Шри-Ланка экс-президенті мемлекеттік қаражатты мақсатсыз пайдаланды деген айыппен тұтқындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Шри-Ланка полициясы бұрынғы президент Ранил Викрамасингхені президенттік кезінде мемлекеттік қаражатты талан-таражға салғаны үшін тұтқындалды, деп жазды Kazinform тілшісі агенттігі Associated Press-ке сілтеме жасап.
2023 жылы Викрамасингхе G77 саммитінен Кубадан қайтар жолда Ұлыбританияға аялдаған. Сол кезде ол жұбайымен бірге Вулверхэмптон университетінде диплом тапсыру рәсіміне қатысқан.
Экс-президент бұл сапар барысында жұбайының барлық шығынын өзі көтергенін және мемлекеттік қаражат пайдаланылмағанын алға тартып отыр.
Алайда Шри-Ланка Қылмыстық істерді тергеу департаменті (CID) бұл жеке сапарға байланысты барлық шығын, оның ішінде оққағарлардың шығыны да мемлекеттік бюджет есебінен төленгенін мәлімдеді.
Бұрынғы президент ел астанасы Коломбо қаласындағы магистраттық сотта ұзаққа созылған тыңдауға қатысып, 26 тамызға дейін қамауға алу туралы шешім шығарылды.
Сот ғимаратының алдында Викрамасингхенің тұтқындалуына наразылық білдіріп, оның жақтастары жиналды.
Экс-президент шетелге 23 рет сапар шегіп, олардың жалпы шығыны 2 миллион доллардан асқан.
Бұл – Шри-Ланка тарихындағы бұрынғы президентке қатысты алғашқы тұтқындау.
76 жастағы Викрамасингхе Шри-Ланка президенті қызметін 2022 жылдан 2024 жылға дейін атқарды және оған дейін алты рет премьер-министр лауазымында болған.
Ол президенттікке елдегі экономикалық күйзеліс салдарынан орын алған саяси дағдарыстан кейін келді. Сол кезде елдің бұрынғы президенті Готабая Раджапакса 2022 жылы отставкаға кеткен еді.
Викрамасингхе билікке келгеннен кейін елдегі инфляция төмендеп, ұлттық валюта нығайып, валюта резервтері артты. Алайда оның үкіметі Халықаралық валюта қорының көмегі аясында енгізілген қатаң үнемдеу шаралары – салықтардың және коммуналдық төлемдердің көтерілуі салдарынан қоғамдық наразылыққа тап болды.
Бұған дейін Колумбияның бұрынғы президенті 12 жыл үй қамаққа алынғаны туралы хабарлаған болатынбыз.