Спикердің айтуынша, шомылу маусымы 1 маусымда ресми басталады және 1 қыркүйекке дейін созылады. Бірақ қазірдің өзінде 200-ден астам заң бұзушы анықталған.
«Су айдындарында адамдардың қайтыс болуына жол бермеу үшін алдын алу жұмыстары күшейіп, демалу орындарында рейд жүргізу басталды. Жалпы 3500-ден астам патрульдеу мен рейд жүргізілді, оған Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерінен 8800-ден астам қызметкер тартылып отыр. Нәтижесінде 242 заң бұзушы әкімшілік жауапқа тартылды», - деді Бауыржан Сыздықов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Сонымен бірге, комитет төрағасы қандай температурада суға түсуге болатынын айтты.
«Әсіресе оңтүстікте ауа райы ыстық болып тұр, демалуға барған адамдар немесе балалар суға түсуге құмар болып тұрады. Әзірге суға түсуден бас тарта тұру керек. Суға түсу үшін су температурасы 18 градустан жоғары, ауа температурасы – 30 градустан асуы тиіс. Сонда денсаулығыңызға зиян келмейді. Ал су 18 градустан төмен болса, суықтан тамыр тартылып, бұлшықет түйіліп қалуы мүмкін. Ол да суға батудың бір себебі болып саналады», - деп кеңес берді Б. Сыздықов.
Айта кетейік, елімізде шомылуға рұқсат берілген 469 орын бар, оның ішінде 118 коммуналдық және 275 жеке жағажай белгіленген. Шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған орындар 2GIS картасында көрсетіледі.