Оның айтуынша, Канаданың Калгари қаласындағы әлем кубогының алғашқы кезеңі қазақстандықтар үшін сәтті болды.
Атап айтқанда, ерлер арасында Абзал Әжіғалиев 500 метр қашықтықта финалда үш бірдей Олимпиада чемпионымен жарысқа түсіп, Қазақстан рекордын жаңартып, күміс жүлдегер атанды.
Оған қоса Еркебұлан Шамұханов 1 мың метр қашықтықта мәреге бесінші келді.
Ерлер бұрыннан жақсы нәтижелерімен көзге түсіп жүрсе, бұл жолы қыздарымыз да қуантты. Олар әйелдер эстафетасынан бесінші орынға көтерілді. Сондай-ақ, аралас эстафетадан қазақстандық құрама осындай нәтиже көрсетті.
-Мәдіғали Әбдіғалиұлы, мұның сыры неде деп ойлайсыз?
-Қыздарымыздың көрсеткішін көтеру үшін оңтүстіккореялық Әлия Кимді (Ким А Йонг) қатарымызға қосқан едік. Бұл өз жемісін берді. Соның нәтижесінде Анастасия Крестованың шеберлігі арта түсті. Сол секілді 16 жасар Әсел Тайшымановадан үлкен үміт күтеміз. Мәдина Жанбосынова аяғын ауыртып алғандықтан, оның орнына Ольга Тихонованы шығардық.
-Әлем кубогының екінші кезеңі АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында 9-11 қараша күндері өтеді екен, оған Қазақстаннан кімдер қатысады?
-Онда ерлерден Денис Никиша, Еркебұлан Шамұханов, Мирсаид Жақсыбаев, Нұртілек Қажығали өнер көрсетеді. Олар жекелей қашықтықта, сондай-ақ эстафетада жарыс жолына шығады. Калгарида қатысушылар 500 метрге екі реттен жүгірген болатын. Бұл жолы 1 мың метрден екі мәрте жарыс болады. Әр әлем кубогы сайын қашықтықтар осылайша кезектесіп, өзгеріп отырады. Қыздардан Солт-Лейк-Ситиде Әлия Ким мен Ольга Тихоноваға үміт артамыз. Аралас эстафетада Калгариде Абзал мен Денис, қыздардан Әлия Ким мен Анастасия Крестова жүгірген еді. Бұл жолы Денис пен Мирсаид, Әлия мен Оля аралас эстафетадан сынға түседі.
-Жаңа маусым жақсы басталып жатыр екен, алдағы мақсат қандай?
-Басты міндет - әлем кубогы кезеңдерін сәтті өткізіп, барынша мол ұпай жинап, шеберлігімізді шыңдай түсу. Әлем кубогының төрт кезеңінің қорытындысы бойынша сегіз үздік құрама әлем чемпионатына жолдама алады. Міне, сол айтулы додада эстафеталық сында да жарыс жолына шықсақ па дейміз. Биыл ресейлік шорттрекшілермен бірге жаттығудамыз. Түпкі мақсат - ел құрамасымен бірге оған болашақта қосыла алатын кейінгі жастарды да назардан тыс қалдырмай, Олимпиадада олжа салу.
Еске сала кетейік, бұдан екі жыл бұрын батысқазақстандық Абзал Әжіғалиев дәл осы Солт-Лейк-Сити қаласында 500 метр қашықтықта ел тарихында алғаш рет әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанған болатын. Абзал биылдан бастап Астана атынан жарысқа шығып жүр. Дегенмен ел құрамасы сапында БҚО-дан түлеп ұшқан Нұрберген Жұмағазиев, Нұртілек Қажығали және Әділ Ғалиахметов бар.