Шри-Ланкада табиғи апаттарға байланысты төтенше жағдай енгізілді

Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM – Шри-Ланка президенті Анура Кумара Диссанаяке соңғы жылдардағы ең ауыр табиғи апаттардың бірі салдарынан елде төтенше жағдай режимін енгізді, деп хабарлайды Синьхуа.

Президент үкіметке бүкіл ел аумағында төтенше ережелер енгізу жөнінде қосымша өкілеттіктер берді. Ресми тұлғалардың айтуынша, мұндай шешім қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ұлттық тұрақтылықты сақтауға және нөсер жаңбыр, су тасқыны, лай көшкіні мен қатты желден зардап шегіп отырған аймақтарда әрекет етуді жеделдетуге бағытталған.

Шри-Ланка полициясы арнайы операциялар бөлімшесін құрып, оны полицияның бас инспекторы тікелей қадағалайтынын мәлімдеді. Құтқару қызметіне тұрғындар телефон арқылы немесе WhatsApp мессенджері арқылы жүгінуі үшін жедел желілер іске қосылған.

Ел бойынша жедел әрекет ету топтары жасақталды. Қажет болған жағдайда бірден қолдану үшін қайықтар, сүңгуірлерге арналған жабдықтар және басқа да құтқару құралдары дайындалды.

Төтенше жағдай кезінде үйлестірілген әрекеттерді қамтамасыз ету үшін табиғи апаттармен күрес орталығы, қарулы күштер және өзге де құрылымдар жұмылдырылған.

Сонымен қатар, көшіп-қону және көші-қон қызметі қолайсыз ауа райы салдарынан рейстері тоқтатылып, елден шыға алмай қалған шетелдіктер үшін визалық режимді жеңілдетті.

28 қарашада немесе одан кейін елден кетуі тиіс болған азаматтар виза ұзарту алымынан және мерзімін өткізіп алғаны үшін айыппұлдан босатылады. Туристік, іскерлік және резиденттік визасы бар шетелдіктерге қажетті рәсімдерді аяқтау үшін жеті күндік жеңілдік мерзімі берілді.

Айта кетейік, кеше Шри-Ланкадағы көшкін мен су тасқыны 47 адамның өмірін қиғаны хабарланды.