Шортан көлінің жағасында жаңа туристік ойын-сауық кешенінің құрылысы басталды
Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағдары» атты Жолдауында Ақмола облысындағы Бурабай курорт аймағын дамытудың жүйелі жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын, деп хабарлайды рm. kz сайты.
Шортан көлі жағалауындағы туристік кешен Бурабай курорт аймағын дамыту жоспарының бір бөлігі. Кешен жобасы отель, мейрамхана, СПА-орталықтар, яхталар айлағы және басқа да көңіл көтеріп, демалуға арналған құрылғыларды салуды қамтиды. Жүзеге асырылуы 2021 жылға дейін 12 жылға жоспарланған жоба 7 кезеңнен тұрады. Болашақ туристік кешенге су құбырлары, кәріз жүйесі мен электр жүргізіліп те қойылды.
Қазіргі сәтте әлемдік стандарттарға жауап беретін 200 орындық қонақ үйдің құрылысы басталды. Онда стандартты және люкс нөмірлер, 2 мейрамхана, 4 конференц зал, бал-рум қарастырылған.
Естеріңізге сала кетсек, «Бурабай» арнайы экономикалық аймағы Ақмола облысындағы Бурабай ауданында орналасқан, көлемі 370 гектар.
АЭА мақсаты - демалуға келген қазақстандық және шетелдік туристердің талаптарын қанағаттандырып, қамтамасыз етуге қабілетті, тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылым құру. Экономикалық аймақ аумағындағы басымдылығы жоғары қызмет салаларына туризмнің мәдени-танымдық, сауықтыру, экологиялық, іскер, спорттық және басқа түрлері жатады.