ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Шотландияның Эдинбург қаласында өтіп жатқан «ФРИНДЖ» өнер фестивалінде бүгін Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театрының «Ақбаян» спектакілінің көрсетілімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Шотландияның Эдинбург қаласында 3 тамыз күні басталған өнер фестивалі 27 тамызға дейін жалғасады. Осы кезеңде көрермен назарына 3700 түрлі жанрдағы қойылым ұсынылады.
«Фриндж» («Fringe») фестивалі 1947 жылдан бастап жыл сайын ұйымдастырылады және әлем бойынша театр өнеріндегі ең ірі шара болып табылады. Айта кетейік, биыл айтулы фестивальге әлемнің 50 елінен келген 50 000-ға жуық артист қатысуда.
Біз бұдан бұрын Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры Шотландияның Эдинбург қаласындағы өтіп жатқан өнер «Фриндж» фестиваліне қатысатыны жөнінде хабарлаған едік.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.