АСТАНА. KAZINFORM — Бейжің қаласында шорт-тректен өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Денис Никиша күміс жүлдегер атанды.
А финалында 500 метр қашықтықта барлығы 5 спортшы жүлде үшін жарыс жолына шықты.
Бейжің олимпиадасының күміс және қола жүлдегері, канадалық Стивен Дюбуа бірден алға кетті. Ол 40.008 секунд нәтижемен чемпион атанды.
Денис Никиша (40.096) мәре сызығын екінші болып қиды. Қазақстандық шорттрекші (41.676) өткен жылғы нәтижесін едәуір жақсартты.
Нидерландылық Йенс Ван’т Ваут (40.163) үздік үштікті түйіндеді.
Бұл — Д. Никишаның әлем чемпионатындағы екінші күміс медалі. Ол өткен жылы Роттердамда да екінші орынға ие болған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Никишаның шорт-тректен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ шорт-тректен әлем чемпионатында Денис Никиша финалға шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).