Шорт-тректен аралас эстафета Олимпиада бағдарламасына енді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шорт-тректен аралас эстафета Олимпиада ойындарының бағдарламасына енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ҰОК мәлім еткендей, ХОК 2022 жылы Бейжіңде өтетін Олимпиада ойындарының қатарына шорт-тректен жаңа қашықтықтың енетінін хабарлаған.

«Халықаралық конькимен жүгіру федерациясының (ISU) президенті Ян Дайкема да мұны растап, биылғы Әлем Кубоктарының кезеңінде аралас эстафетадан жүлде таратылатынын мәлімдеді», - деп көрсетілген хабарламада. Осы орайда, шорт-тректен ұлттық құраманың бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков те пікір білдіріп, өз ойымен бөліскен. 

«Аралас эстафетаның Олимпиада бағдарламасына енгені қуантады. Яғни, спортшыларымыздың тағы бір жүлде алатын мүмкіндігі туып тұр. Әлем кубогінің биылғы кезеңдерінен бастап шорт-трекшілер 2000 метрге аралас эстафета арқылы жарысады. Бұл сынға біздің шорт-трекшілер тез бой үйретеді деп ойлаймын. Ерлер арасынан кез келген спортшымызды қоса аламыз, ал қыздардан Анастасия Крестова мен Ким Йонг А қатысады», - дейді бас бапкер Қарсығали Мәдібеков. 

Бұл күндері шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасы Ресей астанасы Мәскеуде жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. 6 тамызда құраманың Италиядағы жиындары басталады. 

Мәдіғали Қарсыбековтің айтуынша, шорт-трекшілер үшін биылғы маусым 2 қараша күні Канаданың Калгари қаласында басталады. Мұнда Әлем Кубогінің алғашқы кезеңі өтеді. Содан соң, ұлттық құрама Әлем Кубогінің екінші кезеңіне қатысу үшін АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласына аттанбақ.

Фото: sport.bigmir.net