Шорт-трек шебері Абзал Әжіғалиев спортшы ретінде мансабын аяқтады

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысынан түлеп ұшып, шорт-тректен төрт Олимпиада ойындарына қатысқан Абзал Әжіғалиев спортшы ретінде мансабын аяқтайтынын мәлімдеді.

Фото: Абзал Әжіғалиевтің Facebook парақшасынан

Спортшының өзі Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім еткеніндей, Абзал шорт-трекпен алғаш рет 24 жыл бұрын танысты. Сол күннен бастап бұл спорт түрі өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ал 2009 жылдан бастап Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғау бақыты бұйырды.

- Осы жылдар ішінде бүкіл қашықтықта Қазақстан чемпионы атана алдым. Еліміздің тарихындағы алғашқы әлем кубогының алтын медалін жеңіп алып, халықаралық жарыстарда талай рет жеңіс тұғырына көтерілдім. Төрт Олимпиада ойындарына қатысып, екі мәрте Қазақстан Туын Олимпиада аренасына алып шығу құрметіне ие болдым. Мен үшін бұл - ең үлкен мәртебе, - деп жазды Абзал.

Бұдан кейін ол биыл кәсіби спортшы ретіндегі мансабын аяқтау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

- Алдағы мақсатым – осы жылдар бойы жинаған тәжірибем мен білімімді Қазақстан спортының дамуына арнау. Ұлттық құраманың жанынан табылып, жас спортшыларға бағыт-бағдар беріп, Қазақстан шорт-трегінің болашағы үшін еңбек етуді өзімнің азаматтық әрі спорт алдындағы парызым деп білемін. Мен үшін ең маңыздысы – келесі буынның бұдан да биік белестерді бағындыруы. Менің спорттағы миссиям аяқталған жоқ. Тек енді ол жаңа деңгейде жалғасады, - деп қосты Абзал Әжіғалиев.

А.Әжіғалиев спорттық жолында 2016 жылы Солт-Лейк-Сити қаласында 500 метр қашықтықта қазақстандықтардан алғаш рет әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанды. Әлемдік додаларда бұдан басқа да бағындырған биіктері жетерлік.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық шорттрекшінің әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанғанын жазған едік.

Сондай-ақ Абзал Әжіғалиев өзіне мұз және жылдамдық өте ұнайтынын айтты.