Шри-Ланкада соңғы 14 жылдың ішінде алғаш рет қатты нөсер жауды. Метеорологтардың болжамына сәйкес, жаңбыр жуық арада тоқтамауы мүмкін.
Соңғы рет бұл елде осындай табиғи апат 2003 жылы мамыр айында болған еді. Ол кезде қатты жаңбыр мен екпінді желдің салдарынан 250 адам қаза тауып, 10 мың үй қираған болатын.
Құтқарушылар селдің уақытша тоқтағанын пайдаланып, зардап шеккен аудандардағы адамдарға көмек көрсетіп жатыр. Олармен бірге әскерилер де жұмыс істеуде, олар шағын кеме мен тікұшақтарын ұсынды.
Daily Mirror жергілікті газетінің хабарлауынша, Коломбоға үнді әскери-теңіз флотының екінші кемесі - гуманитарлық жүгі бар «Шардул» десанттық кемесі мен үрлемелі қайықтар жеткізген.
Шри-Ланка БҰҰ мен Оңтүстік Азия елдерінен табиғи апаттың залалын жоюға көмек көрсетулерін сұрған болатын.