Шортанды ауданында жеке үйдің жертөлесінде үш адам мерт болды - Ақмола облысы
09:11, 05 Сәуір 2010
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 5-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Шортанды ауданында жеке үйдің жертөлесінде бір отбасынан үш адам мерт болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ербол Жүсіповтың айтуынша, қайғылы оқиға туралы алғашқы хабар көршілес тұратын кіші ұлынан жеткен. Алдын ала белгілі болғандай, ерлі-зайыптылар және олардың баласы бірінің артынан бірі тереңдігі үш метрлік жертөледен картоп алуға түскен.Әлгі жандар өз үйлерінің астында жиналып қалған улы газға тұншығып қаза болған. Полицейлердің пайымдауынша, қыстық азыққа сақтаған картоп бұзылып, жертөле газ қоймасына айналған. Тіпті тәртіп сақшыларының мәйіттерді алып шығуға арнайы киімді пайдалануларына тура келген.