Шортанды ауданының ауыл шаруашылығы өнімдері елорда базарларында сатылуда

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Шортанды ауданының ауыл шаруашылығы өнімдері Нұр-Сұлтан қаласы базарларында сатылуда. Бұл туралы брифингте аудан әкімі Ғайдар Қасенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі, облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ауданда он ай ішінде ауыл шаруашылығы тауарларының өнімі 31 миллиард теңгені құрап, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға артқан. Нақты көлем индексі 124 пайызды құрады. Бұл – облыс бойынша бесінші орын. Осы ретте, аграрлы аудан астықтың шығымы жағынан облыста ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

«Аудан диқандары жалпы 119 мың гектар алқаптан 312 мың тонна астық жинады. Әр гектардан 15,7 центнерден бидай алынды. Сонымен бірге, 5,6 мың тонна майлы дақыл, 1,4 мың тонна көкөніс және 5,6 мың тонна картоп жиналды», – деді Ғайдар Қасенов.

Осы ретте, ауданға көктемгі дала жұмыстары үшін 6,7 мыңнан астам тонна кепілдендірілген дизель отыны және 563 миллион теңге субсидия бөлініпті. Аудандағы шаруашылықтар 47 мың тонна шөп дайындаған. Машина-трактор паркі де жаңартылуда. Бұл үшін 2,8 миллиард теңге қаржы бөлініп, оған 63 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған.

Ауданда мал басы да көбейіп келеді. Осының нәтижесінде он айдың ішінде барлығы 3 мың тоннадан астам ет, 13 мың тоннадан астам сүт, 3 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Мемлекет басшысының Нұр-Сұлтан қаласы айналысында азық-түлік белдеуін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде аудан астанаға ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты түрде жеткізіп тұрады. Нұр-Сұлтан қаласының базарларында «Темеш» шаруа қожалығы «Воложанин» жеке кәсіпкерлігі, «Молочный 2» ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігінің өнімдері сатылады.

«Ауданда «Төнкеріс» астық қабылдау орны мен «Capital Trade Housе» диірмен кешені толық қуатына шықты. Осы екі кәсіпорын жалпы құны 2,6 миллиард теңгенінің 20 мың тонна ұнын өндірді. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде «Милк Продукт» серіктестігі Германиядан 128 бас сауын сиыр әкеліп, қазіргі заманға сай жабдықталған тауарлы – сүт фермасын ашты. 450 бас ірі қараға арналған етті бағыттағы 4 ферма ашу жұмыстары жүргізілуде», – деді Ғайдар Қасенов.