Шри-Ланкада президенттік сайлау басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, бейсенбіде Шри-Ланкада президенттік сайлауға дауыс беру басталды. Франс Пресс агенттігінің хабарлауынша, сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де ашылды, 16:00-де жабылады.

Күтіліп отырғандай, дауыс беруге елдің шамамен 15 миллион азаматы қатыса алады, деп хабарлайды DPA агенттігінен.

Бұған дейін елдің қазіргі басшысы Махинда Раджапаксе үшінші рет дауысқа түсу ниетін білдірген болатын. Сондай-ақ президенттік бәйгеге қатысуға ниеті барлығын денсаулық сақтау министрі Майтрипала Сирисена да мәлім етті.

Раджапаксе 2005 жылғы сайлауда жеңіске жеткен, алайда екінші алты жылдық мерзімге қайта сайлаудан кейін ол конституцияға өзгерістер енгізіп, ел президенті үшін екі мерзімге шектеуді алып тастады. Бастапқыда президенттік сайлау 2017 жылы өтуі тиіс болатын.