Жаңа тәртіп кәсіпкерлердің болмашы қарыз үшін қызметін тоқтатуға жол бермеуді және ірі көлемдегі берешекті уақтылы өтеу бойынша жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Kazinform тілшісі жаңа тәртіптің ерекшеліктеріне шолу жасады.
Аз мөлшердегі берешек үшін кәсіпкердің жұмысы тоқтатылмайды
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алудың сараланған тәртібі енгізілді. Бұған дейін тәуекелдерді басқару жүйесі ескеріле отырып, бір теңгеден бастап берешегі бар салық төлеушіге де мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін еді.
– Жаңа тәртіпке сәйкес, берешек мөлшері 20 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аз болса, салық төлеушіге қарызы бар екені туралы хабар беріліп, өсімпұл есептеледі. Бұдан өзге өндіріп алу шаралары қолданылмайды, - деді Мемлекеттік кірістер комитетінің Аудит департаменті Берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арын.
Банк шоты қандай жағдайда бұғатталады
Салық берешегі 20-дан 45 АЕК-ке дейін жетсе, салық төлеушіге қарызын өтеу туралы хабарлама жіберіледі. Сонымен қатар банк шоты мен касса бойынша шығыс операциялары тоқтатылып, инкассалық өкім шығарылады.
Ал берешек 45 АЕК-тен асқан жағдайда заңнамада көзделген мәжбүрлеп өндіріп алу шараларының барлығы қолданылады. Олардың қатарында салық төлеушінің мүлкін тізімге алу және сату, сондай-ақ оған қарызы бар тұлғалардан қаражат өндіріп алу шаралары бар.
Шетелге шығуға кімдерге шектеу қойылады
Биыл 1 шілдеден бастап Салық кодексіне салық берешегін өндіріп алудың қосымша шарасы енгізілді. Ол – Қазақстан аумағынан шығуға уақытша шектеу қою. Аталған норма іс жүзінде 1 қазаннан бастап қолданыла бастады.
Бұл шара салық берешегі 27 мың АЕК-тен асқан және қарызы пайда болған күннен бастап үш айдан астам уақыт бойы өтелмеген тұлғаларға қатысты қолданылады.
Шектеу жеке кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын адамдарға, сондай-ақ заңды тұлғалардың бірінші басшыларына немесе олардың міндетін атқаратын адамдарға қатысты.
Қазіргі таңда салық берешегін уақытында өтемеген 300-ден астам жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысына шетелге шығуға тыйым салынды. Спикердің сөзінше, қазір елімізде салық берешегі 116 миллион теңгеден асатын 700-ге жуық салық төлеуші бар.
– Жаңа шара қолданысқа енгізілгелі Алматы қаласы мен Қарағанды облысында екі салық төлеуші берешегін өтеп, бюджетке 230 миллион теңгеден астам қаражат түскен. Қарағанды облысындағы компания сәуір айынан бері салық берешегін өтемеген. Оның басшысы елден шығу кезінде шектеу қойылғанын біліп, қарызын төлеген. Осыдан кейін тыйым алынды, - деді Қайсар Арын.
Шектеу соттың санкциясымен қойылады
Салық берешегінің белгіленген шектен асуы кәсіпкердің шетелге шығуына автоматты түрде тыйым салынады деген сөз емес. Ол үшін арнайы рәсімнен өту қажет.
– Шетелге шығуға шектеу тек ірі көлемдегі берешек болған жағдайда және соттың санкциясынан кейін ғана қолданылады. Мемлекеттік кірістер органы қаулы шығарып, оны сотқа жолдайды. Сот санкциясын алғаннан кейін қаулы мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесі арқылы белгіленген тәртіппен орындау үшін уәкілетті ақпараттық жүйеге жіберіледі, - деп түсіндірді комитет өкілі.
Оның сөзінше, өзгерістердің басты мақсаты – мемлекет пен бизнес мүддесі арасындағы тепе-теңдікті сақтау.
– Бір жағынан, болмашы берешек үшін салық төлеушінің қызметін тоқтатуға жол бермейміз. Екінші жағынан, ірі көлемдегі және ұзақ уақыт орындалмаған салық міндеттемелері бойынша жауапкершілікті күшейтеміз, - деп қосты Қайсар Арын.
Салық берешегі бар компаниялардың басшысын ауыстыруға шектеу қойылды
Қазақстанда салық берешегін төрт ай ішінде өтемеген компаниялардың басшысын ауыстыруға шектеу қойылды.
Оның айтуынша, 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізілген норма берешегі 45 айлық есептік көрсеткішке (194 625 теңге) тең немесе одан асатын заңды тұлғаларға қатысты.
– Кейбір компанияның берешегін өтеуден жалтару үшін басшысын ауыстырып, кәсіпорынды өзге адамның атына рәсімдеуі мүмкін. Өйткені олар бұдан шығатын жол іздейді ғой. Жаңа норма осындай әрекеттерге жол бермеу үшін енгізілген. Қазір ақпараттық жүйені ретке келтіру жұмысы аяқталуға жақын. Келесі аптадан бастап салық төлеушілер тіркеу деректерін өзгертуге өтініш берген жағдайда, берешегі болса, әділет органдары оны кері қайтарады, - деді комитет өкілі.
Әлеуметтік төлем бойынша берешегі бар кәсіпкерлердің банк шотын бұғаттау тәртібі өзгерді
Әлеуметтік төлем бойынша берешегі бар кәсіпкерлердің банк шотындағы қаражат енді қарыз сомасы көлемінде ғана бұғатталады.
Спикердің айтуынша, бұрын әлеуметтік төлем бойынша берешек бір теңгеден асқан жағдайда кәсіпкердің банк шотындағы барлық қаражат бұғатталатын.
– Биылдан бастап мұндай шара берешегі 6 АЕК-тен (25 950 теңге) асқан және оны белгіленген мерзімде өтемеген кәсіпкерлерге ғана қолданылады. Мысалы, салық төлеушінің 40 мың теңге қарызы болса, сол көлемдегі қаражат қана бұғатталады. Шотындағы одан артық ақшаны әрі қарай пайдалана алады, - деді Қайсар Арын.
Жаңа шаралар салық берешегін өндіріп алу тиімділігін арттыруға, салық төлеуден жалтару жағдайларын азайтуға және бюджетке қаражаттың уақтылы түсуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін 700-ге жуық кәсіпорын басшысының шетелге шығуына шектеу қойылуы мүмкін екені хабарланды.