14:20, 23 Сәуір 2009
Штутгартте Қазақстанның Экономика күні өтті
МАГДЕБУРГ. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Юлия Чернова/ - Қазақстанның Германиядағы жылының аясында сәуірдің 21-інде Баден-Вюрттемберг федералды жерінің орталығы – Штутгарт қаласында Қазақстан экономикасының күні өтті.
Бұл шараны Қазақстан Елшілігі, Штутгарт қаласының әкімшілігі мен Қазақстанның Баден-Вюрттемберг жеріндегі Құрметті консулдығы бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне елшіліктен. «Атамекен» Одағы» Ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев бастап келген қазақстандық делегациясының құрамында «Маңғыстау» инвестициялық қорының, «Цеснабанк» АҚ-ның, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мен түрлі кәсіпорындардың өкілдері кірді. Бұл шараны өткізудегі негізгі мақсат - Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру, герман кәсіпкерлерінің назарына түрлі экономикалық жобаларды ұсыну, сондай-ақ Елбасының «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі тұстарын түсіндіру болды. Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов герман кәсіпкерлерін қазақстан-герман қатынастарының дамуы мен ағымдағы жылға жоспарланған экономикалық шаралар жайлы хабардар етті. Штутгарт қаласының мэрі Вольфганг Шустер өз баяндамасында Қазақстан Республикасының бүгінгі жетістіктеріне, герман кәсіпкерлерінің қазақстандық бизнеспен бірігулерінің мол әлеуеттеріне оң баға беріп, экономикалық делегацияның құрамында 2010 жылы Қазақстанға сапар жасау ниетін жеткізді. Сол күні Штутгарттағы Koеnig-Karl-Halle концерт залында Қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің концерті өтті.