Шри-Ланкада 112 кг есірткі тасымалдаған 22 монах ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Шри-Ланка әуежайында жүктерінен 110 кг каннабис тапқан жиырма екі монах қамауға алынды, деп хабарлайды Daily Mirror.
Есірткіге қарсы күрес бюросының қызметкерлері топты 25 сәуір күні кешке Шри-Ланка астанасына Таиландтан келген кезде ұстады.
Алынған ақпарат негізінде әрекет еткен қызметкерлер топ тасымалдаған жүкті тексеріп, жасырын бөлімдерінде шамамен 112 келі есірткіні анықтады.
Бұл Шри-Ланка астанасындағы Бандаранаике халықаралық әуежайында тәркіленген ең ірі партия болды.
Оның нарықтағы құны шамамен 3,5 млн долларға бағаланды.
Тергеу барысында трафикті үш монах ұйымдастырғаны, олар әлеуметтік желілер арқылы тағы 19 адамды тартқаны анықталды. Хабарланғандай, топ 22 сәуірде Таиландқа шыққан.
Шри-Ланка полициясының Есірткіге қарсы күрес бюросы ел бойынша ғибадатханалардағы кейбір монахтардың ұялы телефондарынан олардың күнделікті киіммен демалып жатқан фотосуреттері мен бейнелерін анықтады.
Жас монахтардың көпшілігі 30 жасқа толмаған және әлі де жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Қолда бар мәлімет бойынша,олар тегін әуе билеттері, тұру және тамақтану уәделерімен тартылды. Шамаланғандай, оларға мектеп оқушыларына арналған «оқу материалдары мен тәттілерді» тасымалдайтындары айтылды.
Алайда полиция әр сөмкеден шамамен 5 кг есірткі анықтады.
Тергеу барысында сондай-ақ топтың өткен айда 12 монахтың қатысуымен осындай операция жасағаны және жақын арада тағы бір сапар жоспарлағаны анықталды.
Осыған дейін Шаолинь ғибадатханасының бастығына қатысты тергеу амалдары басталғаны хабарланды.