Аталған заң жобасына Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған.
«Есірткіні пайдаланудың жасөспірімдер арасында кеңінен таралуы қоғамның үлкен алаңдаушылығын тудырып отыр. Қоғам мен әлеумет бұл үдеріске өз ықпалын күшейтулері тиіс. Елімізде халық денсаулығына кері әсер ететін «шөптік микстер» бүгінге дейін еркін сатылып келді. Бұлар есірткімен әсері бірдей. Өткен жылдың 20 қаңтарында еліміздің Бас санитарының қаулысы бойынша «шөптік микстерді» сатуға тыйым салынды. Алайда, тыйым салу шарасын бұзған азаматтарға тиісті әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған», - дейді заң жобасына бастамашы болған депутат Берік Бекжанов.
Оның айтуынша, заң жобасын қабылдау қосымша қаржылық-экономикалық шығындарға соқтырмайды.
Депутаттар ұсынылып отырған жаңа психотроптық заттың (синтетикалық каннибиноидтер) химиялық құрамы мен оның мөлшерін нақтылауға қатысты ұсыныстар жасады.