Жергілікті тұрғындардың сөзінше, жауын-шашыннан кейін су қатты лайланып, оны ұзақ уақыт тұндыруға тура келеді. Алайда тұндырғаннан кейін де оны ішуге пайдалануға жүрексінеді.
— Жаңбырдан кейін краннан лай су ағады. Оны үлкен ыдыстарға жинап, тұндырып қоямыз. Бірақ содан кейін де ішуге жарамайды. Сондықтан бөтелкедегі суды сатып алуға мәжбүрміз, — дейді Сарқан тұрғындары.
Жетісу облысының әкімдігінде аудан орталығының ауыз сумен қамтылуы бастауын таудағы мұздықтардан алатын Сарқан өзені арқылы жүзеге асырылатынын түсіндірді. Шілде және тамыз айларында ауа температурасы 40–50 градусқа дейін көтерілген кезде өзендегі су деңгейі айтарлықтай артып, су қатты лайланады.
Бұдан бөлек, жаз мезгілінде су тұтыну көлемі де күрт өседі. Қыста тәулігіне 5–6 мың текше метр су пайдаланылса, жазда бұл көрсеткіш 20–30 мың текше метрге дейін жетеді. Мұндай жүктеме кезінде су толық тұнып үлгермейді. Бұған дейін орталықтандырылған су жүйесіне су бір ғана тұндырғыш резервуар арқылы беріліп келген.
— Мәселені шешу үшін 2024–2025 жылдары негізгі су алу нысанын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, су қабылдайтын бассейн кеңейтіліп, су алатын құбырлар ауыстырылып, көлемі ұлғайтылды. Жағалау нығайтылып, 1,2 шақырым су құбыры желісі жаңартылды. Сонымен қатар резервуар, шаю және апатты жағдайда су бұру жүйелері қайта жаңғыртылды. Жалпы сыйымдылығы 3 750 текше метр болатын үш тұндырғышқа күрделі жөндеу жүргізілді, — деп хабарлады ведомство.
Әкімдіктің мәліметінше, жүргізілген жаңғырту жұмыстары суды тазарту тиімділігін алдыңғы жылдармен салыстырғанда 70–80 пайызға дейін арттырған.
Алайда биылғы жазда ауа температурасының әдеттен тыс жоғары болуына байланысты Сарқан өзеніндегі су деңгейі соңғы 25 жылда болмаған ең жоғары көрсеткішке жеткен. Соның салдарынан су қатты лайланып, тұндырғыш бассейндерде шөгінді тез жиналған. Оларды кезең-кезеңімен тазалау және су құбыры желілерін шаю кезінде тұтынушыларға уақытша лай су берілуі мүмкін.
Әкімдік өкілдері мәселені түбегейлі шешу үшін тұндырғыш бассейндерді тереңдетіп, олардың арнасын кеңейту және сүзгілеу станциясын орнату қажет екенін айтты.
Қазіргі уақытта Сарқан қаласында 17 850 адам тұрады. Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне 5 718 аула қосылған. Қаладағы су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 71 шақырымды құрайды.
Жергілікті биліктің мәліметінше, жоспарланған шаралар жүзеге асырылса, қала тұрғындары үшін ауыз судың сапасы едәуір жақсарады.
Еске сала кетейік, Павлодар облысы Ақсу қаласында ауызсуға қатысты дау туындады. Қалаға қарасты Достық ауылында қаражатқа салынған құбырдан ауызсу далаға ағып жатыр.