Шу ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында емхана пайдалануға берілді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Шу ауданында жаңа емхана пайдалануға берілді,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысы Шу ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асқан аудандық орталық аурухана жанынан бой көтерген емхана құрылысы аяқталып, өңірдің тоқсан жылдық мерейтойына орай пайдалануға берілді. Заман талабына сай салынған нысан құны 261 миллион теңгені құрайды. Бұған дейін тұрғындар үшін аудандық орталық аурухана мен диагностикалық кеңес беретін емхананың қашықтығы сезілетін. Енді ол мәселе осы жаңа нысан арқылы оң шешімін тауып отыр.

Емхананың кеңес беру-диагностикалық бөлімінде эндокринолог, уролог, тіс дәрігері, хирург, кардиолог, тері-венеролог, жұқпалы аурулар кабинеті жұмыс жасайды. Аталған емхана соңғы үлгідегі компьютерлік техникалармен жабдықталаған. Сондай-ақ емхана басшылығы келер жылы цифрландырылған рентген аппаратының алынатынын жеткізді.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Нұржан Календеров пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманұлы ақжарма тілектерін жеткізіп, ақ халаттылардың жұмыстарына сәттілік тіледі.

«Мемлекет үшін ең басты құндылық – адамдардың өмірі мен денсаулығы. Экономикалық қиындықтың орнын уақыт өте келе толтырамыз, ал адамдардың өмірі мен денсаулығын ешқашан қайтара алмаймыз. Сол себепті барша жұртты коронавирус індетіне байланысты мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауға, қолдауға және тәртіп сақтауға шақырамын. Әр азамат өз денсаулығы үшін бірінші кезекте өзі жауапты. Аталарымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп тегін айтпаған, сол қанатты сөз қазіргі таңда өте өзекті болып отыр. Жаңа емхана аудан тұрғындарының денсалығын арттыруда сүбелі үлес қосады деп сенемін», – деді өз сөзінде Нұржан Календеров.