Шошқа тұмауы 420-дан астам адамның өмірін жалмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Мексикада тұмау салдарынан 421 адам көз жұмды, деп хабарлады латынамерикалық елдің денсаулық сақтау министрлігінен.

Қазіргі уақытта тұмауға шалдыққандардың саны 3,7 мың адамға жетіп отыр. Адамдардың басым бөлігі, нақты айтқанда 390-ы штаммы A/H1N1 шошқа тұмауынан қайтыс болған.

Айта кетейік, 2009 жылдың сәуірінде Мексикада шошқа тұмауының алғашқы деректері тіркелген болатын. Бастапқыда бұл тұмау тек шошқалардың арасында ғана кездессе, кейіннен оның алғашқы белгілері адамдарда да біліне бастады. Содан кейін қысқа мерзім ішінде елдегі A/H1N1 тұмауына шалдыққандардың саны күрт артып кеткен еді.