Шортанды ауданында «Жол картасы» бағдарламасына орай 260 миллион теңге игерілді

None
Көкшетау. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Шортанды ауданында жазғы маусымда «Жол картасы» бағдарламасы аясында 260 миллион теңгенің жұмысы атқарылды.

Аудан басшысы Саят Камзебаевтың айтуынша, қаржының басым бөлігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты, әлеуметтік салаларды ретке келтіруге бағытталған. Соған сәйкес өткен мерзімде «Шенгел» және «Пальмира-Север» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер Дамса ауылында, Научный кентінде су құбырларын, ал «Жер-1» серіктестігі Жолымбет кентінде кәріздік жүйені ретке келтіріп отыр. Жергілікті «Шортанды су» мемлекеттік мекемесі көшелер мен ауыларалық жолдарды жөндеумен айналысып, он миллион теңге қаржыны игерді. Бектау ауылындағы интернат үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын іске асыруға 32 миллион теңге жаратылды. Өткен кезеңде әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға 1 миллион 26 мың теңге, жастар тәжірибесіне 1,5 миллион теңге қаржы қарастырылды.