Шри-Ланка автобустарында «буаз иттерге» арналған арнайы орын бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шри-Ланканың қоғамдық көліктерінде жүкті әйелдердің орындары «буаз иттерге» арналған орын ретінде таңбаланған. Agence France-Presse агенттігінің хабарлауынша, аталған қате жазбалар тамиль тілінен аудару барысында орын алған қателіктерден туындаған.

Аталған елдің Ұлттық тілдер және ықпалдастық министрлігінің баспасөз хатшысы Махендра Харишчандраның (Mahendra Harishchandra) түсіндіруінше, аталған белгілерді тамиль тілін нашар білетін адам салған. Аталған қателіктер содан пайда болған.

Жалпы, ел билігі аударма барысындағы қателіктерге қатысты 200-ден астам шағым арыз алып отыр. Ал Шри-Ланка үкіметі алдағы уақытта бұл қателіктерді жоюға уәде беруде.

Айта кетейік, Шри-Ланканың қоғамдық орындарындағы жазбалар екі ресми тілде, яғни сингаль және тамиль тілдерінде жазылады. Бірақ елдің басым бөлігі сингаль тілінде, ал тұрғындардың төрттен бірі ғана тамиль тілінде сөйлейді.