылы 24 мамырда Астанада одақ елдерінің бизнес-бірлестіктері Іскерлік кеңес құруға келісті. Төрт жылдық мерзімге Кеңестің бірінші президенті болып Виктор Христенко сайланды. ЕАЭО Іскерлік кеңесі - ЕАЭО кәсіпорындардың иелері мен кәсіпкерлер бірлестіктерінің үйлестіру кеңесу органы. Коммуникативті және консультациялық алаң заңды тұлғаны құрусыз-ақ (ұйымдастырусыз) жұмыс істейді. Жақын арада Іскерлік кеңес пен Еуразиялық экономикалық комиссия арасындағы өзара ықпалдастық туралы Меморандумға қол қойды.
Қазақстан - ШЫҰ форматындағы ең беделді мүше мемлекеттердің бірі. Қазақстанның ШЫҰ бойынша әріптес елдермен тең дәрежедегі диалогқа сындарлы және мақсатты қатысуы Қазақстанның өңірдегі ұстанымын күшейтеді. Сондықтан осы бағытта жарияланған материалдарға көз жүгіртіп көрсек.
Ташкентте Қазақстан Республикасының Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ерлан Ыдырысов Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысты, оның басты міндеті 2016 жылы маусым айында Өзбекстан Республикасының астанасында өтетін ШЫҰ саммитіне дайындық болды. Отырыс барысында министрлер 2015 жылы Уфа қаласында мүше мемлекеттердің басшылары қол жеткізген келісімдерді іске асыру жөнінде пікір алмасты. Уфа саммитінен кейін ШЫҰ-ның жұмысын одан әрі жетілдіру, Ұйым шеңберінде саясат, қауіпсіздік, экономика және гуманитарлық байланыстар салаларында нәтижелі іс-қимылдарды нығайту бойынша айтарлықтай жұмыс атқарылғаны туралы айтылды. Тараптар Ұйымның қазіргі жағдайын және қызметінің әртүрлі бағыттардағы іс-қимылының даму болашағын, халықаралық және өңірлік істерде оның рөлі мен орнын талқылады.
Е. Ыдырысов өз сөзінде қазіргі жағдайларда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ШЫҰ кеңістігіндегі мемлекеттердің абзал міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті. «Дәстүрлі қауіп-қатерлерді алдын алудан басқа, әлемнің жаңа зұлымы - терроризм алға шығуда. Осы жаһандық қауіп-қатермен қарсы күресте ШЫҰ өзінің салмақты сөзін айтуы тиіс деп есептейміз», - деді министр. Осы орайда, ол Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық қатынастарда сенімді қалпына келтіруге бағытталған бірқатар негізгі бастамаларын, соның ішінде «Әлем. XXI ғасыр» манифесі бастамасын атап өтті.
Е. Ыдырысов БҰҰ-ның терроризмге қарсы күрестегі аса маңызды рөлін баса айта отырып, Қазақстан Президенті бастамашылық еткен БҰҰ терроризмге қарсы күрес туралы бүкіләлемдік конвенциясын жедел қабылдаудың және БҰҰ қолдауымен Жаһандық терроризмге қарсы коалициясын (желі) жедел құрудың маңыздылығына назар аударды.
Сонымен қатар, Е. Ыдырысов қазіргі кезеңде ұйым кеңістігінде өндіру және қайта өңдеу, транзиттік-көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымды құру арқылы ұзақ мерзімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты қамтамасыз ету ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің күш-жігерінің негізгі векторы болуы тиіс екенін атады. «ЕАЭО, «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты қытай бастамасы мен ШЫҰ арасында «көпір орнату» аса маңызды болып табылады. Осы бағыттағы жұмыс ШЫҰ-ның ұзақ мерзімді еуразиялық саясатты қалыптастыруға негіз болады», - деді Қазақстан Республикасының СІМ басшысы. Сонымен қатар, сыртқы саясат ведомстволардың басшылары Ауғанстандағы жағдайды және бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтіру бойынша шараларды талқылады, 2015 жылғы 12 ақпандағы Минск келісімдерін адал іске асыру негізінде Украинадағы дағдарысты, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы жағдайды саяси жолмен ретке келтірудің маңызын қуаттады.
Кездесудің қорытындысы бойынша 2016 жылы 23-24 маусымда Өзбекстанда өтетін отырыс барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары кеңесіне бекіту үшін ұсынылатын құжаттарға қатысты шешімдер, соның ішінде ШЫҰ-ға 15 жыл Ташкент декларациясы, 2025 жылға дейінгі ШЫҰ даму стратегиясын іске асыру бойынша Іс-қимыл жоспары және өзге де құжаттар қабылданды.
Отырысқа Қазақстанның, Қытайдың, Қырғызстанның, Ресейдің, Тәжікстанның және Өзбекстанның сыртқы саясат ведомстволарының басшылары, ШЫҰ бас хатшысы және ШЫҰ Терроризмге қарсы өңірлік құрылымының Атқарушы комитетінің директоры қатысты.
ҚР СІМ басшысының айтуынша, Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде ұйымның жан- жақты қарқынды дамуына күш салады. Маусым айында Ташкентте өтетін саммит кезінде Қазақстан Шанxай ынтымақтастығы ұйымының төрағалығын қабылдап алады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлім етті.
"Қазақстан Өзбекстаннан ШЫҰ төрағалығын қабылдап алады. Ташкентте біз ол эстафетаны аламыз. Біз үшін бұл үлкен маңызға ие. Қазақстан өзінің төрағалығы кезінде ШЫҰ-ның қарқынды дамуына күш салатын болады", - деді министр бүгін Астанада ШЫҰ мүше мемлекеттерінің қаржылық бақылау жоғары органдары басшыларының кездесуінде.
Оның сөзіне қарағанда, бұл саяси ғана емес, Еуразиялық кеңістіктегі маңызды экономикалық фактор болып табылады.
"Біз еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастық үдерістердің тоғысуы сынды қызметтің маңызды бағыттары туралы айтып отырмыз. Менің меңзеп тұрғаным, Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай басшылығы ұсынған ірі инфрақұрылымдық бастама - Жібек жолының экономикалық белдеуі. ШЫҰ алаңы бізге осындай басты ірі инфрақұрылымдық және ықпалдастық үдерістерді жүзеге асыру үшін өте ыңғайлы деп білеміз", - деп атап өтті Е. Ыдырысов.
Еске сала кетейік, ШЫҰ-2016 саммиті Ташкентте 23-24 маусымда өтеді. Ол ұйымға Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан кіреді. Бұдан бөлек, СІМ Е. Ыдырысов ШЫҰ кеңістігінде еркін сауда аумағын құру жоспарланып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2017 жылы маусымда Қазақстанда Шанxай ынтымақтастығы ұйымының саммитті өтеді. "Біз 2017 жылы ЭКСПО көрмесімен бірге ШЫҰ самиттіне де өте қатты дайындаламыз", - деп атап өтті министр бүгін Астанада ШЫҰ мүше мемлекеттерінің қаржылық бақылау жоғары органдары басшыларының кездесуінде.
ҚР СІМ басшысы Астанада өтетін xалықаралық мамандандырылған көрменің басты тақырыбы "Жасыл экономика" екендігін еске сала кетті. "Бұл жаңа жаһандық тренд. Сондықтан ШЫҰ бұл трендтен еш қалмауы тиіс", - деді Е. Ыдырысов.
"Біз қазір ШЫҰ кеңістігінде еркін сауда аймағын құру туралы ойды талқылай бастадық. Бұл тақырып та ұйымның саммитінде жан-жақты сараланады. Меніңше, бүгінгі Сіздердің отырыстарыңыз да ұйымның қызметіндегі осы экономикалық әлеуеттің бағыттарын аша түседі деп ойлаймын", - дейді Е. Ыдырысов.
Биыл маусым айында Ташкентте ШЫҰ-ның саммитінде ұйымға төрағалық ету құқығы Қазақстанға өтеді деп күтілуде. ҚР СІМ-нің xабарлауынша, Қазақстан ұйымға өзінің төрағалығы кезінде ШЫҰ-ның қарқынды дамуына күш салатын болады. Еске сала кетейік, ШЫҰ-2016 саммиті Ташкентте 23-24 маусымда өтеді. Ол ұйымға Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан кіреді. ШЫҰ-ның Даму банкін құру мәселесі Ташкент саммитінде талқыланады - ҚР СІМ
2016 жылы маусымда Өзбекстанда Шанxай Ынтымақтастығы Ұйымының саммитті барысында ұйымның Даму банкін құру мәселесі талқыланады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлім етті. «Қазақстан үшін, ШЫҰ-ға мүше өзге де мемлекеттер үшін ұйымның сауда-экономикалық кеңістігі басым маңызға ие. ШЫҰ-ның осы саласын дамытуға қатысты көптеген жоспарлар жасалды. Енді ШЫҰ-ның экономикалық, сауда және инвестициялық қызметін қаржылық қамтамасыз ету тетіктерін құру бойынша маңызды жұмыстарды атқару ғана қалды. Бұл ШЫҰ-ның Даму банкі құруға қатысты», - деді ол бүгін Астанада ШЫҰ мүше мемлекеттерінің қаржылық бақылау жоғары органдары басшыларының кездесуінде.
СІМ басшысының атап өткеніндей, қаржылық қамтамасыз етудің тетіктері болмайынша, ұйымның экономикалық қызметін дамыту мүмкін емес. «Сондықтан біз осы қаржылық тетіктерді құру жөніндегі істі күшейттік. Ең бастысы, ШЫҰ Даму банкін құру бойынша ортақ ұйғарымға келу бағытына қатысты. Бұл тақырып қыркүйекте Бішкекте қаржы министрлерінің кездесуінде жеке талқыланады», - деп толықтырды Е. Ыдырысов. Сонымен қатар, министрдің айтуына қарағанда, 23-24 маусымда ШЫҰ-ның Ташкент саммиті кезінде ұйымға жаңа мүше мемлекеттерді қабылдау туралы тариxи шешім шығарылады. «Біз ұйымға Үндістан мен Пәкістанның мүшелік етуі жөніндегі үдерісті бастаймыз. Күн тәртібінде Иранды қабылдау мәселесі де тұр. Әлі келісілуі тиіс бірқатар мәселелер бар», - дейді министр.
Әлемдік қаржы дағдарысын тиімді еңсере білген Қазақстан, ХВҚ басшысы Кристин Лагардтың айтуынша, болашағынан зор үміт күттіретін ел. Халықаралық валюта қорының өкімші-директоры Кристин Лагард Астана экономикалық форумына қатысады. Мәртебелі мейман Қазақстанға ұшып келгенге дейін агенттікке эксклюзивті сұхбат беруге өз келісімін берген болатын.
- Сәлеметсіз бе, Лагард ханым! Қазақстанға қош келдіңіз. Бұл сіздің Қазақстанға және Орталық Азияға алғашқы сапарыңыз. Сапарыңыздың мақсаты қандай және Қазақстанның ресми тұлғаларымен кездесуден не күтесіз?
- Шындығында да, бұл менің Қазақстанға және бұл өңірге алғашқы сапарым. Бұл уақыт - Орталық Азия мен Қазақстан үшін Тәуелсіздіктерінің 25 жылдық кезеңі. Дегенмен, қазір өте күрделі кезең болып тұр. Мұнай мен өзге де биржалық тауарлардың бағасы, Ресей мен Қытай сынды негізгі серіктестердің экономика өсімінің қарқыны күрт құлдырап, жаһандық қаржылық ахуал да барынша қатаңдана түсті.
Бұл өзгерістер ұзақмерзімді болуы ықтимал. Сондықтан Қазақстанның ресми органдарымен бірлесе ұйымдастыратын біздің дөңгелек үстеліміз барысындағы өңірлік талқылаулар нағыз дер уақытында қолға алынған шара десек те болады. Біз экономикалық қиындықтарды қалай еңсеру, Қазақстан мен Орталық Азия өңірін өсім мен гүлденудің дұрыс жолына қалай алып шығу керектігін талқылаймыз. Ол үшін ұлттық саясат шаралары, сонымен бірге өңірлік ынтымақтастық талап етіледі.
- Сіздің көзқарасыңызша, Қазақстан экономикасының келешегі қандай?
- Қазақстан өз Тәуелсіздігін алған уақыттан бері көптеген табысқа қол жеткізді. Әсіресе, соңғы 15 жылда биржалық тауар бағасының жоғары болуы мен өндіріс өсімінің артуына байланысты халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейі айтарлықтай еселене түсті. Қазақстан осы уақыттың аралығында табыстың бір бөлігін ұлттық қорға жинақтау арқылы өте ақылды шешім қабылдай алды. Ол 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысы салдарын табысты еңсеруге өз септігін тигізген еді.
Ендігі қиындықтар мүлдем басқа сипатта болып отыр. Басқа да мұнай экспорттаушыларға сияқты Қазақстанға да қара алтын бағасының құлдырауы айтарлықтай әсерін тигізді. Ағымдағы жылы ел экономикасының өсімі 0,1 пайыз көлемінде ғана болжанып отыр. Бұл соңғы 15 жыл бойы жылына орташа есеппен 7,5 пайыз болған өсім қарқынан әлдеқайда төмен. Біз соңғы бірнеше жылдың ішінде өсім қарқыны қайтадан көтерілетіндігін күтіп те отырған жоқпыз. Яғни, бұл шын мәнінде айтарлықтай өзгерістер десек те болады.
Ең маңыздысы ресми органдар теңгенің еркін бағамын енгізіп, ақша-несие негізі мен бағамдық саясатты нығайта алды. Біздің пайымымызша, мұның барлығы да ойға қонымды болды. Біз салық-бюджет саясаты негіздерін де оның ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жақсарта түсуге қол жеткізу қажет деп санаймыз. Осы ретте мемлекеттік бюджеттің, жергілікті басқарушы органдардың бюджеттерінің, сонымен бірге «бюджеттен тыс» қорлардың есепшоттарын бір формаға шоғырландыруды ұсынамыз. Бұл ресми органдардың саясаты мен операциялары мақсаттарын нақты көрсетуге септігін тигізеді.
Егер, мұнай бағасы шамамен осы деңгейде қалатын болса, онда Үкіметтен кейбір бюджеттік ресурстарды қайта бөлу талап етілуі мүмкін. Әлеуметтік шығыстарға бағытталатын ресурстарды арттыру, экономика өсіміне көмектесу және жұмыс орындарын құруға мүмкіндік жасау мақсатында күрделі шығыстарды ұлғайту, жалпы сальдоға бақылауды сақтап қалу үшін бірқатар бюджеттік бапты қысқарту қажет.
Сонымен қатар біз Қазақстанға мұнайды ұлттық кірістің негізгі көзі ретіндегі бағытынан тайып, экономиканы әртараптандыру жолдарын іздеуге кеңес береміз. Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы «көпір» ретінде зор қызығушылық туындататындығын жақсы білеміз. Осы қызығушылықтың, соның арқасында елге келетін қаржылық ресурстардың нәтижесінде мемлекет үшін зор мүмкіншіліктер туындайды. Бұл ресустарды экономика өсімі мен жұмыс орындарының құрылуына дұрыс бағыттау қажет.
- Өзіңіз де білетіндей, таяуда теңге бағамы төмендеді. ХВҚ-ның ұлттық валютаның қазіргі құнына және айырбас бағамының икемділігіне қатысты пікірі қандай?
- Теңге бағамының төмендеуі экспорттаушыларға, сонымен қатар импортпен бәсекелес тауарлар мен қызметтер өндірушілерге жаңа мүмкіншіліктер жасап отыр. Қазақстандық кәсіпкерлер мұндай мүмкіншіліктерді пайдалана алатындай іскерлік ортаның болу қажеттігі сөзсіз. Бірақ, біз девальвация шығынымен де қатар жүретіндігін қаперден шығармауға тиіспіз. Инфляция көтерілді және доллармен қарыз алған компаниялар мен адамдар және займдар берген банктер қиын жағдайға душар болды. Сондықтан да біз Орталық банк ақша-несие саясаты тетіктерін пайдалана отырып, инфляцияны одан ары төмендетуі, өзінің ақша операцияларын нақты жариялауы және банктерге мониторигті күшейтуі қажет деп санаймыз.
- Өңірдегі елдер сияқты Қазақстанның да көрші Қытай мен Ресейдің экономикасындағы ахуалға тәуелді екендігі құпия емес. Осы ретте ХВҚ-ның бұл елдерге болжамы қандай? Қазақстан, жалпы өңір бұл елдерден туындайтын теріс салдармен қалай күресе алады?
- 2015 жылы Ресей экономикасы теріс өсім қарқынына ие болды және оның қалпына келуі мұнай бағасының одан ары құлдырауына байланысты 2016 жылдың соңғы айларына шегеріліп отыр. Дегенмен, Ресейде жүргізілген шаралар бұл күйзелістің салдарын біршама әлсіретті. Яғни, бұл ел айырбас бағамын еркіндікке жіберіп, банк жүйесі капиталын толықтырған болатын.
Сауда-саттықта барынша маңызды серіктес саналатын Қытай үшін біз ағымдағы жылы экономика өсімі 6,5 пайыз, ал келесі жылы 6,2 пайыз деңгейінде болады деп болжаудамыз. Қытай шын мәнінде өз экономикасын қайта теңгерімдеуде қиын кезеңді бастан кешіруде. Бірақ, саяси шаралар мен құрылымдық реформаларды дұрыс түйіндестіре алса, ел бұл кезеңді табысты еңсере алады.
Теріс салдар туындауына байланысты Қазақстан қандай шаралар қабылдау керек? Біріншіден, жоғарыда атап өткенімдей, ақша-несие және бағам саясатына байланысты икемділікті сақтап қалу маңызды. Бұл келешектегі қажеттілікті қанағаттандыру үшін қорды сақтауға, яғни, валюталық қордың жоғалуын тоқтатуға көмек береді. Валюта бағамын түзету бағаның жоғарлауына түрткі болды. Сондықтан ақша-несие саясатында инфляциялық қысымға қарсы тұруға баса мән берген жөн.
Екіншіден, салық-бюджет саясаты шараларына қатысты бірқатар қосымша мақсатты бағыттар мен уақытша шығыстар экономика белсенділігін қолдауға мүмкіндік бере алады. Толықтай алғанда, болашақ ұрпақ үшін дәнекер қор ретінде қаржы жинауды, сонымен қатар мемлекет қарызын экономикалық қолайлы деңгейде ұстап тұруды жалғастыру маңызды?
- Ағымдағы жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өтеді. Сіздің біздің еліміз, елордамыз Астана, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жайындағы жеке пікіріңіз қандай?
- Соңғы ширек ғасырда елдеріңіз және көршілеріңіз алға қарай ауқымды жолды еңсерді және көптеген жетістіктерімен мақтана алады. Қазақстан - бұл болашағынан зор үміт күттіретін ел. Ол мұнай мен басқа да биржалық тауарлардың ірі экспорттаушысы болып саналады және Еуропа мен Қытайдың арасындағы маңызды стратегиялық орынға ие. Сонымен қатар сіздер шын мәнде әдемі де бірегей жаңа елордаларыңыз Астананы салдыңыздар, бұл өте зор жетістік десек артық емес.
Мен жоғарыда әртараптандыру мен өзге де реформалардың маңыздылығын ескертіп өткен едім. Президент Н.Назарбаев Қазақстан үшін «Қазақстан-2050» бағдарламасы мен «100 нақты қадам» ұлт жоспарын қоса алғанда тамаша жоспар белгіледі. Бұл бағдарламаларда белгіленген жоспарлар дұрыс бағытқа жол сілтейді және біз оны Қазақстанмен өтетін тұрақты консультацияларымыз барысында талқылауымызды асыға әрі қызыға күтіп жүрміз.
- Таяуда Time журналы Сізді әлемнің ең ықпалды адамдарының тізіміне қосты. Сіздің реакцияңыз қалай болды? Жалпы, жеке табысыңыздың сыры неде?
- Өзге де танымал тұлғалармен бірге ең ықпалды адамдардың қатарында болу зор құрмет. Үкіметтердің лауазымды қызметкерлеріне азаматтардың өмірін жақсарту үшін саясаттың оңтайлы шаралары туралы ұсыныс бере отырып, өзімнің күнделікті жұмыстарым арқылы ықпал етіп қана қоймай, сонымен бірге бізге мүше мемлекеттерге сапарлап, түрлі адамдармен сұхбат құру мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын. Мен үшін жас буынмен өз тәжірибеммен бөлісу мүмкіндігі болғандығы барынша маңызды. Олар маған да зор ықпал етеді.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард сонымен қатар Үкімет Үйінде Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовпен кездесіп, ақша-несие саясатын жетілдіру мәселелерін талқылады. Тараптар ақша-несие саясатын, құрылымдық реформалар өткізуді жетілдіру саласындағы, сондай-ақ Қазақстанның экономикалық дамуының орташа мерзімді перспективалары мәселелерінің кең ауқымын талқылады. «Сізге және Сіздің мамандарыңыздан құралған командаға ынтымақтастық, техникалық қолдау және ұсыныстар үшін алғыс айтамын», - деді К.Мәсімов.
Премьер-Министр Қазақстан Үкіметі сыртқы жағымсыз факторларды жұмсартуға бар күш-жігерін салып жатқанын баса айтып, елдің тұрақты дамуына бағытталған институционалдық реформалар аясындағы Үкімет жүзеге асырып жатқан шаралар жайлы мәлімдеді. Сондай-ақ Кәрім Мәсімов ХВҚ мүшелеріне Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Астана Халықаралық қаржы орталығын құру туралы идеясын таныстырды. Өз кезегінде К.Лагард Қазақстан «Ұлттық қор құрып, дұрыс жасады. Бұл талықсытпаның бір бөлігін жеңілдету үшін ақша-несие саясатында епті тәсілге мүмкіндік береді» деді. Кристин Лагард жылы қабылдап, ХВҚ аймақтық конференциясына қатысуға шақырғаны үшін алғысын айтты. «Бұл керемет бастама деп есептеймін. Меніңше, оны пайдалы форумға айналдыруға болады, ол жерде қаржы министрлері аймақтық деңгейде бір-бірімен сұхбаттаса алар еді», - деп атап өтті ХВҚ басшысы.
Халықаралық валюта қорының Өңірлік конференциясында қысқа және орта мерзімді перспективаға арналған үн қату шаралары талқыланды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлім етті. Бірнеше минут бұрын ғана Халықаралық валюта қорының өңірлік конференциясы өз жұмысын аяқтады. Оған Орталық Азия, Кавказ елдерінің, Еуразиялық экономикалық одақ бойынша серіктестеріміз, Ресей мен Беларусьтің Үкімет өкілдері қатысты. Бұл конференцияға Халықаралық валюта қорының директоры Кристин Лагардтың қатысқандығы үшін қуаныштымыз. Лагард ханым, Астанада өңірлік конференция өткізу бастамасына қолдау білдіргеніңіз үшін және оған өзіңіздің қатысқаныңыз үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Өңірдегі ахуалға қатысты конструктивті сұхбаттастық пен пікір алмасу барысында біз ортамерзімді келешекте қысқа мерзімді шоктарға қарсы тұру шараларын талқыладық», - деді К.Мәсімов.
Оның атап өтуінше, конференция барысында макроэкономикалық саясат негіздері, мониторинг жүйесі институттарын нығайту қажеттілігі, өңірлік интеграция, құрылымдық реформаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыға түсті.
Кристин Лагардтың айтуынша, Қазақстан əртүрлі факторлар экономикалық өсімге ықпал ете алмайтын қолайсыз кезеңге тиісті резерв дайындай білген. Халықаралық валюта қорының аймақтық конференциясын қорытындылау үшін ҚР Премьер-министрі Кәрім Мəсімовпен бірлескен баспасөз мəслихатын өткізген ХВҚ-ның басқарушы директоры Кристин Лагард осылай мəлім етті.
«Астана - Қазақстан халқының тұрақтылығын айқын дәлелдейтін фактор. Астана қаласына қуана қайта келемін»,-деді журналистер алдында ол.
«Жалпы, Қазақстанға тоқталар болсам, биыл тəуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтетін Қазақстанның табиғи ресурстарды, табиғи байлықтарды қоғам игілігі үшін жұмсай білгені маған қатты əсер етті. Сондай-ақ, Қазақстан жел басқа жақтан соғып, əртүрлі факторлар экономикалық өсімге ықпал ете алмайтын қолайсыз кезеңдерге резерв дайындай білді. Кезінде 7 пайыздан асқан өсім қазір бір пайызға дейін төмендеп кетті. Келесі жылы бұл көрсеткіш артады деген үміттеміз. Осындай қиын кезде Қазақстан кешенді шараларды қолға алды. Атап айтсақ, ақша несие саясатын қолға алды. Бұл дер кезінде қолға алынған шара болды. Жалпы, біз ақша несие саясатын жалғастыру бағытындағы Қазақстанның ресми органдары пайдаланған іс-қимылдарды қолдаймыз. Бұл іс-қимылдар кейбір аяқасты оқиғаларды жойды»,-деді К.Лагард.
Сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі ауқымында Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов жетекші әлемдік компаниялардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Үкімет басшысы мұнай-газ, кен өндіру, фармацевтік секторлар компанияларының, сондай-ақ консалтингтік фирмалар мен қаржылық институттардың өкілдерімен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар инвестициялық ахуалды жақсарту, Қазақстанда бірлескен жобаларды жүзеге асыру, «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылуы ауқымында өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады, елдегі және әлемдегі ағымдағы экономикалық жағдай жөнінде пікір алысты. Кездесулер қорытындыларымен сұхбаттасушылар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге әзір екендіктерін білдірді.
Осы кеңес ауқымында «Астана» халықаралық қаржы орталығы базасында Торонто биржасы үлгісіндегі жер қойнауын пайдаланушыларға арналған алаң құрылатыны белгілі болды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы отырысында аталған орталықтың басқарушысы Қайрат Келімбетов мәлім етті.
«Қазіргі уақытта АХҚО-ның биржалық және есептік-клирингтік инфрақұрылымын құру аясында стратегиялық серіктестер үшін ұсыныстар әзірлеу бойынша орталық пен халықаралық ірі компаниялар консультациялық қызметтер көрсету келісімшарты жасалды. Біз АХҚО базасында Торонто биржасы үлгісіндегі жер қойнауын пайдаланушыларға арналған алаң құруды жоспарлаудамыз. Онда әрбір компания өз жобасын дамытуға капитал тарта алады», - деді Қ.Келімбетов.
Оның айтуынша, капиталдың локальды нарығының өтімділігін арттыру мақсатында АХҚО биржасында «ұлттық чемпиондарға» ІРО өткізу және акцияларын жария орналастыру арқылы тартымды квазимемлекеттік компанияларды жекешелендіру жоспарлануда.
Қазақстанда дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ пен әскери техника көрмесіне қатысушы елдер саны жылдан-жылға артып келеді. Қорғаныс саласындағы ауқымды іс-шаралардың біріне айналған көрме қатысушылары мен қонақтарына биыл ұлттық тағамдар ұсынылады. Астанадағы IV халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ пен әскери техника көрмесінің басталуына санаулы күндер қалды. Көрсетілетін техника көрме өткізілетін орынға шоғырлана бастайды. Ал ұйымдастырушылар келушілер мен қатысушылар үшін соңғы жұмыстарды жүргізіп жатыр. ҚР Қорғаныс министрлігінен хабарлағандай, «KADEX-2016» көрмесіне келушілер қорғаныс өнеркәсібінің көрсетілетін объектілерін өз көзімен көріп, ерекше әсер алып қана қоймай, көрме ұйымдастырушылары дайындаған шараларға көңілдері толып, бір марқайып қалары анық.
«Қоғамдық тамақтануды ұйымдастыру үшін көрмеге қатысушылар мен келушілер үшін ұлттық стильдегі 10 киіз үй орнатылады. Екі киіз үйде ұлттық кәдесыйлар сатылады, біреуінде қазақ тұрмысының дәстүрі мен мәдениетін, қалған жетеуінде ұлттық ас мәзірі, яғни, қазы-қарта, қымыз, шұбат, көже, сондай-ақ өзге елдердің тағамдары сатылымға шығады», - делінген хабарламада.
Тағам бағалары нарық бағасына қарағанда қолжетімді болады, - дейді ұйымдастырушылар. Бір күнде 1500-2000 адамға қызмет көрсетіледі деп күтілуде. Одан басқа, меймандар үшін ұлттық және еуропалық ас мәзірі бар «Лагуна» екі палаткалы мейрамхана ашық болады. Соның ішінде және таза ауада ауқаттануға болады. Үш жерде фастфуды және салқындатылған сусындары бар тез тамақтану палаткалары, сондай-ақ павильондар арасында 5 палатка болады. Қоғамдық тамақтану орындары көрме басталған сәттен бастап соңғы клиентке дейін ашық болады.
IV халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ пен әскери техника көрмесі қорғаныс саласындағы ауқымды іс-шаралардың біріне айналатынын естеріңізге сала кетейік. Көрмеге дайындалуға көптеген мамандар мен біршама бірлік әскери техника тартылған. Көрме қорғаныс өнекрәсібі саласындағы мамандарды ғана емес, сонымен бірге бұқаралық медианың назарын аудартуда. Көрмені әлемнің 15-тен аса елінен бұқаралық ақпарат құралдарының 300-ден аса өкілі жариялайтын болады.
Бүгінгі таңда әлем елдері үшін лаңкестікке қарсы күресте дін тақырыбы да өзекті болып тұр. Қазақстан да аталған мәселеден тыс қалмай, өзіндік үнін қосуда. Мәселен, агенттік сайтында Астанадағы «Дін лаңкестікке қарсы» конференциясына 41 елден өкілдер келетіні туралы материал жарық көрген. Оған бірқатар елдердің парламент мүшелері мен әлемдік конфессиялардың өкілдері қатысады деп күтілуде.
Атап айтқанда, конференцияға 41 елден 63 делегат келеді. «Дін экстремизм мен лаңкестікке қарсы екені белгілі. Осы ретте дінде төзімділік насихатталады. Діни және саяси бағыттағы көшбасшылар осы құндылықтарды барша адамдарға жеткізуі тиіс, әсіресе жастарға дұрыс бағдар берген дұрыс. Негізгі күш-жігерді қақтығыстарды доғаруға жұмылдыру қажет. Өйткені, тек бейбітшілік пен келісім ғана өркениеттер дамуының негізі бола алады»,- деді сенатор Георгий Ким Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. Оның сөзіне қарағанда, конференцияда Қазақстанның ұстанымдарына ерекше мән беріледі. Бұл тұрғыда еліміз этникааралық, дінаралық және мәдениетаралық үндестіксіз тұрақты саяси, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму мүмкін емес екенін насихаттауда.
«Бұл конференцияда Қазақстан осы салада жинақтаған тәжірибесімен бөліседі. Сонымен қатар осы тәжірибе негізінде елеулі конструктивті ұсыныстарды енгізуде», - деді ол.
Сенатор И.Адырбеков пен Ю. Погребнякс «Діндер терроризмге қарсы» конференциясына қатысатын Латвия делегациясының алдағы сапарын талқылады. Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков Латвия Республикасының Қазақстандағы елшісі Юрийc Погребняксті оның өтініші бойынша қабылдады. Кездесу барысында тараптар «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясына қатысатын Латвия Республикасы делегациясының алдағы сапарын талқылады.
Елші Қазақстан Елордасын діни қайраткерлер мен ұлттық парламенттер депутаттарына терроризм мен эстремизмнің қаупіне, діни төзбеушілікке қарсы іс-қимылда, конфессияаралық үнқатысуды ілгерілету үшін бірлесіп әрекет етудің жолдарын ашық талқылау үшін ортақ алаң ұсынудағы Астананың рөлін ерекше бөліп айтты. И.Адырбековтің пікірінше, «Діндер терроризмге қарсы» конференциясын өткізу жаһандық деңгейдегі ұлтаралық және дінаралық келісімді қолдау және нығайту мәселелері жөніндегі келісілген қадамдарды әзірлеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ халықаралық терроризм мен экстремизммен күресте конференцияға қатысушы елдердің жоғары заң шығару органдарының бірлескен қызметінің тағы бір көрінісі болып табылады. Сенатор конференцияға Саэйм (Парламент) төрағасының орынбасары Инесе Либиня-Эгнере бастаған Латвия делегациясының қатысу жоспарына ризашылық білдірді.
Ал АҚШ Конгресмені Қазақстанды дінді сылтаулатқан түрлі зұлымдықтарға жол бермеуге шақырады. АҚШ Конгресмені Элси Хастингс Астанадағы «Дін - терроризмге қарсы» халықарлық конференциясына орай ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.Тоқаевтың атына хат жолдады. Онда Конгрессмен арнайы шақыру алғанымен конференцияға қатыса алмайтындығына өкініш білдірген. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
«Конференцияда дін уағыздау еркіндігін барлық тәртіпке сай қамтамасыз ету жолын қуған әлемнің саяси және діни басшылары бас қосады. Олар өздерінің құнды уақытын діннің зорлық пен зомбылық құралы ретінде пайдаланылуын болдыртпау жолдарын талқылауға жұмсайды.
Ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм және даосизм секілді түрлі діндер өкілдерінің қатысуымен Қазақстан 2003-2012 жылдары аралығында төрт маңызды басқосулар өткізді. Алдағы конференцияны ұйымдастырып, Қазақстан өңір мен әлемді барлық діндерді қадірлеуге және дінді сылтаулатқан түрлі зұлымдықтарға жол бермеуге шақырады. Спикер мырза, Президент Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан тәуелсіздігінің алғаш жылдарынан бастап, діни толеранттылықты ілгерілетуде басшылық танытты. Бұл мирас алдағы «Дін - терроризмге қарсы» конференциясында өз жалғасын табады және оның болашағы зор деп сенімдімін. Достарыма конференцияда сәттілік тілеймін және олардың айтулы істерін құптаймын!», - делінген Элси Хастингінің хатында.
Осы конференция аясында Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Халық өкілдері бүкілқытай жиналысы Ішкі істер және әділет жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Чжао Чжэнюнмен кездесті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды. Сенат басшысы «Діндер терроризмге қарсы» конференциясына қатысқаны үшін жүздесушіге ризашылығын білдірді және бұл шара терроризм қатеріне бірлесе әрекет ету жолдарын ашық талқылау үшін ортақ алаң ұсынғанын атап өтті. Тараптар сондай-ақ екіжақты ынтымақтастық, оның ішінде парламентаралық байланыстар мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясаты мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасы ұзақ мерзімді өзара іс-қимыл келешегінің жалпы көрінісі мазмұндалғаны туралы ортақ пікірге келді.
Астанадағы «Діндер терроризмге қарсы» атты форум аясында Сенат Төрағасы ГФР Бундестагының депутаты Аксель Фишермен, Мысырдың уақыптар істері жөніндегі министрі Мұхтар Жұмамен және Халықаралық бейбітшілік институтының президенті Терье Род-Ларсенмен де кездесті. Жүздесушелір халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты. Конференцияға қатысушылар терроризм және экстремизммен күрестегі жаһандық күш-жігерге сындарлы идеялары мен өз үлестерін қосуға әзірлігін білдірген парламентшілер мен әлемнің діни қайраткерлерінің бір алаңға жиналған осы форум тақырыбының маңыздылығын атап өтті.
ГФР Бундестагының депутатының мәлімдеуінше, лаңкестік топтарды исламдық ұйымдар деп сипаттаудан бас тартуымыз қажет. Ұлттық биліктер діни қоғамдастықтардың әлеуетін көбірек назарға алуы тиіс. Астанада «Діндер терроризмге қарсы» атты халықаралық конференция барысында ГФР Бундестагының депутаты Аксель Фишер мәлім етті. Еуропадағы лаңкестік іс-қимылдарға тоқталған Бундестаг депутаты: «Осы лаңкестік әрекеттерге жауапкершілікті өздерін «исламдық» деп атайтын топтар алып отыр. Алайда, біз осы лаңкестік топтарды исламдық ұйымдар деп сипаттаудан бас тартуымыз қажет. Атап айтқанда, бұл ұйымдарда ислам атын жамылып, өздерінің талаптарын қоюға құқы жоқ»,-деді.
Осы орайда А. Фишер барша әлемді діни қоғамдастықтарды қорғау керектігін, құндылықтарды лаңкестерге қарсы қолдану қажеттігін атап өтті. «Ұлттық биліктер діни қоғамдастықтардың әлеуетін көбірек назарға алуы тиіс, диалог құру бағытында белсенді жұмыс атқаруы тиіс. Өз кезегінде бұл қоғамдастықтар бейбітшілікте өмір сүрудің ортақ құндылықтарын насихаттауға ерекше мән беруі керек. Біз білім беру мен әлеуметтік саясат арқылы лаңкестік ортаның құрылуына тосқауыл қоя аламыз», - деді Бундестаг депутаты. Ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың лаңкестікпен күрес жөніндегі бастамаларын қолдайтынын атап өтті.
Ежелгі Қазақстан жерімен өткен Ұлы Жібек жолын жаңғырту жаңа дәуірдің III мыңжылдығының басында ол сол замандағыдай құнды. халықаралық тұрғыда Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртып, Қазақстанмен басқа халықтар арасындағы мәдени, ғылыми, сауда және экономикалық байланыстарды нығайту көзделуде. Қазақстан «Жаңа Жібек жолы» және «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамаларын қолдайды және ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ұзақ мерзімге бағдарланған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұл туралы Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Қайрат Омаров екікүндік «Шығыс Батыс Транскаспий сауда-транзиттік дәлізі» форумының ашылуында сөйлеген сөзінде мәлім етті.
Дүниежүзілік банктің, іскерлік қауымдастықтары мен корпорацияларының қолдауымен Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия елшілктері ұйымдастырған шара а АҚШ ресми, іскерлік және сарапшылық топтарының екіжүзден аса өкілдерін жинады, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі. «Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғырту жоғары қарқынмен жүргізілуде, бұған дамудың заманауи даму бағдарламалық құжаттары дәлел», деп мәлім етті «Қазақстан темір жолы» АҚ вице-президенті Қанат Алпысбаев.
Қазақстанды Батыс пен Шығыс, сондай-ақ Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы «көпір» ретінде көрсете отырып, ҚТЖ өкілі "Қорғас-Шығыс қақпа» АЭА құрылысының барысы, Ақтау портын жаңарту, Қазақстанда логистикалық орталықтар ашылуы, жаңа темір жолдар құрылысы туралы әңгімеледі. АҚШ сауда палатасының вице-президенті Гари Литман американдық бизнестің аймақтағығ елдер үкіметімен ашылып жатқан іскерлік мүмкіндіктерін пайдалануға дайын екенін қуаттады.
Қазақстанның төрткүл дүниемен ықпалдастығы
Жоғарыда аталып өткен Ұлы Жібек жолы дегенде, алдымен есімізге аспан асты елі түседі. Сондықтан да біздің еліміз үшін Қытай мемлекетімен тығыз қарым-қатынас орнату аса маңызды. Осы бағытта, Қазақстан мен Қытай СІМ ынтымақтастықты дамытудың басымдық берілген мәселелерін жан-жақты талқылады. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Алматыда Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесті, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен. Келіссөздер барысында бірқатар салалар бойынша қазақ-қытай ынтымақтастығын дамытудың басымдық берілген мәселелері жан-жақты талқыланды. «Биылғы жылы алда тұрған «Үлкен жиырмалықтың» саммитіне қатысу үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға және ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянның Қазақстанға сапарларын әзірлеуге ерекше ден қойылды», делінген хабарламада.
Кездесуде сондай-ақ, екіжақты сауда өсімін ынталандыру үшін көлік жолдарын әртараптандыру, индустриялық-инновациялық ынтымақтастықты арттыру, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай аймақтары арасындағы сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейтудің өзектілігі айтылды. «Бізге екіжақты сауда көлемін ұлғайту үшін жаңа мүмкіндік іздеуді жалғастыру қажет», - деп атап өтті осы орайда Е. Ыдырысов.
Онымен қатар, трансшекаралық өзендердің су ресурстарын ұтымды пайдалану, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және туризм салаларындағы ынтымақтастық бойынша мәселелер де екіжақты кездесуде сөз болды. Қытай тарапы өзара тиімділік негізінде Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтасуға және бір-бірін құрметтеуге дайын екенін білдірді. «Жол картасын» тиімді әзірлеу үшін біз «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасы бойынша бірлескен жұмыс тобын құруға ниеттіміз. Қытай елінің тиісті мекемелері бұл жұмысқа кірісіп кетті», - деп мәлімдеді Ван И. Кездесу барысында көкейкесті жаhандық және өңірлік мәселелер, оның ішінде Ауғанстандағы ахуал, Сириядағы жағдай, халықаралық терроризм мен діни экстремизмнің қаупі бойынша мәселелер қозғалды. Екі жақ Біріккен Ұлттар Ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесі және басқа да көпжақты форматтар аясында өзара ic-қимыл және ұстанымдарды үйлестіруді нығайтуға мүдделі екенін білдірді. «Пікір алмасулар қорытындысы бойынша, тараптар өзара тиімді екіжақты ынтымақтастықты дамыту бойынша алдағы қадамдарды айқындап, дәстүрлі достық сипаттағы қатынастарды ұстануға сенімділіктерін растады», -делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қытайдың сыртқы саяси ведомствосының басшысы сапарының басты міндеті Ташкентте 23-24 маусым аралығында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін әзірлеу мақсатындағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесіне қатысу. Сол үшін ол Ташкентке барар жолда Алматы және Бішкек қалаларында тоқтады.
Сондай-ақ Қазақстан мен ШҰАӨ арасындағы екіжақты қатынастарды дамыту перспективалары талқыланды. Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Қытайдың Коммунистік партиясы ОК-нің Саяси бюросының Мүшесі, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің (ШҰАА) парткомының Хатшысы Чжан Чуньсяньмен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен ШҰАӨ арасындағы екі жақты қатынастарды дамытудың жағдайы мен перспективаларын қарастырды. Бақытжан Сағынтаев пен Чжан Чуньсянь мәдени және сауда-экономикалық байланыстардың нығайғандығын айтты, оған «Қорғас» Халықаралық шекара маңындағы ынтымақтастық орталығының жұмысы, ҚХР ауыл шаруашылығы өнімдері үшін «жасыл дәліздің» ашылуы, «Достық-Алашанькоу», «Алтынкөл-Қорғас» теміржолдары арқылы жүк ағымының артуы, Ляньюньган теңіз терминалында ынтымақтастықтың артуы көрнекі дәлел. Осыған байланысты ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары мен ШҰАӨ парткомының Хатшысы ҚР мен ҚХР Өңіраралық ынтымақтастығы форумын құрудың маңыздылығын атап өтті. Келіссөздер барысында сондай-ақ сауда-экономикалық, индустриялық және инновациялық ынтымақтастық, көліктік жобалар, ауыл шаруашылығы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
ҚХР СІМ басшысының айтуныша, Қытай мен Қазақстан экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға дайын. Бұл туралы Алматыда ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Қытай Халық Республикасының министрі Ван И мырзамен кездесуінде мәлім болды. Кездесу қорытындысы бойынша өткізілген брифинг барысында министр Ван И кездесудің жақсы өткендігін және маңызды келісімдер жасалғандығын атап өтті.
«Екі ел басшыларының арқасында Қытай мен Қазақстан, тағдыры ортақ қоғамдастыққа айналып келеді. Алдағы уақытта Ташкентте өткізілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының көмегімен, сондай-ақ, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Үлкен жиырмалық» саммитіне қатысуын ұйымдастыру арқылы біз алдағы уақытта екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтқымыз келеді. Ондағы мақсат - екі жақты әріптестікті тұрақты түрде жаңа мазмұнмен толықтырып отыру», - деді Ван И. Сонымен қатар, ҚХР сыртқы саясат ведомствасының басшысы кездесу барысында «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Жаңа Жібек жол экономикалық белдеуі» жобасын ұштастыру мәселесіне көп көңіл бөлінгендігін жеткізді. Оның айтуынша, осы бағытта Жол картасын әзірлеу бойынша бірлескен жұмыс тобын құру жөнінде ортақ келісімге қол жеткізілген.
Кездесу барысында бұған дейінгі индустриалдық ынтымақтастық аясында қол жеткізілген жетістіктерге екі тарап та ризашылық білдіріп, алдағы уақытта да өндіріс саласында ынтымақтасуды жалғастыруға дайын екендіктерін жеткізді. «Бұл ынтымақтастық әріптестерімізге экономиканы әртараптандыруға көмектеседі деген ниеттеміз. Бұған Қазақстанның әлеуеті жетеді. Біз Қазақстан халқының уақытша қиындықтарды еңсеріп, жарқын болашаққа жол ашатындығына сенімдіміз», - деді Ван И.
Қазақстанның ТМД елдерімен байланысы өзекті тақырып. Соның шініде, бағзы заманнан бері үзілмей жалғасып келе жатқан Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы қос мемлекет үшін қашан да еш маңызын жоғалтқан емес. Сондықтан көршілес елмен қарым-қатынастар жайлы "ҚазАқпарат" ХАА сайтында жарияланған материалдар легі де үздіксіз жарияланып келеді. Оның біріне сүйенсек, РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенконың айтуынша,
Қазақстан мен Ресей өңірлерінің ынтымақтастығы жоғары нәтиже беруде. Қазақстан мен Ресейдің арасындағы өзара тауар айналымы көлемінің 70 пайыздан астамы шекара маңындағы саудаға тиесілі. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескеннен кейін РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко мәлім етті. «Бүгінде РФ-тің 76 субъектісі Қазақстанның өңірлерімен белсенді өзара әрекеттесуде. Сарапшылардың бағалауы бойынша өзара тауар айналымының 70 пайыздан астамы шекара маңындағы саудаға, өңіраралық өзара іс-қимылға тиесілі. Бұл жақсы көрсеткіш», - деп тоқталды В.Матвиенко. Екі ел арасында өзара тауар айналым көлемін арттырудың әлеуеті жоғары екеніне тоқталған ол, «Аймақаралық шекара маңы ынтымақтастығының нәтижелілігі жоғары, себебі бұл тұрғыда бюрократия аздау, яғни осы ретте нақты істер мен жобалар және ынтымақтастықтың бағдарламалары қамтылған. Бұл бағытта ресейлік және қазақстандық тараптардың өзара ниеттестігі өте жоғары», - деп атап өтті В.Матвиенко.
Ресей тарапы Қазақстанда тұрып жатқан РФ азаматтарын медициналық көмекпен толық көлемде қамтамасыз етуді өтінді. Ресей тарапы Қазақстанда тұрып жатқан РФ азаматтарын медициналық көмекпен толық көлемде қамтамасыз ету мәселесін шешуді өтінді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко мәлім етті. «Біз бұл мәселені талқылаған болатынбыз. Осы ретте Қазақстанда тұрып жатқан ресейлік азаматтарға тегін медициналық қызметке қолжетімділік Ресейдегі Қазақстан азаматтарына тиесілі медициналық көмек деңгейінде реттеледі деп үміттенеміз»,-деп тоқталды В.Матвиенко. Оның сөзіне қарағанда, Ресейде Қазақстан азаматтарына тегін медициналық қызметтердің толық көлемі ескерілген. «Бірнеше жыл бұрын Қазақстанда жаңа заңнама қабылданғаннан кейін, Қазақстандағы ресейлік азаматтар тегін медициналық көмекті тек шұғыл жағдайларда ғана алуға құқылы болды. Ал зерттеулер, өмірлік маңызды дәрілер, инсулин бойынша барлығы ақылы негізде», - деді ол. Бұл тұрғыда В.Матвиенко тиісті шешім жасау үшін талқылаулар жүргізуге шақырды.
Бұдан соң РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко мен ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді. БҚО әкімдігінде өткен кездесуді Сенат Төрағасы Қ.-Ж.Тоқаев ашып, кеше екінші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған В.И.Матвиенконы наградасымен құттықтап, мұндай сапарлардың екі елдің байланысын одан әрі орнықтыруда маңызы зор екендігін атап көрсетті.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов мәртебелі меймандарға «қош келдіңіз» айтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша мәлімет берді. Ресейдің Самара, Саратов, Орынбор, Астрахан және Волгоград сынды бес бірдей өңірімен шектесетін Батыс Қазақстан облысы шекаралас және достық қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атап өткеніндей, Қазақстан мен Ресейдің арасындағы ынтымақтастық, тату көршілік пен достық тамыры тереңде, ғасырлар қойнауынан бастау алады. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысы да көршілес аймақтармен өндіріс пен сауда, мәдениет, ғылым мен білім және басқа салаларда табысты байланыс жасауда. Өңірде сексеннен астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде, түрлі мерекелерді бірге атап өтеді, әрқайсысының өз тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, дамытуына толық мүмкіндік бар. Ұлтаралық келісімді нығайтуда Қазақстан Президенті басшылық ететін Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен рөл атқарып келеді. Өңірдің экономикалық әлеуеті жоғары. Еуропа, Ресей, Қытай және басқа елдерден келетін тауарлар тасқыны Батыс Қазақстан арқылы өтіп, өнеркәсіптің, шағын және орта бизнестің дамуына игі ықпал етуде. Жаһандық өзгерістерді ескергенде, Еуразиялық экономикалық одақтың тиімділігіне көз жете түседі. Тек өткен жылы ғана БҚО-ның Ресей Федерациясымен сыртқы сауда айналымы 433 млн. долларды құрады. Қазіргі кезде облыста ресейлік кәсіпкерлердің қатысуымен сауда, тасымалдау және өндіріс саласында екі жүздей кәсіпорын тіркелген. Соның ішінде ұн және макарон өнімдерін өндіретін «Мартин» АҚ, металл өнімдерін шығаратын «КазАрмаПром» АҚ, сорғы-компрессор тұрбаларын өндіретін «КазТрубпром» ЖШС сынды бірлескен кәсіпорындарды бөліп айтуға болады. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы өсіп, бұл 254 тонна сиыр еті, 7500 бас ірі қара, 1326 тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын құрады.
Валентина Матвиенко өз сөзінде Қазақстанға жұмыс сапарының жемісті болғанын, ендігі мақсат екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі тереңдету екендігін жеткізді. Бұл ретте Қазақстанда мемлекеттік реформалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда оң тәжірибелер жинақталғанын атап өтті. В.Матвиенко жұмыс сапары барысында Достық үйінде Батыс Қазақстан облысындағы этномәдени бірлестіктер жұмысымен танысып, өкілдерімен кездеспекші. Сондай-ақ Орал қаласының көрікті жерлерінде болмақшы.
Ал Санкт-Петерборға сапар аясында қазақстандық сенаторлар IV халықаралық «Еуразиялық экономикалық келешек» форумына қатысты, сондай-ақ ТМД ПАА-ның: мәдениет, ақпарат, туризм және спорт жөніндегі; мемлекет құрылысы және жергілікті өзін-өзі басқару тәжірибесін зерделеу жөніндегі; саяси мәселелер мен халықаралық ынтымақтастық жөніндегі; аграрлық саясат, табиғи ресурстар және экология жөніндегі; құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияларының отырыстарына қатысты. Ассамблеяның қырық төртінші жалпы отырысы барысында парламентшілер ТМД ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы конвенцияның жобасын, «Биоэнергетиканы дамытудың негіздері туралы», «Экологиялық сараптама туралы», «Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау саласында ГӨА-ны тарату және пайдалану туралы», «Биологиялық алуандықты сақтау, тұрақты пайдалану және қалпына келтіру туралы», «Ағарту қызметі туралы» үлгі заң жобаларын қарады.
Санкт-Петерборда Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық ассамблеясы кеңесінің отырысына қатысты. Бұл отырыстың ерекшелігі - халықаралық парламенттік ұйымдардың басшылары - Парламентаралық одақтың, Еуропа кеңесі Парламенттік ассамблеясының, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының төрағалары, сондай-ақ әртүрлі елдер парламенттерінің шақырылған төрағаларының қатысуы болып табылады. Қ.Тоқаев парламентаралық ұйымдардың халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өзара іс-қимылының келешегі талқыланған шағын ортада болған кездесуде сөз алды. Парламенттік дипломатияның рөлі арта түскенін атап өте келіп, Қазақстан Сенатының басшысы әлемдік парламенттік қоғамдастық зерделеуі тиіс ынтымақтастықтың нақты бағыттарына әріптестерінің назарын аударды.
Біріншіден, Қ.Тоқеавтың ұсынысы бойынша, парламенттердің депутаттары барлық халықтардың ортақ жауына айналған әрі шекараны, ұлттық егемендікті, мәдениет пен дәстүрді мойындамайтын халықаралық терроризмге қарсы құқықтық іс-қимылды күшейтуі тиіс. Төраға әріптестерін Астанада 31 мамырда өтетін «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясына қатысуға шақырды, оған бүкіл әлемнің парламентшілері мен әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері алғаш рет жиналады.
Екіншіден, Қ.Тоқаевтың айтуынша, ядролық қарудың таралып кетуі адамзаттың өмір сүру болмысына қауіп төндіріп отыр. «Ол туралы саясаткерлер де, алдыңғы қатардағы ғалымдар да, азаматтық қоғам да ұдайы айтып келеді, алайда іс жүзінде атқарылған істер жоқтың қасы. Парламентшілер ядролық қарудың таралуына «жоқ» деп нақты айтуға міндетті. Толықтай қарусыздануға қол жеткізуге, Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың орындалуы мен Ядролық қаруларды сынауға жаппай тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуін жақтау керек», - деп атап өтті Сенат төрағасы.
Қ.Тоқаев ұлттық және халықаралық деңгейдегі милитаризмге қарсы іс-қимылды парламентшілердің халықаралық іс-қимылдағы үшінші бағыты ретінде атады. «Әскери салаға бөлінетін ауқымды қаржы (жылына 2 триллион долларға дейін) дамудың мақсаттарына берілуі мүмкін еді», - деді ол. Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» Манифесіндегі деректерді келтіре отырып, төраға парламентшілер халықаралық жағдайды уландыратын соғыс індетінің одан әрі таралуына жол бермеуде парламентшілерге ерекше жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.
Төртіншіден, Сенат төрағасының пікірінше, көптарапты парламенттік дипломатия сауда-экономикалық байланыстарды үдетуге жәрдемдесіп, мәдени және гуманитарлық алмасуларды ынталандыру керек. Қ.Тоқаев парламентаралық форумдарға қатысудан парламентшілерді оқшаулаудан бас тартуға шақырды, өйткені, «парламентаралық байланыстар халықтар арасындағы коммуникацияның маңызды арнасы болып қала беруі тиіс».
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі аясында Қазақстан арқылы Қытайдан мен Орталық Азиядан Ресейге қарай тауар айналымы 2 есеге артты. Бұл туралы Астанада Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресей Федерация Кеңесінің арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті. «Бүгінде біз «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі бойынша алғашқы нәтижелерді көріп отырмыз. Атап айтқанда, Қазақстан арқылы тауар айналымы, жүк айналымы, трафик көлемі артты, осы ретте Қытай жағынан, сонымен қатар Орталық Азиядан Ресейге қарай тасымал екі есеге өсті. Бұл дәліз бойынша жүк тасымалын 30 млн тоннадан астам деңгейде байқап отырмыз. Осы көрсеткіштер Қазақстан ішіндегі еліміздің жүк тасымалы емес, яғни бұл импорт-экспорт және транзит болып табылады. Бұл жобаның әлеуеті жоғары екенін көріп отырмыз»,-деді вице-министр.
Айта кетейік, Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық аясында бұл - ірі интеграциялық жобалардың бірі. Қытайдағы Ляньюньган портынан Санкт-Петерборға дейінгі дәліз 8 мың 400 шықырымға жуық. Осы ретте Қазақстан арқылы 2 мың 787 шақырым өтеді. Бүгінде Қазақстан арқылы өтетін негізгі жол құрылыстары аяқталды.
Ал 2020 жылға қарай Қазақстан тарапы Қытайдан Павлодарға және Омбыға транзиттік дәлізді салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Астанада ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті. «Жалпы, біздің 2020 жылға дейінгі жол құрылысы бағдарламасы тұрғысында Қытай жағынан қосымша бір дәлізді салуды жоспарлап отырмыз. Осы бағытта Шығыс Қазақстан арқылы Павлодар және Омбы бағытында жолдың құрылысы ескерілуде. Бұл жоба 2020 жылға дейін тапсырылады», - деді Ж. Қасымбек Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресей Федерация Кеңесінің арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында. Вице-министр 2020 жылға дейін Қазақстан аумағында республикалық маңызы бар 7 мың шақырымға жуық жолды қайта салу жоспарланып отырғанын еске салып өтті. «Сонымен қатар Ресей бағытындағы шекарамен шектес учаскелердің автокөлік жолдары құрылысына байланысты барлық мәселелерді шешетін боламыз», - деді ол.
Қазақстандық «ҚазТрансОйл» РФ-тен ҚХР-ге бағытталатын мұнай транзитін 10 млн тоннаға жеткізуге дайын. Қазіргі уақытта Ресейдің Қазақстан арқылы Қытайға жөнелтілетін транзиттік мұнайының көлемі жылына 7 млн. тоннаны құрайды. Бұл туралы «ҚазТрансОйл» АҚ басшысы Нұртас Шманов мәлім етті. «Қазіргі уақытта Ресейдің Қазақстан арқылы Қытайға жөнелтілетін транзиттік мұнайының көлемі жылына 7 млн. тоннаны құрайды. Біз оны ешбір теxникалық жетілдірусіз-ақ 10 млн. тоннаға дейін жеткізуге дайынбыз. Келісім бойынша бізде 7 млн тонна деп көрсетілген. 7 млн тоннадан асатын болса, біз оны тарифтік бөлігіне өзгерістер енгізе аламыз», - деді ол Астанада өткен баспасөз мәслиxатында. Оның айтуынша, егер мұндай ұсыныс келіп жатса, пайдаға барлық тараптар кенеледі.
Қазақстан мен Ресей ядролық отын циклі бойынша бірлескен жобаларды талқылады. "Росатом" мемкорпорациясы бас директорының орынбасары Николай Спасский мамыр айының басында Астанада кездесулер өткізді. Онда РФ мен Қазақстанның ядролық отын циклі саласындағы ынтымақтастығы талқыланды, деп хабарлады Росатом коммуникациялар департаментінен. Спасский Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаевпен кездесті және елдің энергетика вице-министрі Бахытжан Жақсалиевпен келіссөздер жүргізді. «Ядролық энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері сөз болды. Ядролық отын циклі бойынша бірлескен жобаларға назар аударылды», - делінген хабарламада. Ядролық отын циклы (ЯОЦ) - ядролық реакциялар арқылы электр энергиясын алуға бағытталған технологиялық үдерістердің реттілігі.
Ресей компаниялары болса, жыл сайын Қазақстанға 1 млрд. АҚШ доллары шамасында инвестиция құяды. Бұл туралы Қазақстандағы РФ сауда өкілі Александр Яковлев мәлім етті. "Біздің елдер арасында инвестициялық әріптестік күшті дамып келеді. Ресей компаниялары жыл сайын Қазақстанға 1 млрд. АҚШ доллары шамасында инвестиция құяды және Қазақстан мен Ресей арасындағы 502-ден астам жобаға қатысады", - деді ол "ҚазАқпарат" ХАА тілшісіне берген сұxбатында.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасында сауда-экономикалық қарым-қатынастар өте қарқынды дамуда. "Былтыр біздің елдер арасындағы тауар айналымы 15-17 млрд. долларды құрады. Бүгінде Қазақстанда 10,5 мың ресейлік компания бар, олардың 6 мыңы белсенді қызмет етуде. Қазақстан мен РФ облыстары арасында да аймақаралық әріптестік дамуда. Біздің аймақтар арасында 300-ден аса келісім жасалған. Біз бұл бағыттағы байланыстарды одан әрі нығайта бермекпіз", - дейді ол.
Ал осындай достық байланыстың бір дәлелі ретінде, Мәскеуде Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Сауда өкілдігінің ықпалдасуымен қазақстандық өнімдердің дүкені ашылды.Бұл «Бауырсақ» бөлшектік сауда желісінің бесінші дүкені. Ресейлік нарықтағы 4 жылда бұл желі ірі қазақстандық сауда марка өкілдерімен ынтымақтасуда. Барлығы 30-дан астам қазақстандық өндірушімен байланыс орнатқан. «Қазақстанда туғанмын, Мәскеуде тұрып жатқаныма 20 жыл болды. Үйде жеген тағамдарды жиі еске алатынмын. Отаныма барғанда Мәскеуге азық-түлік әкелетінмін. Кейін Мәскеуде қазақстандық өнімдердің дүкенін ашу ойыма келді», - деді «Бауырсақ» сауда желісін ұйымдастырушы Елена Қондақова. Е.Қондақованың сөзіне қарағанда, бастапқыда қазақстандық өнім көрмелерге қойылған. Кейін қазақстандық өнімді бағалаған сатып алушылар тауарды үнемі жеткізіп тұруын сұрады. Нәтижесінде дүкендер ашыла бастады.
Ресейдің сот органдары өкілдерінен құралған делегация Астанаға жұмыс сапарымен келді. Іс-сапар ресейлік тараптың бастамасымен өтіп отыр. Мақсат - Қазақстанның электронды сот жүйесін енгізу тәжірибесі мен соттардың жұмысын үйлестірудің ерекшеліктерімен танысу. «Біздің елдер арасында ортақ мәселелер жетерлік. Бізде сот құқығы жүйесі ұқсас, бізді Бірыңғай экономикалық кеңістік байланыстырады, онда басты рөлді Қазақстан мен Ресей ойнайтыны анық. Сіздердің сапарларыңыз екі жаққа да жемісті әрі пайдалы болады деп сенеміз», - деді ҚР Жоғары Сотының соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары Жазбек Әбдиев меймандарға қаратып айтқан сөзінде. Делегация құрамында РФ Жоғары Соты Сот департаментінің бас директоры Виктор Агеев, Кострома облыстық және Солтүстік Кавказ округтік әскери соттарының төрағалары, Сот департаментінің басқарма басшылары, «Правосудие» ақпараттық-аналитикалық орталығы» федералдық мемлекеттік бюджеттік мекемесінің жетекшісі Леонид Юхневич және тағы басқалары. «Біздің сот қызметі көп қырынан ұқсас десе де болады. Біздің сапарымыздың аясында бірқатар кездесулер өтеді деп жоспарлануда. Біз қабылдаушы тараппен жемісті әріптестік орнатуға мүдделіміз», - деді өз кезегінде В. Агеев. Ресейлік делегаттар Қазақстанның сот қызметімен және сот өндірісі жүйесімен танысты. Сонымен қатар, Ұлт жоспары аясында атқарылып жатқан сот жүйесіндегі жаңашылдықтармен де қанықты. Шетелден келген судьяларға ҚР Жоғары Сотының «Төрелік», «Е-мамандар», ішкі портал, «Сот кабинеті» ақпараттық қызметтері таныстырылды. Сондай-ақ, ҚР Жоғары Соты, жергілікті соттар мен ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қатысуымен өткен бейнеконференцияға қатысты. Іс-сапар кезінде делегаттар Астана қаласының сотына бас сұғады деп күтілуде. Онда қонақтарға «Сот құжаттарымен танысу», «Сот істерін қарау күнтізбесі», «Мемлекеттік баж салығын төлеу», «Сот шағымы», «Талон беру», «СМС Хабарламаларды алу» сынды бірқатар ақпараттық жүйелердің жұмысы көрсетіледі.
Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатқан, Каспий тәрізді толағай теңіздің барын Қазақстанмен бөлісіп отырған ел - Әзербайжан елі. Аталған мемлекетпен түрлі салада байланыстар орнатылуда. Мәселен, алғашқы қазақстандық Alstom локомотивтері Әзербайжанға 2017 жылы жеткізіледі. Қазақстанда франциялық Alstom компаниясы өндіретін алғашқы электровоздар Әзербайжанға 2017 жылдан жеткізіле бастайды. Бұл туралы әзербайжандық Trend агенттігіне компанияның коммуникациялар бойынша менеджері Зәуре Рахметова айтты. Оның сөзіне қарағанда, «Әзербайжан темір жолы» ЖАҚ-пен арадағы келісімге сәйкес, Alstom Әзербайжанға 50 электровоз жеткізеді. «50 локомотивтің 40-ы жүк тасуға, ал 10-ы жолаушылар тасымалына арналады. Бастапқыда өнімді 2016 жылдың соңында жеткізу жоспарланған, алайда шарт талаптарының өзгеруіне байланысты мерзімі кейінге шегерілді. «Бастапқыда 50 жүк электровозын жеткізу туралы келісілген, кейін тапсырыс беруші өзгерістер енгізді», - деді З.Рахметова. Оның айтуынша, компания аталған келісімшартты орындауға кірісті. «Жүк локомотивтері Астанадағы «Электровозқұрастыру зауытында», ал жолаушылар локомотивтері Францияда шығарылады» - деді З.Рахметова.
«Әзербайжан темір жолы» ЖАҚ-қа 50 локомотив жеткізу бойынша келісімшартқа 2014 жылы, ал соңғы келісімге өткен жылдың мамырында қол қойған. AZ8A асинхронды тарту жетегі бар электровоздар Әзербайжан үшін арнайы құрастырылады және ол әлемдегі ең қуаттылардың бірі болмақ. Олар сағатына 120 км жылдамдықта 9 мың тонна жүкті тартуға қауқарлы болады.
Әзербайжанмен бірыңғай көлік дәлізін салу мәселесі де талқыланды. Атап айтқанда, Астанада өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі мүшелерінің ресми стратегиялық зерттеулер орталықтарының ІІІ жиналысында түркі мемлекеттеріне ортақ көлік дәлізінің өзектілігі мен әлеуеті талқыға салынды.
«Қазақстан, Әзербайжан және Түркия мемлекеттерін жалғайтын ірі көлік-логистикалық күретамырды салу жайы бұған дейін де талқыланды. ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев жақында Қазақстан, Әзербайжан және Грузия елдерінің министрлері деңгейінде үшжақты кездесу өткізілетіндігін мәлімдеген болатын. Кейін оған Түркия да қосылады. Осы маршрут бойынша ұйымдастыру мәселелері, түрлі проблемалар мемлекетаралық талқылауда сөз болады деп күтілуде, - дейді Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Ерлан Қарин. - Бұның алдында түркітілдес елдердің арасындағы осындай жобаны біз тек жаһандық тұрғыда сөз етіп, Қытайдың Жібек жолы жобасы аясында ғана қарастырып келдік. Дегенмен уақыт талабы бойынша, осы маршрутты жеке жоба ретінде қарауға мүмкіндік туды. Нақты талқылаулардың, нақты шешім қабылдаудың сезіп отырмыз. Түркиядан Орталық Азияға бағытталатын жүк ағынын жаңа бағытпен Әзербайжан, ары қарай Каспий теңізіне шығуы бізге бұл жобаның өзектілігін көрсетіп отыр».
Сарапшылардың айтуынша, көлік және мультимодальді жүк тасымалы түркітілдес елдер үшін өте өзекті. Себебі бір шетінде Қазақстан Қытаймен шектесіп жатса, батыс қиырында Түркия Еуропа Одағы мемлекеттерімен жапсарлас жатыр.
«Қазақстан Президентінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасында Еуразиялық мультимодальді көлік дәлізін салу жөнінде тапсырма берілген. Дәл осының аясында түркітілдес мемлекеттерін де біріктіру көзделіп отыр», - деп атап өтті ҚР Инвестиция және даму министрлігі Көлік логистикасын басқару басқармасының жетекшісі Бауыржан Кусубаев.
Айта кетейік, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі мүшелерінің ресми стратегиялық зерттеулер орталықтарының ІІІ жиналысына Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан елдерінің жетекші талдау орталықтарының сарапшылары мен Түркі кеңесінің мүшелері, отандық мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.
Қазақстан түрлі қиындықтарға ұшыраған ТМД құрамындағы мемлекеттерге ұдайы көмек қолын созып келеді. Мәселен, еліміз Тәжікстанға гуманитарлық көмек тиелген 18 вагонды аттандырды. 12 мамыр күні гуманитарлық көмек жіберудің ресми шарасы өтті, оған Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Нұрлан Сейтімов пен Тәжікстан Республикасы Үкіметінің жанындағы мемлекеттік материалдық резервтер агенттігі директорының орынбасары Сохибджон Зиедуллоев қатысты. ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тәжікстанға жалпы сомасы 873 мың долларды құраған бидай ұны, макарон өнімдері, ет және сүт қалбырлары, кептірілген жемістер, өсімдік және сары май, шай жіберілді.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылы табиғи апат салдарынан зардап шеккен Тәжікстан Республикасына ресми түрде гуманитарлық көмек көрсету туралы шешіміне сәйкес, қазақстандық тарап 2016 жылдың 10 мамырында Душанбе қаласына келіп жете бастаған гуманитарлық жүк тиелген 18 вагонды аттандырды.
Мұхиттың арғы жағындағы алпауыт АҚШ-пен де Қазақстанның өзара қарым-қатынасы серпінді дамуда. АҚШ та өз кезегінде біздің елімізбен одан әрі берік әрі сенімді әріптестікті дамытуға ниетті екенін жеткізген еді. "ҚазАқпарат" ХАА сайтында екі ел арасындағы кең ауқымды, терең әрекеттестікті паш ететін материалдар жарияланды. Мәселен, Канадада Қазақстаннан шыққан 10 мыңдай адам өмір сүреді екен. Бұл туралы Астанадағы баспасөз мәслихатында Қазақстанның Канада мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Константин Жигалов мәлім етті. Оның сөзіне қарағанда, Канадада бүгінде білім сапасы жоғары болғандықтан, еліміздің студенттері үшін айтарлықтай тартымды ел ретінде танылып отыр. «Болашақ» бағдарламасы аясында бұл елде 150 студент білім алып жатқан көрінеді. «Канададағы біздің балалардың жағдайын үнемі бақылап отырамыз. Бізде қай елді мекенде қанша бала тұрып жатқандығы туралы нақты кесте бар және ондағы отбасылардың аты-жөнін егжей-тегжейлі білеміз. Олар үшін түрлі шараларды үнемі ұйымдастырып келеміз», - деп тоқталды Елші.
Қазақстан Канаданың технологияларын пайдалана отырып, Өскеменде уран тазартатын зауыт салады. Бұл туралы Астанада өткен Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің алғашқы отырысында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның басқарма төрағасы, Іскерлік кеңестің Қазақстан тарапынан тең төрағасы Асқар Жұмағалиев мәлім етті. «Қазір уранды терең өңдеу бағытын қарастырып, қызықты бір жобаны жүзеге асырғымыз келеді. Канада технологиясын пайдалана отырып, Қазақстан аумағында уранды тікелей тазартатын зауыттың құрылысы - біз үшін стратегиялық жоба. Сондықтан, қазір жан-жақты экономикалық салымдарды қарастырып, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына пайда әкелетін, жалпы, өзін-өзі ақтайтын зауытқа айналдырғымыз келеді. Зауыттың құрылысы Қазақстан мен Канаданың атом саласындағы ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығарып, стратегиялық әріптестігімізге жаңа серпін береді деп үміттенеміз», - деді ол іскерлік кеңестегі баяндамасында. Журналистердің сұрағына жауап бере келе, А.Жұмағалиев зауыттың құны мен құрылыс кезеңі техникалық-экономикалық негіздемесі дайын болған соң белгілі болатынын айтты.
«Әрине, техникалық-экономикалық негіздемесін дайындап жатырмыз. Осы құжат дайын болған соң зауыттың құрылысы басталады. Қазақстанда осындай зауыт болғанын қалаймыз, экономикалық тиімділігі де маңызды. Зауыт Өскеменде салынады. Өздеріңіз білетіндей, Өскемендегі Үлбі зауыты біздің атом өнеркәсібінің үлкен жасағы», - деді А.Жұмағалиев. Естеріңізге сала кетейік, Канада Сыртқы істер министрінің 2013 жылы Қазақстанға жасаған сапары кезінде екі тарап атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану туралы келісімге қол қойған болатын.
АҚШ-та, тағы төрт елде KAZNEX INVEST биыл 5 өкілдік ашады. "KAZNEX INVEST экспорт және инвестициялар бойынша ұлттық агенттігі" АҚ шет мемлекеттерде 5 өкілдік ашуды жоспарлауда. Бұл туралы KAZNEX INVEST компаниясының басқарма төрағасы Бөрисби Жанғұразов мәлім етті. "Біз АҚШ-та, Германияда, Түркияда, Біріккен Араб Әмірлігінде және Қытай Халық Республикасында өкілдіктерімізді ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл елдердегі өкілдіктер жақын жатқан өзге де мемлекеттерді қамтитын болады", - деді ол Астанада өткен баспасөз мәслиxатында. Оның сөзіне қарағанда, бұл елдер тегін таңдалған жоқ, арнайы талдау жасалған. Қазіргі уақытта әлем бойынша тікелей инвестициялардың негізгі ірі донорлары - осы мемлекеттер. "Аталған мемлекеттерде ірі өнеркәсіптік индустриалды компаниялардың көп көлемі шоғырланған. Біз оларды Қазақстанға тарту бойынша жұмыс жасаудамыз", - деді ол. Оның сөзі бойынша, «KAZNEX INVEST» өкілдіктерін ашу жөніндегі жұмыстар бұрыннан іске асырылуда, дегенмен нақты нәтижелерге қазір ғана қол жеткізілді.
"Елшіліктерде істейтін өкілдерге де қосымша шығын қажет емес. Олар белгілі бір жұмыспен айналысып келген штаттық бірліктер болатын, биылдан бастап олар шетелден тікелей инвестициялар тартумен айналысады. Бұл елшіліктер мен СІМ құрылымдарын шетелден тікелей инвестициялар тартуға дағдылау процесінің бір бөлігі және ол маңызды жұмыстардың бірі болып табылады", - деді агенттік басшысы.
Б. Жанғұразов ашылғалы жатқан өкілдіктердің бюджетіне қатысты ақпаратты ашып айта алмады. Алайда олар аса көлемді болмайтындығын атап өтті. "Біздің өкілдіктерге келетін болсақ, бюджетті мен айта алмаймын, жалпы оның көлемі қарапайым болады. Біз басқа мемлекеттердің инвестициялар тарту жөніндегі өкілдіктерінің бюджеттерімен салыстыру жүргіздік, жалпы олар сәйкес келетін сандар. Жалпылама айтқанда, біз ешкімге асыра төлеп жүрмейміз", - деп түйді сөзін ол.
Вашингтонда қазақстандық Air Astana әуекомпаниясының жаңа туристік бағдарламасы таныстырылды. Шараға АҚШ Мемлекеттік департаментінің, Сауда министрлігі мен Конгресінің өкілдері қатысқан. Air Astana компаниясының АҚШ пен Канададағы аймақтық өкілі Майкл Уайтхед компания қызметінің басты бағыттарын жиналғандардың назарына ұсынды. Қатысушылар еліміздегі визалық және логистикалық артықшылықтарға, сондай-ақ туристік әлеуетке қызығушылық танытқан. Air Astana - EXPO-2017 көрмесінің ресми әуе тасымалдаушысы. Ол Skytrax агенттігінің нұсқасы бойынша Орталық Азия мен Үндістандағы ең үздік әуекомпаниясы мәртебесін 4 рет иеленді. Бұдан басқа Air Astana, Air Transport World басылымының бағалауынша, 2015 жылдың авиация нарығындағы көшбасшы атанған.
«Қазақстан - тамаша ел. Сіздерде таулар, таңғажайып орындар, шатқалдар, бай тарих пен теңдессіз қазақ тағамдары бар. Бұл - табысты туризмнің басты көріністері», - дейді АҚШ Мемлекеттік хатшысы көмекшісінің бірінші орынбасары Курт Тонг.
АҚШ-пен білім саласындағы ынтымақтастықтың өркендеуіне, әсіресе, жастар мүдделі. Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Айжан Ахметжанова Принстон Университетінде (Princeton University) тегін оқуға мүмкіндік беретін толық гранттың иегері атанды. Айжанның тандаған мамандығы - «қала салу инженериясы», -деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметі. Мектеп оқушысы халықаралық емтихандар: SAT Reasoning - 2140/2400, Physics, Maths, Chemistry - 800/800. TOEFL PBT -657/677, IELTS 8.5/9.0 сынақтарынан өте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген. Айжанның айтуынша, АҚШ-та оқу оның балалық шақтан бергі арманы болған, ал оған қол жеткізуге Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқу себеп болған. Осындай мектепте оқып ол әлемдік деңгейде танымал университеттерінің бірі болып саналатын Принстон Университетінің студенті атанды. Болашақта Айжан өз елімізге оралып мемлекетіміздің өркендеуіне өз үлесін қоспақ.
Еңселі Еуропа елдері бүгінгі таңда еліміздің тәуелсіздігін мойындап, Қазақстан жаққа мойын бұрып, өзара ықпалдастыққа негізделген қарым-қатынастар орнатуға көптеп қызығушылық білдіруде. Соның бірі
Польша - Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі. Бүгінде біздің мемлекетімізде польшалық капиталдың қатысуымен 190 компания жұмыс істейді.
Мәжіліс төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов біздің елімізге ресми сапармен келген Польша Республикасы Парламенті Сенатының делегациясымен кездесті. Делегация құрамын Польша Сенатының төрағасы Станислав Карчевски бастап келді, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі. Мәжіліс төрағасы мәртебелі мейманды Польша елінің жыл сайын 3 мамырда атап өтетін Конституция күнімен құттықтады. Құжат 1791 жылы қабылданған. Одан әрі тараптар барлық сала бойынша екіжақты ықпалдастықтың маңызды мәселелерін талқылады. Мәжіліс төрағасы атап өткендей, Польша Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі. 2015 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд долларды құраған. Бүгінгі күні біздің мемлекетімізде польшалық капиталдың қатысуымен 190 компания жұмыс істейді.
Сұхбаттасушылар алдағы уақытта елдер арасындағы экономикалық байланысты одан әрі күшейте түсудің маңыздылығын, оған қос мемлекеттің де әлеуеті жеткілікті екендігін атап өтті. Осы орайда Қазақстан Президентінің ағымдағы жылдың тамыз айында Польша мемлекетіне жоспарланған іс-сапарына айрықша мән берген мәртебелі мейман, оның екі елдің стратегиялық қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуге серпін беретіндігіне сенімді. Мәжіліс спикерінің айтуынша, Қазақстан Еуроодақпен ынтымақтастықты дамытуға да барынша ынталы. Оған ағымдағы жылдың наурыз айында Қазақстан Парламентінде ратификацияланған Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық пен әріптестікті кеңейту туралы келісім дәлел. Осы орайда С. Карчевски аталған келісімнің Польша Парламентінде де тезірек ратификациялануына ықпал ететіндігін жеткізді. Б. Ізмұхамбетов поляк кәсіпкерлерін Қазақстанда «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен үдемелі индустриялық даму бағдарламасы аясында маңызды жобаларға белсене қатысуға шақырды. Осы ретте Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінің басымдықтарына айрықша назар аударылды (Польша мемлекетіне бөлінген павильон көлемі 400 ш.м.).
Мәжіліс спикері Қазақстан мен Польшаның транзиттік мемлекеттер екенін алға тартып, Батыс Еуропа мен Азия бағытында тауарлар тасу көлемін арттыру жолында осы мүмкіндікті кеңінен пайдалану керектігіне тоқталды. Парламентаралық қатынас жөнінде екі ел парламенттері арасында ынтымақтастық жөніндегі топтың жұмысына көңіл бөлініп, қос тарап бүгінгі кездесудің қазақстандық-поляктық қарым-қатынасты, соның ішінде парламентаралық байланысты одан әрі нығайтуға жол ашатынына сенім білдірді.
Ал ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Республикасы Сенатының Маршалы Станислав Карчевскиймен кездесуінен соң Польшамен екіжақты тығыз ынтымақтастық орнату Қазақстан үшін аса тиімді деп мәлім етті.
«Біз елімізге сапармен келген Сейм Маршалы Карчевский мырзамен келіссөздер жүргіздік. Оның барысында екіжақты және халықаралық жағдайларға байланысты пікір алмастық. Біздің көзқарасымыз ұқсас, оны сәйкес келеді деп те айтуға болады. Сонымен қатар, екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың үлкен перспективалары бар деп санаймын. Ондай ынтымақтастықтың негізгі параметрлерін Қазақстан Президенті Н. Назарбаев қалаған болатын. Сондықтан да, елдер арасындағы ынтымақтастық перспективалары өте жақсы. Біз осындай пікірге тоқталдық», - деді Сенат спикері.
Сонымен қатар, Төраға Польшаның 40 миллион халқы бар Шығыс Еуропадағы үлкен экономикалық әлеуетке ие мемлекеттің бірі екенін атап өтті. Сондықтан да, спикердің пікірінше, Польшамен тығыз өзара ынтымақтастық байланысты орнату Қазақстан үшін аса тиімді болмақ. Сөзінің соңында Қ. Тоқаев мәртебелі мейманның елімізге бүгінгі сапары халықаралық парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға қуатты серпін беретінін, жалпылама алғанда екі елдің арасындағы өзара байланыстарды дамытуға өз септігін тигізетінін атап өтті.
Бұдан соң Польша Сенатының төрағасы СҚО-ға барды. Ол бұл өңірде 9 мектепте поляк тілі оқытылып жатқанын білді. Солтүстік Қазақстан облысына Польша Сенатының Маршалы Станислав Карчевский бастаған польшалық делегация келді. Қонақтардың қатарында Польшаның Қазақстандағы Елшісі Мачей Ланг болды. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, делегация Озерное, Келлеровка, Ясная Поляна, Тайынша аудандарына барды. Келлеровка ауылында аймақ басшысы Ерік Сұлтанов пен Станислав Карчевскийдің кездесуі өтті. Жиынға ауыл тұрғындары, поляк диаспорасы қатысты. Қонақтарды қарсы алған аймақ басшысы Тайынша ауданында поляктардың 20 пайызы тұратынын айтты. «Біздің аймақ - бірегей. Мұнда 90 ұлттың өкілі тұрады. Қазақстанда мыңдаған поляк диаспорасы өмір сүріп жатыр. Тайынша ауданы тұрғындарының бестен бірі - поляктар. Ауданда этномәдени бірлестіктер жұмыс жасап, 9 мектепте балалар поляк тілін үйренеді. Сіздің бұл сапарыңыз тек мәдени байланысты арттырып қана қоймай, аймағымыздың Польшамен экономикалық жағынан да ықпалдасуына әсер етеді деп үміттенемін», - деді облыс әкімі. Солтүстік Қазақстанда 12,5 мың поляк бар.
Сондай-ақ Польша Сенатының төрағасының айтуынша, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық екі елдің зор əлеуетін танытып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов Польша Республикасы Сенатының төрағасы Станислав Карчевскимен кездесті. Польша Сенатының төрағасы кездесу сəтін пайдалана отырып, Қазақстанға жер аударып келген поляк ұлтының əр өкілін өз бауырындай көрген қазақ халқына алғысын білдірді. "Польша мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық екі елдің зор əлеуетін танытып отыр. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың тамыз айында Польшаға жасайтын сапары бұл ынтымақтастықты нығайта түседі. Жалпы, поляк ұлтының қазақ халқына айтар алғысы көп. Əр ұлтқа деген ерекше сыйластықтарыңызды құрметтеймін. Қазақстанға жер аударып келген поляк ұлтын бауырларыңызға басып, қиын заманда көмектестіңіздер. Міне, тарихтың бұл кезеңін поляк халқы ешқашан ұмытпайды", - деді Польша Сенатының төрағасы.
Өз кезегінде Е.Тоғжанов қазақ халқы кез келген уақытта кез келген қонақты құшақ жая қарсы алатынын айтты. "Қазақ жері, қазақ халқы қонақжай халық. Ал, Польша Қазақстан үшін Еуроодақтағы маңызды əріптес. Екі халықтың достығы 19 ғасырдан тамыр алған. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында да поляк ұлтының өкілдері бар. Жалпы, Қазақстан бойынша 32 мың поляк өмір сүреді",-деді Е.Тоғжанов.
Ақмола облысының әкімі мен Польша Сенатының Маршалы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұл Польша Республикасы Сенатының Маршалы С. Карчевски бастаған польшалық делегация Ақмола облысына жұмыс сапарымен келгенде мүмкін болды. Кездесу барысында аймақ басшысы Польша Республикасынан келген ресми делегацияға өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы түсіндіріп өтті. «Ақмола облысының Польша елімен сауда-экономикалық қатынасты дамытуға мүмкіндігі зор»,- деді С.Кулагин. Еске сала кетейік, 2015 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысы мен Польша елінің арасында сауда айналымы 6,3 миллион АҚШ долларын құраған.
Бүгінгі күні облыс аумағында польшалықтармен әріптестік қатынас орнатқан «Ормис-Строй» және «Блюз» (косметикалық өнімдер шығарады) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмыс істейді. «Осы күні өңірде Польша Республикасымен бірлескен екі кәсіпорын жұмыс істейтін ескерсек, бұл, әрине аз. Сондықтан, әріптестік қатынасты нығайту қажет. Ақмола облысы өнеркәсіптік және аграрлы облыс болғандықтан түрлі салалар бойынша екі жақты әріптестікті дамытуға мүмкіндік мол», - деп атап өтті аймақ басшысы. Өз кезегінде С.Карчевски мырза да жылы қарсы алған аймақ басшысына алғысын білдіріп, екі жақты әріптестікті қатынасты дамытуға әзір екендігін жеткізді.
Қазақстан сондай-ақ Еуропаның солтүстігіндегі Ирландия елімен қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бар деп санайды. Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықоваға сенім грамотасын табыстаған Ирландия Елшісі Эдриан Макдэйд осылай деді.
«Кеше және бүгін таңертең біз ҚР Сыртқы істер министрлігінде екі елдің арасындағы екіжақты қарым-қатынас мәселелерін талқылап, оның нәтижелеріне қанағаттанушылық таныттық. Біз байланыстар өте жақсы деңгейде қалыптасып отыр деп санаймыз. Алайда, бұл қарым-қатынастарды одан әрі нығайтып, жаңа деңгейге көтеру үшін зор мүмкіншіліктер бар», - деді ол.
Сонымен қатар ол Қазақстандағы Елші қызметінде екі елдің арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түсу үшін бар мүмкіншілікті пайдаланатындығын баса айтты. «Біз ынтымақтастықты одан әрі дамытып, өзара байланыстарды кеңейте түсуімізге мүмкіншілігі бар бірқатар салаларды да жан-жақты талқыға салдық. Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым әрі келешекте біздердің байланыстарымызды нығайта түсу үшін әлі де бірнеше сапар жасайтындығыма сенімдімін», - деді Эдриан Макдэйд.
Германия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа екі елдің кәсіпкерлері де аса мүдделі. Бұл туралы ҚР-дағы ГФР елшісі Гидо Херц Маңғыстауға барған кезінде айтты. Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев Германия Федеративтік Республикасының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Гидо Херцпен кездесті. Маңғыстау облысының әкімі А. Айдарбаев кездесу барысында Маңғыстау облысы мен Германия кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, білім беру, мәдениет саласындағы өзара қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін елшіге алғыс білдірді. «Қазақстандағы миссиям аяқталды. Бүгін батыс өңірімен қоштасамын. Мұнда халықаралық логистиканы дамыту үшін мүмкіндіктер көп. Маңғыстау ел экономикасының жүрегі, Ұлы Жібек жолы жобасының маңызды торабы деп санаймын. Логистика сияқты салаларда облыс пен Германия кәсіпкерлері арасында достық әріптестік қатынас орнағанына сенімдімін. Мұнай жабдықтарын жеткізу мәселесі дамып, нығаятын болады», - деді ол.
Брюссельде Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшілігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан: бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға Еуропалық комиссия және Еуропа сыртқы іс-қимылдар қызметін қоса алғанда еуропалық институттардың шенеуніктері, дипломатиялық және парламенттік корпустар, үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ журналистік қоғамдастықтың өкілдері қатысты. Шарада сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Алмаз Хамзаев жиналғандарды Мемлекет басшысының «Нұрлы жол - Болашаққа бастар жол» Жолдауындағы негізгі қағидалармен, Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарымен, сондай-ақ G-Global, АТОМ, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі, Астана экономикалық форумы, ЭКСПО-2017 және еліміздің тағы басқа сыртқы саяси бастамаларымен таныстырып өтті.
«Еуроодақ Қазақстанның негізгі инвестициялық және сауда серіктесі болып табылады. Соңғы 10 жылда тауар айналымы 13 есе артты, сонымен бірге ЕО-ның шетелдік инвестициялары он есе өсті. ЕО мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 2015 жылы 31,3 млрд. долларға жеткен, бұл қазақстандық сыртқы сауда айналымының 51,4 пайызына сәйкес болып отыр», - деді Алмаз Хамзаев. Оның айтуынша, 2005 жылдан бастап 2015 жылдың қыркүйегі аралығындағы кезеңде Еуропалық одақ елдерінен Қазақстан экономикасына құйылған тікелей инвестициялардың ағыны шамамен 107, 4 млрд. АҚШ долларын құрады. «2015 жылдың 21 желтоқсанында Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде Еуропалық одақпен жаңа ұрпақтағы келісім орнатқан бірінші әріптес болды. Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісім Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы экономикалық және саяси байланыстарға айтарлықтай серпін береді», - деп атап өтті А.Хамзаев.
Қазақстандық дипломат жиналғандардың назарын ҚР-ның Семей ядролық полигонын жабу, әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту, ел аумағында МАГАТЭ қолдауымен төмен байытылған ядролық отын банкін орналастыру, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақты құру сияқты ядролық қарусыздандыру және таратпау саласындағы қадамдарына аударды. Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне баса көңіл аудартты. Қазақстандық дипломат Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өту өтінімі аясындағы өршіл жоспарларына ерекше мән берді. Өз кезегінде, Еуропа сыртқы іс-қимылдар қызметі Орталық Азиядағы басқармасының басшысы Тойво Клаар Қазақстан Республикасының халықаралық аренадағы рөлі, аймақтың Еуропалық одақ үшін маңыздылығы, сондай-ақ ҚР мен ЕО арасында кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық жөніндегі Келісім туралы айтып өтті. Шараның соңында қонақтарға естелік кәдесыйлар, Жолдау және Қазақстан Президентінің басқа да бағдарламалары жазылған ағылшын және француз тіліндегі кітапшалар, біздің еліміз және Астананың көрікті жерлері туралы кітаптар мен фотоальбомдар, сондай-ақ алдағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі мен Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өтініміне арналған материалдар таратылды.
Сонымен қатар Еуропалық одақ қазақстандықтарға шенген визасын беру статистикасын жүргізуді бастайды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілішісімен әңгімесінде ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, елші Траян Христи (Traian Hristea) айтты.
«Бізде мұндай шоғырландырылған статистика жүргізіліп жатқан жоқ, өйткені Еуропалық одақ мүше-мемлекеттері өздерінің виза саясатын тікелей өздері жүзеге асырады. Бірақ та біз қазір Еуроодақтың жаңа Виза кодексі бойынша визаларды беру мәселелеріне әмбебап тұрғыны практикада жүзеге асыруды бастадық. Кезі келгенде, бұл барлық мүше-мемлекеттерде шенген визасын берудің бірыңғай қағидаларынан басқа, мүмкін, мұндай жинақталған статистика пайда болуына соқтырады, деп сенемін», - деп атап өтті ол, Еуроодақ қазақстандықтарға виза беру статистикасын жүргізе ме, деген сұраққа жауап қайтара отырып.
Еске сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан ЕО-мен және оның мүше-мемлекеттерімен кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойды. Қазақстанда келісімді жүзеге асыру екіжақты күн тәртібіндегі көптеген шешілмеген мәселелерді алға жылжытуға серпін беретін болады, деп пайымдайды. Солардың бірі - қазақстандықтар үшін визалық режимді жеңілдету болмақ.
«Біз визалық режимді алып тастау жөнінде әңгіме көтеріп отырған жоқпыз, біз бұған мүдделі емеспіз. Біздің азаматтарымыз шенген визасын рәсімдеуде елеулі қиындықтарға душар болып отырғаны да, жасырын емес. Бұл визаны беру және алу үдерісі жеңілдетілетін болады, соның ішінде шенген визасын алуда біздің азаматтардан талап етілетін құжаттар тізімі қысқартылады және және басқа да мәселелер шешіледі», деп түсіндірді ҚР сыртқы істер вице-минитстрі Роман Василенко осы жылғы наурызда Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында.
Ал 2016 жылы 1 мамырда Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісімнің жеке ережелері уақытша қолданыла бастады. Бұл құжатқа 2015 жылы 21 желтоқсанда қол қойылған, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен. Осыған дейін 2016 жылы 25 наурызда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды. Еуропалық тараптың ресми хабарламасына сәйкес уақытша қолданылатын ережелердің ішінде Еуропалық Комиссияның құзыретіне кіретін шаруалар ғана бар. Солардың ішінде - сыртқы саясат және қауіпсіздік, демократияландыру және заңның үстемдігін қамтамасыз ету, экономикалық және тұрақты даму, сауда, энергетика, көлік, қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы және т.б. салалардағы ықпалдастық бар.
Еуропалық Одаққа мүше 28 мемлекеттің ұлттық парламенттері құжатты ратификациялаған соң келісім толық заңды күшіне енеді. Жаңа келісім 29 саладағы ықпалдастық аясын кеңейтіп, ҚР мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық саладағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты. Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов атап өткендей, «ЕО-мен жаңа келісім еуропалық институтармен және Еуропамен ынтымақтастықты тереңдетуге негіз болып, Қазақстанның одан әрі саяси және экономикалық жаңғыруының катализаторы болмақ». Келісім мәтінімен және еуропалық тараптың хабарламасымен ҚР Сыртқы істер министрлігінің сайтынан танысуға болады.
"Ас - адамның арқауы" деген қағиданы жоғары ұстанатын италиялықтар болса, еліміздің ет өңдеу саласына 100 млн еуродан астам инвестиция құймақ. Ақтөбе ет өңдеу компаниясы мен Италияның трансұлттық корпорациясы «Қазақстандық ет бренді» жобасын іске асыруда. Екі ел кәсіпкерлері арасында әріптестік меморандумы бар. Италиялықтар ет өңдеу саласына 100 млн еуродан астам инвестиция құймақ. Бұл қаржыға Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында 44 мың бас малға арналған 3 бордақылау алаңы салынады. Сонымен бірге, Алға ауданында орналасқан ет комбинатында жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Кешен биылдан бастап экспортқа 12 мың тонна өнім дайындайтын болады. 10 мың бас ірі қараға арналған фермада негізінен асылтұқымды «Ангус» сиырлары бордақыланады. Тез салмақ қосатын, еті «мәрмар» сиырлар жергілікті климатқа толық бейімделген. Келгелі төлдей бастаған малдың басы көбейіп келеді. Ал италиялық корпорация мамандары «Қазақстандық ет брендін» жасап, оны Еуропа мен Ресей нарығына шығаруды діттеп отыр. Бордақылау алаңдары салынып, комбинат жаңғыртылғаннан кейін, жергілікті тұрғындар да жұмыспен қамтылады. Жалпы, өңірде 1 млн гектар ауыл шаруашылығы жері болса, оның 50%-ы әлі күнге игерілмей жатыр. Осы орайда, Иран мен Түркия елінің инвесторлары бірнеше жобаға қаржы құюға ниетті. Әзірге келіссөздер жүргізілуде. «Біріншіден, жұмыс орны ашылады, әр аудан бюджетіне, облыс бюджетіне салық түседі. Жердің өзі де бостан-бос жатпауы керек, жер жұмыс жасауы керек міндетті түрде, пайда болуы керек. Бұл шетелден келіп жатқан инвесторлар жерді ешқашан сатып ала алмайды. Ол қазіргі заңда көрсетілген. Сондықтан, жер тек жалға беріледі. Қазақстанның өз заңына сәйкес, жерді пайдалану туралы ережесі бар, сол ережеге сәйкес қадағаланады»,- дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Асылхан Әбтиев.
Қазақстандық дипломаттар болса, Румыния жерінде қаза тапқан Шернияз Аяғановтың бейітіне гүл шоқтарын қойды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71-жылдығын мерекелеу шеңберінде Румынияда бірқатар салтанатты іс-шаралар өтті. Бұл туралы Қазақстаннның Румыниядағы Елшілігі хабарлады. 6 мамырда Қазақстанның Румыниядағы Елшісі Дәулет Батырашев Бухарест қаласындағы Хэрэстрэу саябағында (Parcul Herăstrău) кеңестік жауынгерлер жерленген мемориалдық кешенінде гүл шоқтарын қою салтанатты рәсіміне қатысты. Іс-шарада соғыс ардагерлері, дипломатиялық корпус басшылары мен қызметкерлері, румын астанасының жергілікті өкімет пен қоғамдық-саяси ұйымдары басшылары, Румынияның Ұлттық қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. 9 мамырда Қазақстанның Елшілігі Ресейлік ғылым және мәдениет орталығымен ұйымдастырылған және Бухарест қаласында алғашқы рет өткен «Мәңгілік полк» азаматтық акциясына өзінің үлесін қосты. Қатысушылар Ұлы Жеңіске өз үлесін қосқандардың барлығын еске алды. Румындық «Мәңгілік полкінің» тізімінде жүзден астам майдангерлердің есімдері, соның ішінде Қазақстаннан жауынгерлер мен офицерлері де бар. 10 мамырда қазақстандық дипломаттар Яссы уезінің Струнга ауылының әкімдігі басшылығымен бірге Екінші Дүниежүзілік соғыстың қатысушысы қазақстандық Шернияз Аяғановтың бейітіне гүлдерін қойды. Ескерткіш 2009 жылы орнатылды. Вице-мэр Иоан Агафицеймен өткен кездесу барысында, аталмыш ескерткішті жергілікті әкімшілік өзінің қорғауына алатындығы жөнінде келісілді. Тіркелген деректерге сәйкес, Румыниядағы 171 кеңестік әскери зираттарында 56 мыңға жуық кеңестік әскерлер мен соғыс құрбандары жерленген.
Британдық танымал саяси және қоғам қайраткері Лорд Фрэнсис Мод болса, қазақ-британ ынтымақтастығын дамытуға ниетті. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында ректор Болатбек Абдрасилов лорд Фрэнсис Модпен кездесті. Кездесу барысында Френсис Мод Ұлыбританияның Министрлер кабинетінде мемлекеттік қызметтің дамуына жауапты болғанын және осы салада бірқатар реформалар жөнінде бастама көтергенін, сонымен бірге мемлекеттік басқару жүйесіне инновацияларды енгізумен айналысқанын айтты. Нәтижесінде мемлекеттік жобалар мен бағдарламалардың аудит жүйесі енгізіліп, ірі жобаларды басқару жөніндегі арнайы агенттік құрылған. Оның басшылығымен Көшбасшылық академиясы ашылған және Оксфорд университетінің Саид бизнес-мектебімен бірлесіп, мемлекеттік органдардың басшыларын жобалық басқару бойынша оқыту үшін арнайы оқу бағдарламаларын әзірлеген. Бұл Ұлыбританияда икемді жобалық басқару қағидаттары мен оларды бағалау жүйесін қысқа мерзім ішінде енгізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жобаларды іске асыру тиімділігін тексеру нәтижелері туралы есептерді тұрақты түрде жариялау енгізіліп, азаматтардың мемлекетке деген сенім деңгейін арттыруға ықпал етті. Осылайша, ұлттық жобаларды басқару бөлігінде, үкіметтің ашықтық және айқындық қағидаттары іс жүзіне асырылды.
Ректор Б.Абдрасилов болса өз кезегінде Академиядағы оқу процесін жаңғырту, мемлекеттік қызметшілерді оқытуда инновациялық тәсілдерді енгізу, Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесіне инновациялық тәсілдерді енгізу бойынша жаңа бастамалар әзірлеу барысы туралы және Ұлыбританияның мемлекеттік органдарымен, оқу орындарымен, сондай-ақ, британдық мемлекеттік басқару жүйесіне жобалық енеджментті енгізумен айналысқан компаниялармен өзара іс-қимыл тәжірибесі жөнінде әңгімеледі. Кездесу соңында лорд Мод Академияның қызметіне жоғары баға берді және екіжақты ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде Қазақстанның мемлекеттік органдарының басшыларына арналған жобалық менеджмент бойынша семинарлар циклін Академия базасында ұйымдастыруға қызығушылық танытты.
Лорд Мод - британдық танымал саяси және қоғам қайраткері, әр жылдары Консервативтік партияны, сыртқы істер, сауда және инвестиция, тұтынушыларды қорғау министрліктерінде жұмыс істеді, Ұлыбритания Министрлер кабинетінің Бас қазынашысы лауазымын атқарды. ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы 1994 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Негізінен мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеттік басқару ісі бойынша магистратура және докторантураға оқытусмен айналысады.
Еуропа елдерімен Қазақстанның мәдени ынтымақтастығы - ел мәдениетін сыртқа танытудың жарқын үлгісі. Соңғы жылдары әлемге әйгілі Канн фестиваліне қатысуды қазақстандық өнер иелері де дәстүрге айналдырған. Айман Мұсақожаева мен Рашид Нұғыманов Канн кинофестивалінің қызыл жолымен жүріп өтті. Биылғы 69-шы Канн кинофестивалінде атақты Круазет жағалауындағы қызыл жолдың үстімен ҚР халық әртісі, «Еуразия-2015» халықаралық кинофестивалінің президенті Айман Мұсақожаева мен белгілі қазақстандық кинорежиссер және продюсер Рашид Нұғыманов жүріп өтті.
ҚР мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақстандық мэтрлер қазақстандық павильонды ұйымдастыру мен оның жұмысына басшылық етеді. Канн кинофестивалінде «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің, Қазақ ұлттық өнер университетінің таныстырылымынан бастап, отандық жас режиссерлердің қысқа метражды жұмыстарына дейін ауқымды қазақстандық бағдарлама ұсынылатыны атап өтілген. Айта кетейік, отандық жас режиссерлер үшін жыл сайын беделді кинокөрсетілмдерге қатысу дәстүрге айналды. Биылғы жылы Канн кинофестивалінің Short Film Corner қысқа метражды фильмдер бағдарламасында қазақстандық жас талантты режиссерлердің 11 жұмысы көрсетіледі. Олардың арасында ҚазҰӨУ магистранты Айдос Сейітжан түсірген «Туған» деп аталатын қысқа метражды лента да бар. 2004 жылы құрылған Short Film Corner жобасы шығармашылығын жаңадан бастаған кинематограистерге өз жұмыстарын көрсетіп, байланыстарды жолға қоюға, болашаққа ынталануына үлкен мүмкіндіктер ашады. Биылғы жылы бағдарламада әлемнің барлық түпкірінен 2000-ға тарта фильм көрсетіледі.
Біздің қазақстандық павильон Астанадағы Өнер университеті дайындайтын ұлттық қазақ киносының болашақ шеберлерімен кеңінен таныстыруға бағытталған. Павильон жұмысы аясында ҚазҰӨУ ректоры, профессор А.Қ.Мұсақожаева оқытушылармен және студенттерімен бірге университет жұмысын, сондай-ақ «Еуразия» халықаралық кинофестивалін таныстырады. Стенділерде қазақ фильмдерінің постерлері, «Еуразия» ХКФ бейнефильмдері, студенттік фильмдердің тизерлері ұсынылады. Кинофестиваль бағдарламасы аясында барлық тілек білдірушілер Айдос Сейтжанның «Шолпан», Мансұр Баймұхамбетовтің «Пайымдаушы», Аян Найзабековтің «Ұмытпа», Рамазан Халиұлының «Қамшы» фильмдерін және басқа да жұмыстарды көре алады. Кинофестивальда бұған дейін әр жылдары қазақ киносының белгілі шеберлері Дәрежан Өмірбаевтың, Әділхан Ержановтың, Нариман Төребаевтың фильмдері көрсетілген болатын.
Соңғы жылдары Қазақстан Африка елдерімен жаңаша бағытта сан салалы стратегиялық әріптестік орнату үстінде. Оның бір дәлелі, Қазақстан мен Конго арасында ресми деңгейдегі алғашқы байланыс орнады. Қазақстан Республикасының арнаулы өкілі, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, еліміздің Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бағдад Әмірев Браззавиль қаласында болып, Конго Республикасының Президенті Дени Сассу Нгессомен кездесті. Бұл туралы Қазақстанның Иран Ислам Республикасындағы Елшілігінен хабарлады. Кездесу барысында Б.Әмірев Конго Президентіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауын табыс етті. Сұхбаттасу барысында екіжақты қарым-қатынастың келешегі мен халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Конго Президенті Қазақстанның мемлекеттікті құру, экономиканы дамыту және теңгерімді сыртқы саясат қалыптастырудағы жетістіктеріне жоғары баға берді. Сонымен қатар ол Н.Назарбаевтың халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қарусыздану және өркениеттің жаһандық сұхбатын жолға қою ісіндегі зор үлесін айрықша атап өтті.
Өз кезегінде Қазақстан Елшісі Конго Көшбасшысына Қазақстанның халықаралық ұйымдар аясындағы сыртқы саяси бастамаларына қолдау білдіргені үшін ризашылығын білдіріп, екі елдің арасында сауда-экономикалық саладағы жемісті ынтымақтастықтың орын алатындығына сенім артты. Айта кетерлігі, Елші Б.Әмірев пен Конго Президентінің бұл кездесуі екі елдің арасындағы ресми деңгейдегі алғашқы байланыс болып отыр. Кездесуге Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі әрі Африка одағындағы тұрақты өкілі Е.Әли де қатысты.
Сонымен қатар Қазақстан Азия елдерімен де халықаралық қарым-қатынасын және түрлі бағыттардағы ынтымақтастығын нығайту үшін жан-жақты ықпалдастықтарды жүзеге асыруда. Мәселен, Таяу Шығыстағы Иордания елімізбен әрекеттестікке қызығушылық танытып отыр. Атап айтқанда, Қазақстан мен Иордания тікелей парламентаралық байланыстары екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге, халықаралық аренада күштерді үйлестіруге ықпал етеді. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Анар Жайылғанова Амман қаласында өтіп жатқан «Парламенттегі әйелдер» жаһандық форум саммитіне қатысу барысында Иордания Хашимит Корольдігінің Парламенті өкілдері Палатасының төрағасы Атеф Тараунмен кездесу кезінде айтты. Саммитте А. Жайылғанова иорданиялық Өкілдер палатасының төрағасына екіжақты ынтымақтастықтың негізгі табыстары туралы айтып берді. Сондай-ақ әріптестеріне БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алған Вашингтон қаласында ядролық қауіпсіздік саммитінің аясында Президент Н. Назарбаев жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» манифесі туралы ақпаратты жеткізді.
Қазақстандық депутат Өкілдер палатасының төрағасы А. Тараунға Манифест мәтінін ұсынды. «Манифест Иордания үкіметтік және ғылыми ортасында қызығушылық тудырды. Қазақстан Көшбасшысы Н. Назарбаевтың сөйлеген сөзі иорданиялық және көптеген араб БАҚ-тарында жарияланды. Манифесті егжей-тегжейлі зерделеп, Таяу Шығысқа қатысты пайдалысын алу үшін құжаттың толықтай араб тіліне аударылған нұсқасын кеңінен таратуға мүдделіміз», - деді А.Тараун.
А. Жайылғанова А. Тараунға сайлануы елдің маңызды сыртқы саяси міндеттеріне жататын Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өз кандидатурасын ұсынуы туралы ақпаратты жеткізді. ҚР мен ИХК арасындағы қатынастардың жоғары деңгейін ескеріп А. Жайылғанова Иорданияның Қазақстанның 2017-2018 жылдарда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдайтынына сенім білдірді. Иордания астанасы - Амман қаласында өтіп жатқан жаһандық форумның кезекті саммитіне 89 елден 260 парламентшілер қатысуда, олар парламентке әйелдердің қатысу коэффициентін арттыру тетіктерін талқылауда.
Тағы бір азиялық ел - Кувейт Азық-түлік жөніндегі Ислам ұйымына қосылды. Кувейт мемлекеті Азық-түлік жөніндегі Ислам ұйымына қосылды, деп хабарлады ҚР СІМ Кувейттің жаңалықтар агенттігіне (КУНА) сілтеме жасап. «Кувейт Қазақстан астанасында өткен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі министрлердің 7-ші Ислам конференциясына қатысты. Онда Азық-түлік жөніндегі бірінші Ислам ұйымын құру туралы мәлімдеме қабылданды», - делінген агенттіктің хабарламасында. Жаңа ұйым Астанада бірден өзінің Бас Ассамблеясының алғашқы отырысын өткізді. Атап айтқанда, Кувейттің Қазақстандағы Елшісі Тарик әл-Фарадж «Кувейт Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының толыққанды мүшесі атануы үшін қажетті барлық қадамдарды аяқтағанын» атап өтті. Дипломат елімізге Конференцияны табысты өткізгені үшін алғыс айтты.
Ал Орталық Азия елдерінің министрлері орман ресурстарын қорғау бойынша іс-шараларды күшейтуге шақырады. Бұл туралы Астана қаласында өткен орман саласындағы стратегиялық ынтымақтастық бойынша Орталық Азия елдерінің бірінші министрлер конференциясында белгілі болды. Конференцияға ҚХР, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстанның орман шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік органдарының басшылары қатысты. «Конференция барысында орман шаруашылығы саласындағы трансшекаралық және өңірлік ынтымақтастықты дамыту, бірлескен бағдарлама мен жобаны және ғылыми зерттеулерді іске асыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, қатысушылар өздерінің әріптестерін ормандылықты ұлғайту, орман аурулары мен зиянкестерін, заңсыз ағаш кесулерді азайту, орман өрттерін болдырмау жөніндегі іс-шараларды күшейтуге шақырды», - делінген АШМ таратқан хабарламада.
Оңтүстік Азиядағы Пәкістан елімен Қазақстанның байланыстары жан-жақты қамтылып келеді. Сөзімізге дәлел, Алматыдағы «Риксос» қонақүйінде еліміз бойынша тұңғыш рет «Пәкістанның Сауда Керуені» атты көрме ашылды. Ол үш күнге созылады. Көрменің ашылу рәсімі алдында өткен баспасөз мәслихаты барысында Пәкістанның Қазақстандағы елшісі Абдул Салик Хан бұл көрме екі ел арасында мықты сауда-экономикалық қарым-қатынастың дамуына даңғыл жол ашатындығын атап көрсетті.
«Пәкістанның Сауда Керуені» - Қазақстан мен Пәкістанның сауда-экономикалық қарым-қатынасы тарихындағы тұңғыш сауда көрмесі. Пәкістанның Премьер-Министрі Наваз Шарифтің 2015 жылы Қазақстанға жасаған сапары барысында екі ел арасында экономикалық ынтымақтастықты ынталандыру мақсатында бірнеше келісімдерге қол қойылған еді. Бұл көрме сол келіссөздердің нәтижесі. Пәкістан - Еуразия құрлығының орталық аймағы мен Оңтүстік Азия өңірі аралығында жатқан ел. Сондықтан біз Пәкістанның танымал тауарларымен қатар, екі өңірді жалғайтын маңызды құрлық жолдарын пайдалану, сондай-ақ, өзара тиімді сауда байланыстарын орнату мүмкіндіктерін ұсынамыз», - деді елші.
«Пәкістанның Сауда Керуені» көрмесі «Жаңалықтарға толы саяхат» деген ұранмен өтеді. Ол Пәкістанды жаңа қырынан аша түсуге бағытталған. Көрмеде Қазақстанға қажетті тоқыма және былғары өнімдері, фармацевтикалық дәрі-дәрмектер мен медициналық құрал-жабдықтар, жиһаз және қолөнер бұйымдары, азық-түлік және ауыл-шаруашылығы өнімдері ұсынылады. Көрменің бірінші және екінші күнінде 50 пәкістандық компания қазақстандық компаниялармен байланыс орнату мақсатында өз өнімдерімен таныстырады. Сонымен қатар, көрменің екінші күні кешкі сағат 18.30-да МEGA Alma-Ata сауда ойын-сауық орталығында Пәкістанның ең танымал дизайнерлерінің сән көрсетілімі болады.
Көрменің ашылу рәсімі барысында Пәкістанның Саудасын Дамыту Ұйымының (TDAP) атқарушы директоры Шейх Мұхаммад Мунир мырза Қазақстанның Орталық Азия өңірінде Пәкістанның ең маңызды әріптесі екендігін атап өтті.
«2014 жылы Қазақстан мен Пәкістан арасында екіжақты сауда айналымы 33,7 млн. АҚШ долларын құрады. Пәкістанның Қазақстанға жөнелтетін экспорт көлемі 30,7 млн. АҚШ долларын құраса, Қазақстаннан Пәкістанға жеткізілетін импорттық тауарлардың көлемі 2,9 млн. АҚШ долларын құрады. Пәкістаннан Қазақстанға негізінен тоқыма бұйымдары, дәрі-дәрмектер, медициналық құрал-жабдықтар, мандарин, картоп, кондитерлік бұйымдар, қант және былғары бұйымдар жеткізілсе, Қазақстаннан Пәкістанға темір, құрыш бұйымдары, рапс тұқымы, машиналық құрал-жабдықтар және басқа да тауарлар жеткізіледі. Енді міне, импортты инвестицияға айналдыратын кез келді. Пәкістан қазақстандық инвесторларға ең либералды инвестициялық саясатты ұсынады», - деді Шейх Мұхаммад Мунир.
Сөз соңында ол қазақстандық тарапты Пәкістанға келіп, қазақстандық тауарлардың кең көлемді көрмесін өткізуді ұсынды. «Жаңалықтарға толы саяхат» деген ұранмен өтіп жатқан көрме үш күнге созылады. Онда қазақстандық компаниялармен байланыс орнатуға мүдделі 50-ден астам пәкістандық компания өз өнімдерін қойған.
Айта кетелік, соңғы бес жыл ішінде Пәкістанның Орталық Азия елдеріне жасайтын экспорт көлемі 50 пайызға артса, осы өңірден Пәкістанға жеткізілетін импорт көлемі керісінше 26 пайызға азайған. Бірақ, ұйымдастырушылар, жақын болашақта Орталық Азия елдерінен, әсіресе Қазақстаннан Пәкістанға жеткізілетін импорттық тауарлар көлемінің арта түсетіндігіне сенімділік білдірді.
БАӘ-мен Қазақстанның арасындағы қатынастар өзара түсіністік және сенім жағдайында дамып келеді. Соның бір дәлелі ретінде, аталмыш елдің медициналық емханалар желісінің өкілі Қазақстанға келеді. ҚР-дың БАӘ-дегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Лама Шариф Әбу-Дабиде «Cleveland» емханасының өкілі Марван Мұхаммед әл-Марзукимен кездесті. Бұл туралы қазақстандық дипломат Фейсбук желісіндегі аккаунтында хабарлады. БАӘ азаматы ағымдағы жылдың 29-30 мамыр күндері әмірліктер делегациясының құрамында қазақстандық-әмірліктер сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша алтыншы бірлескен отырысына қатысу үшін Астанаға келеді. «Cleveland» әмірліктер-америкалық компаниясы Әбу-Дабиде 2015 жылдың наурыз айынан бері қызмет етіп келеді. Кешен медицинаның барлық дерлік салаларында қызмет көрсететін үш диагностикалық орталық және он үш стационарлық бөлімнен құралған.
Елші Қайрат Лама-Шарифтің айтуынша, БАӘ Қазақстанның мұсылман әлеміндегі маңызды әріптесі. Жоғары деңгейде өткізілетін кездесулердің жиілігі мен тиімділігінің арқасында Біріккен Араб Әмірліктері қазіргі таңда Қазақстанның мұсылман және араб әлеміндегі сенімді одақтасы, маңызды әріптесі ретінде танылып отыр. Сыртқы істер министрлігінде журналистерге брифинг өткізген Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Лама-Шариф осылай мәлім етті. Қазақстан мен Әмірліктер ынтымақтастығының қазіргі жағдайы және даму көкжиектері тақырыбындағы брифингке келген барлық журналистерге алғыс айта отырып, Қ.Лама-Шариф тек қазақ тілінде баяндама жасайтынын, сұрақтар болса, екі тілде де жауап беруге дайын екенін мәлім етті.
«Жоғары деңгейде өткізілетін кездесулердің жиілігі мен тиімділігінің арасында БАӘ қазіргі таңда Қазақстанның мұсылман және араб әлеміндегі сенімді одақтасы, маңызды әріптесі ретіне танылып отыр. Әмірліктер Қазақстанды ең әуелі халықаралық және аймақтық өзекті мәселелерге қатысты өз әрекеті мен шешімдеріне жауапты, түрлі салаларда екіжақты қатынастарды арттыруға мүдделі, сондай-ақ достық пен серіктестік дәстүрілерін одан әрі дамыту мен ұлғайтуды көздейтін толыққанды әрі мықты мемлекет ретінде таниды», - деді Қ.Лама-Шариф.
Сондай-ақ бұл сұхбатында Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Лама-Шариф 2015 жылы Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстан Республикасының арасындағы сауда-саттық деңгейі 109,5 млн долларды құрағаын мәлім етті. «Екіжақты сауда қатынастар жалпы ілгері дамуда және болашақта дами түспек. Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның тауар айналымында әлемдегі 205 мемлекет ішінде 52-ші орынға ие. Соның ішінде, Азиядағы 42 мемлекет ішінен 16-шы орында тұр. 2015 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 109,5 млн. АҚШ долларын құраған», - деді Елші. Қ.Лама-Шариф мәлім еткендей, былтыр Әмірліктерге шығарған экспортымыз 45,5 млн. долларды, импортымыз 67 млн долларды құраған.
Оның айтуынша, Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторлары Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне ерекше назар аударып отыр. «Қазіргі уақытта Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторлары мен осы саладағы әріптестер Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне ерекше назар аударуда. Олардың пікірінше, аталған сала өзара тиімді, екі жақты ынтымақтастықтың басқа бағыттарын алға жылжытатын жетекші күш болуы керек», - деген Қ.Лама-Шариф осы саладағы Елшілік жеті бизнес-форум өткізгенін жеткізді. «Осы бағытты ілгерілету үшін Елшілік соңғы екі жылда Қазақстанның ауыл шаруашылық өндірушілерінің қатысуымен жеті бизнес форум және Дубайда бір роулт-шоу ұйымдастырды»,-деді Қ.Лама-Шариф.
Брифинг барысында Қазақстан Республикасының Алматы қаласы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоятыны да айтылды. «Жақын арада мемлекеттеріміздің мегаполистері Алматы мен Дубай арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады деп күтілуде. Нәтижесінде, ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша құқықтық негіз орнатылады», - деп хабарлады Қ.Лама-Шариф. Осылайша, Әмірліктердегі Елшіміздің хабарлауынша, сауда-экономикалық байланыстар, бизнес және инвестициялық жобалар, көлік-логистика және қаржы салалары, мәдени байланыс дамымақ.
ҚР Сыртқы істер министрлігінде журналистерге брифинг өткізген Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Лама-Шариф 11 жыл ішінде Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанға 2 млрд. доллар инвестиция құйғанын айтты. 2005 жылдан бастап 2016 жылдың бірінші тоқсанына дейін Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанның экономикасына 2 млрд доллар инвестиция тартылған. «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мәліметіне сүйенсек, 2005 жылдан бастап 2016 жылдың бірінші тоқсанына дейін Әмірліктерден еліміздің экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 2 млрд. долларды құрайды», - деп мәлім етті Елші. Астана экономикалық форумының пленарлық отырысында Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның экономикасына 255 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылғанын айтқан еді. Қ.Лама-Шариф те бұл сөзді еске сала отырып, осы инвестицияның 2 млрд доллары - Біріккен Араб Әмірліктеріне тиесілі екенін атап өтті. «Сондай-ақ, біздің экономикамызға 2013 жылы - 532 млн доллар, 2014 жылы - 198 млн долар, 2015 жылдың алты айында - 50 млн доллар тартылған», - деп хабарлады Қ.Лама-Шариф.
Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Біріккен Араб Әмірліктері Федералдық ұлттық кеңесінің төрайымы Әмәл әл-Кубейсимен кездесті. «Сіздің үлкен делегациямен келуіңіз біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін көрсетеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен әмірліктер шейхы Халифа бен Заид Аль Наһанянның арасындағы мығым достық пен іскерлік біздің ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға мығым негіз қалайды», - деді кездесу барысында Г.Әбдіқалықова. Тараптар ынтымақтастықтың түрлі салаларындағы бірлескен жобалардың табысты іске асырылуы мәселелерін талқылады. Олардың қатарында елордадағы Әбу Даби Плаза көпфункционалды кешенінің құрылысы, ТМД және Қазақстан аумағында алғаш қызметін бастаған «Әл-Хилал» ислам банкі және «Фалах» бірлескен инвестициялық қоры жайындағы мәселелер бар. Г.Әбдіқалықова Елбасы Н.Назарбаевтың 2017 жылы Астана қаласында Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технология жөніндегі саммитін өткізу туралы бастамасына Әбу Дабидің қолдау көрсететіндігіне үміт артты. Сонымен қатар ол әмірлік тарабын елордада өтетін «ЭКСПО 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуға шақырды. Кездесу соңында ҚР Мемлекеттік хатшысы БАӘ Федералдық ұлттық кеңесінің төрайымын алдағы барша мұсылман үшін қасиетті Рамазан айымен құттықтап, екі ел арасындағы диалогты нығайтуға қосқан үлесі үшін ризашылық білдірді.
Сонымен қатар, Қазақстан мен БАӘ парламентаралық байланыстарды қалыптастырды. ҚР Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Біріккен Араб Әмірліктері Федералдық ұлттық Мәжілісінің Төрайымы Амаль Абдалла Әл-Кубейсимен келіссөз жүргізу барысында осы мәселе айтылды. Сенат Төрағасы А.Әл-Кубейсидің сапары екі елдің парламентаралық үнқатысуды орнату тұрғысында Қазақстан мен БАӘ арасындағы жемісті ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосатынын атап өтті. Қ.Тоқаев Қазақстан Парламентінің қызметі және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету туралы А.Әл-Кубейсиді хабардар етті. Сенат Төрағасы 31 мамырда Астанада өтетін, парламентшілер, діни қайраткерлер және халықаралық ұйымдардың басшылары қатысатын «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясына келгені үшін ризашылық білдірді. Бұл тұрғыда Қ.Тоқаев дінаралық және мәдениетаралық келісімді нығайту саласындағы Біріккен Араб Әмірліктерінің күш-жігерін қолдады. А.Әл-Кубейси Қазақстанға келуге шақырғаны үшін Қ.Тоқаевқа алғыс айтты. Федералдық ұлттық Мәжілісі Төрайымының айтуынша, Қазақстан мен БАӘ арасында ерекше достық қатынастар мен сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа салалардағы ынтымақтастық қалыптасты. БАӘ парламентінің төрайымы «Діндер терроризмге қарсы» конференциясының аса қажеттігін, өйткені, дінді қаралайтын экстремизм идеологиясына бірлесе төтеп беру және исламның бейбітшілік сүйгіш негіздерін түсіндіру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты, оның пікірінше, дүние жүзі парламентшілерінің форумына қатысу аса маңызды. Кездесу барысында жүздесушілер төрағалар деңгейінде парламентаралық үнқатысуды жалғастыруға, сондай-ақ екі елдің заң шығару органдарында қызмет ететін Қазақстан-Әмірліктер ынтымақтастық топтарының жұмысына ықпал етуге уағдаласты.
Ал Б. Ізмұхамбетов БАӘ федералдық ұлттық меджлисі спикерлерімен халықаралық өзекті мәселелерді талқылады. Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов Астанаға «Дін лаңкестікке қарсы» халықаралық форумына қатысу үшін арнайы келген БАӘ Федералдық Ұлттық Меджлисінің төрайымы Амаль Абдалла Әл-Кубейси бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының баспасөз қызметі хабарлады. Ең әуелі екі жақ күллі мұсылмандардың қасиетті Рамазан айының жақындап қалуына байланысты бір-біріне ыстық ықыластарын жеткізді. Кездесу иелерінің айтуынша, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері Президенттерінің арасында тарихи тамырластық, туысқандық деңгейде басталған қарым-қатынас жыл сайын тереңдеп, бүгінгі күні стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткен. Жүздесу барысында тараптар барлық сала бойынша екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың өзекті сұрақтарын талқылады. Б. Ізмұхамбетов пен Әл-Кубейси әсіресе, лаңкестікке қарсы күрес мәселесіне айрықша назар аударды. Осы орайда Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Президентінің экстремизм мен лаңкестікке қарсы халықаралық бастамаларын алға тарта отырып, «Дін лаңкестікке қарсы» форумының осы салада күш біріктіру жолындағы маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Әл-Кубейси де аталған форумның саясат пен дін өкілдерін бір арнаға тоғыстырғанын, Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан мемлекеттінің осы бағыттағы батыл қадамдарына алғыс білдіретінін және барлық бастамаларды қолдайтынын жеткізді. Мейманның атап өткеніндей, әлемдік бейбіт өмір және ынтымақтастық жолында БАӘ мен Қазақстанның ұстанымы бір, мақсаты айқын. Кездесу иелері екі ел арасындағы саяси, мәдени, әлеуметтік мәселелерді сөз ете келіп, экономикалық байланысқа ерекше көңіл бөлді. Бұл ретте Мәжіліс Спикерлері Астанада салынып жатқан «Әбу Даби Плаза» кешенінің құрлысын, басқа да ірі инвестициялық жобаларды алға тартты. Б. Ізмұхамбетов жалпы Қазақстанның тауар айналымында Парсы шығанағы бойынша БАӘ-нің алғашқы орында екенін жеткізсе, Әл-Кубейси соңғы 15 жыл ішінде Қазақстанға құйылған инвестиция көлемінің 1,5 млрд доллардан асқанын атап өтті. Кездесу кезінде парламентаралық қарым-қатынасты нығайту жайына баса назар аударылып, Б. Ізмұхамбетов пен А. Әл-Кубейси заң шығарушы органдар арасындағы достық және ынтымақтастық жөніндегі топтардың барлық салада ықпалдастықты тереңдетуге барынша ықпал ететініне сенім білдірді. Кездесу соңында Әл-Кубейси Мәжіліс Төрағасын өз елдеріне ресми сапармен келуге шақырды.
Сирия болса, өзінің Еуразиялық экономикалық одаққа қосылу бастамасына Қазақстан тарапынан қолдау күтеді. Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықоваға сенім грамотасын табыстаған Сирия Араб Республикасының Елшісі Риад Хаддад осылай деді. «Қазақстан Үкіметі біздің Еуразиялық одаққа қосылу бастамамызға қолдау білдіреді деп күтеміз. Сонымен бірге Қазақстан Үкіметінің Женевадағы біздің дағдарысты еңсеруімізге қатысты саяси тректе қолдау көрсететіндігіне үміт артамыз. Сирия басшылығы бұл мәселенің біздің еліміздің, халқымыздың тұтастығын сақтайтын саяси жолмен реттелетіндігіне айрықша сенім артып отыр. Мұнан бөлек, Қазақстанның қазіргі уақытта елімізде орын алып отырған лаңкестікпен күресімізге қолдау білдіреді деп үміттенеміз», - деді Р.Хаддад.
Сонымен қатар ол Қазақстан мен Сирияны тарихи мәдени байланыстар жалғап жатқандығын, қазақ елі үшін ұлы тұлғалар әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыстың Сирия жерінде жерленгенін атап өтті. Бұған қоса, Елші сириялық оппозицияның екі кездесуін ұйымдастыру арқылы елдегі дағдарысты реттеуге қолдау көрсеткен Қазақстанға ризашылығын білдірді.
Қазақстан оңүстіказиялық мемлекет Үндістанмен де сауда-экономикалық қатынастарын нығайтуда белсенділік танытуда. Енді Қазақстан Үндістанға уран жеткізуін қайта жандандырады. Бұл туралы Қазақстан-Үндістан іскерлік кеңесінің бірінші отырысы аясында белгілі болды.
«Тауар айналымы сандық мәнде бұрынғы көлемде қалып, тіпті өсім көрсеткенімен ақшалай түрде құлдырады. Біріншіден, бұл Қазақстаннан жеткізілген бірқатар өнімнің құны құлдырады. Екіншіден, уран жеткізу бойынша келісімшарт тоқтатылды. Дегенмен, ол қазір қайта жандандырылды. Біз бүгінгі күні бұл бағыттағы Үндістанның негізгі серіктесіміз», - деді кеңес алдында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қазақстанның Үндістандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Сәрсенбаев. Оның атап өтуінше, дағдарыс кезінде екі елдің арасындағы тауар айналымы біршама құлдыраған. Дағдарысқа дейін айналым көлемі 1 млрд. 200 млн. долларға тең болған. Оның негізгі бөлігін, яғни, 1 млрд. долларын Қазақстан экспорты құрады. Мұнда уран экспортының көлемі басым еді. Бірақ, 2014 жылы Үндістанға уран жеткізу келісімшартының мерзімі аяқталды.
«Біз өткен жылы Премьер-Министр Нарендра Модидің Қазақстанға сапары барысында уран жеткізудің жаңа кезеңіне келісімшарт жасастық. Осы жылдан бастап біздің уран тағы да жеткізіле бастайды»,- деді Елші.
Сонымен қатар Үндістан елінің ұлттық компаниялары Қазақстанға елордада Көрме орталығында ашылған дәстүрлі "AstanaBuild-2016" xалықаралық құрылыс көрмесінде құрылыс жабдықтарының кең ассортиментін ұсынды. Осымен 18-рет өткізіліп отырған көрмеде құрылыс материалдары, шатыр және жол жабындары, құрал-жабдықтар, жылыту, суыту құрылғылары, су жабдықтары мен электротеxникалық өнімдер, терезе мен есіктер және өзге де тауарлар ұсынылып отыр.
"AstanaBuild-2016 xалықаралық құрылыс көрмесі - біздің аймақтағы ең ірі мамандандырылған жоба болып табылады. Көрмеге қатысу тараптарға қазіргі заманғы жаңа құрылыс материалдарымен, теxникалармен танысуға, жалпы саланың даму бағытын көрсетеді, сонымен бірге серіктестер мен жаңа тұтынушыларды табуға септігін тигізеді", - деп атап өтті Қазақстан құрылысшылары одағының төрағасы Талғат Ерғалиев. Көрмеге 17 елден 200-ге тарта қатысушы келіп отыр. Олардың ішінде Беларусь, Украина, Бельгия, Дания, Үндістан, Испания, Италия, Иран, Канада, Қытай, Малайзия, Польша, Ресей, Түркия, Финляндия және Чеxия сынды елдер бар. Мұнда ресейлік компаниялардың өте көлемді экспозициясы ұсынылған. Атап айтқанда, Удмуртия, Татарстан Республикаларынан, Краснояр, Қорған, Түмен облыстарынан 80 экспорттаушы компания келіп отыр. Шараға Испанияның Grecogres Spain компаниялар тобы да алғаш рет қатысуды жөн көріпті. Өз кезегінде Үндістан елінің ұлттық компаниялары құрылыс жабдықтарының кең ассортиментін ала келген.
"Осы көрмеге 45 танымал үнді құрылыс компанияларының қатысып отырғандығына мен қуаныштымын. Олар Қазақстанға құрылыс жабдықтарын, әрлеу материалдарын, қабырғалар мен еденге қажетті материалдарды, мрамор мен гранит, жарық құрылғылары мен бейнебақылау жүйелерін ұсынады", - дейді Қазақстандағы Үндістан Елшісі Харш Кумар Джайн. Оның сөзіне қарағанда, Үндістанда экономиканың 8 пайызын, яғни 2,1 трлн. долларын осы құрылыс саласы қамтамасыз етеді. Шамамен 33 млн. адам құрылыста жұмыс істейді. AstanaBuild көрмесіне ҚР ИДМ, ҚР ҰЭМ, Қазақстан құрылысшылары одағы, Қазақстандағы РФ сауда өкілдігі қолдау жасады. Шара 20 мамырға дейін жалғасады. Оның аясында 19 мамыр күні шағын және орта кәсіпкерлерінің Қазақстан-Ресей бизнес форумы өтеді.
Таяу Шығыстағы Катар мен Қазақстан арасында жоғары саяси деңгейдегі өзара сенімді қарым-қатынас қалыптасып үлгерді. Енді бұл ел Қазақстанда ислам банкингін дамыту мәселелерін талқыламақ. Катар Қазақстанда банк секторына инвестиция салуды қарастыруда. Бұл туралы Астанада Катар Мемлекетіндегі ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Шоқыбаевтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2015 жылдың қазанында Дохаға ресми сапары барысында 2016 жылы Қазақстанға Катардың ірі бизнес өкілдерінің сапары туралы келісім жасалған болатын. Осы ретте Елшілік тарапынан аталған елдің мемлекеттік органдары мен іскер топтарымен бірқатар кездесулер өткізілді.
«Катар жағы Қазақстанға сапармен келіп, ынтымақтастықты нығайтуға әзірлігін білдіріп отыр. Катар Орталық банкі төрағасының жетекшілігімен ірі банктер басшыларынан құралған топ елімізге биылғы тамыздың аяғында сапарлайды. Олар Қазақстанның банк секторына инвестиция салу, сондай-ақ елімізде катарлық банктер филиалдарын ашу, ислам банкингін дамыту мәселелерін талқылауға ниетті»,-делінген ҚР Сыртқы істер министрлігі мәліметінде.
Сонымен қатар Катар мемлекеті Қазақстанға тұрақты түрде екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында саяси кеңесулер өткізуді ұсынды. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында Катар Мемлекетіндегі ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Шоқыбаев мәлім етті. «Ынтымақтастық бағытында көптеген ой-пікірлеріміз және жоспарларымыз бар. Қазіргі кезде Катар мемлекеті бізге тұрақты түрде екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында саяси кеңесулер өткізуді ұсынып отыр. Яғни, кеңесулерді сыртқы істер министрлері орынбасарлары деңгейінде талқылау ұсынылды. Біздің сыртқы саяси ведомствомызда осы ұсыныс қарастырылып жатыр. Осы ретте оңтайлы шешім болады деген сенімдеміз», - деп тоқталды Елші. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде катарлық СІМ өкілдері Қазақстан тарапының жауабын күтіп отыр. Айта кетейік, 1993 жылдың 1 шілдесінде Қазақстан мен Катар арасында дипломатиялық қатынастарды орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қойылды. ҚР Елшілігі Катарда 2007 жылдың мамырында ашылды, ал Қазақстандағы Катар Елшілігі 2008 жылдың наурызынан қызмет етуде.
Аталған елдің қазақстандық инфрақұрылымдық қорына кіруі туралы келіссөздер таяуда аяқталмақ. Яғни, Катар тарапы қазақстандық инфрақұрылымдық қорына 100 млн. АҚШ доллары көлеміндегі инвестициямен кірмек. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында Катар Мемлекетіндегі ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Шоқыбаев мәлім етті.
«Өткен жылы Астанаға Катар инвестициялық қорының басшысы сапармен келді. Ол еліміздің ресми тұлғаларымен айтарлықтай жемісті келіссөздер жүргізді. Қазіргі кезде бізде Катардың Казақстандық инфрақұрылымдық қорға 100 млн. АҚШ доллары үлесімен кіруі тұрғысындағы маңызды жоба бар. Бүгінде осы бағытта келіссөздер жүріп жатыр. Жақын арада бұл мәселе шешіледі деген үміттемін»,-деді Елші. Таратылған мәліметтерге қарағанда, Катар инвестициялық қоры Қазақстанда басқа да ауқымды жобаларды қарастыруға даяр. Осы ретте қор ауыл шаруашылығы саласына қызығушылық танытып отыр. Елшінің айтуынша, жаһандық экономикалық дағдарысқа қарамастан, Катар тарапы инвестиция салудағы белсендігін жоғалтқан жоқ.
Сондай-ақ Катар елі Семейде ядролық сынақтардан зардап шеккендер үшін сауықтыру орталығын салу бойынша келіссөздерді жандандыруға әзір. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында Катар Мемлекетіндегі ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Шоқыбаев мәлім етті. Атап айтқанда, бұл жоба Катар даму қорының қарауында жатыр. «Бұл тұрғыда жобалық-сметалық құжатнама бойынша мәселе туындады. Катар тарапы бұл жобаға 20 млн. доллар бөлуге даяр, яғни осы қаржы орталықтың құрылысын жүзеге асыруға жеткілікті болса. Сондықтан осы жобаға жауапты Шығыс Қазақстан облысының немесе Семейдің әкімдігі, сондай-ақ еліміздің басқа да органдары аталған инвестицияға орталықты салуға даяр болса, онда Катар жағы келіссөздерді жандандыруға әзір»,-деді ол.
ҚР мен Сингапурдың ынтымақтастық перспективалары да назардан тыс қалмауда. Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Сингапур Республикасы Мемлекеттік Сауда және индустрия министрі, Мемлекеттік Ұлттық даму министрі Ко По Кунмен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен Сингапурдың арасындағы екі жақты қатынастарды дамытудың жағдайы мен перспективаларын қарады. Бақытжан Сағынтаев пен Ко По Кун өзара сауда-экономикалық және инвестициялық іс-қимылды арттыру қажеттігін айтты. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамудың озық тәжірибесін белсенді бейімдеп келе жатқан елдердің бірі екенін айтып өтті. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорын құру, мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісін енгізу, электронды үкіметті дамыту және т.б. Келіссөздер барысында өнеркәсіптік ынтымақтастық, инфрақұрылымдық жобалар аясындағы, қаржы саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Түбі бір түркі жұртының қос бұтағы саналатын Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бері қайта жаңғырып, нығайып келеді. Айта кетсек, К.Мəсімов пен Б.Йылдырым ҚР мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кəрім Мəсімов Түркия Республикасының Премьер-Министрі Бинали Йылдырыммен телефон арқылы əңгімелесті. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады. Кəрім Мəсімов түрік əріптесін Үкімет басшысы қызметіне тағайындалуымен құттықтап, жұмыста табыстар тіледі. Əңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың ағымдағы жағдайы мен оны дамыту перспективаларын талқылады.
Ал қазақстандық педагогтар мен медицина қызметкерлері Израильде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Астанада «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ (бұдан әрі - ХБО АҚ) және Тель-Авив университеті (ТАУ) арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа ХБО АҚ президенті Гани Ныгыметов пен ТАУ президенті Иосиф Клафтер қол қойды. Халықаралық бағдарламалар орталығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, меморандум мақсаты білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде өзара қызығушылық танытатын мәселелер бойынша ХБО АҚ және ТАУ арасында қызметті орнату және ықпал ету болып табылады. Атап айтқанда, серіктестік шеңберінде Израильге Қазақстаннан ғылыми, педагог және медицина қызметкерлерінің тағылымдамадан өтуі бойынша қысқа мерзімді оқу бағдарламалары ұйымдастырылады, сондай-ақ курстар, семинарлар, тренингтер мен білім саласындағы Израиль тәжірибесін зерделеу бойынша мастер-кластар өткізіледі деп күтілуде. Меморандумға қол қою таныстыруы Астанада Қазақстан мен Израиль іскерлер мен ғалымдар ортасы өкілдерінің қатысуымен өткізілген Қазақстан Республикасындағы ТАУ достары қауымдастығымен ұйымдастырылған. Қол қою рәсімінің қатысушылары меморандум шеңберінде өзара іс-қимылдың үлкен перспективаларын атап өтті. Бүгінгі күні ТАУ әлемдік деңгейдегі инновациялық кәсіпкерлік жоғары оқу орны болып табылады. ТАУ-дың Инновациялар және кәсіпкерлік орталығы Израиль үкіметімен тығыз байланыста, әлемнің басқа да институттарымен және зерттеу орталықтарымен, өнеркәсіптік компанияларымен ынтымақтастықта. ТАУ-да сонымен қатар Ramot коммерциализация кеңсесі мен StarTAU кәсіпкерлік орталығы әрекет етеді.
Азия кіндігіндегі Моңғолияға Астанадан рейс ашылуы мүмкін. ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Астана-Ұлан-Батыр рейсі ашылады деген үмітте. Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Талғат Ластаев, Моңғолия тарабы «Эйр Астана» әуекомпаниясының Ұлан-Батырға ұшуына рұқсат береді деген үмітте екенін айтты. «Астана мен Ұлан-батыр арасындағы маршурт транзиттік және ұзақмерзімді перспективаға арналған маршрут. Қазір Моңғолиядағы әріптестерімізбен байланыс орнатуға тырысып жатырмыз. Алдыңғы күні «Эйр Астананың» ұшу қауіпсіздігі орташа еуропалық деңгейге сай екенін және Моңғолиядағы бірқатар БАҚ жариялап жатқандай, қауіпсіздік мәселелері жоқ екенін айтып, хат жолдадық. «Эйр Астананың» ұшу қауіпсіздігі Португалия, Словения сияқты елдерден де жоғары деңгейде. «Эйр Астана» Еуроодақтың шектеу тізіміне енген жоқ. Моңғолия тарабы бұл дәйектерді айтқанда, таңғалды»,-дейді Т.Ластаев. Комитет төрағасының айтуынша, «Қазақстан тарапы бұл олқылық жуық арада жойылып, мәселе шешіледі деген үмітте». «Менің ойымша, түбінде осы рейс ашылады», - деді ойын түйіндеген ол.
Сонымен қатар Аралдар елі Жапония астанасы Токиоға келесі жылы Астанадан тікелей рейс ашылады. ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті жаңа рейстердің ашылатынын мәлімдеу барысында осылай айтты. Комитет төрағасының орынбасары Талғат Ластаевтың айтуынша, 2016 жылдың маусым айында Астанадан Тегеранға тікелей рейс ұшады. Иран тарабымен арадағы келісімге сай, Қазақстанның екі қаласынан Иран астанасына аптасына 14 рет рейс ұшады. Т.Ластаетың айтуынша, Ираннан санкциялар алынған соң, бұл елмен ынтымақтастық орнатамыз деген мүдделі тараптар көбейген. Бұл ретте,Қазақстан транзиттік нүктеге айнала алады. «Иранға тек Бейжің қаласынан тікелей рейс ұшатындықтан, Қытайдың басқа қалалары Иранға Қазақстан арқылы ұша алады. Біз Үрімжі мен Сияньға рейс ұшырып отырмыз. Сондай-ақ, Ресейдің шығысындағы елдерден транзит тасымалдануы мүмкін»,-деп түсіндірді ол. Т.Ластаев хабарлағандай, биыл Астана, Алматы, Ақтау қалаларынан Сочиға тікелей рейстер ашылады. «Сондай-ақ, 2017 жылы Астанадан Токиоға тікелей рейс ұшыру үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз»,-деді Т.Ластаев.
Түйін
Еліміз еңсесін түзеп, ата-бабаларымыз сан жылдар бойы аңсаған егемендігін алғаннан бері Қазақстан төрткүл дүниемен байланысын нығайтуға ұмтылып келеді. Бұл бағытта әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі мен көреген саясатын айтпай кетсек болмас. Жаһандағы елдермен жан-жақты байланыс орнатудың еліміздің өсіп-өркендеуі үшін аса маңызды екенін саралай білген Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясатын салиқалы жүргізіп, тәуелсіз елдің табанды екенін әлем алдында мойындата білді.
"ҚазАқпарат" ХАА сайтында Қазақстанның сыртқы саясатына қатысты жарияланған материалдар легінен түйген ой осы. Сонымен қатар, Елбасы бастамасымен жүзеге асқан, қатысушы елдердің мүдделерін сан салада қорғап-қолдау мақсатында Еуразиялық экономикалық одақ та бүгінгі таңда табысты жұмыс жасауда.
Қазақстанның БҰҰ, ЭЫДҰ, ШЫҰ тәрізді халықаралық ауқымдағы ұйымдар алдында өзіндік ұстанымын білдіріп, саяси, экономикалық т.б. тұрғыдан кемел ел екенін дәлелдей алуы мемлекет саясатының дұрыс бағытта жүргізіліп келе жатқанының жарқын көрінісі. Әлемдегі барлық дерлік елдермен тиімді қарым-қатынастар орната алуымыз да соның бір дәлелі.
Демек, еліміздің бүгінгі сыртқы ұстанымдары ұғынықты, дүбірлі дүниедегі бағыт-бағдары айқын, жолы ашық.