Шөп жабындысы маусымы: Рыбакина қай турнирлерге қатысады
АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада үлкен теннисте шөп жабындысы маусымы басталады. Қазақстанның ең үздік теннисшісі Елена Рыбакина үш турнирге де қатысуды жоспарлап отыр.
17-23 маусым аралығында Берлинде (Германия) WTA-500 турнирі өтеді. Бұл бәсекеде Қазақстанның бірінші ракеткасы 55 ұпайды қорғауы керек. Былтыр Берлиннің шөпті корттарында Рыбакина хорват спортшысы Донна Векичтен (7:6, 3:6, 4:6) жеңіліп, екінші раундтан аса алмаған болатын.
Бұдан кейін Рыбакина Англияның Истборн қаласында 24-29 маусым аралығында өтетін WTA-500 турнирінде бақ сынайды. Әлемнің төртінші нөмірі өткен жылы Истборнда ойнамағандықтан, бұл турнирде өз ұпайларын қорғауға міндетті емес.
Отандасымыз үшін басты турнирі 1-14 шілде аралығында Лондонда (Ұлыбритания) өтетін Уимблдон екені анық. Осы маусымдағы үшінші «Үлкен дулыға» турнирінде Рыбакина 430 ұпайды қорғауы керек. Өткен жылы British Slam турнирінде Елена ширек финалда Онс Джабеурден (Тунис) 7:6, 4:6, 1:6 есебімен жеңіліп қалған еді.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде өз орнын сақтап қалғанын жазған едік.