Шопоголизм — терапия емес: мамандар артық сауда жасаудың қаржылық салдарын атады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін — халықаралық шопинг күні. Дүние жүзі бойынша 11.11 жеңілдіктері мен бөліп төлеу науқандары жүріп жатыр. «Бүгін LIVE» бағдарламасында сарапшылар бұл акциялардың артында не тұрғанын түсіндірді.
MNU аға оқытушысы, психолог Әсел Ихсанова шопоголизмнің психологиялық негізін тарқатты.
— Адам өзін іздегенде шопоголизмге ұшырайды. Бұл әдет адамның ішкі тұрақсыздығы мен өзін төмен санауынан туындайды. Зат сатып алу арқылы адам өзінің ерекшелігін көрсетемін деп ойлайды, бірақ бұл ішкі және қаржылық тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін, — дейді маман.
Зерттеулерге сәйкес, 800 әйелдің шамамен 74 пайызы әр минут сайын киім сатып алу туралы ойлайды. Бұл орайда психолог маркетинг құрбаны болмауға кеңес берді.
— Психологияға қатысы жоқ псевдопсихологтар «киім сатып ал, өзіңді қуант, бұл — терапия» деген жобада шабыт таратады. Алайда адам бірінші кезекте өзін ойлап, маркетинг құрбанына айналмау керек, — дейді психолог.
Бұл ойды қаржы маманы Ғимран Әбдрахманов та құптайды.
— Түрлі жеңілдік акциялары қоймаларды босату және тұтынушыларды шығынға батыру мақсатында жүргізіледі. Сондықтан бөліп төлеуге еліктеп, қажетсіз тауарға ақша жұмсауға болмайды. Бұл жерде банктің де, дүкеннің де пайдасы бар екенін естен шығармау керек. Мысалы, 10 мың теңге тұратын тауарды 5 мыңға сатамыз дейді. Оған тіпті мерзім де белгілеп қояды, «2 сағат, 1 күніңіз ғана қалды» деп. Сол сәтте эмоцияға ерік бермей, жоспарлаған бюджетке қарап зат сатып алған дұрыс, — дейді экономист.
Оның айтуынша, бөліп төлеу механизмін тек қажетті заттарға қолданған дұрыс.
— Мысалы, компьютерді 24 айға сатып алуға болады, себебі ол жұмыс істеуге, табыс табуға көмектеседі, — дейді қаржыгер.
Айта кетейік, бұған дейін қаржыгер ақшаны қалай үнемдеу керегін айтқан болатын.