АСТАНА. KAZINFORM — Бейжің қаласында шорт-тректен өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы жүлдеге бір қадам жетпей тоқтады.
Қазақстандық қыздар 3 мың метрлік эстафетада А финалында Канада, Польша, Нидерланд құрамаларымен сынға түсті. Мұнда канадалықтар жеңімпаз атанса, Польша екінші, Нидерланд үшінші орынға ие болды.
Қазақстан әйелдер құрамасының финалға шығып, үздік төрттіктің қатарына ілігуін жақсы нәтиже деуге болады. Ел намысын Яна Хан, Ольга Тихонова, Мәлика Ермек және Алина Әжіғалиева қорғады.
Қазақстан ерлер құрамасы 5 мың метрлік эстафетада финалға шыға алмады. Жартылай финалда қазақстандықтар Канада, АҚШ және Түркия командаларына жол берді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын шорт-тректен әлем чемпионатында Денис Никишаның финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ шорттрекші Денис Никиша әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері атанды.
Шорт-тректен әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы жүлде үшін таласады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).