Шорт-тректен Қазақстан құрамасы әлемдік тур кезеңінде үздік үштіктен көрінді
23:40, 16 Ақпан 2025
АСТАНА. KAZINFORM — Италияның Милан қаласында шорт-тректен әлемдік тур кезеңінде Қазақстан ерлер құрамасы қола медаль жеңіп алды.
Қазақстандықтар 5 мың метрлік эстафетада үздік үштіктен көрінді.
Ел намысын Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Глеб Ивченко, Әділ Ғалиахметов қорғады.
Италия құрамасы үздік уақыт нәтижесімен (6:42.85) жеңімпаз атанса, Канада (6:42.90) күміс жүлдеге ие болды.
Қазақстандықтар (6:46.08) қола жүлде үшін тартыста Қытайды (6:55.21) артқа тастады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасы шорт-тректен қысқы Азия ойындарының чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.