Жоба авторы құрылғыны жасау барысында бағдарламалау, робототехника және өндірістік жабдықтармен жұмыс істеу бойынша алған білімін пайдаланған.
Оның айтуынша, құрылғыны жетілдіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
– Студенттеріміз мұнда бағдарламалау тілдерін үйренумен қатар, роботтар мен өндірістік техниканы күнделікті тұрмыста, өндірісте, жеке кәсібін дамытуда және еліміздің басқа да өндіріс салаларында қолдануды меңгереді, – деді шеберхана жетекшісі Алтайбек Мамыр.
Инженер Нұрболат Ахметжановтың айтуынша, білім алушылар меңгеретін дағдылар тек дронды басқарумен шектелмейді.
– Студенттеріміз алдымен симуляторларда жұмыс істеуді үйренеді. Одан кейін дрондарды басқаруға көшеді. Олар дрондарды басқарып қана қоймай, құрылғылардан алынған мәліметтерді цифрлық талдау арқылы интеллектуалды шешім қабылдауды да меңгереді, – деді инженер.
Дрондарды ауыл шаруашылығында пайдалану да қарастырылған. Бұл үшін құрылғының бағыты мен жұмыс тәртібі алдын ала бағдарламаға енгізіледі.
– Алдымен егістік аумағының координаттарын енгіземіз. Содан кейін дрон оператордың қатысуынсыз егістікке дәрі шашады. Қуаты азайған кезде дрон өзі белгіленген орнына қайтып келеді. Біз оның аккумуляторын ауыстырып, дәрісін толтырып, қайта іске қосамыз. Осыдан кейін дрон тоқтаған жеріне барып, жұмысын жалғастырады. Осындай бағдарламаларды студенттеріміз өздері жазуды үйренеді, – деп түсіндірді Нұрболат Ахметжанов.
Айта кетейік, мұндай орталықтар қазір Астана, Алматы және Өскемен қалаларында жұмыс істейді. Шеберхананың негізгі мақсаты – студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, робототехника мен цифрлық технологияларды нақты міндеттерді шешуде қолдана алатын мамандар даярлау.