«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС баспасөз қызметінің берген мәліметтеріне сүйенсек, сарапшылар Шу ауданының топырақ, су және ауасын тексерген.
Нәтижесінде радиациялық фонның артуы жоқ, ал барлық көрсеткіштер норма шегінде немесе нормадан әлдеқайда төмен екені анықталған. Сондықтан «Республикалық Радиологиялық Орталық» ЖШС мамандары «Қазақмыс» жергілікті тұрғындарға радиациялық зиян келтірмейді деген қорытынды жасаған.
Радиологиялық тексерудің жүргізілуіне «Қазақмыс» компаниясы бастамашы болған. Бұған дейін Шу ауданындағы мыс алпауытының кәсіпорындарында радиациялық фон шамадан асып кеткендігі және зиянды сәулелер жақын маңдағы елді мекендерге таралуы мүмкін екендігі туралы ақпарат пайда болған. Мұның қаншалықты шындыққа жанасатынын тәуелсіз сарапшылар анықтауы тиіс еді.
Айта кетейік, тексеру кезінде олардың жанында әкімдіктің, «Қазақмыстың» өкілдері, аудан депутаттары мен ауыл ақсақалдары болған.
Бұған дейін Жамбыл облысында 21 тоннадан аса жабайы қарасора жойылғанын жазған болатынбыз.